Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әке үміті

ШӘМША ТУРАЛЫ СЫР

Дүниеге, айналаңа көз жүгіртіп, байқап барласаң, өмір деген өлім мен тірліктен, құлау мен қайта тұрудан құралады екен. Ғұмыры көктемгі көгілдір көк төсінде қалықтаған шарбы бұлттай көшіп бара жатса да, жер бетіндегі тірлігін, бүгін қолына ұстаған билік құрығын мәңгілік көруден адамзат бір жаңылыспайды. Адам баласының ылғи күнәға батып, жақсы мен жаманды, табиғилық пен жалғандықты, шым қызыл мен әсіре қызылды кезінде ажырата алмай, соңынан бармақ тістеп, бас шайқап жүретіні де, кеңдік-кешірімділікке келгенде тулақтай тартылар көңіліңнің көн көлемінен биіктей алмайтыны да осыдан-ау. Әйтпесе өмір бола ма?! Ханымбала апайдың өзінің сүйікті перзенті Шәмшаға:

— Қарғам, алдымен төрт мүшең сау болсын, сосын жақсы мен жаманды ажырата біл, қиянат жасама, — деп, анда-санда бір айтып, «сөзімді тыңдай ма, тыңдамай ма» дегендей, бір беткей, ерке өскен қызының бірден сыр бере қоймайтын дидарына көз жүгіртіп қойып, сақтандыра сөйлейтіні де сол өмір құлқын ертерек түйгенінен болар. Бала десе бәрін құрбан етуге дайын Беркімбай ақсақал елу сегіз жасында, перзенттен күдер үзіп жүргенде, дүниеге келген Шәмша бейне бір шешесінен тумағандай, ылғи әке махаббатына бөленіп, өмірдегі адам ұмтылар өнегенің, жақсы үлгінің жалғыз нұсқасы тек әкем деп өскені де тумысынан жұмсақ мінезді ананың тік сөйлемеуіне, перзентіне қабақ шытпауына себеп секілді.

Табиғат деген де тек қайшылықтардан тұратындай көрінеді маған. Бір перзентке зар болып, біреудің баласын көрсе де, еміреніп елжірейтін адамдар сәби сүю ләззатын кеше алмайды да, жылу өз қара басына жетпей жүрген біреулер егіздетіп-тоғыздатып тоғытып жатады. Үлкен ұлы Төлеген мен қызы Сақыптан кейін көрген сәбиі шетінегенде, Беркімбай ақсақал шарана перзентінің өлі денесін бір тәулік бойы құшақтап, жерлеуге де бергісі келмей отырып алғанда, Тұрар ауылының үлкен-кішісі үнсіз ұғысып, оның мінезін де, мырзалығы мен көрегендігін де құрмет тұтатын ел іштей бірге егіліп тұрған.

— Сақыпжан, енді біздің соңымыздан ешкім ермей ме?! — деп қызын алдына алып, жылап жүрген Беркімбай шетінеген сәбиінен кейін 7-8 жыл өткенде дүниеге келген Шәмшасының «аяғын жерге тигізбеймін» деп, сегізге келгенше мойнына мінгізіп, арқалап жүруін Құдайдың бұйрығындай көретін.

— Аяғын салақтатып осы қызды арқалайсың да жүресің, бұл не соншама?! — деген құрбы-құрдастарына:

— Ойбой, мұны көтермеуге бетім бар ма менің? — деп мейірімді әке қағылез кішкентай қызын онан сайын иіскеп, аймалаудан жалықпайтын.

1918-жылы құрылған алғашқы түркі тілді мектептің (қазір Әбжан Байсалбаев атындағы сегізжылдық қазақ мектебі бірінші класына Шәмша әкесінің иығына мініп барған. Сабақ бітіп, балалардың бәрі үйді-үйіне тарап кеткенде, томпиған кішкене қыз күнде мектептің алдында қашан әкесі келіп иығына мінгізіп алып кеткенше күтіп, аузын бұртитқан күйі тапжылмай отыратынына Тұрар ауылы таңданбайтын.

Беркімбай ақсақал аз күн ауырып дүние салғанда, Шәмша бар-жоғы сегіз жаста еді. Сырқаты жанына батқасын ба, жоқ, табиғатынан ақыл-парасаты мол сүңғыла кісі өлерін сезді ме, әйтеуір ауылдың ақсақал-қарасақалдарын жинап, басқа балаларын емес, өзінің сүйікті перзенті Шәмшаға бас-көз болуларын тапсырып, осы бір кішкенесінен үміт күтетінін айтты.

Кейін сөмкесін ұстап мектепке кетіп бара жатқанын, не келе жатқанын көре қалса, әкесінің дос-құрбылары иектері кемсеңдеп:

— Айналайын-ай, қалай ғана жер басып жүр екен десейші, Бекең мойнынан түсірмейтін еді... — десетін.

Жетіншіні бітіргесін, бір топ құрбыларымен Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педучилищесінде Қызылордада оқып жүріп үйге демалысқа келгенде, ауыл ақсақалдары қой-қозыларын сойып, 15-16 жасар қызды кезек-кезек қонаққа шақыратын.

— Қайран Бекеңнің көзі ғой, — деп Қалиақпар секілді ауыл ағалары Беркімбайдың құрымын ұстайтын тұяғы Алпысты емес, осы Шәмшаны атайтын.

Осының бәрі үй-ішінің, Алпыс бауырының, аға-әпкелерінің, тіпті Ким, Аман секілді немере құрдастарының да Шәмшаны ағадай сыйлап, солай болуға тиістідей, оның пікірінсіз мәселе шешпейтінін дағдыға айналдыруға себеп болды.

Әке мен шешенің беделін, ауыл-елдегі қадір-құрметін баланың көріп-сезіп өскені жақсы ғой. Бірақ баланың бәрі бірдей ата-анасы иығына жауып берген ақ шапанды кірлетпей, қайта кие-қасиетін арттыра ала ма? Ата-ананың жиып берген абыройын айрандай төгіп, батасын батпаққа былғап, үміт пен сенімін жерге қаратып жүрген ұл мен қыз аз ба бүгінде?!

Отбасындағы жылу мен мейірімді өзі таратып, көзге көрініп, қолға ұсталынбайтын, тек жанға шым-шымдап сіңетін қасиеті бар көргенділік, адамгершілік тәрбиесінің қайнары өзі болып отырса да, Ханымбала ананың институт бітірісімен комсомол, кейін партия жұмысына араласып, жас та болса, ел басқарып жүрген қызына «қай жағынан шығам» деген жүзбен, анасы емес, жақсы жеңге орнындағы адамдай жаутаңдай қарайтыны перзентінің шәлкес мінезінен емес, елі сыйлаған отағасының үміт артқан, қыз да болса, ұлдай көрген баласы еді деп қалыптасқан ішкі қағидадан еді.

Халық шіркін дана ғой. Жақсы адам не нашар адам жайлы сөз болғанда, «нағашысы кім екен», «ата-тегі кім» деген сұрақтар жайдан-жай айтылмайды екен-ау. Ата-бабамыз адамның шыққан тегін, нағашы жұртын біз күні кеше партияға өткенде, бүгіндері біреулер билікті орындыққа отырарда берілетін рекомендация-ұсыныс ретінде қабылдаған болса керек. Тектілік деген ұғым да тегін емес екенін енді біліп жатырмыз. Біз жетпіс жыл бойы ел басқаруға, жұрттың тағдырын шешетін орындарға ылғи тексіздерді іздеп тауып отырғызып келдік. Сүттің қаймағындай текті тұқымдарды түп тамырынан жұлып, біржола құртып келген идеологияға қол соғып, қолпаштадық.

Ханымбала апай да осындай текті тұқымнан еді. Ол өз алдына бір тарих. Қасіретті шежіре. Албаннан шыққан Ілебай байдың екі ұлы Бүрге мен Болтан тау асып, шапырашты еліне келіп, өз адамдарындай сіңісіп кетеді. Бүрге болыс та, Болтан бай да ақыл иесі, елге сыйлы адамдар болыпты.

— Пай-пай, шіркін, Ілебайдың балалары «Шұбар аттың» тасындай өскен, өркендеген ел ғой, — деп алыс-жақын сүйсіне қызығады екен. «Шұбар ат» — қой тастары жайылған малдай самсаған, шалғыны белуардан келетін атақты жайлау. Сол «Шұбар аттың» тасындай қаулаған әулеттен бір тұяқ қалмай, дүниеден көшуінің де өз сыры бар.

1928-1929-жылдары байлардың дүние-малын тартып алып, өздерін итжеккен жаққа айдағанда тізімінің басында Ілебай балалары Бүрге мен Болтан, олардың үй-іштері, бесіктегі сәбилеріне дейін үрім-бұтағымен түгел бар еді.

Болтанның орта дәулетті жігіттерге тұрмысқа шыққан үйелмелі-сүйелмелі қос қызы Майлыбек пен Ханымбала жүрек жасын жұрттан жасырған күйі ел ішінде қала берген.

Ілебай тұқымы сол кеткеннен мол кетті. Ханымбаланың бауыры Әбдірасыл, қай жерден екені белгісіз, әйтеуір ебін туып Сібірден қашып келген еді, бірақ көп ұзамай жұмыс бабында таудай етіп жүк тиеген машинада келе жатып, шоқалақты жолда аттай тулаған машина үстінен ұшып қаза болған. «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деген осы. Сөйтіп, Ханымбала апай жарық дүниеден көз жұмғанша: «Бәрі бірдей жоқ болып кетуі мүмкін емес, біреу-міреу Қытай асып кеткен болар», деп үмітін үзбей, дәметумен кетті.

Ханымбаланың жалғыз әпкесі Майбілектен де ұрпақ қалмады. Жасында қос бұрымы жер сызып жүретін, «қыз қууда» талай жігітті төмпештеген Майбілек, басын жуғанда екі-үш жеңгесі шашын ұстап жуатын, өзі әнші, өзі алғыр Майбілек сынық салатын емшілігі бар, Әйтей ауылының кәрі-жасы алдынан өтпейтін, аса сыйлы адам еді. Майбілек, кезінде аса байлығы болмаса да, оқыған-тоқыған отағасысы Бәйтеке екеуінің жалғыз түйір перзенті Бибігүлсіннен немере сүйе алмады. Бірақ Әйтей ауылының тентек-телі бар баласы «Майапалап» сол үйден шықпайтын. Кейін Майапа дүниден қайтқанда, өз ұлы не жанашыр аға-бауырлары болмаса да, осы Ахметжан, Едіге секілді ауылдың азамат жігіттері тік тұрып қызмет етіп, ауыл анасындай болған ардақты апаны қайтпас сапарға шығарып салған.

Шәмша екі ананың ортасында, Тұрар мен Әйтей ауылдарында тел өсті. Бәйтеке қария жасы жете көзі мүкіс тартып, 2-3 класс оқитын кішкентай Шәмшаны отырғызып қойып, әдеби кітаптар оқыттыратын. «Мың бір түн», Ғабдол Слановтың «Кең өріс», «Құлмамбет пен Жамбылдың айтысы», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» дастаны - кішкене қыз бала, өзі бір жерін түсініп, бір жерін түсінбесе де, пеш түбіндегі құс жастыққа сүйенген атасына дауыстап оқып беретін. Кідірмеуге, мүдірмеуге тырысатын.

Ойлап тұрса, осының бәрі сабақ екен-ау. Үлкенді сыйлау, адамды тыңдай білу, кісінің жан-дүниесін үтір-нүктесіне дейін айтқызбай ұғу секілді қазіргі заманда кез-келген адамда бола бермейтін қасиеттер, бәлкім, сол отбасы, ауыл ішіндегі сыйластықты, бірін-бірі қадірлегенді көре қалғаннан шығар...

Алматы қаласының Кеңес ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгендегі бір оқиға Шәмшаның есінде қалыпты. Жаңа келген хатшының басқаруымен өткен тұңғыш бюро мәжілісінде Иван Федорович деген майдангердің жеке мәселесі қаралып, бюро мүшелері оны партиядан шығаруды ұйғарысқан. Анда-санда ішіп қоятыны бар қарияның үстінен көршілері арыз жазыпты. Партиядан шығару туралы алғашқы шешімді естіген майдангердің:

— Қызым, мен партияға майданда, от астында жүріп өтіп едім. Ол кезде сен тумаған да шығарсың. Енді менің тағдырымды сен шешіп отырсың, — деп есіктен мұңая шығып кеткен кейпін көрген жас хатшы жан дүниесі төңкерілгендей күй кешкені сонша, тіпті екі күн ауырып қалған еді. Ақыры мәжіліс протоколына қол қоймай:

— Осы мәселені қайта қарайықшы, — деп, партиядан шығып қалуды тірідей өлгенмен пара-пар көретін майдангерді қорғап қалған хатшы сол оқиғадан кейін ірілі-ұсақты істерге кездескенде, «мұның арғы жағында адамның тағдыры тұр» деген ойды естен шығармауға тырысатын болды.

Адамдар, яғни біздер, жаратылыстың қызық туындыларымыз ғой. Қызмет бабында біреу көтерілсе, оның ақыл-парасатын, адамгершілік-іскерлігін көрмей, «е, жоғары жақтағы жерлесі немесе жездесі өсіріп отыр» дейміз. Әсіресе, бұл жағдай әйел затына қатысты болса, тіпті күрделі жорамалдармен әрлене түседі. Бірақ дүниеде бір шындық бар: ешкім де аспаннан екі аяғы салбырап түсіп, әкім не патша болмайды. Өзінің қабілетімен, жағымды мінезімен, ойлы пікірімен біреулердің көзіне түседі. Шәмшаның да партия-кеңес жүйесінде жауапты, басшы қызметке келуіне себі тиген көрнекті қоғам қайраткері, ағамыз Асанбай Асқаров болғаны рас. Астаналық облыс жастарының конференциясында Қаскелеңнен келген аудандық комсомол комитеті хатшысының батыл сын, орынды ұсыныстары облыстың бірінші басшысы Асқаровты елең еткізгені, көп ұзамай ол бұрын тек жігіттердің еншісі болып келген облыс жастары ұйымының жетекшісі болғаны да рас.

Кейін, 1986-жылы Қазақ елінде басталған алашапқын кезінде, Алматы облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы Шәмша Беркімбаеваны да «Қонаевтың, Асқаровтың» кадры» деген желбуаз желеумен, күні кеше іші-бауырына кіріп, қолын алып қалуға жүгіретін талай «тілеулестердің» ала көздерімен атқылағандары да рас. Астанада партия-кеңес саласында жүрген бөріктілерден кем түспейтін, ананың-мынаның айтқанына еруді білмейтін, өз пікірі бар, іскер де қабілетті араларындағы жалғыз қыз баланың тағдырына үңілуге, қаңқу сөзден, топтар мен таптардың тартыс-таласынан қорғап қалуға ұмтылып, жанашырлық білдіруге жараған ешбір билікті азаматтың болмағаны өкінішті-ақ. Қоғамдағы әр адамның өмірде өз жолы, өз тағдыры бар. Аумалы-төкпелі саясаттың ылғи қызыл танау боп жүретін қайраткерлерінің арасындағы қақтығыс, таластардың құрбандығы болып, қосақ арасында бос кететін адал жандардың жан азабы, қалған көңілі үшін кім жауап береді?

Ақыры, идеология саласынан әйтеуір бір кесапат табуды мақсат тұтқан басшылармен бірге жұмыстас болып, құлағына мақта тығып алып жүре беруге, кейбіреулердің қабілеті жеткенмен, Шәмшаның ары шыдай алмады. Күні кеше астана жұрты аузына қараған облыс хатшысы Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебіне директор болып баруды ұйғарды. Бұл Шәмшаның өміріндегі психологиялық салмағы ауыр кезең болды. Оның орнында басқа біреулер болса, жүрегі жарылып, енді біреулердің қан қысымы асау аттай аспанға шапшып, кейбіреулері жарық дүниемен біржола қоштасар еді.

Табиғатынан ақылға жүгінетін есті қыз ішкі қайсарлығын осы тұста көрсетті. Қаусап тұрған мектеп үйін күрделі жөндеуден өткізуді қолға алып, күн демей, түн демей іске кірісті. Қолында билік барда, жақын да, жанашыр да көп. Олардың көбі басыңнан бақ тайған күні-ақ жаныңнан жылыстап, табанын жалтыратады екен. Бірақ қандай ақырзаман туса да дүниеде жақсы адамдар бәрібір қалады. Адам кімнің жақсы, кімнің жанашыр екенін тек өз басына күн туғанда ғана таниды. Тек адамзат шіркін осы ақиқаттан қорытынды шығаруға жоқ - тез ұмытады, тез арбалады.

Пәленбай жылдан күрделі жөндеу түгілі, сылақ көрмеген мектеп үйін айтарлық қалыпқа келтіру үшін миллиондаған қаржы, вагон-вагон ағаш пен темір қажет еді.

Осы тұста қаржы министрі, бір көргенде жалтылдап әсер қалдыруға тырыспайтын азамат Төлеубек Әбдіқадыров үлкен адамгершілік көрсетіп, арнайы қаржы белуге батылдық жасады. Әдетте қолына уақытша болса да қаржы ұстап отырғандар әкесінің өзіне қалдырып кеткен мұрасындай қойнына тығып, жербауырлап жатып алады ғой. Төлеубек азамат жөн білетін, асылдың тұяғындай адам екен. Ал Алматы облысында құрылыс мәселелерін басқарған Ережеп Байсеркеев пен қаланың жоспарлау комитетінің бастығы Қаһарман Бабағұлов деген азаматтар № 12 қазақ орта мектебінің қосалқы директорлары секілді көмек пен қамқорлықтарын аямады.

Екі жылға жуық мерзімде мектепті «су жаңа» етіп, бүкіл мебелін жаңартқан Шәмша кейін халыққа білім беру министрінің орынбасарлығы қызметіне шақырылғанда, педагогикалық коллектив те, ата-аналар да шуласып наразылық білдіргені менің де есімде.

— Министр болып барса, бір жөн! Ал орынбасарлыққа жібермейміз! — деп, немересі біздің баламен оқитын Әбекең ақсақал асасын сермелеп еді. — Мұндай азамат тек бірінші басшы болуы керек!

Халық шіркін адам таниды ғой. Әлі күнге бір жерде кетіп бара жатса, сол мектептің мұғалімдері мен оқушылары қуып жетіп амандасып, мәре-сәре болып қалады.

Дегенмен, сол екі жыл Шәмша Көпбайқызы үшін адамтану университетінде оқығандай кезең болып еді. «Көпбайқызы» аталуы да әке махаббатынан қалған белгідей бір жай: қызы дүниеге келгенде, Беркімбай ағамыз жүгіре басып ауылдық кеңеске келеді.

— «Өзімнің атағыма жаз осы баламды!» — деп отырып алып еді Бекең марқұм... Сөйткен перзенті әке үмітін ақтады, айналайын! — деп еске алады сол кездегі ауылдық кеңестің хатшысы, бұл күнде зейнеткер Шалғынбай ағамыз. — Шет елдерге де, Мәскеуге де, өз халқымызға да Беркімбай атын жақсылықпен шығарды ғой Шәмша...

Ішпей-жемей, біреулерге қиянат жасамай, адал жүріп айыпталу, орнынан түсіп қалу -ат жалын ұстаған азаматтың қай-қайсысы үшін де қасіретті оқиға. Сондай сәтте жаныңды ұғатын, сенің лауазымыңа, атақ-даңқыңа ғана үйірілген бұралқы иттердей күндік сезімді біреулер емес, зейнеткер болып үйде отырсаң да, адамдығыңды аялайтын шын достарың болғанға не жетсін! Бірақ ондай дос-жолдастар көбіміздің маңдайымызға жазылмаған. Ал Шәмшада сондай достар бар. Аттан құлағандай күй кешіп жүрген күйде, жексенбіні жалғыз өткізген күні болған емес. Тәй басқаннан бірге ойнаған балалық шақтың құрбылары Ким мен Аман, студенттік жылдардың қимастары Қуанышкүл, Роза, Нұрғайша, Сұлтан, Бекен...

Не керек, әйтеуір адал достары да көп екен. Хатшы болып жүргенде қолы тие бермейтін Шәмшаны жолдастары бірде Қаратауға, бірде Алтын емелдегі Шоқан зиратына, Бақанас пен Жамбылға... қойшы, әйтеуір қыдыртудай қыдыртты.

Бұл облысқа ауысқанда Алматы қаласы, Кеңес аудандық комитетіне бірінші хатшы болып келген Әсен Бесбаева да сол аласапыран жылдардың құрбандығы болып, Шымкентке қызмет ауыстыруға мәжбүр болып еді. «Басқа ортада жалғыз өзіне қиын болып жүр-ау» деп, Шәмшаның оған да қабырғасы қайысады. Кейде жолдастарымен сенбі күндері түнделетіп Әсенге барып, ертесіне Алматыға қайтады.

Мектептің бітпес шаруасының және достарының арқасында көңілін алаңдатқанмен, ара-арасында ой тұманына оранып, қарманып қалатын кездері болады. Кейде көшеде келе жатып, ертемен бірін көтеріп, бірін жетектеп, бала-бақшаға жүгіріп бара жатқан келіншектерге көзі түсіп әрі жаны ашып, әрі қызыға қарайды. «Әйел заты боп жаратылғасын, әйелдік миссияңды орындау ғана бақыт, олай болмаса, табиғат заңына қарсы шыққаның, яғни күпірлік еткенің», — деп толғанады.

Бұл сыртына шығарып сөз айтпаса да, қызының аласапыран жан дүниесін есіктен аттап кіргеннен ұғатын Ханымбала апай ойлы қой көздерін төңкеріп, еппен басып, Шәмшаның жанына келеді.

— Төрт мүшең сау болсын, күйзеле бермеші, — дейді жұп-жұмсақ алақанын Шәмшаның саусақтарына тигізіп.

— Өзің ақ болсаң болғаны. Еліңе, жеріңе қызмет еттің. Адалдығыңды, қолыңнан іс келетінін басшылар бағаламаса, Құдай ескерер. Қыз баланың бәрі дәл сендей ел деп еңбек етсе, ата-ананың не арманы бар. Әкеңнің аруағы риза шығар, қарағым!

Жыласаң да, жадырасаң да жаныңда, ана бөлмеде, ас үйде өзіңді жақсы көретін біреу барын сезіну қандай бақыт!.. Алайда жаратылыс өз заңдылығына өзгерту жасамайды: бейнетін көрсетпей, тауқыметін тартқызбай, өзінің сындарлы да сұлу қалпында Ана да дүниеден озды. Жұмыстан, алыс жолдан дел-сал боп шаршап келгенде, жып-жылы ұядай үйдің есігін ашатын ана бұл дүниеде енді жоқ, оның асыл бейнесі ендігі жерде тек елес боп көрінеді деген ақиқат Шәмшаның ақыл әлемінен тыс жай секілді, түсініксіз.

Баяғыдан бері өзінің жеңгесіндей көріп, «Иә, сіз байдың қызысыз ғой!» — деп әзіл айтып, кейде тіпті өз дәрежесінде көңіл де бөлмей жүрген Шәмша, қаншама, ақылды болса да, «анам да бір күні дүниеден өтеді-ау» деп тіпті де ойламапты.

Мұндайда жалғыздығың, жүрегіңдегі неше түрлі жамау-жасқау, адам баласы өмірінің өткіншілігі — осының бәрі кеудеңе сыймай, тамағыңа кептеліп қылғындыра береді. Мынау қоғамдағы шуылын жасырған ала-құла өмір, жарты құртты жарып жейтін дос-жолдас пен құрбы-құрдас, жұмысың — бәрі бір әлем де, ал от басындағы тіршілік екінші әлем екен. Осы екі әлемі бірдей үйлесім тапса ғана, адам жарасты тірлік кешеді екен.

Мұндай сәттерде жаныңның ісініп асқынған пернелерін тамыр «үзетін» емшідей деп басатын — Поэзия деген ару ғана.

«Қардың басын қар алар, ханның басын қара алар» дегендей, жан дертіңе дауа болар дертті жырларды оқып, ұйықтап кетіп оянғандай күй кешесің. Әсіресе, Мұқағали жырлары адамның әртүрлі жағдайды басынан кешірер сәтінің бәрін суретке түсіріп алғандай әсер береді.

Өмірінде қазақ ақындарының айтысын өткізу түгілі министрлік аппаратының бір жиыны қазақ тілінде өтіп көрмеген Халыққа білім беру министрлігінен едәуір қаражат бөлдіріп, Мұқағали Мақатаевтың алпыс жылдығы құрметіне студенттердің республикалық тұңғыш айтысын өткізуге себеп болған да — министрдің орынбасары Шәмша Беркімбаеваның Поэзияға деген махаббат сезімі еді.

Министрлікте «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы ма, қазақ мектептеріне арналған оқу құралдарының мәселесі ме, оқушыларға эстетикалық білім беру деңгейі ме — осының бәрі, түптеп келгенде, министрдің орынбасары Шәмша Беркімбаеваға тіреледі.

Көзге көріне бермейтін тәрбие жұмыстарының шытырман салалары, оның арасында түрлі қоғамдық тапсырмалар кейде басыңды бұрғызбайды. Арбаның дөңгелегіндей бірінен кейін бірі келеді де тұрады. Кейде не істеп, не қойғаныңды білмейсің. Заманның екпінінен бе, қоғамның мешеулігінен бе, әйтеуір адам баласының шыбын жаны шыбындай тыныштық сезуден қалды. Осындай тірлік кешіп жүргесін бе, өмір дегеннің өзі де мәнсіз, мағынасыз бірдеңедей көрініп кетеді кей сәтте.

Мұндай күйрек, шаршаңқы көңіл күй баураған кезде, Шәмша ауылға тартып кеткісі келеді. Атқа мініп, сар желіспен отырып, сүйікті атасы (ол әкесін «Ата» деп кеткен), аяулы Майапасы мен ардақты анасы, күні кеше тай-құлындай тебісіп қатар өскен бұл біреулерге деген ашудан булыққанда, оған қаттырақ сөз айтып қалса да, күлімдей қарап, сүйсіне тыңдап отыратын тетелес ағасы, кешегі Сейділда мәңгі мекен тепкен боз төбеге барып жүрек сезіміне ерік беріп, сонан соң атын жетелеген күйі түтіні будақтаған ауылға қарай аяңдаса... Ауылда өскен адамның тек көкжиегі сонадайдан қол бұлғаған далаға, баурайы бұлдыраған тау бөктеріне есі-дерті ауады да тұрады. Күйбең тірліктің бір дертінен сол ғана айықтырардай, сол ғана жаныңа дауа болардай.

Әлде алдау-арбаудан, тек бас пайдасын ойлайтын пасықтықтан, біреудің аман, абыройлы, сыйлы жүргенін көрсе, көздерін шатынатып ауыртып тастайтын қызғаныш құзырынан жырақ жүретін кейбір адамдарды тазалық сүзгісіндей Табиғат-ана өз құшағына — саумал самал мен жусанды беліне көбіміз сезінбейтін ғарыштық белгілері арқылы шақыра ма екен?

Тұрмыстың, күнделікті өмірдің шабуылдаған қам-қарекетіне байланған адам баласының билікке таласу, жақсы киім кию, үйінің ішін ағаш пен сылдырмақ жылтыраққа толтыру секілді барған сайын жердің бетін былықтырып бара жатқан қара ниеті мен алпауыт араны бүкіл дүниеге занталы зәрін шашып тұрған заманда, ойын да, өмірін де, пиғылын да таза сақтап, табиғи қалпында қалатын адамдар сирек кездеседі.

Биік адамгершілік, бір сөзділік, шынайы тілеулестік, мейрімділік, шыншылдық атты қасиеттер экологиялық апатқа ұшырағандай күй кешкен дүниеден сол қасиеттерді сақтаған жан көрсең, жерден жеті қоян тапқандай, шаттануды ұмытып бара жатқан көңіліңді қуаныш кернейді. Сонда екі дүниеге бірдей не заманнан тақтан түспей әмірін жүргізіп отырған ұлы мәртебелі Алла тағалаға шүкіршілік білдіріп, әлгіндей бірен-саран адамдардың тілеуін тілейсін, амандығын сұрайсың.

Бәрі жазғытұрымғы жаңбырдай өткінші жалғанда тілеулестіктен басқа баянды сый-сияпат жоқтай көрінеді маған.

Абзал әкенің үкілі үмітіне ел-жұртының, туған халқының тілеулес ықыласын қоса нәзік иығымен көтеріп келе жатқан Шәмшадай сіңлілерімді «менің халқымның қыздары осындай» деп мақтаныш тұтамын, сол сезімімнен өзім де биіктей түскендей күй кешемін.

Жер бетінде сезінетін, сенетін, үміт артатын тым болмаса қыздар бар екенін түйсіну де бақыт екен!..

1992.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама