Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Адалдықтың әуресі

Қатысушылар:

Қосаяқ
Тауықтар
Көкек
Қаздар
Түйетауық
Аққулар
Пингвин
Инкубатор иесі
Түлкі

Сахна ашылғанда Қосаяқ айдалада секеңдеп келе жатып, жолында ағарып жатқан затты көреді. Қорқақтап, әлгі затқа жақындайды. Сөйтсе, ол жұмыртқа екен. Жұмыртқаны қолына еппен алып, ары-бері төңкеріп қарайды.

Қосаяқ. Ешбір белгісі жоқ. Бұл жұмыртқа кімдікі болды екен? (Ойланып тұрады. Жұмыртқаны орнына қойып кетіп қалады, қайта оралады.) Қой, мен мұның обалына қалмайын. Иесін тауып, апарып берейін, қуанып қалсын. Жасаған жақсылығымды бағалар. Бәлкім, осы жұмыртқа тауықтардікі шығар.

Қосаяқ жұмыртқаны қолына алып тауықтарға келеді. Алдынан қоқиланып қораз шығады.

Қосаяқ. Мына жұмыртқа сіздердікі емес пе? Келе жатсам жолымда жатыр екен.

Қораз жұмыртқаны ары-бері төңкеріп қарайды.

Қораз. Біздің тауық мұндай жұмыртқаның күн сайын біреуін табады. Дал болып тұрмын. Бәлкім, біздікі, бәлкім, біздікі болмауы да мүмкін. Ешбір белгісі де жоқ. Бұл жұмыртқаны біздің тауық балапан қылып басып шығармай, ешкім де тап басып айта алмас. Ал ол үшін талай күн күту керек. (Тауықты жанына шақырады.) Мына жұмыртқа біздікі ме?

Тауық жұмыртқаны ары төңкеріп, бері төңкеріп ұзақ қарап, басын шайқайды.

Тауық. Білмей тұрмын. Жұмыртқаларды ажырату қиын. Бәрінің сырты бірдей ғой. Қораз байеке, осы жұмыртқа жыландікі емес пе? (Шошынып) Ойбай, пәлесінен аулақ, жұмыртқа жыландікі болып шықса, бәрімізді шағып, жұтып құртар!

Қораз. Жыландікі осындай ірі ме?

Тауық. Білмеймін, білмеймін. Бұл жұмыртқасыз да күркеміз жұмыртқаға толы. Жұмыртқадан кенде емеспіз. Бүгін және бірін таптым. Қораз байеке, басымыз дауға қалар (аз-кем ойланып). Әй, Қосаяқ! Осы жұмыртқа қаздікі шығар? Олар да жұмыртқаны көп табады. Соларға апарып көрсетші.

Қораз. Өй, ақылдым! Сенің кейде жөн тауып айтатының бар. Бұл ақылың ақыл-ақ. Қосаяғым, соларға бар!

Қораз Қосаяқты күркесінен шығарып салады. Қосаяқ елпелектеп қаздарға келеді. Бір топ қаздар аулада билеп жүр екен.

Қосаяқ. Мына жұмыртқа жолда жатыр екен. Тастап кетуге обалсындым. Мүмкін сіздікі болар. Қанша дегенмен сізді іш тартып келдім. Туыспыз ғой. Сізде де қосаяқ бар. Менде де қосаяқ бар (күліп) Ал осы қосаяқтылар ішінде жұмыртқа таппайтын мен ғана. Қалғандарының бәрі жұмыртқа табады.

Қаз (түксиіп, ашу шақырып). Туысшылын мұның. Адамдар да қос аяқты. Олар жұмыртқа таба ма?!. Жұмыртқасын кез келген жерге туып, тастап кете беретін көкек деп тұрсың ба мені!

Қосаяқты тістемекке тура ұмтылады. Қосаяқ әрең қашып құтылады. Шаршап-шалдығып келе жатса, алдынан Көкек ұшырасады.

Қосаяқ (жалма-жан). Көкек, көкек! Мен мына жұмыртқаны айдалада жатқан жерінен тауып алдым. Сенікі емес пе?

Көкек (сыланып, таранып, маңғазданып). Біз, көкектер, ата-баба жолынан ауытқып көрген емеспіз. Көкектер кез келген жерге жұмыртқалай салатыны да рас. Жұмыртқаны табуын біз табамыз, ал оны балапан қып басқалар басып шығарады. Бұл – бір де. Жұмыртқаны басып, уақытын еш қылатын да біз емес. Жұмыртқа менікі ме, менікі емес пе, оған бас қатырмаймын. Бұл – екі де. Кәне, әкелші көрейін. (Ол жұмыртқаны қолына алып, ары-бері төңкеріп қарап, біраз тұрады.) Біз өз жұмыртқамызды онша тани да бермейміз. Бұл – үш де.

Қосаяқ. Не деген қайырымсыз, қатыгез құссыңдар.

Көкек. Өйтіп маған тиіспе. Не қылған пәлесің өзің?

Қосаяқ. Жұмыртқаның иесін іздеп жүргенім де пәлелік пе? Біреуге жақсылық жасасаң, көретінің осы.           

Көкек. Әй, Қосаяқ! Мына жұмыртқаны қай жерден таптың, сол жерге апарып қой. Бұл – бір де. Әйтпесе үстіңнен арыз жазып, соттатып жіберемін. Бұл – екі де. Менің сен тұрмақ, өз жұмыртқамды, өз балапандарымды да аямайтынымды бүкіл ел біледі. Бұл – үш де. Сен менімен ойнама өйтіп. Ерегеспе!

Қосаяқ (шырылдап, безек қағып). Астапыралла! Не үшін? Жасап жүрген жақсылығым үшін бе?

Көкек. Қандай жақсылық? Осы ма жақсылығың? Қайта сен жамандық жасап жүрсің. Жақсылық-мақсылық деп мені алдау-сыратпа. Дәл қазір жұмыртқаны орнына апарып қой. Әйтпесе, күнің қараң болады. Қосаяқ жұмыртқа ұрлап жүр. Оны өзі жеп қойды деп байбалам саламын.

Қосаяқ (зәресі ұшып). Мен неге әуреге түсіп, ақжүрек болып жүрмін, ә?! Мына жұмыртқа маған керек пе? Құрысыншы әрі (жұмыртқаны жерге қойып, кетуге ыңғайланады).

Көкек. Әй-әй! Сен, Қосаяқ, бұл жұмыртқаны ұрлап алғансың?

Қосаяқ. Маған жала жаппа.

Қосаяқ жұмыртқаны қолына алып, оны тауып алған жеріне тастауға бел байлайды. Ол жол-женекей аққулар жүрген көлдің жанынан өтеді.

Қосаяқ (өзіне). Аққулар да жұмыртқалайды ғой. Нем кетеді, керсетейін...

Аққу (сәнденіп). Жол болсын!

Қосаяқ. Мына жұмыртқаны жолда келе жатып тауып алдым. Сіздікі емес пе?

Аққу (жұмыртқаны қолына алып). Жұмыртқалардың бәрі біркелкі ғой. Менікі деп нақты айта алмаймын. Жұмыртқа табатын тек мен ғана емес. (Жұмыртқаны Қосаяққа қайтарып береді.) Мына белдің астында түйетауықтар бар. Соларға апарып керсет. Бәлкім, солардікі шығар.

Қосаяқ Түйетауыққа келеді. Түйетауықтың түксиген түсі суық. Басын қақшаңдатып, «қоқ-қоқ» деп ұрсысатын ешкімді таба алмай тұрғаны анық. Қосаяқ қорқа-қорқа жанына жақындайды.

Қосаяқ. Түйетауық ағай! Мен жұмыртқа тауып алдым. Айдалада жатыр екен. Соны иесіне тапсырайын деп едім. (Күмілжіп) Сіздікі емес пе екен?

Түйетауық Қосаяққа өзіне қарай «жақында» деп ишара жасайды. Қосаяқ жанына жақындай бергенде, оны желкесінен шап беріп, тістеп алып, ары-бері ұзақ сілкілеп, анадай жерге лақтырып жібереді. Қосаяқтың қолындағы жұмыртқа жерге ұшып кетеді.

Түйетауық. Жоғалт көзіңді! Мен саған жұмыртқамды тауып бер дедім бе? Және мені осындай майда жұмыртқа табады деп келемеждеп тұрсың ба? (Кекетіп) Жұмыртқаны сонау Солтүстіктегі Пингвин де табады. Соларға апар. Бәлкім, солардікі шығар.

Қосаяқ (алқынып). Бір бастаған ісімді аяқсыз қалдыратын мен емес. Ерегескенде осыны Пингвинге де көрсетіп қайтамын!..

Қосаяқ солтүстіктегі Пингвинге келеді. Күн суық. Дірдектеп тоңып тұр.

Пингвин. Сен өзің кімсің? Бұрын көрмеген құсымсың?

Қосаяқ. Мен құс емеспін, аңмын. Қосаяқпын.

Пингвин. Бәсе, қанатың жоқ. Аңдар да жұмыртқа таба ма?

Қосаяқ. Жоқ. Мен жұмыртқа таппаймын. Мұны тауып алдым.

Пингвин. Ендеше жұмыртқада қандай шаруаң бар?

Қосаяқ. Иесіне тапсырайын деп күні бойы әуреге түсіп, сандалып жүрмін.

Пингвин. Өлермен екенсің. Күн суықта осы ісіңнен не пайда таппақ едің?

Қосаяқ. Осы қылығым үшін естімеген сөзім жоқ. Өзім де бір сорлымын. Нем бар еді осы жұмыртқада. «Ақымақ бас – аяқтың соры» деген.

Пингвин. Енді маған не үшін келдің?

Қосаяқ (пингвинге). Мына жұмыртқа сіздікі емес пе?

Пингвин. Қайдан менікі болсын. Біз жылына бір ғана жұмыртқа табамыз. Оны көзімізден таса қылмаймыз. Өзіміз астымызға басып, тапжылмай отырып балапан етіп шығарамыз. Міне (ол өзі басып отырған жұмыртқасын көрсетеді). Тауық, үйрек, қаз, тағы басқа құстар құсап, күн сайын жұмыртқа таба бермейміз.

Қосаяқ. Ә, солай екен-ау. Ол ойыма келмепті. Бекер әуре-сарсаң болыппын. Кешіріңіз (кетеді).

Қосаяққа жолда келе жатып бір ой келеді де, жол-жөнекей Тауыққа қайта барады.

Қосаяқ. Тауық! Сенен бір өтінейін дегенім, мына жұмыртқаны саған беріп кетейін. Басып көрші, анығына жетіп анықтайық. Кімнің жұмыртқасы екенін сонда білетін боламыз. Нең кетеді. Көп жұмыртқаңның арасына қоса сал. Сөйтші.

Тауық (кекірейіп). Әй, Қосаяқ. Біз жаңа тауықтармыз. Қырық күн күрік болып жұмыртқа басып шығаратын баяғының тауықтары емеспіз. Жұмыртқаларды бұл күндері инкубатор балапан етіп басып шығарады. Одан хабарың жоқ па еді? (Ашуланып) Осы сен, Қосаяқ, маған неге байландың?

Қосаяқ. Инкубаторға барсам барайын. Жақсылық жасап жүргенім үшін жазалай қоймас (кетеді).   

Қосаяқ инкубатор иесіне келеді. Ол жұмыртқаны ары-бері төңкеріп, ұзақ қарайды.

Инкубатор иесі. Бұл жұмыртқаны басып шығару үшін ақысын төлейсің, тегін дүние жоқ, қазір нарық заманы. Және жұмыртқа өзіңдікі екеніне шүбәм бар.

Қосаяқ. Әрине, менікі емес. Мен жұмыртқа табушы ма едім?! Тауып алдым дедім ғой.

Инкубатор иесі. Жыланға да бардың ба? Ол да жұмыртқа табады.

Қосаяқ. Жоқ. Одан қорқамын.

Инкубатор иесі. Қолтырауынға бардың ба? Ол да жұмыртқа табады.

Қосаяқ. Жоқ. Одан да қорқамын.

Инкубатор иесі. Тасбақаға бардың ба? Ол жұмыртқаны көп табады.

Қосаяқ. Енді маған жетпегені осы еді. Ол үшін мұхитқа бару керек, тым алыс.

Инкубатор иесі. Бәрінен қорқасың, ал менен қорықпайсың, ә? Айтар ақылым, соларды түгел аралап шық. Мүмкін солардың біреуінікі шығар (кетуге ыңғайланады).

Қосаяқ. Ағатай, ақысын төлейін. Жұмыртқаны басып шығаршы.

Инкубатор иесі. Ақшаң бар ма?

Қосаяқ. Табамын. Қарыз алармын. Ақысы онша көп емес шығар.

Инкубатор иесі. Көп. Біз бір жұмыртқа бассақ та, мың жұмыртқа бассақ та, агрегат іске қосылған соң, ақысын толық аламыз.

Қосаяқ. Ондай ақша менде жоқ.                                            

Инкубатор иесі. Ендеше, до свидания.

Қосаяқ. Жаныңыз ашымайтын қатыгез екенсіз...

Жол-жөнекей оған Түлкі жолығады. Түлкіні айналып өтпек болған Қосаяқтың жолын кес-кестейді.

Түлкі. Қосаяқжан, қайда асықтың? Қайдан келесің?

Қосаяқ (сақтанып). Жәй, қыдырып жүрмін.

Түлкі. Қолыңдағы жасырып тұрған не?

Қосаяқ. Ештеме емес.

Түлкі (күліп). Қосаяқжан, көріп тұрмын ғой. Ағараңдаған нәрсе ғой, әкелші көрейік. (Қосаяқ көрсетпейді. Түлкі күштеп көргісі келеді. Қосаяқ қашады. Түлкі оны қуалап жүріп ұстап алады.) Өй, мынауың жұмыртқа ғой. Қай жерден ұрлап алдың?

Қосаяқ. Ұрлап алған жоқпын, тауып алдым.

Түлкі (сықылықтап). Жә, жә. Өйтіп көлгірсіме. Ұрлаған затыңды бөліс. Әкел, екеуміз мұны тең бөліп, жеп алайық.

Қосаяқ (шошынып). Жоқ. болмайды.

Түлкі (түнеріп). Жеке өзің жейін деп тұрсың ғой. Оның болмас.

(Түлкі Қосаяқты қуа жөнеледі. Әлімжеттік жасап, жұмыртқаны Қосаяқтың қолынан тартып алады. Жұмыртқаны жерге бір ұрады. Жұмыртқа жарылмайды. Екі ұрады, тағы да жарылмайды.) Әй, Қосаяқ, мына жұмыртқаң не деген берік еді. (Таспен ұрады. Ол сынбайды. Қолына алып) Ой, мынауың жұмыртқа емес, аппақ шарик қой. Теннистің бе, гольфтің бе шаригі ғой!

(Қосаяқ елең ете қалады.) Мә, өзің жей ғой. (Түлкі жұмыртқаны алысқа лақтырып жібереді. Кетеді. Қосаяқ мәз-мәйрам боп қатты қуанады. Жұмыртқа деп жүргені шарик екен.)

Қосаяқ. Не болса, о, болсын! Мен тек елге жақсылық жасайын дедім. Қайырым жасағанға елдің киесі тиеді. Сау болыңыздар! (Кетеді.)

Соңы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама