Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ағылшын тiлiнде пән жүргiзетiн ұстаздардың жалақысы өседi

Бүгiн Сенатта 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттiң жобасы талқыланды. Бюджеттiң жобасында үштiлдiлiк жүйесiне көшуге байланысты пәндердi ағылшын тiлiнде жүргiзетiн ұстаздардың жалақысын өсiруге қаражат қарастырылған. Бұл туралы Сенат депутаты Владимир Редкокашин айтты.

«Сондай-ақ бюджет жобасында пәндердi ағылшын тiлiнде жүргiзетiн ұстаздардың жалақысын өсiруге қаражат қарастырылған. Қосымша үстемеақы 2 базалық лауазымдық еңбекақыны құрайды, яғни ағылшын тiлiнде пән жүргiзетiн ұстаздың жалақысы 35 мың теңгеге артады», - дейдi депутат.

Айта кетсек, үштiлдiлiк оқу жүйесi аясында 2019-2020 оқу жылынан бастап жоғары сыныптарда мектептiң таңдауы бойынша "Информатика», «Химия», «Биология», «Физика» пәндерiн ағылшын тiлiнде оқыту жоспарланып отыр.

Жалпы, 2017-2019 жылдарға арналған бюджетте бiлiм беру жүйесiн қаржыландыруға 1 трлн 92 млрд теңге көзделген. Оның iшiнде 2017 жылы 435, 9 млрд теңге бөлiнедi. Қаражат мамандарды дайындауға, кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, нысандардың құрылысына, дарынды балаларды оқытып, тәрбиелеуге, блiм беру жүйесiн үштiлдiлiк жүйесi аясында әдiстемелiк қамтамасыз етуге, талдамалы зерттеулер жүргiзуге бағытталады.

Сондай-ақ, 2017 жылы зейнетақы көлемi 9 пайызға артады. Барлық әлеуметтiк жәрдемақы түрлерi 7 пайызға өседi. Жалпы зейнетақы мөлшерi орташа алғанда 60 167 теңгенi құрайтын болады.

«Әлеуметтiк-еңбек саласында 96 пайызды әлеуметтiк төлемдер, зейнетақы мен жәрдемақылар құрайды. 2018 жылдың бiрiншi шiлдесiнен бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртiбi зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлiне байланысты өзгертiледi. Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесiнiң жаңа жинақтаушы тетiгiнiң iске қосылуына байланысты жұмыс берушiлердiң қосымша 5 пайыздық мiндеттi зейнетақы жарнасы енгiзiледi», - дедi В.Редкокашин.

Ал денсаулық сақтау саласы бюджетiнiң 90 пайызы кепiлдендiрiлген тегiн медициналық көмек көрсетуге жұмсалады.

Депутаттың айтуынша, республикалық бюджет жобасында әлеуметтiк мiндеттердi орындауға бағытталатын шығыстар толық көлемде қарастырылған. Жалпы, әлеуметтiк-мәдени салаға 11 трлн 700 млрд теңге, оның iшiнде 2017 жылға 3 трлн 591 млрд теңге көзделген. Бұл сектордың 2017 жылғы республикалық бюджет шығыстарындағы үлесi 43 пайызды құрап отыр.

Айымгүл ӘБІЛЕВА

Baq.kz


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама