Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
1 Қыркүйек - Білім күні (Сыңғырла, күміс қоңырау) Сценарий

1 қыркүйек - Білім күніне арналған салтанатты шара
Мақсаты:
1. бүлдіршіндерге Білім күні мерекесінің мән - мағынасын ұғындыру;
2. сахналық мәдениетін қалыптастыру;
3. мерекелік көңіл - күй сыйлау.

І.«Көңілді балалар»биі орындалады.
ІІ. Ән «Күмбірле, қоңырау»
Ортаға тәрбиеші мен кіші топтың бүлдіршіні шығады.
Бала: Балабақша есігін
Үшке тола ашқанбыз.
Балапандай мәпелеп,
Өсірді бізді бақшамыз.
Бұл - екінші үйіміз,
Бір туғанбыз бәріміз.
Біз осы үйдің сәніміз,
Біз осы үйдің гүліміз.

Тәрбиеші: Қош келдіңіздер, құрметті ата - аналар, балалар, барша қонақтар!
Бүгін - 1 қыркүйек - білім күні. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Тәрбиеші: Биіктерге бастайтын асқаралы
Әр жүректің сүйікті, асқақ әні
Мерекеде бәріміз бір дауыспен
Шырқайық бақшамыздың әнұранын!
Балабақша әнұраны
Тәрбиеші: Бүгінгі білім күні мерекесімен құттықтау құрметі «Ақбота» шағын орталығының әдіскері _______________ұсынылады.
Құттықтау сөз
Тәрбиеші: Білім бастауы - балабақшада. Ендеше бүгінгі мерекеде тағы бір
әнімізді балабақшамызға арнайық!
Ән «Бақытты баламыз»
Жеке ән «Мен әдепті баламын»
Тәрбиеші: Енді біздің балалардың білім алудың маңызына
байланысты айтарларын тыңдап көріңіздер..
Білім керек бәріне!
Ф. Оңғарсынова
Корабльді басқарып
Көк жүзіне самғасам
Тауды бұзып, тас жарып

Мұхиттарды жалғасам
Таңдандырар бар елді
Ғажап үйлер сала алсам
Жасартатын әжемді
Дәрі де ойлап таба алсам....
Сырлары көп ғылымның
Шешілмеген әлі де
Тереңдігі білімнің
Керек екен бәріне!

Білім
М. Ибраемова
Білім - менің ертеңім
Өсу үшін өркенім
Жүзем оқу - айдында
Жайып білім желкенін
Қиындықтан өтуге
Армандарға жетуге
Білім алам ерінбей
Еліме қызмет етуге!

Ән «Тәй - тәй»
Тәрбиеші: Жарайсыңдар. Өнерлерің өрге жүзсін! Бүлдіршіндеріміздің өнер,
білім үйреткен, сүйікті балабақшаға арнаған кезекті бір
әніне кезек берейік.
Ән «Балабақшам - бақұям»
Тәрбиеші: Жаңа оқу жылын қоңыраудың сыңғырымен бастау - жылдар бойы жалғасын тауып келе жатқан қалыптасқан дәстүр. Ендеше биылғы 2013 - 2014 оқу жылының қоңырауын қағуды кішкентай бүлдіршініміз............... ұсынамыз!
Алғашқы қоңырау соғу салтанаты
Тәрбиеші: Шырылдаған тыным алмай
Қоңыраудың үні қандай!
Мақсатына жете ме адам
Оқу оқып, білім алмай?!

Ғылымның көп тас қамалы
Ғалымдық та асқаралы
Бар білімнің нұр бастауы -
Балабақшадан басталады!
Бүгінгі мерекелік ертеңгілігіміз осымен тамам. Ден қойып тамашалағандарыңыз үшін көп рахмет! Баршаңызды балабақшамыздың білім бағына шақырамыз!
Ән «Күмбірле қоңырау»

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама