- 06 қар. 2018 00:00
- 210
2019 жылы 4 мың шетелдік қандасымыз Қазақстанда білім алады
2019 жылы 4 мың шетелдік қандасымыздың мектеп жасындағы балалары Қазақстанда білім алады. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мәлім етті.
«Бізде Назарбаев Университетімен қатар, оның мектептері бар. Қазақстан бойынша 20 Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ) жұмыс істейді. Олардың білім беру жүйесі үздік, яғни халықаралық стандартқа сай екені де белгілі. Қазіргі таңда НЗМ-мен келісімге келіп жатырмыз, оның негізінде келесі жылы 4 мың қандасымыз, яғни оқушылар Қазақстанға келіп НЗМ-де оқиды. Осы жоба аясында барлық елдердегі бауырларымызды қамтитын боламыз, ондағы мақсат - білім беруден бөлек, оларды өзіміздің қазақ балаларымен таныстырып, жақын араластыру. Осыған ұқсас бізде жыл сайын 150 шетел қазақтарының балалары Ақмола облысындағы «Балдәурен» жазғы лагерінде демалады», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.
Сонымен қатар, З.Тұрысбеков білім беру жобасы аясында қандастарымызға еліміздің көрікті және тарихи жерлерін көрсетіп, отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру бағытындағы шаралардың ұйымдастырылатынын да айтып өтті.
Айта кетсек, бүгін Астанада 10 елден келген отандастарымыздың қатысуымен жиын өтіп, оның барысында «Алыстағы ағайын» тарихи деректі фильмінің тұсауы кесілді.