Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
320 мыңнан астам бала «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алды

2016 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол» акциясы аясында 320 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді.

Материалдық және қаржылық көмектің жалпы құны 2,5 млрд.-қа жуық теңгені құрады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

«Акция қорытындысы бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 321 424 бала жалпы сомасы 2 млрд 468 млн теңгеге (2015 ж. - 318 026 бала 2,2 млрд теңгеге) материалдық және қаржылық көмек алды, соның ішінде демеушілер мен меценаттардың атынан 223 948 балаға 1 млрд 801 млн теңгеге көмек көрсетілді (2015 ж. - 200 мың балаға 1,5 млрд теңгеге көмек берілді)», - деп хабарлады ҚР БҒМ-нан.

Сонымен қатар, министрліктің мәліметі бойынша, материалдық көмекпен қамтылған балалардың саны жағынан Жамбыл облысы (30 057 бала), Қарағанды облысы (29 590 бала), Қызылорда облысы (28 137 бала), Ақтөбе облысы (27 004 бала) көш бастап тұр.

«Жиналған қаражат көлемі бойынша рейтингте Алматы облысы (427 млн-нан астам теңге), Қарағанды облысы (281 млн.-нан астам теңге), Оңтүстік Қазақстан (197 млн-нан астам теңге), Жамбыл облысы (188 млн.-нан астам теңге), Қызылорда облысы (184 млн.-нан астам теңге) және т.б. облыстарды ерекше атап өтуге болады», - деп мәлімделді ведомствода.

Айта кету керек, акция шеңберінде балалар тиісті мектеп құралдарымен, киім-кешектермен (мектеп формасы, спорт киімдері, аяқ киімдер және т.б.) қамтамасыз етілді.

Еске сала кетейік, «Мектепке жол» республикалық акциясы осымен тоғыз жыл қатарынан өткізіліп келеді, мұнда аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар жаңа оқу жылына дайындық кезінде қайтарымсыз көмекке ие болады.

Акция өткізілген тоғыз жыл ішінде 2 млн 345 мың 812 бала жалпы сомасы 15 млрд 79 млн 842 мың теңге көлемінде материалдық көмек алды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама