- 03 қаз. 2016 00:00
- 275
100 профессорға жыл бойы үстемеақы төленеді - Қызылорда
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Ұстаздар мерекесіне орай «Ұстаз - білім шамшырағы» атты мерекелік кеш өткізді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Шарада университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов ұстаздардың қоғамдағы орнына тоқталып, қонақ ретінде шақырылған ардагер-ұстаздарды, оқытушылар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Халқымыздың даналығында: «Мың жылдығыңды ойласаң - ұрпақ тәрбиеле» деген ұлағатты ұғым бар. Бұл - біздің рухани тірегіміз, ұлтымыздың болашағы, адамзат өркениетінің қайнар бұлағы, терең тағылымға толы - кемел келешегіміздің тірегі. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінің қоғам алдындағы шынайы міндетінің салмағын да, мәнін де жүрекпен түсіне алатын, ұғына білетін қадірлі ұстаздар, Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын! - деді ол.
Мерекелік кеш барысында 2015-2016 оқу жылындағы білім беру қызметіндегі жетістіктерін бағалау жөніндегі университет рейтингісі бойынша ең жоғары балл жинаған 5 профессор-оқытушыға университет ректоры «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің үздік оқытушысы» медалін тақты. Жалпы, рейтинг қорытындысымен 100 профессор-оқытушыға жыл бойы төленетін үстемеақы тағайындалды.
Бұл үрдісті университет жыл сайынғы дәстүрге айналдырған.
Ұстаздарын ұлықтаған білім ордасында бүгінде 500-ден аса маман оқытушы болып қызмет атқарады. Оның 22-і ғылым докторы, профессор, 6-ауы PhD докторы, 217-і ғылым кандидаты мен доцент, 179-ы ғылым магистрі.
Сондай-ақ шарада бірқатар ұстаздар «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хатымен, «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен», университет ректорының Алғыс хатымен марапатталды.
Ардагер-ұстаздар арасында өткен шахмат турнирінің нәтижесі жария етіліп, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар берілді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға жалғасып, ардагер-ұстаздарға ақ дастархан жайылды.