Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ағыбай батырдың бір жорығы...

Шұбыртпалы Ағыбай батырды Кенесары «Ақ жолым» дейді екен. Наурызбай ержетіп, әжетке жараған соң, Наурызбайға белді ат керек болыпты. Арқадан таңдап мінген бірнеше аттар мертігіп, не шабысты көтере алмай қала беріпті. Кенесары бір күні Ағыбайды шақырып алып:

— Ақ жолым! Мына Наурызбай ержетті, тілім тасқа болсын, Наурызбайдың өзіне лайықты бір аты жоқ. Мінген аттары шыдамай жатыр. Наурызбайдың өзіне лайықты бір ат тауып бер. Мына түркімен, араб елдерінде «Серке сан»... деген жылқы тұқымы бар. Соның бірін әкеп, Наурызбайға мінгізбесең, менің хандығымнан, сенің ерлігіңнен не пайда? Өзіне серік емес атпен Наурызбайдың ерлігі мен серілік еңбегі еш болмай ма? — депті. Кенесары Ағыбайға лайық екі жолдас, азық-түлік беріп: «Жолың болсын!» — деп батасын беріп жөнелтіпті.

Ағыбай сол бетімен жүріп, бірнеше күн өткен соң, бір қыратқа бір жолдасын қарауылға қойып, бір жолдасына: «Ас даярла», — деп өзі жата кетіпті. Шаршап келе жатқан адам жатысымен көзі ілініп, қор ете түсіпті. Ана күзетте тұрған адам да қалғып кетіпті. Жат екінші бір адам қырдан шыға келіпті де, ұйықтап жатқан Ағыбайға тура жүріп келіп, ас пісіріп отырған жігітке қарапты. Ол жігіт: «Ана күзетші қайда? Ағыбайды оятайын ба?» — деп тұрғанда, ана адам Ағыбайға қарапты да: «Жолым болады екен», — деп, пісіп тұрған асты ішіп, өздігінен бата қылып, жүре беріпті. Ас пісірген жігіт аң-таң болып, құты қашып тұрғанда, ана жігіт оянып, қосқа шауып, ана адамды сұрапты. Ас пісірген жігіт Ағыбайды оятып, ана адамның келгенін, өздерінің қапалығын айтып, өкініп отырыпты. Келген адамның түсінің суықтығын, мінген атының жат екендігін, қару-жарақты екендігін айтыпты. Ағыбай орнынан тұра келе: «Ай, жолдас жаман болса, жау алар!» деген осы, — деп, кеткен адамның артынан тұра қуыпты. Біраздан кейін қуып жетіп, сәлем беріп: «Ай, кімсің?» — депті. Ана адам: «Мен — жолаушымын», — деп қайрылмай жүре беріпті.

Ағыбай мұнысына қапаланып, сойылын алып ұмтылыпты. Ана адам «Қой, ойнама!» — деп, шоқпарын жұлып алғанда, Ағыбай ұшып кете жаздапты. Ағыбай шамасының келмейтінін біліп: «Жөн сұрасам, айтпайды. Не де болса, бұл қайда барар екен?» — деп, бір көзі артында, бір көзі ана адамда, соңынан еріпті де отырыпты. Бір қырдан асқан соң, бір топ жылқы мен бір қосқа кездесіпті. Жылқы шетінде келе жатқан екі адамды көрген жылқышы қожандап қарсы шыққан екен, ана адам:

— Ай, сенде менің жұмысым жоқ. Ана менің жылқымды алған батырың, менің жауым қайда? — депті. Ана жігіт сасып қалып:

— Қоста демалып жатыр, — депті.

Бұл адам қосқа тура бастапты. Ағыбай ере қосқа келіпті.

Сонда ана адам:

— Ай, залым, ата дұшпаным едің, алыстан арбап, жақынға жоламай жүруші едің, желімді қиып, көнегімді іліп, жылқымды қуып кетіп, мәз болып жатырмысың? — деп аттан түсе қалғанда,

— Келдің бе? — деп анау да ұшып тұра келіп, алыса кетіпті де, мына келген адамды алып соғыпты да, үстіне аттай мініп алып:

— Өлер жерің осы шығар! — деп қанжарын ала бастағанда, астында жатып:

— Ай, ала тулы Абылайдың әруағы, ақ жолды Ағыбайдың әруағы қолдай көр! — деп, астында бұлқыныпты. Сонда атын атап, сыйынған соң, Ағыбай:

— Ай, сен, тоқта! өлген Абылайдың туын ұстаған ақ жолды Ағыбай менмін, — дегенде, ана үстіндегі адам: «А... а», деп қанжары қолында, ұшып тұра келіп:

— Япырм-ай, сіз Ағыбайсыз ба? Кешіріңіз! Сізді білмей, мына дұшпаныма қайрат еттім, кешіріңіз?! — деп анадай жерге барып тұрыпты.

Мана Ағыбайдың асын ішіп, артынан келгенде, жөнін айтпай, шоқпарын қағып жіберген енді мына жігіттің астына түсіп жатқан адам: «Япырм-ай, Ақ жолды Ағыбай сіз бе?» — деп орнынан тұрып, Ағыбайдың қолын алып, кешірім сұрапты. Ағыбай аң-таң болып тұрып, екеуінің тұрған қалпында жөнін сұрапты. Сонда манағы адам айтыпты:

— Мен — мына Адай деген елмін. өмірімде мына түркіменмен жауласып келе жатыр едім. Өзім елде жоқта «мына жауым елімді шауып, қосымды жығып, тобымды қуып кетті» деп естіп, мұны қуамын деп, қарт анам бар еді, келіп батасын алғанымда: «Балам жолың болсын! Осы жолыңда, ақ тулы Абылайдың туын ұстаған ақ жолды Ағыбай жолдас болсын!» — деп батасын бергенде, денем тітіркеніп, маңдайымнан терім шықты да, жүріп кеттім.

Анамның осы сөзі жолшыбай есімнен кетпеді. Жолда бір жолаушыларға жолығып, бөгелейін деп едім, бірақ көңіліме олқы келіп, жарымай дәмін ғана ішіп жүре бердім. Жолда қуып келіп маған қайрат етіп едің. онша қайратты, мықты қол сықылды көрінбеді. Мен де алдымда іздеп келе жатқан жауым болған соң, саған көңілімді бұрмадым. Сөйтіп, мына ата жауыммен алыса кеткенде, аяғым тайып, қапыда астына түскенімде, әруағы есімде келе жатқан «Абылайдың туы мен Ағыбайдың әруағына сыйындым, сонда «Ақ жолды Ағыбай — менмін», — дегеніңде мына жауымның үстімнен тұра келіп, мені босатып жібергеніне таңырқап тұрмын, — депті.

Сонда әлгі жылқы айдап дем алған жігіт айтыпты:

— Менің елім — түрікмендік, өзім — түрікменнің батырымын. Қазақ ішінде адай елі түркімен елінің дұшпаны. Елімізді бірнеше шауып, мазасын алып, малын қуып, айдап кетіп жүрген осы мына тұрған қазақ неше айқаста бір кездеспей жүруші еді. Бүгін қолыма түсіп еді. Сіз шын Ағыбай болсаңыз керек, денем тітіреніп, жүрегім лобылып, мына дұшпанымның үстінен қалай тұрғанымды білмей қалдым. Ал, Ағыбай батыр, сіздің алдыңызда «Батыр ағай» деген еліміздің мақалы бар ғой, «ғафу етіңіз» деп төмен иіліп, кішілік етті де: «Осы олжам сіздікі», — деді.

Ағыбай бұларға сыр білдірмеді. Екеуін екі жағына отырғызып, өткендердің өнегелі сөзін айтып: «Екеуің екі елдің батыры екенсіңдер. Бүйтіп жауласа бермей, тату болыңдар», — депті.

Екі батыр қол алысып, құшақтасып, төстерін тақасып: «Дос болдық», — депті.

Сол жерде үш батыр қоштасып, айырылмақшы болыпты. Түрікмен батыры еліне қайтпақшы болған соң, манағы айдаған жылқыны үшке бөліп, бір бөлігін беріпті, түрікмен жігіті Ағыбайға астындағы атын мінгізіпті.

Түрікмен жігітін шығарып салған соң, елге таман беттеп, екі батыр айырылмақшы болыпты. Сонда манағы адай батыры айтыпты:

— Уа, Ағыбай! «Биік таудың қасына барма» деген бар еді. Алашқа атағың шыққан әруағың болмаса, батырлық аңғал мінезің болмаса, күнің жұрт мақтарлық емес екен. Енді түрікмен батырынан ат алдың. Менен мына жылқының бәрін ал. Менің олжам аз емес: бірінші, ажалдан жаным қалды; екінші, ата жауымен қол алысып, дос болдым; үшінші, «өмірімде бір көрсем» деп жүруші едім. Міне, тар жерде кездесіп, шарапатың тиді. Халық аузында «Ақ жолды Ағыбай» деген атақ тауып қойылған екен, әруағыңнан айналайын! — депті.

Ағыбай ол адамға разы болып, оның еліне келіп, көп олжамен еліне қайтыпты.

Атақты Наурызбайдың Ақауыз аты сол түрікмен батырының Ағыбайға берген аты еді дейді.

Оқуға кеңес береміз:

Наурызбайдың қарындасы

Наурызбайдың жолбарысты өлтіруі

Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама