- 21 мам. 2019 00:00
- 292
2018 жылғы бюджет қанша пайызға игерілді
Былтыр бюджеттің таза игерілуі 99,99 пайыз болды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатында Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 637 млрд теңгеге атқарылды. Бұл қаржы 12 мемлекеттік бағдарламаның, 36 стратегиялық бағыттардың және 328 бюджеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына жұмсалды. 18,8 млрд теңге атқарылмады. Оның ішінде Үкімет резервінің бөлінбеген қалдығы 17 млрд теңгені және үнемделген қаржы 0,3 млрд теңгені құрады. Бұл шығыстар Бюджет кодексіне сәйкес игерілмеу сомасына жатпайды. Сондықтан таза игеру 99,99 пайызды құрады деп айта аламыз», - деп түсіндірді Ә. Смайылов.
Оның атап өтуінше, 1,5 млрд теңге келісімшартты жасасу талаптарының өзгеруі мен жұмыс кестесінің кешігу себебінен игерілмеген.
Осы орайда таратылған мәліметтерге қарағанда, қаржының игерілмеуі бірқатар әкімшілерге тиесілі болды. Бұл ретте Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - 309,6 млн теңге, Білім және ғылым министрлігі - 254,9 млн теңге, Қорғаныс министрлігі - 213,5 млн теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі - 159,7 млн теңге, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінде 149 млн теңге болды.
«Есепті жылы 12 мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына барлық қаржыландыру көздерінен 2,6 трлн теңге қаражат бөлінді. Есеп комитеті өзінің Үкіметтің есебіне берген қорытындысында мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезінде жіберілген біраз әдістемелік кемшіліктерді атап өтті. Бұл берілген ескертулер Үкіметтің бақылауына алынатын болады. Оларды біз мемлекеттік жоспарлау жүйесін әрі қарай жетілдіруде назарға алатын боламыз», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.