depositphotos.com
- 23 мам. 2026 05:00
- 20
60 жаста егіз туып, блогер атанған әйелдің тағдыры
Қытайдағы 76 жастағы Шен Хайлин есімді әйелдің тағдыры әлемді таң қалдырды. Ол 60 жасында егіз қызын өмірге әкеліп, елдегі ең жасы үлкен ана атанғаннан кейін, өмірін әлеуметтік желіде бөлісіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Балаларынан айырылудан кейінгі жаңа өмір
Шен Хайлиннің өмірі 2009 жылы ауыр қайғымен басталды. Бірден-бір тірегі болған жалғыз қызы мен күйеу баласы көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болды. Бұл оқиғадан кейін әйел үлкен күйзеліске ұшырады. Алайда, ол берілмеді. Қайғыдан арылу үшін экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісін қолданып, 60 жасында егіз қыздары Чжичжи мен Хуэйхуэйді дүниеге әкелді. Бұл оқиға оны Қытайдағы ең жасы үлкен егіздерді туған ана ретінде танытты.
Қиындықтарға толы жол
Жүктілік кезінде Шен Хайлин көп қиындық көрді. Ісіну мен қан кету сияқты мәселелерге тап болды. Дегенмен, 2010 жылы егіздері аман-есен дүниеге келді. Балалары өмірге келген соң, отбасы қаржылық қиындықтарға тап болды. Қыздарының білімі мен тәрбиесі үшін Шен Хайлин ел ішін аралап, денсаулық пен дұрыс тамақтану туралы дәрістер оқып, табыс таба бастады.
Жаңа мақсат, жаңа өмір
2016 жылы күйеуі инсультке шалдығып, 2022 жылы қайтыс болды. Кейіннен әйел инвестициялық алаяқтыққа ұшырап, көп ақшасынан айырылды. Осындай ауыр сынақтарға қарамастан, Шен Хайлин өмірге деген құштарлығын жоғалтпады. 73 жасында әлеуметтік желіде тікелей эфирлер жүргізе бастады. Онда ол бала тәрбиесі, тамақ дайындау және салауатты өмір салты туралы кеңестерімен бөлісіп, үйге арналған тауарларды сатады. Қазіргі таңда оның әлеуметтік желіде шамамен бір миллионға жуық жазылушысы бар. Ол өзінің тағдырымен көптеген ата-аналарға үлгі болып, табандылықтың символына айналды.