Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әбдірахман патша

Бұрынғы заманда Әбдірахман деген патша болыпты, оның үш баласы болған екен. Үлкенінің аты - Ахмет, ортаншысы – Сахмет, кенжесі – Жебірейіл екен. Әбдірахман балалары ержеткенше, ешқайсысына қыз айттырмапты. Жиырма үшке толған үлкен баласы Ахмет әкесіне келіп: «Маған қыз айттыратын уақыт жетті емес пе, әке!» – депті. Әбдірахман патша мұнысын мақұл көріп: «Балам, айтқаның болсын, әуелі үйге барып, қолыңа жүген ал, жылқыға барып, қалағаныңды ұста, ер-тұрманыңды сайла, қару-жарағыңды ал, алты айлық азығыңды ал да маған кел, барар жол, қылар ісіңді кейін айтамын», – дейді.

         Ахмет үйден жүген алып, жылқыдан қалағанын ұстап, ер-тұрманын сайлап, қару-жарағын асынып, азығын қанжығаға байлап, әкесіне келді.

         — Ал, әке, мен дайын, не айтасыз? – деді.

         — Сапарың алыс әрі қиын, балам. Бетің – Шығыс, екі патшалықтан өтіп, үшінші патшалыққа жетесің, онда үлкен бір жамбыл бар. Жамбылдың іші сыңсыған қалың екпе ағаш, ағаштың ортасында шешек атқан гүл, гүлдің жанында екі тұма бар; біреуінде тірі су, енді біреуінде өлі су ағады. Сол жерге түнде төрт құс келіп шомылады. Құстың біреуін ұстап ал, өлі судан да, тірі судан да құмыраңа құйып ал, осыларды орындап келсең, таңдаған қызыңды айттырамын, үш жыл, үш ай күтемін. Бар, балам, жолың болсын! – деп, Әбдірахман патша сөзін бітірді. Ахмет әкесімен қоштасып, ұзақ сапар шекті.

         — Ахмет кеткелі уәделі үш жыл, үш ай өтті. Ахмет келетін уақыт болып еді, – деп, Әбдірахман патша бір биікке шығып, дүрбі салып, жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді. Үйге келіп, ортаншы баласы Сахметті шақыртты.

         — Алдияр, әке, мен келдім, не жұмысқа қосасыз? – деді Сахмет.

         — Сахмет балам, Ахмет ағаң қыз іздеп кеткелі үш жыл, үш ай өтті, өзі де жоқ, ізі де жоқ. Ағаңды іздейсің, жол жүресің, дайындал, – деп, Ахметке айтқан жолдың жайын бұған да айтты. — Балам, бетің – Шығыс, үш патшалықтың жерінен өткеннен кейін, үлкен бір жамбылға кез боласың, іші толған қалың ағаш, ағаштың ортасында шешек атқан гүлдің жанынан жарыса сылдырап аққан екі мөлдір бұлақ бар: біреуінде тірі су, біреуінде өлі су ағады. Сол жерге төрт құс келіп шомылады. Сол құстың біреуін ұстап алып, құмыраңа тірі судан да, өлі судан да құйып ал, осылардың бәрін аман-есен алып келсең, Ахмет ағаң екеуіңе сүйген қыздарыңды айттырамын, бар, балам, жолың болсын! – деп, батасын беріп, қоштасып аттандырады.

         Уәделі үш жыл, үш ай өтті. Сахмет те келмеді. Белгілі бір биікке шығып, Әбдірахман патша дүрбі салып қарап еді, Сахмет көрінбеді. Содан соң патша үйге келіп, уәзірлеріне кенже баласы Жебірейілді шақыртты.

         — Алдияр, әке, мен келдім, не бұйырасыз? – деді Жебірейіл.

         — Ие, Жебірейіл, екі бірдей ағаң қыз іздеп кеткелі алты жыл, алты ай болды, өлі ме, тірі ме, хабар жоқ, соларды іздеткелі отырмын. Балам, қолыңа жүген ал, қалаған атыңа мін, қару-жарағыңды асын, азығыңды сайлап, қанжығаңа байлап маған кел, қалғанын кейін айтамын. – деп, патша сөзіп бітірді.

         Жебірейіл жылқыға бармай, шешесінен ақыл сұрайды. Шешесі: «Сен жылқыға барма, қайта әкеңе бар. «Неге келдің?» деп сұраса, Абдул атамның көк тұлпарын бер, оны бермесең, бармаймын», – дерсің. Жебірейіл әкесіне барып айтып еді. Сонда Әбдірахман патша баласына қарап: «Қарт батырдың тұлпары еді, мінсең мін, бірақ сырын байқап көр», – дейді.

         Тұлпар тұрған қораға жақындай бергенде, тұлпар аузын ашып Жебірейілге ұмтылады. Жебірейіл дереу тұлпардың екі құлағынан түптей ұстап алып, мойнын жерге қарай тұқырта бұрап еді, көк тұлпар иесіне күш қылмай, тұра қалды. Жебірейіл атасының қару-жарағын асынып, көк сауытын киіп, көк тұлпарға мініп шешесіне келді. Баласын көрген соң: «Әй, Жебірейіл, Абдул атаңа тартқан екенсің, атаңның жолын берсін!» – деп, Зылиха көзіне жас алды. Жол жүргенде тізгініңді еркін ұстап, аттың басын қоя бер, жолды өзі біледі. Жолда үш апаң бар, үшеуіне де соғарсың, олар сені күтіп алады, қолдан келген жақсылығын сенен аямас, балам, енді әкеңе бар, жөнін айтар». Жебірейіл  шешесінің бетінен сүйіп, қош айтысып, әкесіне келді. Әбдірахман патша кіші баласын көріп, сүйсініп:

         — «Батыр десем де, алып десем де дұрыс болар. Абдул атаңа ұқсайсың» – деп, қайда, қалай баратынын айтып, жолдың жайын түсіндіреді. Бұрынғы айтқандарының үстіне тек Жебірейілге ескерткені: «Гүлдің төңірегінде екі бұта тұрады. Сол бұтаның түбінде жасырынып жатып, шомылуға келген құстардың біреуін ұстап аларсың, содан кейін екі тұманың суынан екі құмыраға құйып аларсың», – дейді де оң қолын жайып, батасын береді. Жебірейіл жолға шықты. Жебірейілді әкесі көзден таса болғанша қарап тұрды. Жебірейіл тізгінді бос ұстап, тұлпардың басын еркін қоя берді. Көк тұлпар басын изеп, бірде шұлғып, көп жерлерден өтті. Неше күн, неше түн жол жүріп, сәске түс кезінде бір қораға кеп тірелді. Жануар көк тұлпар есіктің алдына көлденеңдеп, жер тарпып тұрып алды. Бір мезетте есік ашылып, ар жағынан бір әйел шықты.

         Басында сескеніңкіреп қалған әйел Жебірейілден жөн сұрады:

         — Кім боласың, атың кім?

         — Жебірейіл.

         — Шешеңнің аты кім еді, балам?

         — Зылиха...

         — Ойбай, қарағым-ай, сіңілімнің баласы екенсің ғой, – деп, жылап-еңіреп, құшақтап сүйіп, аттан түсіріп алды. Тұлпарды қораға байлап, алдына жем, шөбін төгіп, Жебірейілді үйге апарып, сый-құрмет көрсетеді. Кеш те батты. Зейнеп Жебірейілдің асты-үстіне түсіп, жаны қалмай зыр жүгіріп жүр. — Барар жолыңды біліп тұрмын. Жолың қашық, қиын да таң атқан соң жолға саламын, енді жатып деміңді ал, ұйықтап, қарағым, – дейді. Жолдан шаршап келген Жебірейіл төсекке басы тиісімен қатты ұйықтап қалды. Таң атқан соң:

         — Баратын жолың қашық, тұр, балам, – деп, Зейнеп Жебірейілді оятты. Жебірейіл тұрып, беті-қолын жуып, тамақ ішіп, далаға шығып, атын қараса, бір торы ат ерттеулі тұр екен.

         — Апа, бұл қалай? Менің атым қайда? – деп сұрайды.

         — Жебірейіл, сенің атың төрт қанатты еді, торы ат болса, алты қанатты, сенің барар жолың алыс, оған көк тұлпар шыдамайды, торы ат шыдайды, алдыңда талай бөгеу, сазды жерлер, биік таулар, үлкен дария сулар бар, торы ат сені осылардан өткізіп, барар жерге өзі-ақ жеткізеді. Тек тізгініңді еркін ұстай біл, – деді.

         Жебірейіл торы атқа мініп, Зейнеппен қош айтысып аттанады. Күні-түні жүріп отырып, алыстан мұнартқан биік тауға жақындады. Тау ішімен сайды өрлей отырып, тағы бір қораның үстінен шықты. Есіктің алдына келіп, торы ат оң аяғымен жерді тарпып еді, қораның есігі ашыла берді. Ар жағында дауыстаған әйел:

         — Кім боласың, атың кім? – деп сұрайды.

         — Жебірейіл.

         — Шешеңнің аты кім, балам?

         — Шешем аты – Зылиха.

         — Сіңлімнің баласы екенсің, қарағым Жебірейіл, мен Зылиханың Салиха деген апасы боламын. Сіңлімді бір батыр ұрлап әкетіп еді, сонан туған батыр екенсің ғой, кел, балам Жебірейіл, – деп құшағына алады. Үйге түсіреді. Қораға атын байлап, алдына жем-шөбін салады. Үйге кірген соң, Салиха Жебірейілден істің жайын сұрап біледі.

         — Балам, сенің барар жолыңды біліп тұрмын. Тамақ ішіп, жайланып жатып деміңді ал, мен жол азығыңды дайындап, таң атқан соң, жолға саламын, – дейді Салиха. Жебірейіл жақсы ұйықтап, тынығып, дем алды. Ертеңіне Салиха оятқан соң, Жебірейіл тұрып, беті-қолын жуып, тамақ ішіп, далаға шығып қараса, торы аттың орнында бір құла ат ерттеулі тұр.

         — Менің торы атым қайда? – деп сұрайды Жебірейіл.

         — Торы аттың алты қанаты бар еді, құла аттың сегіз қанаты бар. Олар сені нелер қиын жерлерден алып шығады, – дейді Салиха. Жебірейіл құла атқа мініп, Салихамен қоштасып, жол жүріп кетті. Бір ай он күн дегенде бір тауға жетті. Тау ішін саймен өрлей отырып, бір үлкен қораға келді. Құла ат дарбазаның алдына келіп, жер тарпып еді, дарбазаның қақпасы ашылып, ар жағынан дауыстаған кемпірдің даусы естіледі. Көпті көрген көне көз кемпір Жебірейілді бір көргенде-ақ: «Сені Зылиха сіңліме ұқсатып тұрмын, кімнің баласысың, қарағым?» – дейді.

         — Зылиханың баласымын, атым Жебірейіл, шеше!

         — Алда қарағым-ай, сіңлімнен туған көзім екенсің ғой, мен шешеңнің үлкен апасы Самиға боламын, – деді кемпір. Жебірейілді аттан түсіріп, үйге кіргізеді, құрметтеп күтеді, әңгіме шертіп, істің жай-жапсарын әбден қанып біледі. Құла атты шарбаққа байлап, алдына жем салып қояды. «Қарағым Жебірейіл, барар жолыңды біліп тұрмын, тамағыңды ішіп, тынығып демал. Ертең өзім оятамын, жолға саламын,» – дейді. Таң сәріде кемпір Жебірейілді оятты. Жебірейіл тұрып, беті-қолын жуып, тамақ ішіп, далаға шықса, құла ат жоқ, отау үйдей болып бір құс отыр екен.

         Сонда Жебірейіл кемпірден сұрайды: «Бұл не құс?» – деп.

         — Бұл - сен мініп ұшатын бүркіт, атпен он екі айда баратын жерге мына бүркіт он күнде жеткізеді, – дейді кемпір. Жебірейіл кемпірмен қоштасып, бүркітке мініп алып ұшады. Бүркіт аспанға көтеріліп, бұлтпен араласып, біраздан кейін көзден ғайып болады. Көкті шарлап, тоқтаусыз ұшады. Он күн өтіп, он бірінші күн дегенде, бір биік жамбылға келіп қонады. Бүркіт бір қанатын жерге тіреп, Жебірейілге мойнын бұрып, адамша сөйледі: «Іздеген жеріңе келдік, батыр жігіт, қанатымнан сырғып түс те керегіңді ізде», – дейді. Жебірейіл бүркіттің қанатын басып, жамбылға сырғып түседі. Жамбылдың ішін аралап келе жатса, әкесі айтқандай, екпе ағаштың ортасында гүл өсіп тұр. Гүлді айналып жүріп, екі бұтаға келеді. Бұтаның түбінде келетін құстарды аңдып жатты. Түн ортасы болғанда, бір топ құс келіп суға түсті. Құстар суға шомылып, бұтаның арасына кіріп, бірін-бірі қуып, ойнап жүрді. Жебірейіл жатқан бұтаның қасына байқамай келіп қалғанда, Жебірейіл құстың төртеуін де шап беріп ұстап алды, дорбаға салып, аузын байлап, тұмаға барады. Екі тұмадан екі құмыраға су құйып алып, енді бүркітке қарай жүре бергенде, Жебірейілдің құлағына адамша сөйлеген бір дауыс естіледі. Жебірейіл білейін деп, құсы мен суын бір жерге белгілеп тығып қойды да дауыс шыққан жаққа қарай жүрді. Тағы жүрсе, бір үлкен там тұр екен. Сол үйден шыққан бір қыз Жебірейілге: «Кет, кет, жігіт, қазір келіп қалады, сені өлтіреді», – деп дауыстайды. Екінші қыз да алдыңғы қыздың ізімен жүріп, ол да сол сөзді айтады. Үшінші қыз жігітке таяу келіп: «Ер жігіт екенсің, мына бір кішкене тақтайды алып, жанқалтаңа сал, мына шынының ішінде у бар, қазір сиқыршы келіп соғысқанда, тақтайға қарасаң, сиқыршыны жеңесің, егер күшің жетпей бара жатса, онда у құйған шыныны алып, шашып жіберсең, сонда сиқыршы шыр айналып түседі, осы кезде бірдеңе қыларсың», – дейді. Осыны айтып қыз үйіне кірді. Аздан соң жел тұрып, қатты дауыл соқты. Жебірейіл жоғары қараса, жауындатып-шашындатып, қара бұлттай төніп келе жатқан сиқыршы екен. Ол аспаннан шүйіле, жай отындай ағындап келіп, үш басты айдаһар болып жерге түсті, тура Жебірейілге ұмтылды. Жебірейіл де қарап тұрмады, алыса кетті. Екеуі екі күн, екі түн соғысып, бірін-бірі ала алмады. Сонда қыз берген тақтай есіне түсіп, қалтасынан қолына алып қараса, «сарт ұр!» деген жазу бар екен, Жебірейіл қылышын суырып алып, сарт еткізіп сілтегенде, айдаһардың екі басы екі жаққа ұшып түсті. Айдаһар жанталасып, қалған жалғыз басымен ұмтылғанда, Жебірейіл құмыраның тығынын ашып, айдаһардың бетіне шашып жібереді. Айдаһар шыр айналып, иіріліп барып, сылқ етіп құлайды. Жебірейіл айдаһардың қалған басын шауып тастайды. Өзінің де күші бітіп, әбден әлсіреген екен, теңселіп, тәлтіректеп барып жығылады. Үш қыз жүгіріп келіп, есінен танып жатқан, жарақатты болған Жебірейілді жан-жағынан қаумалап, сүйеп көтеріп, үйге әкеледі.

         Қараса, он сегіз жерінен жара түскен екен. Қыздар жарасын таңып байлайды. Бір күн, бір түн дегенде Жебірейілге ес кіреді. Жебірейіл кешігіп қалғанына өкініп, бүркітім кетіп қалды ма екен деп ойлайды.

         — Бүркітің не? – деп сұраған Мәриям қызға Жебірейіл бар сырын айтты. Асып-сасып Жебірейіл үйден шыға жөнеліп еді, қыздар да соңынан қалмай, бірге жүріп отырды. Жамбылға жетіп келсе, қарны ашып, ашығып, шиқылдап отырған бүркітті көреді.       Жаны ашыған Жебірейіл:

         — Бүркітім, менен не тілеп тұрсың? – дейді. Сонда бүркітке тіл бітеді: «Сен кеткелі үш күн болды. Содан бері ашығып тұрмын, енді біраз кідірсең, қайтып кеткелі тұр едім. Тамақ тауып берер жерің бар ма?» – дейді. Жебірейіл қыздардан: «Сиқыршының малы бар ма?» – деп сұрайды. Мәриям қыз өздеріне сиқыршының бақтырып жүрген бір атының барын айтады. Жебірейіл тығып кеткен құсы мен суын алып, бүркітке келіп: «Бізбен бірге жүр, тамақ тауып беремін», – деп, баршасы там үйге келеді. Сиқыршының жемде тұрған семіз атын қорадан шығарып, қылышымен басын кесіп, бүркітті жылқы етімен тамақтандырады. Қызылға әбден тойған бүркіт Жебірейілге үш күн, үш түн тынығып демалуға рұқсат береді. Жебірейіл үш күн, үш түн қыздармен бірге болып, жөн сұрасып, танысып, сыр алысады. Жебірейілге тақтай, құмыра беріп, болысып жүрген Мәриям Мартсон деген патшаның қызы екен. Дариға Дәуітбай деген ханның, Бәтиха Үкібай деген ханның қызы екен. Жебірейіл қыздармен дарқандасып жатқанда, бүркіт аттың етін жеп, әлденіп алады. Уәделі үш күн, үш түн өткен соң, бүркіт шиқылдап, Жебірейілді шақырады. Жебірейіл барлық нәрсесін жинап алып, Мәриям деген қызды ертіп, бүркіттің қасына келеді. «Біз сендерсіз қалып қалай күн көреміз?», – деп, жылап-еңіреп Бәтиха мен Дариға да олармен бірге келеді. Бұларды көрген бүркітке тіл бітіп, адамша сөйлейді:

         — Мен сен төртеуіңді қайтіп көтеріп ұшпақпын, бәрің маған ауыр боласыңдар, – дейді. Мұны естіген Дариға мен Бәтиха зар еңіреп, жылаудан көз ашпай қойды.

         — Жыламаңдар, қыздар, жыламаңдар, сендерді арқама мінгізіп, ұшып байқап көрейін, егер бірден көтеріліп ұша алсам, онда бірге кеткендерің, егер көтеріліп ұша алмасам, онда маған өкпелемейсіңдер, қалғандарың, – дейді бүркіт қыздарға жаны ашып.          Бүркіт төртеуін де арқасына қондырып, жерден бірте-бірте көтеріліп, бұлтқа араласып, көк күмбездің құшағына кіріп, біраздан соң көзден ғайып болады. Ауыр жүкпен үлкен көлдің үстімен ұшып келе жатқан бүркіт көлдің арғы шетіне аз-ақ жете алмай қанаты талып барып, судың үстіне қонады. Жебірейіл судан малтып өтіп, көлдің жағасына шығады. Бүркіттің бір қанатынан ұстап қыздар да өтеді. Бәрі де аман-есен көлдің жағасына келіп тұрған кезде, құла атқа мініп, торы атты жетелеп, үлкен апасы Самиға да оларға жеткен екен.

         — Іздегеніңді тауып, жауыңды жеңіп қайтқан екенсің, Жебірейіл, енді мына аттарды сендерге берейін, бірін жетектеп алып, кезек мініп келерсіңдер, мен үйге бұрынырақ барып, той тағамдарын дайындайын, – деп, бүркітпен ұшып кетеді.

         Жебірейіл қыздармен атқа мініп, жол жүріп, он күн дегенде апасының үйіне жетеді. Самиға алдарынан шығып, қарсы алды. Қуаныш той жасайды. Жебірейіл мен қонақ қыздарына бір ай сый-құрмет көрсетеді. Бір ай болып, жолға шығар алдында Самиға: «Балам Жебірейіл, бүгін жол жүргелі тұрсың, мына төрт атпен Салиха анаңа барасың, барған соң құла аттың тізгінін ердің басына іліп бос қоя бер, үйді өзі тауып келеді», – дейді. Осы сөзді айтты да Самиға Жебірейілді жолға салды.

         Жебірейіл он бес күн дегенде Салиха апасының үйіне келіп жетті. Салиха алдынан шығып қарсы алды. Қуаныш тойын жасап, сый-құрметін көрсетті. Жебірейіл қыздармен бірге бір ай қонақ болып жатты.

         – Біз жолға шығайық! – деді Жебірейіл апасына.

         — Мақұл балам, мен жол азық дайындайын, бір торы ат, бір боз ат беремін, соған төртеуің мінгесіп, Зейнеп апаңа барасыңдар. Барған соң, торы аттың тізгінін ердің басына іліп, бос қоя бер, үйді өзі тауып келеді, – дейді Салиха. Жебірейіл кыздарын ертіп, апасымен қоштасып, жолға шықты. Жиырма күн ұзақ жол жүріп, көп бейнет көріп, Зейнеп апасының үйіне жетеді. Көптен сағынып күткен апасы Зейнеп үйден үкідей ұшып шығып, бауыры Жебірейілді қарсы алады. Жөн сұрасып, танысып, амандасып болған соң, апасына Жебірейіл де, қыздар да болған оқиғаны бастан-аяқ тізіп баяндап берді. Әңгіме сазына қанып, бауырының батырлығына риза болған Зейнеп:

         — Абдул ағаңа тартып туған нағыз ер екенсің, сенің сол қария атаң біздің сіңлімізді суға түсіп жатқан жерінен ұрлап әкетіп, Әбдірахман деген баласына атастырып еді. Сен содан туған батыр балам екенсің ғой», – деп тағы да сүйіп, құшағына қысады. Жебірейіл апасының үйінде бір ай қонақ болып, енді еліне қайту қамын ойлайды, апасы Зейнеппен ақылдасады.

         — Үш күн аялда, мен жол азықтарыңды дайындайын, – деп қамдыққа кіріседі. Жүрер күні апасы: «Көк тұлпар мен жирен атты беремін, соған төртеуің мінгесіп еліңе қайтасыңдар», – дейді. Жебірейіл өз аулына сапар шекті. Он күн дегенде ел шетіне келіп, бір суға демалуға тоқтайды. Судың жиегі көк майса көгал екен, қалың ағаш, тоғай екен. Жол жүріп шаршаған жолаушылар саялы салқында тамақ ішіп, тынығады. Жебірейіл демалып жатып ұйықтап қалады. Сол жатқаннан Жебірейіл үш күн, үш түн тұяқ серіппестен ұйықтайды. Сәске түсте оянған қыздар жан-жағына қарап еді, тау жақтан келе жатқан екі салт атты адам көрінеді. Жебірейілді оятып еді, тұрмады. Бұлар Жебірейілдің туған ағалары Ахмет пен Сахмет еді. Қыздарға жақындап келгенде, Ахмет Сахметке айтты:

         — Анау тұрған көк тұлпарды танимысың?

         — Абдул атамыздың тұлпары ғой! Жебірейіл ана үш қызды тапқанда, төрт құсты да, өлі су мен тірі суды да баршасын тапқаны ғой, үйге барғанда біз не айтамыз? – деді Сахмет. Сонда Ахмет тұрып:

         — Жебірейілді дыбысын шығармай жатқан жерінде өлтіру керек. Өйткені енді бізге күн жоқ. Қыздарды ұстап алып, өз ырқымызға көндірейік, – дейді.

         Ағалары Ахмет пен Сахмет дүбірлетіп шатырдың қасына келгенде де Жебірейіл оянбады. Үрейленген қыздар үрпиісіп тұрып қалды. Сахмет шатырдың ішінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан Жебірейілді кеудесінен найзамен шаншып өлтіреді. Үш қыз үш жаққа қашады. Қашқан қыздарды қуып жетіп, ұстап алып, оларды қорқытады.

         — Сендер біздің айт дегенімізді айтасыңдар, басқа сөз айтпайсыңдар, әйтпесе, өлесіңдер, – дейді. Дариға мен Бәтиха еріксіз көнсе де Мәриям бұған қарсылық жасайды. Ахмет пен Сахмет қыздарды зорлықпен ертіп, Жебірейілдің бар тапқанын бөліп, тек маңына жуытпаған көк тұлпарды амалсыз қалдырады. Ахмет пен Сахмет аман-есен үйлеріне келіп, Әбдірахман патшаға бар болған уақиғаны бастан-аяқ баяндайды. Әңгіме үстінде Мәриям шыдай алмай, жылап жібереді.

         — Неге жылайсың, балам, Мәриям? – деген Әбдірахманның сұрағына қыз: «Аға-іні, апа-сіңлілерім есіме түсіп, жылап отырмын», – деп жауап береді.

         Жебірейіл өліп жатқан жерге қой бағып жүрген бір қойшы келіп, от жағып, тамақ асып жатқан кезде, жел қатты соғып, үлкен өрт шығады. Сол сәтте көк тұлпар Жебірейілдің қасына барып, тұмсығымен тіміскілеп иіскеп тұрғанда, жанқалтасынан шығып тұрған қылды жел ұшырып, отқа түсіреді. Қыл тұтанып жанып еді, Жебірейілдің апасы Самиға сол сағатында бүркітпен жетіп келді. Келісімен жанған отты сөндіріп, Жебірейілдің кеудесін таңып, су бүркіп, жарасын жазады. Енді бетіне су бүркіп үрлегенде, Жебірейіл: «Уһ, қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой», – деп ұшып түрегелді. Сонда апасы:

         — Ей, қарағым Жебірейіл, мен болмасам оянбас едің, бір істің боларын біліп, мына сенің өлі суың мен тірі суыңнан бөліп құйып алып қалып едім. Енді көк тұлпарды ерттеп мін, сауытыңды ки, қару-жарағыңды асын да үйге бар. Үйге жақындап барғанда, көзіңе көрінген адамның басын қылышпен шауып тастай бер. Екі ағаңа айтып қой, «мына өлген адамдарды сендер тірілтесіңдер» деп. Олардың қолынан ештеңе келмесе, сен мына суды қолыңа алып, беттеріне бүркіп, өлген адамдарды тірілтесің. Мәриям да сені тосып отырған шығар, – дейді де басынан екі-үш тал шашын алып Жебірейілге береді.

         — Қысылған кезде осының бір талын алып, отқа салсаң, мен көмекке жетіп келемін. Бірақ ағаларыңның қанын төкпе, екеуіне екі қызды беріп қуып жібер. Мәриямды өзің ал, – деп, екеуі екі жаққа жүріп кетеді.

         Жебірейіл аулына таяп келгенде, Мәриям да оның жолына көз айырмай қарап тұрған еді. Жебірейілді көріп, үкідей ұшқан Мәриям алдынан шығып, қарсы алады. Сахметтің тойына жиналған жұрт Мәриям жүгірген жаққа үдірейе қарап тұрды. Жебірейілдің Мәриямды жерден көтеріп алып, алдына мінгізіп алғанын көреді. Қалың топқа жақын келгенде, бір адам келіп, атының тізгінін ұстай бергенде, ол адамның басын Жебірейіл шауып түсіреді. Мұны көрген жұрт шошып кетті. Тосыннан болған қолайсыз жайды естіген Әбдірахман патша тысқа шығып: «Уа, Жебірейіл балам, бұл бүлігің не?», – дейді.

         — Тақсыр әке, бұл бүлігім емес, күдігім еді. Шақыр, Ахмет пен Сахмет балаларыңды, өлі су мен тірі суды әкелген екен, тірілтсін мына адамдарды солар, – дейді. Әбдірахман дереу екеуін шақыртып алып:  «Тірілт өлген адамды!» – дейді. Ахмет пен Сахмет суларын бүркіп, біраз әрекеттеніп еді, тірілте алмады. Сонда Жебірейіл аттан түсіп, суы бар екі құмыраны алып, бір құмырадағы судан жараға шашып еді, жарасы бітіп, жазыла бастайды. Екінші құмырадағы судан алып, өлген адамның бетіне бүркіп еді, ол орнынан тұра қашады. Бірақ қаумалап тұрған көпшілік оны қоршап жібермей, ұстап алады. Сонда қалың көптің арасында тұрған Жебірейіл: «Ендігісін, әке, баршасын өз көзімен көрген мына Мәриям деген қыздан сұраңыз», – дейді. Мәриям көрген-білгенін қыл жіпке тізіп айтып береді.

         — Мен сендерді шауып өлтірейін, – деп, Әбдірахман патша Ахмет пен Сахметке қарай қылышын ала жүгіреді.

         — Әке, ағаларымның қанын төкпеңіз, – деп қолын ұстап жібермей, тоқтау салады Жебірейіл.

         — Ендеше, билігін өзің кес ағаларыңның, – дейді Әбдірахман патша.

         — Тақсыр, әке, ағаларым көзіме көрінбесін, екеуіне екі қызды қосақтап беріңіз де қуып жіберіңіз, қайда кетсе, онда кетсін, бар тілегім осы, – дейді. Әкесі баласының тілегін береді. Ахмет пен Сахметті қыздарына қосып, жолға салады. Осыдан кейін Әбдірахман патша еліне жар салып, Жебірейіл мен Мәриямның құрметіне қырық күн тойын, қырық күн ойын жасады. Тойға келген адамның саны болмады. Алты айдан кейін Әбдірахман патша қатты ауырып, дүние салды. Халқы жиналып, Әбдірахманның баласы Жебірейілді таққа отырғызып, патша қойды.

         Сөйтіп, Жебірейіл ел-жұртына жағымды патша болған екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама