Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 31 минут бұрын)
Мектептерде диктант пен бақылау жұмыстары қайта оралуы мүмкін бе?

Қазақстан мектептерінде оқушылардың білімін бағалау тәсілдері өзгеруі мүмкін. Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі бірыңғай жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) жүйесін мұқият зерттеп жатыр. Бұл жаңалық оқушылар мен мұғалімдер үшін қандай өзгерістер әкеледі деген сауал туындауда.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ведомство қазіргі бағалау әдістерін кезең-кезеңімен қайта қарауды жоспарлап отыр. Орта білім комитеті барлық сыныптардағы тапсырмалар мен оқушылардың жауаптарына сараптама жасап, БЖБ мен ТЖБ-ның білім деңгейіне, мұғалімнің жұмысына және жалпы оқу процесіне әсерін анықтауда.

Дәстүрлі бағалау түрлері қайта енгізіле ме?

Министрдің сөзінше, критериалды бағалау жүйесі білім беру стандартына енгізілгенімен, дәстүрлі жазба жұмыстарын оқу процесінде кеңірек қолдануға мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз, мектептерде бұрыннан қолданылып келген диктант, мазмұндама, шығарма және бақылау жұмыстары сияқты бағалау түрлері қайта енгізілуі мүмкін.

«Біртіндеп БЖБ мен ТЖБ-дан алыстаймыз деп ойлаймыз. Бірақ ол үшін нақты негіз бен жан-жақты сараптама қажет», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрлік бұл өзгерістерді бірден енгізуді көздеп отырған жоқ. Алдымен қолданыстағы жүйенің тиімділігі жан-жақты зерттелмек. Себебі БЖБ мен ТЖБ бірнеше жылдан бері мектеп тәжірибесінде қолданылып келеді. Оны өзгерту мұғалімдердің жұмысына да, оқушылардың оқу процесіне де тікелей әсер ететіні белгілі.

Жаңалықтар

Жарнама