Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Христиан әйелдің мұсылман әйелдерге жазған хаты

Сендер бізге қарағанда бақыттырақ көрінесіңдер. Өйткені сендер табиғи әйел өмірімен тіршілік етудесіңдер. Әлем жаралғаннан бергі әйелдер өмір сүріп келген өмір салтын батыс әйелдері де 1960-шы жылдарға дейін ұстанып келді. Осы жылдардан кейін біз (америкалық әйелдер) Голливуд киноларының шабуылына, яғни араңдатушылығына тап болдық. Мен сендердің де бастарыңа осындай күндердің келуін қаламаймын. Өйткені мұның салдарында біз сияқты қорлықтарға душар боласыңдар. Егер біз сияқты осындай араңдатушылықтың нәтижесінде көп нәрсені жоғалтқандардың жан айқайына құлақ салсаңдар, бәлкім сендер бұл апаттан аман қаласыңдар. Өйткені Голливудтың шығарып жатқан киноларындағы өмір өтірік, барып тұрған сұрқиялық. Олар кездейсоқ болған зинаның ешқандай зияны жоқ, жай ғана көңіл көтерудей етіп көрсетеді. Осы арқылы қоғамның ар-ұяттылық, әдеп-ахлақ қағидаларын жойып, оның орнына өздерінің зиянды, улы бағдарламаларын енгізуді қалайды. Америкалық әйелдерді бүкіл әлемге бақыттысымақ етіп көрсететін, отбасымыз, күйеуіміз жоқтығына және жезөкшенің киімі іспеттес киімдерімізбен бізді өте қуанышты әйел ретінде көрсететін, шахуатты қоздыратын фильм және клиптермен олар сендерді де азғырып, бастарыңды айналдырмақ. Біз көпшілігіміз бақытты емеспіз, маған сеніңдер. Біздің арамызда миллиондаған әйел стреске қарсы антидепрессанттармен емделуге мәжбүр, ал түндері, жақсы көретіндерін айтып, құмарларын қандырған соң тастап кететін еркектердің кесірінен жылаумен өтеді. Олар сендердің отбасыларыңды бұзуды және аз балалы болғандарыңды қалайды. Олар осы мақсатпен үйленуді өзін құлдыққа итермелеу деп, ана болуды қорлық, ал арлы, пәк болуды артта қалушылық, кері тартпа деп көрсетеді. Олар, Хауа анамызды тыйым салынған жеміспен алдаған Ібіліске ұқсайды. Бұған алданбаңдар! Мен сендерді қымбат, құнды жауһардай, таза алтындай қадірлісіңдер деп есептеймін. Әйелдің ар-намысы – баға жетпес байлық. Ал олар бұны арзан деп сендіруге тырысуда. Әйелдің қадірін ештеңемен теңестіруге болмайды. Батыстағы моданың міндеті, «Сендердегі ең бағалы нәрсе – шахуатты қоздырарлық келбет»- деп сендіру. Бірақ бұл қаншалықты оғаш естілсе де, сендердің әдемі киімдерің батыстың кез-келген модасына қарағанда әдемі. Өйткені олар сендерді құпиялық шеңберіне орап және сендердің ар-ождан, асқақ абыройларың мен сенімдеріңді көрсетіп тұрады. Әйел жыныстық тартымдылығын бөтен көздерден сақтауы тиіс. Өйткені ол сені сүйетін және құрметтейтін, сенімен тұрмыс құратын адамға сыйлық болу керек...

Біздің еркектер пәктікке мән бермей қойды. Олар шынайы бриллианттың қадірін түсінбей, көрінісі әдемі болған жасанды тастарды таңдайтын болды. Таңдағанда да, соңында оны да тастап кету үшін таңдайтын болды! Сендердегі ең қымбат нәрсе – сендердің ішкі сұлулықтарың, пәктіктерің және өздерің қандай болсаңдар солай көрсетіп тұратын жақтарың. Соған қарамай мен мына нәрсені байқадым. Кейбір мұсылман әйелдер батыстықтарға еліктеуге тырысуда. Өз абыройынан айрылғанына өкініп жатқан немесе бұл абыройдан жақын күнде айрылатыны анық болған әйелдерге еліктеудің не қажеті бар? Сендер ақаусыз, мінсіз алмазсыңдар. Сендерді алдауға, құны жоқ тастарға айналдыруына жол бермеңдер. Сендер көріп жүрген батыстың мода журналдары мен теледидарларындағы көріністердің барлығы жалған, көзбояушылық. Бұл – ібілістің тұзағы.

Сондай-ақ, қызығушылық танытып жүргендер бар болса, олар үшін кішкентай бір сырды ашайын. Үйленуге дейінгі жыныстық қатынас соншалықты қызық нәрсе емес. Біз өз денемізді өзіміз сүйген еркектерге сеніп тапсырдық. Бұл жағдай оларды бізді жақсы көруге және бізге үйленуге мәжбүрлейді, деп ойлаған едік. (жасөспірім кезеңінде теледидарларда көргеніміздей). Алайда әрдайым бірге болудың кепілі ретіндегі некенің болмауы және әрдайым қасыңда болатынына сенімсіздікпен ұштасқандықтан жағымсыз, тіпті жаман әсер қалдырады. Бұл – қасірет, масқаралық және сезімдердің сөнуі болып табылады. Көз жасымызды көлдетуіміздің себепкері. Әйел ретінде мені түсінесіңдер деп ойлаймын. Өйткені әйелдің көңіліндегі қайғы-қасіретті тек әйелдер ғана шынайы түрде түсіне алады. Біз барлығымыз негізінде бірдейміз. Біздің нәсіліміз, ұлтымыз немесе  дініміздің өзгеше болуы мұны өзгертпейді. Әйелдің көңілі – барлық жерде бірдей. Біз жақсы көреміз. Бұл біздің қолымыздан келетін істердің арасында ең жақсы орындай алатын ерекшелігіміз. Біз отбасымызды аялаймыз, үйде жайлылық, тыныштық орнатып, жақсы көретін еркектерімізді қодап күш-қуат береміз. Бірақ біз америкалық әйелдер қатты алдандық. Жақсы жұмысымыз болса, жалғыз тұра алатын жеке үйіміз болса және таңдауымыз түскен жанға махаббатымызды ұсына алатын еркіндік болса, сонда бақытты бола аламыз деп ойладық. Бұл еркіндік те емес және махаббат та емес. Некелесіп тұрмыс құрған жұптар ғана шынайы түрде жақсы көре алады. Бұдан басқасына разы бола көрмеңдер. Өйткені некесіз қатынас арқылы, шынайы түрде жақсы көре алмайсыңдар, нәтижеде өздеріңді де жек көретін халге түсесіңдер, тастандыға айналған кезде.   

Бұл күнә ешқашан жуылып кетпейді. Әрқашан өзіңе қиянат болып қайтады. Тіпті, мен өз намысымды қайтаруға тырыссам да, алдыңғы тапталған намысымның қадірін қайтара алмаймын. Бізге жас кезімізден «мұсылман әйелдері төрт дуал ішінде орамалмен жабынып, зардап шегуде» деп миымызды жуып тастаған. Ал негізінде зұлым көріп жүрген – біздерміз. Бізді қорлап жүрген моданың құлы, салмағымыздың сары уайымымен әлек, ес тиюды қаламайтын, балалықтан шыға алмай жүрген еркектерден махаббат күтіп жүрген жандармыз. Ой-санамыздың түкпірінде біз алданғандығымызды білеміз. Бізден кейбірлері мойындамаса да, ішкі әлемімізде сендерге таңғаларлық, хасед және әуестікпен қараймыз. Өтініш, бізді кемсітпеңдер және бізге осы жағдай ұнайды деп ойламаңдар. Бұған біз кінәлі емеспіз. Жастық шағымызда көпшілігіміздің қорғайтын әкеміз болмады, өйткені біздің отбасымыз бұзылып кеткен еді. Бұның себепшілері кім екенін бәріміз білеміз.

Құрметті әпке-сіңілдерім! Сендерді де біздер сияқты ақымақ қылуына, жолдан тайдыруына жол бермеңдер. Сендер тазасыңдар, пәксіңдер. Сол пәктіктеріңмен қалыңдар. Біз христиан әйелдері, шынайы әйел қандай болу керектігін көруіміз керек. Бізге үлгі болуларың үшін біз сендерге мұқтажбыз. Өйткені біз адасқан әйелдерміз. Өз пәктіктеріңді сақтаңдар!

Мына нәрсені ұмытпаңдар! Тіс пастасын қайтадан ыдысына салу мүмкін емес. Сондықтан өз ар-намыстарыңды қорғаңдар! Менің сендерге деген таңданысым және шынайы құрметіммен жазған насихатымды қабыл етесіңдер деп үміттенемін!  

Жазушы, журналист – Джоанна Фрэнсис (АҚШ)


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама