Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
21 ақпан – Ана тілінің халықаралық күніне байланысты ой-пікір

Жыл сайын 21 ақпанда әлем халықтары Ана тілі күнін атап өтеді. Ана тілінің халықаралық күні 1999 жылы 17 қарашада ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 30-шы сессиясында бекітілген. Тіл және мәдени алуантүрлілікті сақтау мақсатында 2000 жылғы 21 ақпаннан бастап атап өтіледі. Бұл күннің датасы  Бангладештің қазіргі астанасы Даккада болып өткен оқиғаға байланысты таңдап алынған. 1952 жылы 21 ақпанда елдің мемлекеттік тілі ретінде өздерінің ана тілі бенгаль тілін енгізуді талап еткені үшін студенттер полицейлердің оғынан қаза тапқан екен. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы өз кезегінде өзінің қарары бойынша 2008 жылды Халықаралық тілдер жылы деп жариялады.

Тіл – тек қатынас құралы ғана емес. Тіл – халықтың тарихы. Тіл – өркениетке барар жол. Ол мәдениет, табиғат, тарих, адамзаттың шығу тегін айқындауға мүмкіндік береді. Барлық тілдерді мойындау және құрметтеу әлемде бейбітшілікті сақтаудың кілті болып табылады. Әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Оның халықтың ділі мен әдет-ғұрыптарын қамтып көрсететін өзіндік әлпеті бар. Біз өзіміздің аты-жөніміз сияқты ана тілімізді бала кезімізде өз аналарымыздан қабылдаймыз. Ол біздің сана-сезімімізді қалыптастырады, ондағы бейнеленген мәдениетпен сусындаймыз. 

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!», - деп қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырзалы бекер жырламаған болар. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің. Яғни, өз тілің – бірлік үшін, өзге тілің – тірлік үшін.

Қазақ тілін оқып-үйрену және көздің қарашығындай сақтау өмірлік қажеттілік. Жақсы жазу үшін өз ана тіліңді жақсы білуің керек. Ахмет Байтұрсынов айтқан: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды» деп. Отан дегеніміз не? Ол бүкіл халқымыз. Ол оның мәдениеті, оның тілі. Біздің тіліміз – бай, көркем, қуатты. Ана тілі – ең басты байлығымыз. Ол халқымыздың өткені, бүгінгісі, болашағы.  

Әлемде 3 мыңнан 5 мыңға дейін әртүрлі тілдер бар. Соның ішінде БҰҰ-нда ресми болып саналатын халықаралық тілдерге ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілдері жатады. Мемлекеттік немесе ресми тілдер бар, мысалы, біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі, Польшада – поляк, Моңғолияда – моңғол, Ресейде – орыс тілі, Швецияда – швед тілі. Ал, көп тілдер ресми болып табылмайды, оларда адамдардың белгілі бір топтары ғана сөйлейді.

Ана тілінің Халықаралық күні жойылып бара жатқан тілдерді қорғау үшін белгіленген. Ол өте маңызды, себебі бүгінгі күні әр ай сайын әлемде екі тіл жойылып отырады екен. Ал, тілі өлген халықтың өзі де өледі. Тілі өлген ел – тірі өлген ел. Ақын, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Ғұмар Қараш айтқан: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни, ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады».   

Сабырхан Смағұлов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама