Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ана дүниеден радиограмма келіпті

Менің кіші апамның үлкен қыз баласы Бегімше. Бала кезінде Бегімше менің әке-шешемнің қолында өскен болатын.

Осы кезде ұзын бойлы, сұңғақ, атжақты, шоқтай қара көзді, байсал мінезді жеті-сегіз баданың анасы, жұбайы моп-момын келген орта бойлы, қара мұртты, тәмпіш мұрын, пысықша озат тракторшының біреуі. Олардың үй-жайы, қора-шарбақтары ешкімдікінен кем емес. Олардың ауылы біздің ауыл мен Жамбылдың қақ ортасында. Әрі-бері өткенде сол үйге түсіп, не шаймен, не қымызбен сусындап шығамыз. Ол үйге соқпай өтіп кете алмаймыз.

— Көкем кепті, жеңешем кепті, атам кепті, ақсақал кепті, Мақпал кепті, — деп күтпеген жерден біз қорасына кіріп келгенімізде, барлығы шуласып қарсы алып, қуанысып, сасқалақтап қалады. Мен жиенім Бегімшені де, оның балалары — жиендерімді де жақсы көремін. Мақпал болса, қонақтық правосын пайдаланып, жиеншелерді бір шыбықпен алдына салып айдайды. Олар барын бізден аямайды, біз де құры қол болмаймыз. Москвадан қайтып келе жатып, ауылға түсіп бала-шағаны алып машинамен Жамбылға тарттық.

— Бегімшенің үйінен шай ішелік, тамағым кеуіп келеді, — деді жұбайым.

Мен оған келістім.

Машинамен қораларына кіргенімізде улап-шулап, мәз-мәйрам болған бір топ адам өздерінің қоқым-соқымдарымен алдымыздан шықты. Жамбылда тұратын олардың әжесі — менің кіші апам Әлиман да опыр-топыр қарсы алушылардың ішінде қалбалақтап жүр. Ауылға келгенмен, үлкен Үбианның сағы сынық, түрі солғын болатын.

— Халіңіз қалай, әпке? — дегенімде.

— Жасыратын не бар, шырағым. Көріп тұрсың ғой, құдай кәріліктің қорлығын басыма сала бастағанын, — деп қамығып жауап берді.

— Е, қашанғы жас болмақсыз, асарыңызды асап, жасарыңызды жасап, немерелі -шөберелі болдыңыз, өзіңізде ынсап жоқ екен, қашанғы құдайға масыл болмақ едіңіз? — дегенімде, жалпы күлкіге апам да күліп жіберді.

— Немене, менен құтыла алмай жүрсің бе? — деп зекірді маған.

— Апа, оның несін көңіліңізге аласыз, — деп жұбайым кемпірді құшақтады.

— Несін көңіліме алайын, шырағым, құдай сендердің алдарыңда алсын мені, бірақ кәріліктің қорлығын көрсетпей алсын, — деп апам тағы да қамықты.

— Ей, Мәскеуден маған не алып келдің? — деп қызғаншақ тана сұрады сексендегі шешем.

— Өзіңе шай, қант, балаңа костюм, келініңе тон алып келдік қой...

— Маған неге тон алып келмедің?

— Өзіңнен әбден ынсап кетіпті ғой, саған тонның керегі не?

— Өзім кием, өзім өлген соң, мені жуған кісі киеді, неге маған тон алып келмедің, бұлардың көрері құдай бұйыртса алда.

— Өлуін сен өлсең, көмуін біз көмейік, кімге не беретінімізді уақытында көре жатармыз.

— Қайдам, өзің біл, — деп, шешем төмен қарап отырып қалды.

— Апа - апатай, балаңыздың сырын білесіз ғой, — деп жұбайым әжесінің қасына барып бірдемелерді сыбырлап кемпірге түсіндіріп жатыр.

Сол екі «өлесі» кемпірлердің әсері ме, Бегімшенің үйінде шай үстінде отырғанда кіші апам маған өте жас реңді көрінді, үстінде бостоннан жақсы тігілген костюм, басында ақ жібек орамал, аяғында жылтырауық кебіс, мәсі.

— Өзің өте әдеміленіп кетіпсің ғой, әпке, — дедім мен.

— Құдайға шүкір.

— Өзіңе ешкім сөз салып жүрген жоқ па?

— Қойшы қайдағы пәлеңді... астапыралла, бұған не дерсің, — деп апам қысылды. Отырғандар ду күлісіп, апамды қара терге түсірді.

— Екеуіміз бір әке, бір шешеден ғой, егер де шынымен тұрмысқа шыққың келсе, бізге де біраз дайындық керек қой, мысалы азын-аулақ жасау - масау істеуіміз керек.

— Немене осы, қойшы қай - қайдағы пәлеңді, бала-шағаның алдында.

— Мына түріңе қарағанда, сен өзің біреуге қырындап жүрген кемпірден сау емессің, шығар ішіңдегі күшігіңді, — деп әдейі ақырдым апама. Ду күлді.

— Ей, бай болғыр, сен осы мені келемеждеуіңді қашан қоясың? Сен де бір ата баласының қариясы болдың ғой, келін - ау, бұған не дерсің?

— Тек әзіл ғой, апа. Әкем Момыштың ең жақсы көретін баласы сен едің, ә?

— Рас, әкем жарықтық мені бәріңнен де жақсы көретіні рас болатын, — деп кемпір мақтанып бірнеше әңгімелер айтты. Сонсоң бұлар маған өш, — деп аяқтады сөзін.

— Олай болса, әкеңнен радиограмма келіпті, — дедім мен.

— Қойшы, — деп шошынды апам, — онысы не дегені?

— Шын. Сенбесең оқып берейін, — деп, қалтамнан бір телеграмманы шығарып өзіне көрсеттім. Басқаларына естіртіп оқи бастадым: «Айхан мен Үбианның ауру екенін есіттім. Бауыржан әлі де болса жас, ол байғұс соғыста нені көрмеді тек Үбиан мен Айхан әзірше тұра тұрсын асықпасын тек Бауыржанның кезегі бәрінен кейін, ал ең жақсы көретін балам Әлиманды өте сағынып жүрмін тек» Міне, әкеңнің телеграммасы,» — дегенімде, отырғандар ду күлісіп жіберді. Кемпір болса, төмен қарап көзінің жасын бір сығып алды. Жалтақтап жан-жағына қарап еңіреп жіберді.

— Апа, сенбеңіз, ойпырым-ай, осындай да дөрекі әзіл болады екен. Сенің үлкен кісімен мұның не, ей! — деп жұбайым маған ала көзімен бір қарады.

— Әзір барғың келмесе, жүз жасап алжып барып өлгін, апа.

— Е, өлім сұрап келеді ғой дейсің бе, шырағым, — деп апам көз жасын тыйып, — қап жаңағы телеграммаға сеніп жылап отырған менде де ақыл жоқ екен, жан тәтті деген рас екен-ау, — деп қарқ-қарқ күлді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама