Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ағыбаев Ордабай

Ағыбаев Ордабай — руы Темір, жасы шамасы менен төрт-бес жас үлкен. Ұзын бойлы, ақ сары, өте ұстамды жігіт еді.

Шымкент педучилишесінде, соларда ғана духовой оркестр болатын. Бір австриалиец оркестрді басқарды. Сол жерде қайтыс болды. Фамилиясы Посипалов, тұтқынға түскен екен. Паркте өңшең қазақтар духовой оркестрде ойнайтын. Казпедтехникумда Ағыбаев студент еді.

1928—1929 жылы Жуалы ауданында (ол кезде Сайрам, Түлкібас, Жуалы — бәрі бір аудан еді. Орталығы Ванновка) заврайоно болды.

Рақов — уголовный розыскіде істеген, парашыл кісі еді. Ағыбаев осы кісімен бірге пәтерде тұрды. Ол менің пәтеріме келіп тұрды, екеуміз квартирде бірге жаттық. Соңыра мен комсомолдан шығарылып, жаламен қамалып кеттім...

Ленинградқа Финакадемияға оқуға бардым. Сөйтсем Балақаев, Ағыбаев, Қаратаев сонда аспирантурада оқып жүр екен. Невский проспектісінде кездесіп, кафеге ертіп барды. Заказ берді. Тамақ іштік. Кафе дегеннің не екенін білмей мен отырмын... Соны сезіп, бұл шай ішетін жердің бірі деп түсіндірді. Даяшыға бір қағаз берді, ақшасын төледі. Ішкеніміз үш сом. Ол кезде ол үлкен ақша. Жатақханама еріп келді, Октябрская 25-те болатын. Жатақханадағы бір бөлмеде алты адам жатамыз. Жатақханама кіріп, төсегімді көрді. Тазалығына қуанып қалды.

— Ал, мен сені шығарып салдым, енді сен мені шығарып сал, — деді.

Невский мостыға шейін әкелдім.

— Тұра тұр, қалтаң қалай, соны айтшы? — деді.

— Қалтам тоқ, жаман емеспін, — дедім.

Стипендияны мен екі жақтан да алатынмын. Қазақстаннан және Тұрар Рысқұлов көкем Ресейдің есебінен максимальный стипендия түрінде жіберетін.

Финансовый академиядағы оқуға келсем, партияда жоқсың деп жолдамам болса да алмай қойды. Не істерімді білмей састым. Есіме Мәскеуде Кремльде қызмет атқаратын Тұрар көкем түсті. Өйткені ауылда шалдар шежіре жайлы әңгімелескенде, сәліктен шыққан Тұрар біздің туысқанымыз болады деп мақтанып отыратын. Мен оқуға баратын болғанымда, «Мәскеудегі Тұрар көкеңе барып сәлем бер. Жатырқамайды, бауырына тартады, ол бауырмал жігіт», — деп құлағыма құйып қойғаны да бар еді. Бірден Мәскеуге тарттым. Сұрастырып жүріп Тұрар көкеме де жолықтым. Қазақшалап сәлем беріп, аты-жөнімді, шалдардың сәлемін де қоса айттым. Қуанып ризашылық білдірді. Не жұмыспен келгенімді сұрады. Жолдамамен келіп, оқуға түсе алмай қалғанымды айттым. Бірден телефон арқылы бір кісілермен сөйлесіп, мен туралы айтып жатты. Ішімнен қуанып мен отырмын. Отбасы мен тұрмыс жағдайымды сұрастырды. Әке-шешем қарт кісілер, бала-шағалары көп, мен жалғыз ұлымын, жұмыс істеудің орнына оқып алайын деп келіп қалып едім дедім. Тұрар ата мұртынан жымиып маған күле қарады да:

— Оқуыңа бара бер, қабылданатын болдың. Мен саған Ресей жағынан да стипендия жібергізем, бірақ сен балалық жасап жүрме. Отбасыңның үмітін ақтап, елдің азаматы бола біл, — деп орнынан тұрып, арқамнан қатып, кабинетінен шығарып салды. Үлкен адамның баласынбай маған көңіл бөліп, мән берген ілтипатына бөленіп, асығыс Ленинградқа қарай жол тарттым. Ордабай ағамның:

— Әй, Бауыржан, бұл ақшаң саған көп. Абайлап ұста, — деп ақыл айтуының осындай себебі болатын. Ол кісі біраз ойланып тұрды да:

— Әй, Бауыржан, халық арасында «ақшада тіл жоқ» деген сөз барын білесің бе? — деді.

— Ол не дегеніңіз?

— Ақшаны жұмсасаң, оның тілі жоқ, шашыла береді, —деді.

— Шашылып бітсе, бір тиынға зар боласың, әлі, — деді.

— Саған көп ақша береді екен, соның қадірін біл, есептеп жұмса. Қала үлкен... жаман кісілер де жетерлік сені алдарлық... Қармаққа түсіп қалма.

— Мына киімдеріңді өзгерт, жақсылап киін. Бұлар киімге қарайды...

— Қалай өзгертем? — дедім.

— Мен ертең келемін, кафеге барамыз. Жексенбі күні киімді өзім таңдап әперемін. Қалай киюді үйретемін...

Айтқан күніне келді. Ақшамды ол кезде ышқырыма тығып ұстаймын. Магазинді аралатты. Киімдерді жағалай қарап таңдай бастады. Маған көрген киімнің бәрі ұнайды. Бірақ ол кісі алдырмайды... Ақыры біреуін таңдады-ау, әйтеуір.

— Где ваше примерочный? — деді сатушыға. Онысын мен түсініп жатқаным жоқ.

— Киіміңді шеш, — деп, жаңа киімімді үстіме кигізді.

— Жақсы екен, осыны алайық, — деді. Алдық... Бағасы 47 сом екен, асықпай оратып алды....

Аяқ киімдер сататын жерге апарды. Аяғымда етігім бар. Әртүрлі түстері бөлек-бөлек қаптаған бәтіңкелер. Тағы да киіп көрдім. Мықшаңдап етігімді шештім.

— Ки, — деді.

— Ойбай, ақшасын бергемін жоқ қой, қайтіп кием, — дедім.

— Саған шақ екен, жарасады, ақшасын беремін, ал, — деді.

Көйлек алдық, оған сай келетін галстук таңдадық. Галстук ол кезде қолмен байланады екен.. Соны ерінбей-жалықпай қайта-қайта байлатып үйретті. Базарлап мәз болып келе жатсақ, топырлап алдымызда Белгібай Шалабаев, Мәулен Балақаев т.б. кісілер келе жатыр. Менің киінген түріме қарап, Шалабаев жатып күлді.

— Ей, Белгібай, күлме оған, білімі сенен артық болса не дейсің? — деді. Шамасы оны бұрыннан жақтырмай жек көретін сияқты.

Ескі киімімді алып қалды. — Тазартып апарамын, кір екен, — деді.

Салып ұрып жатақханаға мақтана келсем, ондағылар мені тани алмай жатырқай қарасады. Әрқайсысы өзінше құбылған көңіл күйлерін жасыра алмай білдіріп жатыр. Мен ұялып қысылып барамын. Бір әдемі еврейка әйел бар еді. Ол да келіп қалды. Парамонова Евгения Васильевна маған ғашық боп қалғанын жасырмай айтып жатыр... Арада апта өтпестен Ағыбаев көкем келді де:

— Мына киіміңе лайықты пальто керек екен, — деді. Магазинге барып іздестіре бастадық, аралап жүріп біреуін таңдап алдық.

— Үлкен қаланың алдымен мәдени, тарихи жерлері мен музейлерін аралап, театрларын көріп, ішкі мәдениетіңді біртіндеп байыта беруің керек, — деп ақылын айтып, Ленинградтың тарихи жерлерін ұзақ аралатты. Шаршап-шалдығып жүріп тамақтанып алдық. Енді бұларды бір рет көру жеткіліксіз. Асықпай жүріп қайтадан аралап көруді тапсырып келеді. Басында қайта-қайта көрудің не қажеті бар деп ішімнен ойласам да, кейінірек дәмін алып, мән-мағынасын кешірек ұғынып жаттым. Надандығыма ішімнен күліп те қоямын.

Ағыбаев Ордабай сол кездегі бүкіл Одаққа танымал атақты филолог академик Маррдың аспиранты болатын. Филология ғылымдарының атағын алу үшін кандидаттық диссертациясын қорғап тұрған кезінде «халық жауы» деп ұстап әкетті. Артынан жазықсыз жазаланып, атылып кетті...

* * *

Экспромтты құдай Иса Байзақовқа ғана берген... Өз өмірімде одан озған суырып салма өнерпазды көрген емеспін.

* * *

«Аузыңды ашсаң артың көрінеді», — дейді. «Ұшқан ұяны» түсініп оқысаң, мұның сырын түсінесің. Босқа айтылмаған сөз екенін ұғынасың.

«Ұшқан ұяның» шын авторы мен емес. Ол кім десең, қазақшалап айтайын, «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің», оның авторы сол. «Ұшқан ұяның» авторы — менің ортам, сондағы кейіпкерлер.

Текебай би — әкемнің нағашысы. Әжем — соның қарындасы.

Әкемнің аты — Момыналы (Момыш), Таубұзар — Момынқұл көкем — әкемнің інісі. Олар болмаса «Ұшқан ұя да» болмас еді. Кейіпкерлердің бәрі де өмірде болған кісілер. Олар менің ұғуымша... детская память деген бар. Балалық шақтағы көргендерің тасқа басылғандай есте мықты сақталады. М. Горький өз кітабын «Менің университетім» дегеніндей, «Ұшқан ұяда» суреттелген кейіпкерлер менің мектебім болатын. Кітаптағы баяндалған оқиғалар мен суреттелген көріністер менің есте қалған естеліктерім деп білу керек. Онда ойдан қосылған еш нәрсе де жоқ, бәрі де таза қазақы өңірдің көріністері ғана...

«Музей апа» әңгімесі де ойдан шығарылған жасанды нәрсе емес, қайнаған қайталанбас өмірдің өзінен ойып алынды. Туған анам екі жасымда қаза болды. Музей aпa, яғни үлкен әпкем Үбиан мені асыраушы шешем де болды. Менің шығармаларым ойдан құрастырылып жазылған жоқ, қайнаған өмірдің құжаты тәрізді қоғамдық болмыстың шынайы шындығы.

«Ұшқан ұядағы» теріс мінезді кісілер де сол өмірде бар шындықтың өзі. Мысалы, Айдын кемпір... оның немерелері тірі. Солар әжелерін күліп еске алары анық шындық...

Самая несчастная семья, которая живет — бескомпромисно, это лицемерия...

Семья бескомпромисная — не интересная, не красивая семья...

Без конфликта нет государства, так же и в семье. Мұнда бір жағы кінәлі.

Ежелден еркін өскен болдың пырақ,
Маздадың қараңғыда жанған шырақ.
Бауыржан қартайғанда кәріп болып,
Көрінер тоқалына жайсызырақ.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама