Қызыл жалау. Романнан үзінді
(Романнан үзінді)
Өкпек желдің екпіні кешке қарай да басылмады. Аспан бұлты түнеріп қоюлана түсті. Ауыл арасының қары көз жасын сығып, мұжылып, семіп бара жатқан түске кірді. Есік алдарына иірілген сулар көл-көсір болып қанасынан асып шалқыды. Кейбір жер үйлерге су кіріп, адамдары шұбырып шыққандай болды. Баласын қарғаған, байына ашуланған әйелдердің зіркілі әр үйдің маңынан-ақ естіліп жатты.
Тоғызбай отағасының шәукиген кішкене землеңкесі, ауыл өмірінің күйінен өзін бөлек санаған секілденіп, монтиып қана тұр. Үй маңында үйілген қар да жоқ, қыбыр еткен мал да жоқ... Сабалақ жүнді қара ала төбет еріне басып лапастан шықты да, тұмсығын көтеріп жағалай қаранып, бірдемені көзі шалғандай ылдиға қарай бүлкілдеп жортты. Иығында сырлы күйенте, екі шелек суды шайқалдырып, бойжеткен қыз қырға қарап тырмысып келеді. Аяқ басысы шабан. Басы төмен бүгулі. Тап осы келе жатқанда — ойы шартарапты кезіп, өзін-өзі ұмытқан адамның келбетінде... Қара ала төбет арсалаңдап, келе қыздың аяғына оралды. Қыз кішкене бөгеліп, бірер нәрсе есіне түскендей кенет ширап, аяқты жылдамырақ басты.
Пеш алдында отырған сары кемпір пешке тезекті тыға түсіп:
— Жәй кешіктің бе, сәулем-ау? — деді.
Қыз алқына дем алып, бетінің ортасы сәл қызара түскен секілді. Өзінен бұрын көзі күлімдеді. Күлімдеп жүріп самаурынға су құйып, пештің алдына келді.
— Нұрбикені көрдім, — деді қыз шешесіне қатарласа отырып.
— Не дейді?..
Қыз сөйлеуге ыңғайланып еді, кемпір оны сөйлетпеді. Өйткені тап осы кезде пешке арқасын сүйей отырған Тоғызбай отағасы бір аяқты көсіле түсіп:
— Біз әңгіменің адамы емеспіз, шырағым... Отбасында дұрыс отырғызып қойса, соған мәзбіз, — деді күрсініп. — Керек десе жиылыстарына да бармаймын. Манағы жердің өзіне қалай барғанымды да білмеймін...
Төр алдында милиция жігіт ол, Тоғызбайға қарай түсіп, күлімсіреді:
— Әй, қазақшылық-ай...
Тоғызбай отағасы ұялыс тапқандай басын төмен бүкті. Аздан кейін күрсініп:
— Мен ешнәрсе де білмеймін... От басында отырған адаммын. Әңгіме-кепке араласып жүрген бірсыпыра жігіттеріміз бар. Мырзалық, Құлшарып деген жігіттеріміз бар. Тағы басқа да білетіндер табылар, — деп Тоғызбай отағасы ұзақ сонарға салды.
Тоғызбайдың сөзін қызық көрді ме, әлде біле көре танып отырғандығына таңырқады ма —милиция жігіт күлімсіреумен болды. Ауыл кезген, ауыл шаруасымен істес болған адамдар мұндай күйге көп кездеседі. Шындықты ашып айту деген жұрттың көбінде жоқ. Бүркеу, жалтару, барынша қулық істеген ауылдың рәсімі болып кеткен секілді. Осыны көріп кейігендердің кейбіреулері: «осы қазақ баласының өтірік айтпайтын күні бар ма, сірә?..» — деп күдікке де түседі.
Милиция күрсінді, темекі ораған қағазын алдыма жәйіп салып, шылым орауға кірісті. Шылым орал отырып, пеш алдында шешесімен қатарласып отырған қызды көрді. Ой бірден бөлінді. Ауылды қанша кезсе де әйел туралы жеңілдік істемеспін — деген бұл жігіттің серті болушы еді. Бірақ көз ұры келеді ғой, көрнекті әйел кездессе, мұның ризалығын сұрамастан көзінің қадала қалатындығы бар...
Пеш алдында отырған кемпір әлденеге күлімсірей түсіп:
— Атың кім, шырағым? — деді милицияға.
— Атым Жаманғали, шеше, фамилиям Егізбаев.
От сәулесімен беті күреңденген қыз, отқа шала жанған бір шыбықты алды да, соны қарындаш қып, пешке жазды: «Жаманғали Егізбаев» деген жазу пештің маңдайына орнады.
Қыз бұл ісін келіссіз деп тапқандай боп, әлгі жазуды қолымен үйкеп өшірмекші болып еді, өшпеді. Сосын күлімдей түсіп, күйені үстіне баттастыра жағып жоймақшы болды.
Тап осы кезде шылымды орап ауызға тістеп, қыздың ту сыртына Жаманғали милиция келіп төнді:
— Құрбым, сонша күйелегендей не жазығы бар еді атымның?
— Суқан... — деді кемпір шошып кетіп.
Қыз күлімдеді.
— Жазығы ма?.. — Неге жазылады пештің маңдайына?
— Онда... айып жазушыда болу керек қой...
Жаманғали милиция шылымын тұтатпақ болып пештің аузына үңілді.
— Атыңыз кім, құрбым?
— Атым Кәтимә... Неге сұрадыңыз?
— Жәй біліп қоюға.
Шылымын сора түсіп, Жаманғали қызбен қатарласа отырды. Кемпір сұстиып алыстай түсті. Үй іші қара көлеңке. Пештің сәулесі қарсы отырғандардың беттерін бірде айқын, бірде бұлдыр көрсетіп, құбылта түскен секілді.
— Комсомолда бармысың, құрбым?
— Бармын.
Милиция қызға бұрыла түсті.
— Бүгінгі оқиғаға қалай қарайсың?
— Соны бастаушыны білемісің?
Тоғызбай отағасы кенет тамағын қырынды. Кемпір әбігерленген түрмен:
— Үстіңіз былғанбасын, шырағым... Бірдеме төсеп те отырмадыңыз, — деді.
— Оқа емес, шеше, сөзді бөлмеңіз.
Тоғызбай отағасы күрсінді. Кемпір жалтақтап оған қарады. Жаманғали милиция Кәтимә қызға бұрыла түсті. Тап осы отырғанда — осы төртеуі екі дүниенің адамы боп, екі жікке бөліне қалған секілденді.
— Бүгінгі оқиға туралы Мырзалық ағайды айыптаушылар бар көрінеді, ол қате, — деді Кәтимә отты ысыра түсіп.
— Дәлелің?
— Еш дәлел керек емес. Мырзалық шын кеңес тілегіндегі адам.
— Төбелес бастауына жол болсын?
Кәтимә үндемеді. Жаманғали милиция шылымды сора түсіп, кең танауынан түтінді будақ-будақ шығарды. Кемпір Жаманғалидың шылым тартысына таңырқаған адамдай ажырайып қарады да отырды.
— Мырзалықтарың айыпталып қалмаса игі еді деп қорқам, жұрттың бәрі соған төндіріп отыр, — деді милиция.
— Кім айтса, соған нана бересіз-ау, сірә?
— Әрине дәлеліне қарай...
Шапақ байып, іңір қараңғысы қоюлана түсті. Әр үйден де қадағандап шығып жатқан адам. Бет алыстары мектеп үйі. Бір жерде топталып төрт-бес адам тұр. Орталарында Зұлқан. Ол жеңін жоғары сыра түсіп:
— Яғни, мәселен, «жаман айтпай жақсы жоқ», біз мынаны сөйлесіп алайық, — деді жанындағы біреуге бұрылып.— Колхоздан шығамыз деп отырған жиырма бес үй — бәрі Жаныбек тұқымынан. Бұл — бір, манағы оқиғаның айыбын зорға дегенде Мырзалықтарға төндіргендей болдық, бұл — екі... Мен үкімет атынан сөйлеп тұрмын. Сен, Ақмедия Мұсылманов жолдас, осыны бір ойлап көрші, — деді.
Еңкек жауырынды, ұзын бойлы, талдырмаш, арық жігіттің бет әлпетіне қарап кім екенін қараңғыда айыру қиын, өйткені мен «Мұсылманов» деген фамилиясынан көп нәрсе аңғарылады... Мұсылман деген кісінің тарихына кішкене үзінді берсек те болады. Сонау бір кездерде Қарабалық елінде Мұсылман қажы дейтін болды. Ишан қазіреттің медресесін бітірген білімі бар. Бірақ молдалық қылған кісі емес... Атқа мініп, сөзге араласып, ел билігіне жармаспақ болса да, ол кездегі: Науырызбай, Байқан, Әлмембет тұқымдары сияқты шонжар анау-мынауды маңына жүргізген бе, Мұсылман қажы өзінше жәбір көрушілердің қатарында болады. Бірақ тұрмысынан атаққұмарлық Мұсылманды тыныш отырғызбай, ол басқа жолмен атағын жаймақшы болды. «Сорлы қазақ» деп ат қойып өлең жазып, оны өз қаржысымен бастырып, кітап сыртына сүгіретін де орнатады... Мұсылман қажыға атақты қимаған біреулер шағым беріп, «Сорлы қазақ» кітабы полицей қолына ілігеді. Мұсекең түрмеге жататын болады... Бұдан кейін елдің «Игі жақсылары» өздерінше жұртшылық істеген боп, сол кездегі Дүйсенбай болыспен мұны табыстырып, бірер мың сом «садақамен» Мұсекең басын аршиды. Кеңес үкіметі орнаған кезде осы оқиғаны бетке ұстап Мұсылман қажы бірер рет болыстық ревкомға бастық болып сайланады. Әйткенмен санасы оянған жастар Мұсекеңнің мұнысын тым артық көріп, кеңес құрылысының маңынан қуалайды... Әкім боп елге атағын жая алмайтындығына таза көзі жеткен соң, Мұсекең екінші бағытқа көшеді: орыс, ноғай саудагерлерімен қанаттасып, сауда жүргізеді. Жаңа үнем саясатының алғашқы кезінде мұнысы өте пайдалы боп шығып, Мұсылман қажы қоңданып алады. Осы ауылдың күнбатыс жағындағы сонау көк төбелі ағаш үйді көрдіңдер ме, Мұсекең қажының 25-жылдары салдырған үйі ол... Содан кейін Мұсылман қажы дүние тілегін өзінше түгендегендей боп, ақырет сапарының жабдығына кірісті. Бұрын «дін», «иман» деген сөздерді атүсті ғана айтып жүретін болса, содан былай жиілетті. Оған себеп жаңа дәуір адамдарының дінге шабуыл жасай бастағандығы. Осы кезеңде Мұсылман қажы дінге қорған боп көрініп, тарих бетінде атақ алмақшы болды. Молда-сопыларға қайыр-садақасын күшейтті. Тозған мешіттерді өз қаржысымен түзеттірді... Ең ақтығында келіп Сатпай қара жолының үстіндегі қара қоғаның дөңесінен өзіне арнап әшекейлетіп там салдырды. Тамды биенің сүтімен сырлатты. Там жанына қазандық орнаттырды. Қонып-түстенетін жүргіншілерге керекті әбзелдердің бәрі сол тамның ішінен табылатын болды... Әлденеге там ішіне домбыра мен қобыз да ілдірді. Ең арғысы насыбай үгетін тостағанға шейін әзірлетті. «Мұсылман қажы 30-жылы өледі екен, сосын там салдырып жатыр екен» — деп ел аңыз қылысты... Сүйтіп жүргенде 29-жылдың күзі болды. Бай-құлаққа шабуыл басталды. Мырзалық бастаған бір топ Мұсекеңе сүліктей қадалып, көпшілік атынан қаулы істеліп, қоғамға зиянды адам деп танылып, Мұсекең үй ішімен жер ауатын болды. Арнап салдырған тамына тірідей кірудің есебін таба алмайды, өлейін десе, өле алмай Мұсекең кетіп отырды.
Мұсылман қажының үй іші жер аударылғанда, осы Ақмедия солардан жырылып қалды да қойды. Округтен келген өкілге Ақмедия арыз берді: «кеңес тәрбиесінде өсіп ем, әкеммен жұлдызым қарсы» деп. «Тап осы айтқаны шын» деп Құтпан дейтіндер өңештеп ерік бермеді. Ақмедия «кеңес адамы» деген ат алды. Астық науқаны кезінде ауыл белсендісінің алды болды. Өзара жарыста Ақмедиядан озар адам болмады, Ақмедия жүз пұт астық бермекші боп, басқаларды соған жарысқа шақырды. Ақмедия тауып та берді. Округ, аудан өкілдеріне Ақмедияның бұл ісі мықты ұнады, олар жанынан қалдырмай ертіп жүретін болды. Көпшілік көзінде Ақмедияның аруағы бұрынғыдан да өсе түскен секілденді. Аудан қызметкерлерінің бірсыпырасымен Ақмедия ашына болып үлгірді...
Колхоз құрылысы жөніндегі басшы жолдастың мақаласын бірсыпыралар өздерінше ұғынды да, соны анықтап келу үшін Ақмедияны ауданға жіберіп еді. Манағы оқиғаның тұсында Ақмедия ауылда болмады. Аудан хабары бұл тұрғандарға жағымды емес. Ақмедия сияқтыларға шын жаны ашитын біреу:
— Желікпеңдер, қайта осындай кезде белсенділік көрсетіп, табан тіреп қалыңдар, — депті.
Осыған әкеп, Ақмедия ауылда бүгінгі болған оқиғаны қосып, өзінше толық қорытындысын шығарады:
— Бұл мықты тексерілетін жұмыс. Мұның үстіне колхоздан шығамын десеңдер, білеміз. Біз кекті басқа жағынан алайық: пәленің бәрін Мырзалық пен Қайқытөстерге аударып, колхоздан шығартайық, —деді...
Сөз тыңдап тұрғандар ауыр күрсінді. Өкпек жел екпіндете соғып, жұрттың киімін жұлмалап ойнады. Тырсылдап жаңбыр жауды. Аяқ астының суы шылқылдап, көпіріп телегейлене түсті.
Шеткі тұрған біреу шыдамсыздыққа салынды:
— Ау, болсаңдаршы, жел өтіп барады...
— Болдық, сөз осы: ал, жүріңдер, — деді Зұлқан бастап.
Бұлардың өкше ізімен қараңдап екі кісі жүріп келеді. Жел өтіне шыдамай біріне-бірі тығыла түскендей боп, кейде қара саны бірігіп кеткендей болады.
— Әкеңнен сұра, әкей анығын біледі... Әйтпесе Мырзалық қараланады, — деді еркегі.
— Сұрайын, — деді әйел дауыс.
— Бұл — Жаманғали милиция мен Кәтимә еді. Кәтимәні қараңғыда сүріндірмейін деген Жаманғали қолтықтап алды. Ауыл қызының кейбірі мұндай қолтықтасуды ерсі көріп, шамданшақ аттай шалқаяқтар еді, Кәтимә ол мінезден аулақ боп, Жаманғалиға жабыса түскен секілденді. «Мұнда қандай мән бар?» — деген ұшқалақ ой Жаманғалидың мазасын алып-ақ келеді. Сөз тартпақшы боп оны-мұны айтады, бірақ онысы белгілі бір жоспармен айтылмағандықтан, тыңдаушыға ой тудырғандай әсер бере алмай, желге ұшып жоқ болып жатыр. Осыны өзі сезгендей:
— Да... — деді Жаманғали күрсініп.
Ұзыншалап салынған шым үйдің тақтайсыз едені мал қорасынан да бетер батпақ. Ұзын тақтайдан кесе істелген орындықтар. Жұрт иін тіресіп отырып жатыр. Төр жақтағы сығырайған бестік шамның жарығы — үй қабырғасындағы бірен-саран ұран, сүгіреттерді көмескі ғана көрсеткендей болады. Шам түбіндегі үстелді орала бірсыпыра адам отыр. Олардың не істеп отырғаны белгісіз. Кейін келгендер мойнын созып ұмтылып, одан да көре алмаған соң, кесе тақтаға шығып қараймыз деп, тақтай сынып, бірсыпырасы құлап түсті.
— Жолдастар!.. Қирата көрмеңдер, балалардың отыратын орны ғой, — деп мұғалім жүр көрінгенге жалынып.
Тақтайдан құлап түскеннің бірі ақылы жаңа енгендей боп кейіді:
— Біздің қазақтай сиыр халық бар ма екен?..
«Қызыл жалау» колхозына үш жүздей үй қарайды. Қоныстары бөлек-бөлек. Елінің бір шеті мен екінші шеті 40-50 шақырымдай жер. Орталық партия комитетінің колхоз құрылысы жөніндегі қаулысын түсіндірмек боп аудан өкілінің жиылыс шақырғанына бүгін үшінші күн, бір жиылған емес жұрт. Шеткі ауылдар былай тұрсын-ау, осы басқарма тұрған ауылда 40—50 үй бар, соның өзі тегіс жиналған емес. Бүгін хабар қатаң берілді:
— Он кісі келсе де жиылыс өткізіледі, соның қаулысы бәріңе міндетті болады, — делінді.
Жұрт бұған бір елеңдесе, күндізгі оқиғаның немен тынатындығына екі елеңдеп, жиылыс болатын үйге қарап бұрылды. Мектеп үйі аузы-мұрнынан шығып толды. Әйелдер бірөңкей орналасып, үйдің бір жағын жағалай самсады. Бала-шаға есік жақта топырлап, алыс-жұлыс, қағып-соғып кету басталды.
Әбдіқан Момынов ербиіп орнынан тұрды. Жауырыны бұрынғысынан да бүкірейе түсті. Сұқ қолмен танаудың астын бірер сүйкеп қойды. Сүйтті де қолын көтерді:
— Ал, жұрт... Жолдастар-ау, қоясыңдар ма?
Дыбырлаған жұрт бұрынғысынан көрі бәсеңдеген секілденді.
— Ал, жиылысты аштық... Ал, бастық сайлаймыз: Бүркіт Қоғабаев бастық болсын, ал қарсы емессіңдер ғой?.. Ал, Бүркіт бері кел...
Кең қоңыр күпіні айқара қаусырынып, тықыр қара бөрікті тұқырта киген біреу үстел басына барып сомаладай боп отырды, жиылысқа бастық боп сайланды деген аты болмаса, бұл кісі басқаруынды білмеді, Әбдіқан Момынов басқарды.
Кетебай өкіл үстел жанына келіп, жалбыр шашын бір сипап қойып, портфель ақтаруға кірісті: газет, журнал, кітаптардың біразын шығарып, үстел үстіне қойды. Бұл шынында осы көпке баяндама істеуден көрі сабақ беруге әзірленіп жатқан адамның түрі еді.
— Жолдастар! — деді бір кезде.
Содан кейін қағаз ақтаруға тағы кірісті, баяндама істейтінін таза ұмытып кеткен адам секілденді.
Зұлқан Байжарасов хатшылық қызметіне кірісіп, жиылыс протоколын жазды:
«Қызыл жалаудың» жалпы жиылысы болып, 3 комсомол, 4 партия, 63 кісі қатынасты. Басқармаға адам дайындау туралы қаралып, әбден талқыланып қорытып мына кісілерден басқарма дайындалды...» — деген сөзін жазды да, әлденеге күлімсіреп басын көтерді. Зұлқанның қарсы алдында Жібек дейтін әйел отыр қасқиып. Жүзі күліп, ойнақшыған қара көз Зұлқанның сыртындағы біреуге ме күлімсірей қарап, әлденелерді көз алдына елестеткендей... Зұлқан соған ұмтылып, бір ауыз әзіл айта берем дегенде, біреу иығынан кейін тартты: бұл Зұлқанның өз әйелі еді.
— Сайтансырамасаң отыра алмайсың ба? — деді әйелі бұртаңдап.
Зұлқан қызараңдап кейін шегінді. Әйелі одан бетер дарқансып:
— Осыдан үйге барарсың! — деді.
— Мынау нағылет не дейді?..
— Қойыңдаршы-ау, сөз тыңдатпадыңдар, — деп біреу бұлардың сөзін бөлді.
Кетебай өкіл баяндамасын соза түсті:
— Сонымен айтайық, колхоз құрылысы жөніндегі мақаланы былайша ұғыну, айтайық — провокация жүргізу, айтайық барып тұрған тап жауларының жұмысы, айтайық біз оларға кезінде соққы бермесек, айтайық — колхоз құрылысын ақсатқан болар едік, айтайық, не сознательный элементтер соны солайша қате ұғынып, айтайық өзінше ұғынған болар еді...
— Правельно, дұрыс-ақ, — деді Ақмедия дауыстап.
Алдыңғы қатарда отырған шалдау кісі ауыр күрсінді. Шүйдесі шыққан біреу қатты есінеп, көзінен шұбырған сорасын күпінін етегімен сүртті. Қаудыр тымақты біреу басын тұқыртып ұйықтап отыр.
Қалың жұрттан бөлегірек, терезе алдындағы орындықта Жаманғали милиция отыр. Ақмедия соған жақындай түсіп, күлімсірей сөйлеп, «қайтсең де арбап аламын» деген адамның пішінінде.
— Сонау бір аққұба әйелді көрдіңіз бе? Жібек деген жеңгеңіз... Таныстырайын ба сізге?
Жаманғали қарсылық ойын білдіргенше, Ақмедия Жібекті ымдап шақырып та үлгірді. Денені кербез қозғап, көзін күлімдетіп Жібек Жаманғалимен қатарласа отырды.
— Қой десеңдерші мына өкілге, шаршатты ғой жұртты, — деді Жібек назданған түрмен.
Жаманғали бірден жауап бермеді. Оның ойы күндізгі оқиғаның анығын ашу, соған жауапты адамды табумен шұғыл еді. Ауыл адамдарының бірсыпырасымен сөйлесіп көрді, бәрінің бездіретіні Мырзалық. Мырзалық Шайқымен жанжалдасуы рас-ақ болсын, бірақ одан арғыны бұдан күту қиын. Сонда осы көпшілікті лобылтып желіктірген кім?
Жаманғалидың құлағына Жібек аузын таяп:
— Сізге біреу ынтыға қарап отыр-ау, — деді.
Осыны айтып Жібек жырқылдап күлді. Жаманғали бет алды қызарынып, бусанып терлейін деді. Әйелдер тобының ортасында Жаманғалиға қарай түсіп Кәтимә отыр. Бір рет әлденеге күлімсіреді. Мұнда қандай мән бар?.. Жібек дейтін осы елдегі аты-шулы әйел болса керек еді... Шынында осынша көптің көзінше Жаманғалидың мұнымен қатар отыратын не жөні бар еді? Осыны істеп отырған Ақмедия-ау. Ақмедияның кім екендігі — басқаға көмескі болғанмен, Жаманғалиға аян.
— Жолдас, сіз орныңызға барыңыз, — деді Жаманғали Жібекке.
Мәз-мейрам боп отырған Жібек кенет су сепкендей басылып, Жаманғалиға шошынып қарады.
— Қорықпаңыз, жұғып қалатын ештеңем жоқ.
— Жұқпаса да барыңыз... — деді Жаманғали.
Жібек бұртиып ашуланған түрмен орнынан қозғалды. Сырттан қараушылардың осындайды көргіші-ай: Жүзікейдің Ырысбикесі жанындағы бір әйелмен ауыз жабыстырып сөйлесіп, күлісе қалыпты, сөз қып отырғандары дәу де болса Жібек... Дайырбайдың кемпірін жұрт: «ешнәрсемен жұмысы жоқ, меңіреу» дейді-ау... Меңіреу болушы ма еді, осы сияқты болмашы нәрсені минутында сезіп, о да бажырайып қарады. Шынында бұл Жібектің ойынша болмашы ғана нәрсе ғой: милиция жанынан қуған екен деп Жібек жары да қалар-ау... Одан зорын да көріп жүрген кісі. Жібектің ашуын қоздырған Ақмедияның мінезі, кейде бір орынсыз жерде қыстайтыны бар.
Ашуланып Жібек әйелдер тобының кейінгі жағына таман барып отыруға беттесе де, кенет бұрылып, Жүзікейдің Ырысбикесін тізесімен қаға-маға Кәтимәнің жанына барып отырды. Жібек келді екен деп Кәтимә сырылып орын бере қойған жоқ, маңайындағыларды сырып Жібек орын тапты. Кәтимә ұнатпаған түрмен Жібекке бірер қарады да қайтадан баяндамашының бетіне бажырайды: Кетебай өкіл тап осы кезде сөзінің ең жанды жеріне келгендей — ілгері таман бірер аттап жұдырығын түйіп, екі қолды кезекпе-кезек сілтеді. Тым қызу сөйлемек болғанда сөздің орнына қолдың ербеңдеуі — мұның да үйреншікті әдеті еді.
— Айтайық, бүгінгі оқиғаны... Айтайық — осыған қатынасқан адамдарды... Бұл — тап жауының істейтін жұмыстары...
Зұлқан қуанып кеткен адамдай дереу алақан ұрды. Өзара күбірлесіп отырғандар сөздерін бөлісіп президиум жағына қарады. Қалғып отырғандар шошып оянғандай боп, бірер минуттың ішінде әлгі маужыратқан ұйқысының қайда кеткенін білмей аң-таң.
— Правильнай... Әй, правильнай-ау, — деді Зұлқан.
Терезенің жақтауына сүйеніп тұрған Мырзалық Зұлқанның бетіне туралап қарады да, кенет кейін бұрылып, терезеге үңілді: дала тастай қараңғы. Өкпек жел ысқырып, сарнап, жаңбыр тамшысын терезеге тас құсатып соғады.
Мырзалық күрсінді. Қабағы жабыңқы. Кімге, не үшін екенін өзі де бұлдыр сезетін секілді, әйтеуір бойды кернеген ызалы ашу мазасын тым кетіріп, осы ашудың кегін кімнен аларын білмеген адамның түрінде... Көпшіліктің мінезі де ұйтқыған желге меңзес: кейде сені мәпелеп, сенен жақсы көретін адамы жоқ сияқтанса, кейде — саған сыртын беріп, сенің барыңды сезбеген, сені елемеген адам сияқтана қалады. Сол мінез, әсіресе осы ауылдың адамында күшті. Бұдан бірер күн бұрын осы отырған топ — Мырзалықты көрсе, жайраңдасып орталарынан орын беріп отырғызғанша асығушы еді. Бүгін бәрі де сазарып, Мырзалықпен көптен араз адам секілденіп, ешқайсысының мұнымен жұмысы болмай отырып алды... Мырзалықты ашуландырған бұ да емес, сонау Күркебайдың Қали дегенін көрдің бе, түрінің өзі де жексұрын ғой: көзі аларып, сақал-мұрты киіздей боп ұйысып, киімінің жағасы сағыз жапсырғандай қап-қара кір, біресе Ақмедияға, біресе Зұлқандарға қарап жалтақтап, жатынып, бүлініп отыр... Күні кеше ғана осы Қали Мырзалыққа келіп, әңгіме-кептен өзінің аулақ екендігін айтып, Зұлқандардың тізе көрсеткендігін айтып, жылағандай болып еді...
Мырзалық тағы күрсінді. Көпшілікке сыртын беріп тысқа қараумен тұр. Кейін қарап бұрылғысы келмейді. Бұрылса шам түбінде отырған шоқпақ бет қара жігіт көзіне түседі. Бұл ячейка хатшысы Жұмақан дейтін кісі. Оған дегенде Мырзалықтың бүгінгі ашуы адам айтқысыз: осы жиылыстың алдында ол Мырзалықты шақыртып алды да: — ...«колхоз құрылысын ірітуге кіріссең, кедей екен деп аямаймыз, тиісті шара қолданамыз... Байға құйыршық болып жүрген кедейлер аз емес», — деді. Осыны Жұмақан не бетімен айтты? Мырзалық не деп тыңдады?.. Байға құйыршық болғанша Мырзалықтың өлгені артық емес пе?..
Кетебай өкіл сөзін бөліп, үстел үстіндегі қағазын ақтарып бірсыпыра тұрып қалды. Іздегені партия комитетінің хатшысы Кужаков жолдастың сөзінен үзінді еді, Кетебай өкіл ол кісіні ылғи еркелетіп «қарт» деп келеді. «Шалдың сөзі араласпаған жерде сөздің нәші келмейді» дейді. Кетебайдың баяндамасын тыңдасаң, сөзінің тең жарымы сол «қарттың сөзінен» үзінді екенін байқайсың. Ол үзінділер және орысшадан тым сорақы аударылған болады да, тыңдаушылар бір сөзіне түсінбейді. Тыңдаушының түсінген-түсінбегендігімен Кетебайдың жұмысы жоқ, ол екі сөзінің бірінде «қарт былай деген», «шал былай деген» деп айтып өтсе, өзіне жүктелген міндетті жүз процент өтедім деп ойлайды.
— ...Сонымен айталық, жолдастар, мен баяндамамды бітірдім, жолдастар, — деді Кетебай бір кезде.
Осыған жалғастыра Кетебай «жасасын» деген сөздерді айтпақшы еді, айтып үлгере алмады — жұрт алақан ұрып даурықты. Кетебайдың «жасасыны» сартылдаған алақан дауысымен көміліп кетті.
Ауыр жүкті үстерінен біреу алып тастағандай боп жұрт күрсінді. Зұлқайдар ұйқысын ашты. Біреулер жағын кере құлаш ашып есінеді. Мелшиіп отырған жұрттың денелері жан біткендей қозғалып, бірінен-бірі насыбай сұрап атып, жерге былш-былш түкіріп жатты.
— Бітті ме өзі?.. Милиция сөйлемес пе екен?
— Бірдемені аңдығандай ту сыртымызда отырып алған екен өзі...
Бірсыпыра жұрт бұрылып Жаманғали милицияға қарады. Ол басын төмен бүгіп, терең ойға шомған секілденіп отыр.
— Милицияны көрсем зәрем ұшады, — деді Қоңқабай отағасы сирек сақалын тарамдап.
— Қылмысың болмаса несіне қорқасың?
— Сонда да... Өзіме істеген қылдай қиянаты жоқ байғұстардың... Әйтсе де бір түрлі...
Қоңқабай отағасының жанында отырған біреу шынтағымен түртті. Қоңқабай шошынып жалт қарағанда Жамангали милицияны көрді: ол орнынан тұрып, Қоңқабайлардың жанынан өтіп, терезе алдында тұрған Мырзалыққа барды.
Мәжіліс бастығы үшін Әбдіқан Момынов үстелді тықылдатып, кекеш адам секілденіп аузын ашып біраз тұрды.
— Жолдастар... Ал, жолдастар... Ал, кім сөйлейді?
Құтпан Итаяқұлы орнынан тұрды. Серейген бойы үрлікке аз-ақ тимеді. Сөйлеместен бұрын басын бірер толғап қойды. Сыбыр сөзбен отырғандар тына қалып, Құтпанның аузынан шығатын сөзді есіткенше асықты.
— Бәріміз де колхоздан шықпаймыз... Мен нағыз қара табанмын — деді Құтпан бір кезде, тыртық беті жыбырлап, қоқырайған имек тұмсығы бетінің жартысын шам сәулесінен көлеңкелеп тұрды.
— Мақтанба, білеміз, — деді кейінгі жақтан Сәрсекей.
— Ұрлығыңды айтып қойма, — деді Қайқытөс.
— Жолдастар... Әне, сөз бермейді бұлар... Құлшарып сияқты бай сөйлесе тыңдар еді...
— Кім айтты «бай» деп?
— Құлшарыптай болсаң, құдайыңа құрбан шалар ең...
— Жолдастар... Жолдастар!.. — деді Құтпан бақырып: — байдың бәрі құрысын! Далой сволочтар... Құлшарыбың, Мырзалығың... Е... Е... Бәрін айдап шығу керек!..
Жұрт бет-бетіне жамырай сөйлеп, үйді басына көтерді. Мәжіліс ағасы алдындағы стақанмен үстелді тықылдатам деп стақанның түбін ойды. Даурыққан жұрт сапырылысып, біреулер президиум үстелінің жанына барды. Өңештерін кере айқайлайды:
— Далой Мырзалық!.. Мырзалық шығарылмаса колхозда біріміз де қалмаймыз...
Тап осы кезде жұрттан ала-бөле Ақмедия отыр. Жүзі жайдары... Жұлқына айқайлағанның біреуі — Қортық дейтін тасбақа — Ақмедияға әлсін-әлі көзінің қиығымен қарап қояды.
— Жолдастар! Мен үкімет атынан сөйлеймін, — деді Зұлқан орнынан тұрып. — Яғни, мәселен, басқармаға мынадай адамдар дайындадық... Ал, осыған қол көтеріңдер!
Дабырлаған жұрт су сепкендей басылды. Сайланатын адамның аты аталмай жатып-ақ біреулер далақтап қол көтерді.
Кетебай өкіл, Әбдіқан ауылнай, Жұмақан хатшы Зұлқанның былай ортадан киіп кеткендігіне наразылықтарын білдіріп иықтарын қиқаңдатысты. Біріне-бірі қарады, бұлар өзара түсініп үлгергенше Зұлқан «дайындаған» адамдарын айтып та үлгерді.
— ...Сонымен «Қызыл жалау» өзінің басқарма дайындау жұмысын талқылап, әбден түсініп, ұғынып мына адамдардан басқарма сайлайды: Ақмедия Мұсылманов (колхоз бастығы), Зұлқан Байжарасов — яғни: мен (колхоз счетоводы), Құтпан Итаяқов (басқарма орынбасары)... Ал, қол көтеріңдер!.. Өй, Сәтпек, сен неге көтермейсің?
Жұрттың көпшілігі қол көтерді. Кетебай өкіл мен Жұмақан хатшы Зұлқанның бұл қылығы үшін терісіне симай ашуланып Әбдіқанды иекке алды. Әбдіқан ұмтылып Зұлқанның қолындағы тізбені алғанша, жұрт самсап орнынан тұрды.
— Тұрсайшы, Әубәкір, ұйықтағаның не?
— Жол беріңдер, балалар..
Әбдіқан дауыстап тоқтатпақ болғанмен, өріп кеткен жұрт есікке барып кептелді. Әбдіқанның айқайын естісе де, есітпегенге салынып, үйден тезірек шығып кетуге асықты. Дала шаң-шұң:
— Аман құтылдық па?.. Жауып тастай ма деп қорқып ем.
— Колхозынан шықпаған соң жауып жынданып па?
— Колхоз болғандарға милиция да тиісе алмайды білем...
— Данияр-ау, Төбет ақсақал сырқат екен, ертең соның көңілін сұраймыз ба?
— Өлмесе өрем қалсын!
— Әй,тәңірі Данияр... Қартайғанда алжысайшы енді...
— Абылай... Уау, Абылай карта ойнауға қалайсың?
— Құтпанбысың, әй?..
Мектеп үйінің сәулесі қара күңгірт. Төр алдында отырғандар есік жақтағы кісілерді бұлдыр ғана көреді. Үйде аз ғана адам. Мырзалық терезеге сүйенген күйі әлі тұр. Үстел басында: Кетебай, Жұмақан, Әбдіқан — олар өзара керісумен тұр... Жаманғали өкіл бұларға бірсыпыра қарап тұрды да, қойын кінешкесін алып жазды: «колхоз жиылысына партия ұясы басшылық қыла алмады... Ұя хатшысы өзінің кім екендігін түсінбеген...».
Кетебай өкіл Жұмақанның иығынан ұстады:
— Кейіме, айтайық — түзеу қиын емес... Колхоздың тарап кетпегеніне қуан, — деді.
— Жетісерсің!
— Өкім-әй?
— Менмін: асасың ба, кесесің бе?
Мырзалық сұранып ортаға таман келді. Кетебай өкіл аузын жайындай созып күлді:
— Бұл әлгіге ашуланған екен... Қорықпа... Айтайық — өзің тыныш жүрсең ешкім де сені колхоздан шығармайды.
— Ақмедия, Зұлқан сияқтылармен табақтас болып отыра алман! Өзім шығам.
— Қой-ау...
Кейінгі сөзді тыңдамай Мырзалық үйден шықты. Мектеп есігі тарс етіп жабылғанда — үй сілкінген секілденіп аспалы шамның жарығы қолбаң етті...
«Әдебиет майданы». 1935жыл, №7