Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Үшайырық

Бекет Атырау авиаотрядына ойда-жоқта тап болды. Еңбек кітапшаңда үш айдан артық жұмыссыздық бар болса, кіші-гірім бақытсыздық деп біл. Жатып ішер, қоғамның лас элементі деген сияқты атаққа қаласың. Ол аздай артыңа от алып түсуі де ғажап емес. Себебі, заң жүзінде арамтамақтармен аяусыз күрес көзделген. Ол өзінің он тоғызға толар-толмас жасында өмірінің бастамасын біраз шимайлап тастады. Мектеп бітіруші балаларға аттестат бермей екі жылға мал бағуға айдағанда ол сәті түсіп, комсомолдық жолдамаға ілікті. Одақ көлеміндегі маңызды аккумлятор зауытын салуға аттанды. Құрылыс бітісімен бұларды Ленинград пен Подольскіге жіберіп, оқытпақшы болған-ды. Амал нешік, би алаңында қыздарға ара түскен төбелесте ұсталып, үш күн қамауда жатып, қорытындысында «Комсомолға лайық емессің!» деген уәжбен қуылды. Ауылына қайтпай сол жердегі құрылыстың біріне орналасты. Одан да кетті. Сырғанай-сырғанай осы өңірден бір-ақ шықты...

— Тұрақтап жұмыс жасауды қашан бастайсың? Сен үшін бетімнің арын бес төгіп!.. Алты айдың ішінде алты төбеге отырып үлгірдің!!!

— Аға, осы жұмыстан тура зейнетке шығам...

— И-и, дегеніңе жеткізсін!.. — Нағашы ағасы қолын бір сілтеп, өз жөнімен кете барды. Ол қаладағы бір мекемеде басшылық қызметте істейтін-ді. Бекет соноу ит арқасы қияннан, елінен парқадар таппай, осы ағасын сағалап келген түрі. Расында осы қалаға келген алты айдың ішінде алты жерді аластамаса да береке тауып ешқайда сыймаған-ды. Бір ай жұмыс жасаса, келесі бір ай жұмыс іздеп сенделеді. Оған тапжылмай еңбек еткеннен гөрі — соның ара-арасындағы сергелдеңі қатты ұнайды. Бір орында қырық жыл отырып... бұл оған қол емес!

Нағашысының соңынан біразға дейін қарап тұрды. Әлгіндей сөздерді естігенде екі беті ду-ду етіп еді. Сірә, ұяттан мүлдем жұтамаған сияқтымын ба деп өзінен таңырқай сұрады. Болды енді. Ешкіммен де байланыспай, тек жүктелген қызметін атқарып таза жүреді. Жиырмаға жетпей «летун» атанды. Өткен жолы бір мекеме басшысы: «Сен сияқты «летундардың» бізге қажеті жоқ!» дегенде қатты жайсызданған. Егер Бекетке салса, басы байланып жұмыс жасаудың өзі қылмыс тәрізді ме... Кейінгі кезде бір орында біраз тұрақтап қалса, өзін — борсыған суға айналып бара жатқандай сезінетінді шығарды. Ішінде бір құпия тетік қылп етіп қозғалған күні оны ұстау мүмкін емес. Алдыңда ат басындай алтын жатыр десең де қайырылмастан кете барады. Немесе кету жолы әйтеуір, табиғи түрде өзі үйлесе салады. Көңілі қалайтын бір еңбектің барын ол іштей сезеді. Тек, екінің-бірі сүйгеніне қосыла бермейтініндей — ол бақыт та бұған оңайшылықпен бұйырмайтын тәрізді.

Екі апталық лабороториялық тәжірибеден өткен соң — жанар-жағар майлардың химия-физикалық қасиеттерінен хабардар болып, енді осы саланың технигі атанды. Жеке ауысымда жұмыс істеп, қарамағындағы автокөліктер мен адамдарға жауапты болды. Алғашқы күні бұдан: «Бензин мен керосиннің түстері қандай болады?» деп сұраған-ды. Автокөліктерге құйып жүрген бензин суға ұқсаған соң «Бензин — су сияқты мөлдір, керосин — сары түсті...» деген-ді. Сөйтсе, қызығы алда екен. Бензинің қызыл, жасыл болса, керосин мөл-мөлдір боп шықты. Олардың октандық және моторлық сандары, не қилы лабораториялық жұмыстары дейсің бе жатқан бір ғылым. Бекеттің ұғымталдығына тәнті болған Жанар-жағар май қызметі бөлімінің басшысы келесі жылы авиациялық оқу орнына жолдамамен білім алуға жіберем деп уәде етті. Және ұшқыштар жатаханасына орналастырып, егер үйленіп жатса, кең бөлмелісін де алып бермек болды. Осындай келешегіне қатысты сөз қозғалса да Бекеттің іші қылп ете қалатын-ды. Қылп етті, бітті дей бер. Ұзағынан сүйіндірсін, тек қай күні «жолы болары» бір Жаратушыға ғана аян...

* * *

Жайықтың жағасынан жырақтау, кішкене қазаншұңқырды далда етіп, мосы құрып от тұтатқан-ды. Күйе басқан темір шелекте сорпасы бүлкілдеп, балық пісіп жатыр. Жалқындана шашыраған от сәулесі қаумажайлай жайғасқан үш ер адамның бет-жүзінде ала-құла боп ойнақшиды. Ортада отырған мосқал кісі помпамен бақшаға су тартатын осы жердің моторшысы. Келесі біреуі Бекет те сосынғысы оның жұмыстас серігі. Ол қайда қарап отырғаны белгісіз, көздері жан-жаққа бытыраған түсініксіздеу біреу. Сөзді сол

— Аға, мына жігітті Сізбен таныстырайын деп әдейі ертіп келдім. Сенімді, өзіміз сияқты. Келіңіз, сол таныстық үшін алып қоялық!

— Өзіміз сияқты болса кел... Менің атым Шота. Балдар батя дейді.

— Маған да батясыз ғой, аға!

— Жүзің таныс емес, қай жақтың қасқасысың?

— Тегі, Жетісу өлкесіненмін...

— Туу... Адамның жүрмейтін жері жоқ-ау! Бұнда қайдан адасып келдің?

— Оқуға келіп түсе алмадым.

— Елдеріңде оқу жоқ па?

— Мұнайшы болғым келген.

— Ә, солай де... Енді мұнай барлағанның орнына уылдырық барлап жүрмін де... — деп отағасы бір жағына қисая жантайып, жұмыртқа табатын орын іздеген тауықтай аунақшып, қырқылдай күлді.

Бекеттің желке тұсынан бір нәрсе сатырлай ұша асып, оттың төңірегіне топ ете түсті. Түскен бетте құйрығын шорт қайқайтып, арқасы қызыл-сары болып отқа шағылысқан торғайдай бір пәлекет, өзіне қарай сүйреңдеп жорғалай жөнелді. Қаперсіз отырған Бекет орынан атып тұрып, анадай жерден бір-ақ шықты. Ана екеуі оның состиған түріне қарап мәз.

— Өзіміз сияқты деп мақтап едің, мына балаң қоңыздан да қорқады екен ғой?! Жан кімге болмасын тәтті-ау! Бұзаубас шақса өлтіре қоймас, бірақ уыты ащы, иттің! Талай шағылдым ғой... — Шота ағай басын көтеріп, аяғы астында жатқан көсеу таяқпен бұзаубасты іліп алып, қараңғыға лақтырды. Оның аяғы астында бұйығып жатқан сабалақ қанден солай қарай тұра жүгірді де қаңқ етіп иесінің бұтына кеп қайта тығылды. Екі аяғымен танауын тырмалап қыңсылауға кірісті. Еркектер мәз.

— Ашқарақ неме-ай! Қарның тойды ма? Ендігәрі жерсің...

— Бұндай бәле біздің жақта да бар. Бірақ ұшатынын білмейді екенмін...

— Аман болсаң қасқа, әлі талайын көресің... Әй ұл, соқаның басындағы бақырашты әперші. — деді Шота ағай Бекетті меңзеп. Ол аңырып жолдасының бетіне қарады. Ана ұл лып етіп, адалбақанға ілінген шолпы темірді алып ақсақалға ұсынды.

Шелектен жайпақ табаққа аударғанда балықтың кесек-кесек еттері жөңкеріліп түсті. Әсіресе, уылжыған бауыр етінің дәмі ерекше. Бекетке бас ұсынды. Тоқтының басынан кем түспейтін сүйекті ары-бері аударыстырып отырған оған: — Екі көзінен, кесілген танауынан сора бер. Шоқырдың басын осылай мүжиді. Ал бекіренің еті бір ірі қарамен пара-пар, қыстық соғым дерсің! — деді ақсақал.

Сорпасы да ғажап екен! Баяғыда осы жақтың бір қызы өзге жаққа тұрмысқа шыққанда елін аңсап: «Бал татыған балық сорпасын ішуші едім, қоңырсыған қой сорпасын ішіп қор болдым-ау!» деп сағыныштан жылаған екен дейді...

Мана кешкісін кішігірім адамның бойындай балықты малша бауыздап, білеу-білеу өткір сүйекпен қабыршақтанған терісін алақан таспа ғып сыдырды. Абырой болғанда құрсағында уылдырығы жоқ қысыр балық кездесіпті. Өзен бойына қаптай өскен қалың жыңғылдың іші адам көргісіз. Үйінді-үйінді болып үйіліп жатқан балықтың өлексесі. Барлығының қарындары жарылған. Уылдырығын ғана алып, етін тастай салады. Күн қызып, шыбын шығар уақыт та алыс емес. Сол кезде не болары бір құдайға ғана аян... Елді мекендер Жайықтың бойын жағалай орын тепкен. Бала-шағасына дейін балықшы. Көлденең тор тастап, тұзақ құрып өз нәпақасын тауып жатқан жұрт. Бәрінен де Бекетке таң көрінгені балықты тұзақпен ұстау болды. Шоқыр қой сияқты аңқау балық көрінеді. Ұзын тұмсығымен өзен түбін шұқылап, балдыр іздеп жүзіп келе жатқанда — көлкіп жатқан лескі тұзаққа киіледі екен.

Уылдырықтың келісін алты сомнан алды. Әуежайдағы еден жуушы әйелдер әбден кәнігі өткізушілер. «Байқа, салапанын езгілеп тексеріп ал. Ішіне тұтас қаракесек тұз, не тас салып жібереді, салмағы артсын деп. Сосын дәмін көр» деп қатты ескерткен Бекетті. Шота ағай бір қарағанда аңқылдақ, адал адам сияқты көрінді. Және жанына еріп барған жолдасы да бұған ерекше бүйірі бұрып, қиналмай ақша табудың жолын ақ көңілмен көрсеткен сыңайлы. Десе де бұл қаладағы әр отбасының анасы ғана сотталмаған, қалғандары кемінде бір-бір отырып шыққан деген қауесет бар. Сондықтан көзжұмбай сенімпаздық орға шығуы мүмкін деп топшылады, ол. Басына іс түсіп көрмеген Бекетке бұл әзірше, әншейін әңгіме ғана. Сосын заң адамдарының құрығына түскендер өз басын арашалап қалуы үшін кемінде өзі сияқты үш браконьерді сатуы тиіс. Олар ары қарай сатады. Сонымен көлеңкелі сауда түгелімен қызыл жағалы көкелердің уысында. Бұл дегеніңіз — құжынаған судың құрты сияқты, қайнаған ақша...

Бекет пен серігі таң қылаң бере жолға шықты. Жер сызынан сақтағаны болмаса кедір-бұдырды жайдақ көрпе жұмсарта алмады. Түнімен дөңбекшіген Бекеттің сау жері жоқ, қозғалса — ауырсына тыжырынады. Қолдарында қос қапшық. Бастапқыда жеңіл сияқтанғанмен біраздан соң, салмағы тіріліп, ұстаған жағына тарта берді. Іргелес ауылды сырттай өтіп, кемінде бес-алты шақырым жаяулатып, алдын ала келіскен «пазикті» үлкен тас жолдан тосады. Билеттен өзге тағы бір-екі сомды оған да ұстатады.

— Қисаймай бойыңды тік ұста, қапшығыңды бос екен деп ойласын.

— Тырысып-ақ келем... он бес келі емес, жүз бес келі боп бара жатқандай!

— Иә, батыр... ақша табу оңай емес. Әсіресе, ана қызыл қалпақтылар кезіксе үрлеген шар ұстағандай ойнап кетуің керек...

Әуежайдағы баға жиырма үш пен он сегіз сомның арасы. Бір жолғы табыс бір айлықтарымен тең. Дондағы Ростов пен Киев бағытына ұшатындар жоғары бағамен алады. Мәскеу рейсі орташа. Тюменьдіктер өздерінің қызыл уылдырығын мақтап, онша ынта білдірмейді. Жалпы сұраныс бар. Осы жолы да тауарды сәтті өткізе алды. Бекет уылдырықты жалпақтай беліне жайма ғып орап, үстіне қобыраған күртеше киіп, ұшақтарды аралап шықты. Ұшу алаңы жиегінде бақылау пункті орналасқан. Естуінше соның үстіңгі қабатынан қызыл жағалылар дүрбі салып төңіректі аңдып отырады. Еден жуушы әйелдер ұшаққа тауарларын сүлгіге орап, су толтырған шелекпен ала кіреді. Ұшқыштар демалуға немесе өз жұмыстарымен сыртқа кеткенде әдетте, не бортмеханигі, не штурманы саудаласады. Олар да әбден төселіп алған. Талай рет жерге отырып, басына таяқ тигендер. Әбден тексеріп барып қана ақшасын ұстатады.

* * *

«Ұшқыш» мейрамханасы кешке қарай уілдеген араның ұясы сынды. Бұнда жергілікті әуе қатынасы ұшқыштары жиі бас қосады. Сосын Бекет сияқты техникалық қызметкерлер. Ол Қапшағайлық Әрсен деген жерлесін тапты. Анау домаланған, мінезі жұмсақ, бостау жігіт еді. Ұшқанына талай болса да әлі күнге дейін екінші ұшқыш. Емтиханын тапсыра алмай жылда құлап жатқаны. Оның алғашқы командирі өзімен бірге шәугімге арақ құйып ала кетіп, аспанда ішкенді ұнататын әумесір біреу еді. Ел арасында «Аннушка» аталатын АН-2 ұшағымен, ауылшаруашылығы жұмысы кезінде шектелген биіктіктен тым төмендегені үшін ұшу куәлігінен айырылған-ды. Сонымен ол Норильскіге теңізшілік жұмысқа кетті. Қазіргі командирі соғыс әуе күштерінде болып, одан денсауылығына орай азаматтық авиацияға ауысқан мес қарын біреу. Ол да арақты шелектеп ішеді. Табыстары жақсы болғанымен соның жартысынан астамы осы «Ұшқыш» мейрамханасында қалып жатады. Бұлар түнгі он бірге дейін әбден сылқия тояды. Естері кіресілі-шығасылы баспаналарына жетіп, таңғы бестен түрегеледі. Ерте тұрмаса бет-ауыздары көнектей болып ісіп кетуі мүмкін. Сосын сағат сегізге таман дәрігерлік тексеруге жиналады. Бір-бірінен қарыз сұрап, тексеруші қызға пара ұсынып, жалынып-жалпаяды. Олай етпесе ұшуға жіберілмейді. Ұшпады деген ату жазасымен бірдей!..

Әрсен тағы бір ішу үстінде Бекетке қайран қалды.

—  Айлығың менен екі есе төмен, бірақ бізден екі есе артық шашасың, қолдан ақша жасап жүргеннен саумысың?

Бұның қасында көлеңкесі сияқты бірге жүретін қитаркөзді жанашыр жолдасы анаған байқатпай бүйірінен түртіп қалды. Соны аңғарған Бекет қанша сұрасаң да жауап жоқ дегендей түр танытып, ештеңе демеді. Іштей, бір қауіптің өзін жанай өткенін анық сезді. Егер Әрсен күдіктенсе, онда басқалары да сау емес. Бұлармен енді жиі жолыға бермеу керек деп шешті. Бос кештерін өлтірудің басқа амалын таппаса болмас. Бұнда қарапайым адамша киінген жансыздар да қаптап жүрген шығар. Тіпті ақша табудың жолын көрсеткен қыликөз «досы» да кім білсін?.. Тегі, үш адамның екеуі — «үш әріптің тыңшысы» деген ел арасында қағида бар... Ол енді «Ақ Жайық» мейрамханасына баруды ұйғарды. Пойызда келе жатып, жолай танысқан бір кәріс жолдасы сол көңілді орынның құтты қонағы. Өткен жолы ойда-жоқта жолығысқан-ды. «Проблемаң болса айт, шешіп беруге тырысам» деп арқасынан қаққан ол.

Бала кезінен темір тордың ар жағында өскен әккі қылмыскер. Шығады да қайта тоғытылады. Үлкен жолдың үстінде: «Енді ол жаққа баруға денсаулық қалмады. Темір төсекке төсенішссіз жалаңаш жатқызып, өкпемді құртты оңбағандар!» деп күйінген-ді. Жалғыз шешесінен басқа оны күтіп отырған ешкім жоқ. Расында оның тұрпатынан кісі тітіркенеді. Күлгін тартқан арық жүзі өлі адамды елестетеді.

— Шешеме сыйлық алайын десем, қазір қандай дүниелер сәнде екенін білмей тұрмын. Тіпті сауда жасауды да ұмытып қалыппын... — деген ол шынымен ұялып. Бекет екеуі үш тәулік серіктес болып, екеуара іш тартқан сыйластық орнаған-ды. Ол өзінің баукеспе ұры, қарақшы екенін еш жасырмады. Бостандыққа шыққан соң да бейбіт өмір сүрем деп қанша уәде бергенімен сөзінде тұра алмасын да мойындаған. Бір ғажабы, оның бойынан ұсақтықтан жоғары, адамгершілікке ұқсас бір тазалық өше қоймапты. Бауырмалдық десе де болатындай. Егер ол бүйіріңе біз тығып алса да ренжімейтіндейсің, себебі, оның сондай екенін біле тұрып, ту сыртыңды өзің тостың. Ал анау бұндай жағдайды мүлт жібермей, жылан секілді шағып алуы тиіс, өйтпесе ол — ол емес...

Жұмыстас серігі бір апарып таныстырған соң, ол жаққа ат ізін суытты. Тіпті кейінгі кезде әртүрлі сылтаулар айтып, бұдан қашақтауды шығарды. Оның орнына көздері ойнақтаған, әлдекімдер пайда болды. Бұны жағалап, аш ит тәрізді іші-бауырын тінте сұқтанады. Аяқ-асты кездесе қалып, хал сұрасады. Бастапқыда аса мән бермеген. Байқаса кездейсоқ ұшырасулары жиілеп, дәстүрге айналып бара жатқан секілді. Соны байқаған Бекет кәріс танысына жолығып, ақылдаспақ болды.

— Веня... Әлдекімдер мені қарауылға ала бастаған сияқты. Соңғы рет автобус жүргізушісі де: «Балам, попуткамен жетіп алғаның дұрыс.» деп түсіріп кетті. Нақтылы біреуден көре алмаймын, бірақ біреу сатып жіберген сыңайлы, әлде өзім көзге түсіп қалдым ба?

— Қазір уылдырық шашу науқаны ғой. Сатса сатып жіберген шығар және отработка да жүріп жатыр. Біраз уақыт тыныш отырғаның дұрыс.

— Уақыт күтпейді ғой. Науқан бірер жетіден соң тоқтайды. Сосын құй тыныштал, құй тынышталма...

— Ақшадан қысылып жүрсің бе?

— Жоға! Бізде жақсы мақал бар: «Оралыңның барында ойна да күл!» деген. Жасыратын несі бар, бір стюардесса қызбен көңіл қосып жүрмін. Өте әдемі!

— Түсінікті. Ол ақшаны қатты жақсы көреді. Рас па?

— Себебі, соған тұрарлық қыз. Оған бәрі жарасады...

— Сен өзіңді ойладың ба? Қақпан сарт еткен күні сен бүткім өмірден ұмыт боласың. Қыздарға ғашық болып көрген жоқпын, оған үлгере алмадым. Өз ойымша: ешқандай қыз да дүние де сенің бостандығыңа тұрмайды. Әсіресе, ақша үшін ғана қол ұстасқан қыздан сақтан...

Бекет дұрыс ақыл естимін бе деп еді, көңілі пәс боп қайтты. Қыздың арнайы көк формамен алғаш рет қарсы алдынан шыға келгендегі керемет кейпі тағы көз алдына келді. Өзін біраз ләззаттың дәмін татқан сақа жігітпін деп санайтын Бекет — жай ғана сүйістің өзінен осынша елжіреп көрмепті. Бұған дейінгі бірде-бір қыз атаулы бұған тең келмеді. Аңсары ауады да тұрады. Жаңа, әлгіндегі Веня досының сөзі де сондықтан қолайына жағыңқырмады. Ол аз болғандай: «Сәті түсіп зонаға барып жатсаң, бір ауыз жылы сөзге уәде берем!» дегені күлкі-мазақтан әрман естілді. «Зона, зона...» деген сөз талайға дейін құлағында ызыңдап тұрып алды.

* * *

Бір тәулік істеп, үш күндік демалысында ол тағы сапарға жиналды. Жұмыстас серігінің: «Қайда бет алдың?» дегеніне Қызылқоға жаққа құдалыққа кеттім деп шынын айтпады. Неге Қызылқоға дегенін өзі де білмеді. Әлде ана жолсерік қыздың туып-өскен жері сол жақ болғандықтан ба...Әйтеу, ол «Қызылқоғаға кетті». Қырық-елу шақырымға жеке жеңіл көлікпен жетуді ұйғарып, ұзақ жол тосты. Өтіп жатқан көлік иесінің көңілі қаласа ғана жолың болғаны. Тиын-тебен үшін көп ешкім тежеуішін баспайды.

Бұл жақтың күні батарында оп-оңай қызарып, тез арада бата салады. Көз байлана қоймаған әзірде ол моторшының қосына таяды. Өзеннің салқынын ілестіре соққан леппен ілесіп, талықси шалқыған машина дүрілі естілді. Сосын қылт-қылт етіп шошаңдаған төбесі көз ілестірмей таяп қалды. Қалың жыңғылдың арасына сүңгіп үлгермегенде — аңырап шыға келген әлеміш бояулы сақшылардың көлігі бұны таптап кетер ме еді. Кеудесін тепкілеген жүрегі аузынан шығып кетердей алысады. Күллі дүние бір жұдырыққа айналып, бұның басын гүмп-гүмп соғып жатқандай. Бірінің соңынан бірі ілескен екі көлік шаңдатып өте шықты. Беті-қолы тікенектен мысық тырнағандай қызыл-ала қан болып, үсті-басын қаққылай бойын жазған ол жабайы аңша келесі қатерді бетке алды.

Өздері ана жолы ас пісіріп ішкен жырасымақты пана етіп, Бекет тың тыңдады. Күн ұясына қона төңірек тез қою қараңғылыққа оранды. Шота ақсақалдың жұдырықтай қанден иті бұны өзімсініп, сыбдырлатып жанына келді. Бекет оның басынан сипап: «Бөтен ешкім бар ма?» деді. Ит бұлталақтай қыңсылап, бұған еркелеген сыңай танытты. Күрке жақтан иесі: — Құттыаяқ, қайдасың? Кә!.. — деп дауыстады. Бекет тым-тырыс жатыр. Ит жұлқынып шығып, иесіне кетті. Тағы бір дауыс естілді: — Біреу жүр ме? — деген.

— Бөтен келсе үрер еді...

—  Браконьердің бәрі саған да итіңе де туыс боп кеткен жоқ па?!

— Алатын үлесіңді алып жүрсің ғой, сол балада не өшің қалды?

— Мәселе ақшада ғана бомай тұр ғой... көрсеткіш те керек.

— Бұны ұстап алсаңдар не жасайсыңдар?

— Біраз күн қамап, сосын көреміз. Күн көріс әркімге керек... Қиқалақтаса құла дүзге апарып мал бақтырамыз. Общым жұмыссыз қалмайды.

— Әсіресе сендердің күндерің қиын боп жүр еді... Баланы кім сатып жіберді?

— Қасындағы жолдасы. Ол бізге қарыздар болатын. Бұл да қу екен, «Қызылқоғаға құдалыққа кеттім» деп алдамақ бопты. Тісқаққанның өзі. Оған сенің жаның ашиды.

— Иә... жолдасын сатып, өз басын арашалап қалды де... осы тірліктеріңнен жиіркенбейсіңдер ме?

— Айтады екенсің!.. Сен помпамен су сорып бақша суғарасың, ал біз қылмыскер ұстап қоғамды тазалаймыз. Санитармыз.

— Жетіскен сәнитәр екенсіңдер! Онанда сатқындар жасайтын пәбрикамыз десеңші!

— Ей шал, шектен шық па!

Шота ақсақал анаумен ары тәжікелеспей, аяғын тырпылдата сүйрете басып, жыра үстіне кідірді. Басында ышқынғандай дыбыс шығарды да: — О төбеңнен жүргір, қайда кетіп қалған? — деп өзімен-өзі сөйлесіп, сосын танауы астынан ыңылдай әндетті. «Есин фарда елин таф, есин фарда елин таф...»

— Кіммен сөйлесіп тұрсың? — деп сұрады қонағы күдікті дауыспен.

— Кіммен болушы еді, итіммен де. Немістің бір әдемі әнін айтып бердім.

Күркесіне барып радиосын қосты. Ауасы тыншып, демалуға беттеген түнді селк еткізген оқыс дауыс — аспандай жөнелді. Бекеттің атып тұрып құстай ұша жөнелген аяқ дыбысы — сол қаңғырға араласып кеткен-ді.

Ұшақ Ақтау, Нүкіс сосын ғана барып Алматыға тұмсық тіреді. Алатаудан ескен қоңыр самал Бекеттің есін жидырды. Әсіресе Нүкістегі қапырық ыстықтан қара терге малшынғаны есінен кетпеді. Ол амалсыз ұшақ ішінде тұншығып отыруға мәжбүр болған-ды. Себебі, жерлесі Әрсеннің бір жолғы тегін ұшу билетімен келе жатқан. Соңына түскен «қызыл жағалылардың» ұстамай тынбасын білген Бекет осы Әрсенді кеп паналады. Ары-бері кеңесіп, ақыры өзінің таныс қызы ұшатын ұшақпен елге қайтуды ұйғарды. Олай етпесе — өшіккен қуғыншылар бұны көшеден байлап, қалтасына наша салып амалдаса да торға түсіреді.

Бекеттің көз алдына сол соңғы түн қайта келді. Торуылдан аман құтылып, біраз ұзаған соң, қалың жыңғылдың ішін паналап таңды атырған. Сосын елсіз жермен қала жақты бетке алды. Сынған шыныдай қырық бұрыштана тілімденген өмір жоқ ақ татыр дегенді сонда көрген-ді. Жолай кезіккен малшы қосынан сусын сұрағанда — сұрықсыз бозғылт түзге ұқсаған жүдеу әйел іргеде тұрған флягты нұсқап, ожау ұсынған-ды. Қақпағын ашып, су алуға ұмсынған Бекет отқа қарылғандай қолын жұлып алды. Ыдыс ішінен ыстық бу боп тұншыққан ылғалды жалын бұрқ еткен. Ол ішер-ішпесін білмей сәл аңтарылды да тұз татыған жылымшыны амалсыз сораптады. Екі сағат өтпей ішті бүрген бұрама басталды. Әрсеннің бөлмесіне жеткенде өң-түс жоқ еді. Келесі күні жұмыстан шығатын арызды жерлесіне тапсырды да ешкімге көрінбей қарасын батыруды ұйғарған.

* * *

—  Ат-көлігің аман, шып-шырғаң шашылмай жеттің бе? Қоңырау шалды... «Дайын бол, жиенің саған кетті!» деп...

— Салаумалайкүм...

— Басқа айтарың жоқ па? Әттең әпкемнен ғана ұялам, өйтпесе сен сияқты бозөкпені ме!.. Не сығырайа қалдың? Тағы «Сенің сарқытыңды ішкем» дегің кеп тұр ма?! Мен жетімдер үйінде өстім. Өз бетімше білім алдым. Осы дәрежеге де өз еңбегім, талабыммен жеттім. Сен не бітірдің, осы жасқа дейін? Бітті, қайт ауылыңа!..

— Аға, мынаны қарай салыңызшы... Осыдан соң мазаңызды алмаймын.

— Тағы не сұмдық? — деп ол шиыршықтай оралған екі-үш парақты алып алдына жазып, әншейін үңілді. Өйтпесе мына қырсық ұлдан құтылмасын біледі. Бастапқыда не шимақ дерсің деп, үстірт шола салмақ болған-ды. Сосын өзінің қалай сүңгіп кеткеніне таң қалып, Бекетке аңыра бір қарады да басынан бастап қайта оқи бастады. Оқып болған соң, үн-түнсіз қос алақанымен шекесін қысып, біраз отырды. Сосын бағанағы немқұрай қалпы өзгеріп, Бекетке салмақпен қарады.

— Осының бәрін өзің көрдің бе, әлде ойдан шығардың ба?

— Өзім басымнан өткердім, аға...

— Менің сарқытымды тым қатты ішіп қойған сияқтысың, шамасы... Кел, бауырыма басайыншы... Сенің тентек екеніңді білгенмен бұндай тентектік жасай алады деп ойламаппын. Шын ойымды білгің келсе, бұлай жазатын уақыт әлі келген жоқ. Біздің шынайы ойымыз ішімізде қайнап жатыр. Бірақ амалсыз екізжүзді өмір сүруге мәжбүрміз. Сенің жасыңда менде бұзып-жарғым келді, бірақ ортаның өз заңдылығы бар. Одан теріс кетсең, тепкісіне түсесің. Екі күннің бірінде сенің түкке тұрғысыз пенде екеніңді мойындататын бір күш бар. Ол — ғасырдан ғасырға айтылып, жырланып келе жатқан адамзаттың зор қайғысы!..Қаламгердің бүгінгі таңдағы міндеті — соцреализмнің жасампаздығы мен жеңімпаздығын жырлау. Өмірдің сен суреттегендей көлеңкелі тұстары біздің қоғамға жат, сирек құбылыстар, сондықтан оның тәрбиелік мәні бар, сәулелі жақтарын ғана жазуыңа неғұрлым арқау ету керек. — деп ағасы тебірене сөйледі. Тіпті, екі беті алабұртып, кейін қайырған қалың шашын саусағымен салалап, тарағыштай берді.

Бекет бұл қызуқанды әңгімеден: шындықсыз, «жауырды жаба тоқып» қалай өмір суруге болады деген сұрақтың нобайын байқады. Және осындай аңғарымпаз ойдың келгеніне де таңырқады. «Сұрақ туса, оның жауабы да болуы керек қой» деп ары қарай іштей қазбалай түсті. Ғасырдан ғасырға ауыса беретін ол — қандай жұмбақ «қайғы»? Тарих өлшемі бойынша кеше ғана ескіні құлатып, жаңаны орнатқан жоқ па? Сірә, осы төңкеріс дегеннің өзі — кейіпкерлері ауысқанмен ішкі мазмұны міз бақпайтын, сырт өзгеріс қана ма?.. Ол ағасымен қоштасып, кабинетінен шыға бергенде:

—  Айтпақшы документтеріңді тастап кетші, сен енді жұмыс жасап жарытпассың. Журфакқа тіркетіп қоям. Мә, менің атымнан сарқыт ала кет. Күзге қарай күтем...

Ат шаптырым кабинеттен шыққан Бекет, ғимарат алдында біраз есеңгіреп тұрды. Бұған дейінгі құшырлана оқыған кітаптары, бастан кешірген өмірі, тіпті осы қазіргі жүріп-тұрғанының өзі салмағынан жұрдай болып, жан-жағына сенімсіздікпен қарады. Оның есіне атасының әзіл сөзі түсті: «Көзді ашсаң бар дүние, көзді жұмсаң жоқ дүние, Әр адам — бір әлем» деуші еді. Күллі адамзат көзін жұмса — күллі дүние де ғайып болар, сірә?.. Мынау көше, жаңағы ағасы, зәулім ғимарат бәрі-бәрі — ойындағы ғана көрініс пе?.. Яғни, дүниені өзгерту үшін — ойды өзгерту керек қой. Өзінің алдында үшайырық жол жатқандай сезінді. Соның бірінде — осы бес күн жалғанның дайын жауабы да жатқан шығар деп ойлады...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама