Адам факторындағы толық адам бейнесі (Нағашыбек Қапалбекұлының “ Дос жүрегі” әңгімесіндегі мәселелер)
Сабитова Аяна
Тұран университеті Алматы қ. Қазақстан Республикасы
6В03103-Гуманитарлық заң факультеті:Психология мамандығының 1 курс студенті
Ғылыми жетекшісі филология ғылымдарының кондинанты профессор Тулекова Г . Х.
Аннотация
Бұл мақаланың кіріспе бөлімінде «Өмір философиясы» туралы сөз болып, гноселогиялық түсініктер туралы баяндалады. Негізгі бөлімде «Толық адам» бейнесін қалыптастыратын ізгі қасиеттер туралы, «Толық адам» ілімі туралы жазылады. Нағашыбек Қапалбекұлының «Дос жүрегі» әңгімесіндегі «Толық адам» бейнесі талданады.
Кілт сөздер: толық адам бейнесі, гносеологиялық оптимизм, гносеологиялық скептицизм, өмірдің мәні, гносеологиялық агностицизм.
Вступительная часть этой статьи рассказывает о «Философии жизни» и описывает гносеологические концепции. В основной части написано о добродетелях, формирующих образ «Совершенного человека», об учении о «Совершенном человеке». Анализируется теневой облик образа «Полный мужчина» в рассказе «Сердце друга» Нагашибека Капалбекулы. Заключительная часть статьи заканчивается заключением Виктора Франкла.
Ключевые слова: целостный образ человека, гносеологический оптимизм, гносеологический скептицизм, смысл жизни, гносеологический агностицизм.
The introductory part of this article talks about the "Philosophy of Life" and describes epistemological concepts. In the main part, it is written about the virtues that form the image of the "Perfect Man", about the doctrine of the "Perfect Man". The shadow appearance of the image of the “Full Man” in the story “The Heart of a Friend” by Nagashibek Kapalbekuly is analyzed. The final part of the article ends with Viktor Frankl's conclusion.
Key words: integral image of a person, epistemological optimism, epistemological skepticism, meaning of life, epistemological agnosticism.
Адам факторындағы толық адам бейнесі (Нағашыбек Қапалбекұлының “Дос жүрегі” әңгімесіндегі мәселелер)
Адам баласы ой-өрісі дамып, өмірді тануға талпынған сәтте «Өмірдің мәні» [1] деген сананы сарсаңға салып, ойды сан-саққа жүгіртетін ауыр да, азапты сұраққа жауап іздеді. Бұл сұраққа ұлы ойшылдар мен ұлы философтар түрлі түйіндер келтіріп, түрлі тұжырымдар жасады. Осы түрлі түйіндер мен түрлі тұжырымдар арқылы философияда «Өмір философиясы» деген бөгенайы бөлек, бағыты ерек философиялық қозғалыс қалыптасты [2]. Бұл қозғалыс 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында немістілді елдерде кең таралды. Өмірдің мәні мен мақсатын, мұраты мен маңыздылығын, құндылығы мен ерекшелігін зерделейтін қозғалыстың Фридрих Ницше, Вильгельм Дильтей, Анри Бергсон, Георг Зиммель, Освальд Шпенглер, Людвиг Клагес, Артур Шопенгауэр секілді өкілдері болды. Осы өкілдер «Өмірдің мәні» деген сауалдың төңірегінде көптеген еңбектер жазып, дүние дидарын тану үшін ой дискуссиясын ұйымдастырады.
Қай заманда да, қай уақытта да философтар аспан мен жерді, тәңір мен болмысты, өмір мен өлімді тануға талпынғаны жазылды. Осы ізденістер мен зерттеулер арқылы адам баласының дүниеге деген көзқарасы мен танымы да өзгеріп отырды. Философия ғылымында ізденістер мен зерттеулердің сәтсіз шығып, құнды ойлардың құрдымға кететін сәттері көп болады. Бұл салада негізсіз теория мен дәлелденбеген идеялар да жетерлік. Осы тамырсыз теориялар мен піспеген идеяларды сұрыптау үшін «Гносеологиялық оптимизм», «Гносеологиялық скептицизм», «Гноселогиялық агностицизм» [3] деген үш түсінікті қолдануға болады.
Гносеологиялық оптимизм – адамның танымдық, көркемдік қабілетінің шексіз екеніне сену [4]. Оптимизм – дүниеге сеніммен қарап, үмітсіздіктен аулақ болу. Осы гносеологиялық оптимизм арқылы пәлсапалық пайымдарға иланып, адам баласының қарым-қабілетіне толық сенуге болады.
Гносеологиялық скептицизм – адамның дүние дидарын толық танитынына сену, бірақ, пайымдарға күмән көзімен қарау. Бұл – дұрыс. Кез келген пайымға табынып, кез келген тұжырымға сену – ғылым үшін де қауіпті. Философиялық ой, философиялық тұжырым, философиялық зерттеу күмін мен сын арқылы ғана дамып, жетілетіні сөзсіз. Гносеологиялық скептицизм арқылы ғана қарапайым идеялар ұлы идеяларға айналады.
Гносеологиялық агностицизм – адамның қабілетіне мүлдем сенбейтңн түсінік. Бұл түсініктегі адамдар үшін ғылымның дүниені толық танып, ғалымның әлем үшін ұлы ойларды емес, пессмистік ойларды ғана құп көреді.
Осы үш түсінік арқылы кез келген ғылыми еңбекті талдап, кез келген идеяның танымына жақындауға болады. Мәселен, өмір туралы Виктор Франкл: «Өмір – азап шегу және сол азаптан жол табу» [5]деген ой айтады. Бұл ой арқылы өмірдің мәні қасиеті мен қасіретінде екенін сөзсіз түсінеміз. Виктор Франкл ғұмыры концлагерде – өтсе де стенограф тәсілін пайдаланып жазуын тоқтатпаған адам [6]. Қаншама азапты артқа тастап, қаншама қиындықты жеңіп шыққан психолог-философтың ғұмыр жолы « Өмір – азап шегу және сол азаптан жол табу» деген бір сөйлемге сиып тұрған секілді. Осы сөйлем арқылы өмір – қиындығы мен қасіреті көп, қалтарысы мен бұлтарысы жетерлік тынымсызжол екенін түсінеміз.
Өмірдің мәні туралы сөз болған сәтте адам өмірі үшін маңызды нәрселер міндетті түрде сөз болады. Бір адам үшін өмірдің мәні отбасыда, бір адам үшін өмірдің мәні мейірімділікте, бір адам үшін өмірдің мәні сыйластықта, бір адам үішн өмірдің мәні сенімде, бір адам үшін өмірдің мәні өнерде болуы мүмкін. Осы құндылықтар туралы философтардың ойлары мен пікірлері де жетерлік. Адамгершілік туралы Фридрих Ницше «Діншілдігіңді Құдайғакөрсет, маған адамгершілің керек» [7], - деген пікір білдірсе, Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» [8], - деген ой айтады. Оскар Уайльдың «Лондонда тұман өмір сүрмейтін еді, егер оны өнер келіп ашпағанда» [9] деген пайымы мен Фридрих Ницшенің «Бізді бұл әлемнің реализмінде жойылып кетпеуден құтқаратын бір-ақ нәрсе бар, ол – өнер», «Өнер бізге өмірдің шындығынан өліп кетпеу үшін керек» [10] деген секілді ойларды да өнердің адам өмірі үшін маңыздылығы айқындап тұр. Адам үшін махаббат, сыйластық, мейрімділік, сенім, өнер секілід ізгі сезімдер мен құнды құндылықтар маңызды екені түсінікті. Бірақ, еркіндік жоқ жерде осы құндылықтардың ешқандай да мәні, ешқандайда да мағынасы болмайды. Еркіндік болмаған сәтте махаббат үлкен мәнге ие емес, сыйластық сөгіледі, мейірімділік мезі етеді, сезім салтанат құрмайды, өнер құлдырайды. Осы тұста «Өмірідің мәні – еркіндік» деп жауап беруге болатын секіліді. Еркіндік туралы Вольтер: «Еркіндік – бұл сізге берілген сый емес. Бұл – сізден ешқашан тартып алу мүмкін емес дүние!», [11], - дейді. Расында да, адам баласы үшін ең маңызды нәрсе – еркіндік. Ой еркіндігі, рух еркіндігі, сана еркіндігі жоқ жерде – тән еркіндігі мен сөз еркіндігінің ешқандай да пайдасы жоқ екені сөзсіз түсінікті. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романында Хосе Аркадио Буэндиа жайлы «Аяқ қолы босағанмен, ол отырған орындығынан қозғалған жоқ. Жіп шешілсе де, көзге көрінер шырмаудан да шымыр бір құдіретті күш талышнның діңіне шегелеп тастағандай, жауын мен жел өтінде тапжылмай отыра берді» [12], - деген сөйлем бар. Бұл сөйлем арқылы Габриэль Гарсиа Маркес өзі еркін болса да – ойы бодан, өзі тәуелсіз болса да – санасы құл адамның бейнесін керемет көрсетеді. Дүниедегі ең қасіретті нәрсе – сананың тәуелсіз болмауы, ойдың бодан болуы. Санасы тәуелсіз, ойы еркін адам ғана «толық адам» бейнесін қалыптастырады.
Зұлмат замандарда да, жаугершілік жылдарда да адам өз танымына жақындауға талпынып келді.Көптеген уақыттар бойы адам өзін толық жетілдіріп, жан-жақты дамыту үшін әртүрлі эксприменттерге де барды. Адам өз дамуы үшін әртүрлі білімді де, ғылымды да, философияны да пайдаланды. Адамзат баласы үздік болуға талпыныс жасады, мінсіз болуға тырысты. Осы уақытта адам үшін бағдар болатын көптеген ілімдер де жарық көрді. Мәселен, Ницшенің «Асқан адам» ілімі, әл-Фарабидің «Парасатты адам ілімі», Абайдың «Толық адам» ілімі адам философиясын терең зерделеген шығармалар. Осы шығармалардың барлығы да адам өмірі мен адам құндылығына терең бойлайды. Мысалы, Абайдың «Толық адам» ілімі «Ғылым таппай мақтанба»өлеңінен басталған:
«Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам бол десеңіз» [13] , - деген жолдар арқылы-ақ «Толық адам» концепсиясын анық түсінуге болады. Осы «бес асыл» мен «бес дұшпанды» ажырата білген адамның ғұмыры мәнді болатыны сөзсіз. Бірақ, қоғамда «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп адамзатты бірдей сүюге шақырып, «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деп әділеттің жақтаушысы болуға үндеген Абайдың «Толық адам» ілімі сөз жүзінде ғана іске асып жатқанын байқаймыз. Қоғамдағы адамдардың мінезі мен сөзінен «Толық адам» бейнесін бақылау мүмкін емес. Толық адам бейнесінің көлеңке көрінісі туралы Абай да көп жазды, көп күйінді. Ал, бүгінгі таңда осы тақырыпқа қалам сілтеп жүрген жазушылардың бірі – Нағашыбек Қапалбекұлы.
Нағашыбек Қапалбекұлы – жазушы. 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қызыләскер ауылында туған [14]. Шығармалары тың образдар арқылы ерекшеленетін жазушының көптеген әңгімелері бар. Осы әңгімелердің ішінде адамды сан сұрақтың құрсауында қалдырып, жауабы жоқ әлемге енгізетін ерекше әңгімесі – «Дос жүрегі». Бұл әңгіменің ең басты ерекшелігі – адам. Адамның сыры да, мұңы да, қайғысы да, қасіреті де, қуанышы да, шаттығы да – осы шығармада жазылған. Кейіпкердің жан дүниесіне үңіліп, кеуде сандығының құлпын ашуға тырысу арқылы оқырманға ой тастау оңай шаруа емес екені түсінікті. Нағашыбек Қапалбекұлының «Дос жүрегі» әңгімесінде «толық адам» бейнесінің тұтас көрінісі керемет көрсетіледі. Әңгімеде «Толық адам» бейнесінің тұтас көрінісі – Қайыркен болса, «Толық адам» бейнесінің көлеңке көрінісі – Таңат. Таңат – адамға қарай сөзі өзгеріп, заманға қарай мінезі өзгеретін адамдардың типтік образы секілді. Шығарманы оқыған сәтте «Елге бал ұрттатып, мен дегенде қияс тартатын бұл тағдыр итке не жаздым? Ел қатарлы менің де тұяғым бүтін, төрт құбылам неге түгел емес? Неге мен де қалтаға жол пұлымды салып алып, Алматыға бармаймын...» деп күйінетін Қайыркенді де аяп, мінезі адамға байланысты түрленетін, қызметтік өсуді ғана қалайтын Таңатқа да мейірімділікпен қарайсыз. Бұл – жазушының шеберлігі. Жазушы Таңатты толықтай жаман адам ретінде көрсетпейді. «Таңаттар» біздің айналымызда жетерлік, жан-жағымызға көз салған сәтте көп екенін байқаймыз. Осы себепті Таңатты толықтай жек көру мүмкін емес. Таңаттың мінездері туралы сөз болып, дүниеқоңыздағы туралы айтылған сөйлемдерде – өзіңізді жамандап жатқан секілді күй кешесіз. Бұл – «толық адам»бейнесінің көлеңке көрінісі. Кез келген адам, кез келген тұлға мінсіз емес екені түсінікті. Таңат – біздің һәм сіздің мінездерімізден құрылған образ. Осы образ арқылы Нағашыбек Қапалбекұлы сізді де, бізді де үлкен сауалдарға жетелейді.
Пайдаланған әдебиет:
1 – Ницше.Ф.В., Так говорил Заратустра. – Москва: Лениздат, 2020.
2 – Шопенгауэр.А., Мысли. – Москва: Азбука, 2014.
3 – Лекторский.В.А., Субъект. Объект. Познание. – Москва: Наука, 1980.
4 – Автономова.Н., Познание и перевод. Опыты философии языка. – Москва: Российская политическая энциклопедия, 2008.
5 – Франкл.В., Человек в поисках смысла. – Москва: «Прогресс», 1990.
6 – Франкл.В., Сказать жизни «Да!»: Психолог в концлагере. – Москва: Альпина Паблишер, 2014.
7 – Ницше.Ф.В., Человеческое, слишком человеческое. – Москва: Азбука, 2015.
8 – Құнанбаев.А., Абайдың қара сөздері. – Алматы: Мазмұндама, 2022.
9 – Уайльд.О., Портрет Дориана Грея. Пьесы и стихотворения. – Москва: Эксмо-Пресс, 2014.
10 – Ницше.Ф.В., Ecce Homo. Антихрист (сборник). – Москва: Азбука-Аттикус, 2015.
11 – Вольтер., Философские повести. – Москва: Азбука-Аттикус, 2015.
12 – Гарсиа.М.Г., Жүз жылдық жалғыздық. – Астана: Фолиант, 2020.
13 – Құнанбаев.А., Өлеңдер. – Алматы: MelomanPublishing, 2020.
14 – Нағашыбек Қапалбекұлы. – Электрондыресурс: https://kk.wikipedia.org/wiki/Нағашыбек_Қапалбекұлы.