Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың өкпесі» атты мақаласының айшықты мәні

«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: олар - надандық еріншектік, залымдық.

Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын.

Абай Құнанбаев

Сөзімнің түп төркінін Ұлы ақын, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың өнегелі сөзімен бастағанды жөн көрдім. Ахмет Байтұрсыновтың біз талдау жүргізгелі отырған мақаламызда, бүгінгі күнде өнегелі сөздері қанатты сөзге айналып кеткен «Біздің заманымыз – өт­кен заманның баласы, келер за­ма­нның атасы», «Талап жоқ, үміт мол бip халықпыз», «Ең­бек­сіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды», «Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды», «Ата жолдасы – надандық» тәрізді ойлары осы мақаланың айшықты мәніне терең бойлауға септігін тигізері хақ.

ХХ ғасырдың басы-қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Сондай-ақ бұл уақыт қазақ өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни саяси-әлеуметтік қозғалыстың дамып, құлаш жая бастаған кезі болып табылады. Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ өкпесі» мақаласын нақтылай, мән-мағынасын зерделей түссек..Мақала аясында қазақ елінің саяси-әлеуметтік мәселелеріне, қазақ шаруашылық жағдайына, әсіресе, жер мәселесіне, оқу-ағарту, әдебиет пен шежіреге арналған ойлар белең алды. Бұл мақала арқылы, қоғамдағы барлық түйткілді мәселелерді қозғап, кең етек алып жатқан оқиғаларды жіті бақылап, шолу жасап, кейбір кезек күттірмейтін жайттарға дер кезінде үн қатып, елді қауіп-қатерден сақтандырып, қазақты ұлттық бостандық жолына бастап отырды. Сондай-ақ олар Ресейдің отаршылдық саясатын әшкерелеп, қазақ даласының ішкі жағдайын үнемі назарда ұстады, сыртқы саясат мәселесімен, халықаралық байланыстармен елді таныстырып, қажет уақытында дұрыс шешімдер қабылдап отырды. Ахмет Байтұрсынов: «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зарлысы-жер мәселесі, бұл қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп баса айтқан.

Ахмет Байтұрсынұлы, «Қазақ өкпесі» атты мақаласымен білім беру саласына қосқан сүбелі үлесі, сара жолы болды. Сол кезеңдегі қазақ оқығандарының жанашырлық, ұлттық санасын ояту жолындағы шығармашылық, азаматтық еңбегі қазақ тарихында ұлттың кемелденуіне қосқан елеулі үлес ретінде мәңгі сақталары анық. Қазақ даласындағы сол кезеңдегі тарихи жағдайда бұл үлкен теңізге құйылған тамшыдай ғана өзгерістер еді. Қаражаттың жетіспеушілігі, оқу құралдары мен оқулықтың жетімсіздігі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендігі сауатсыздықты жоюда үлкен қиындық тудырғаны баршаға мәлім. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы осы мәселеге көрегендікпен қарсы пікір айтқанымен, билік тарапынан оның білгірлік ойы елеусіз қалды. 1930 жылдардағы зұлмат ашаршылық халықтың енді ғана көтеріліп келе жатқан еңсесін езіп, білімге деген талпынысына үлкен тосқауыл болды. Дегенмен қандай зұлмат, қитұрқы саяси ахуалды басынан кешірсе де халық сауаттылығы ақырындап болсын, аталмыш мақаланың әсерінен өркен жая түсті. Ахмет Байтұрсынов қазақтың езілген, адасқан, тығырыққа кез келген хәлін барынша дәл көрсетті. Осылай болудың басты себептері патша үкіметінің саясатына (жерге, дінге, әкімшілік сайлау жүйесіне тікелей қатынасы бар) байланысты деп түсінді, алайда ол басты айып жаңа дәуірге ыңғайласа алмаған халықтың өзінде деп санады. Аталған мақалада «… Ата жолдасы надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айырылатын емес. Надандықтың кесапаты өр жерден-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айырылмай келеміз… Жоқты барға теңгерген ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз… » Осы ғылым мен өнерді керек қылатын «қазақтардың» көбеюі Ахмет Байтұрсыновтың ойынша халықты тығырықтан шығаратын сара жол болып табылады. Осыны ұққысы келмегендерге, халықты өркениетті елдер қатарына қоссам деп өзін-өзі азапқа салғанда сөз ұғып, жөнді жолға түсу былай тұрсын, оның өзіне қастандық жасап, абақтыға жаптырғандарды А.Байтұрсынов «көк есектерге теңеп, ашу-ызыға булықты.

Ахмет Байтұрсынов: «… газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек… Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады», — деген тұжырымы арқылы «Қазақ өкпесі» атты мақаласының қоғамда алатын орнын, оның саяси маңызын айшықты мәнін барынша айқындап берді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама