Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақстан оқушы саны аз  мектептер үшін «әмбебап» ұстаздар даярлайды

Білім және ғылым министрлігі оқушы саны аз мектептер үшін бірнеше пән бойынша білімі бар ұстаздар даярламақ. Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Сенатының депутаттарымен кездескен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Заң бойынша, оқушы саны аз мектептерді жаба алмаймыз. Қазіргі статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша оқушы саны аз мектептердің үлесі 40 пайызды құрайды. Осы білім ордаларында бүкіл оқушының 8 пайызы ғана білім алып жүр. Сабақ үйрететін ұстаздардың пайыздық үлесі - 22 пайыз. Мысалы, бір оқушы ғана оқитын мектеп үшін жарты миллион теңге бөлініп жатады. Сондықтан, бұл өте үлкен мәселе. Сондықтан, осы мәселені мықтап қолға алдық. Мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырып отырмыз. Сондай амалдардың бірі - оқушыны басқа мектепке тасып тұру. Бұл тиімді шешім болар еді, себебі, автобустарды жергілікті билік сатып алады. Екінші бағыт - интернат. Ата-ана баласын интернатқа сеніп тапсыруы үшін интернаттарды техникалық жағынан толық жабдықтағымыз келеді.  Дегенмен, интернат арқылы тек жоғары сынып оқушыларының мәселесін шеше аламыз. Үшінші бағыт - бірнеше пән бойынша білім бере алатын ұстаздарды даярлау»,-деді Е.Сағадиев.

Министр мысал келтіргендей, биология мен химия пәндерінен, математика мен физика пәндерінен, математика мен информатика пәндерінен, тарих пен география пәндерінен бір мұғалім сабақ бере алатындай жағдай жасауға болады екен. Биылдан бастап ұстаздарды тұрғылықты жеріне жақын қалаларға әкеліп, 6-12 курс үйрету жұмысы басталған. Бұл біріншіден ұстаздардың жалақысын көбейтсе, екінші жағынан оқушы саны аз мектептерді жабдықтауға кететін шығынды азайтпақ екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама