Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әл-Фараби және Абай мұрасы туралы зерттеу еңбектер

 Әл-Фараби мұрасын зерттеуді алғашқы болып қолға алған, еліміздегі фарабитанудың іргетасын қалаушы ғалым Ақжан Машани: «Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із қалдырған» дей келе: «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, үндестіру – халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз» деп түйіндейді. Ал белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Әбу Насыр әл-Фараби ғылымның пәлсапа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математика саласында үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын да  тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған»,-деп ой түюі де бекер болмаса керек.

Дау жоқ, ғалым трактаттарындағы тұжырымдарды түсіну белгілі бір жоғары деңгейді, ішкі дайындық пен сананы қажет етері анық. Асылы, бидің сөзін құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ.  Ұлы Даланың ұлағатты тұлғасы Әбу Насыр әл-Фараби  – дуалы ауыз тұлға. Ойшыл адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетерін баса айтады. Ғалым адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиістілігін болжап, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып білу арқылы жетілеріне арқа сүйейді. Бұл тұжырымды ойға имандай сенесің, себебі Әбу Насырдың өзі де өмір бойы тап осы қағидатты басты кредо етті емес пе. Нәтижеде телегей табысқа, кемел парасатқа жетті емес пе. Өкініштісі, тап осы түйінді тезиске екінің бірі мүлдем мән бермейді, бастапқыда тіпті түсінбейді, кештеу ұғынып жатамыз. Адам санасының жаңғыруы нәтижелі жаңалыққа әкелмек. Шын білімді ақиқат, анық білім деп ұққан  ғалым білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатарын бағдарлай келе, білімді болуды жаңалық ашуға қабілетті болу тұрғысында пайымдайды. Осы тұста да ойшыл бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында екендігіне акцент береді. Осыдан кейін білімге, білуге ұмтылмай гөр! Өз кеудеңде өзіңе Америка ашқың келсе, өз-өзіңді танығың келсе, түбірімен өзіңді түлеткің келсе, білімге ұмтыл. Өзге жол жоқ. Жетік біліміңнің айқын көрінісі – сенің білігің. Тек білім ғана телегей-теңіз білік қалыптастырмақ. Бірегей білігің – Сіздің күнделікті алуан жағдаяттағы ұтымды сөзіңіз, сізге еселей қуаныш сыйлар күнделікті қисынды да мақсатты мағыналы іс-әрекетіңіз. Адам баласының межелеген айқын мақсаты арқасында тұлға ретінде сомдалуға септесер білік-жүйе молая түспек. Демек, білімің –  білігің, сөзің – өзің. Бұл саты ғылым өріне өрлетпек.

Ғұламаның айтуынша, ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұшқырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұяламақ. Олай болса, ғылыммен айналысар адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек. Тіпті бұл реттегі ғұламаның ғылым үйренуге кіріспекші кісі тәрбиелі, адамгершілігі мол, адал, қулық-сұмдықтан және басқа да ағат мінез-құлықтан аулақ болуы қажеттілігін астын сыза айтуы ойлантпай қоймайды. Демек, бүгінде қаншама қажет болғанымен ғылымға бет бұру, ғылыммен айналысу еріккеннің ермегі емес. Білім-тәжірибе, ғылым-ілім нәтижесі адам бойына орасан ақыл-парасат сыйлайды. Білім-ғылымның құдіреті осында. Ал адамға ғана тән ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсылық пен жаман қылықтың аражігін ашуына бірден-бір жәрдемдесер, бірден-бір көмектесер бірегей құдіретті күш іспетті құбылыс. Демек, әл-Фарабише түйінделер тезис – қоғамдағы барша қиыншылықты жеңетін адамды бақытқа жеткізетін күш – адамның ақыл-ойы, ақыл-парасаты.

Әбу Насыр әл-Фараби – Шығыс әлемінің рухани ұстазы. Ғұлама адам бойындағы мінез-құлық мінін рухани кеселге балайды. Мінезді жанның айнасы деуі де осыдан болса керек. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы өзге емес, тек жақсы мінез-құлыққа байланыстылығы тегін емес. Қалай болғанда да мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтары даусыз. Әл-Фарабише ой өрсек, рухы мықты ұстаздың әркез ескерер түпкі мақсаты – шәкірт мінез-құлқындағы жағымсыз мінез, жағымсыз қылықты болдырмау, онда жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру.

Бұл ғаламда әр адамның өз орны барлығын мойындар болсақ, ғұлама ар, адалдық, адамгершілік қасиеттерін алғы кезекке қояды. Ақиқаттың адалдықпен ағзаластығын айта келіп, ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланыстылығын баса көрсетеді, тіпті бұл ретте «өзгенің пікірін иемденіп кетудің надандық һәм ниеті арам адамға лайық іс» екендігіне налиды. Таңғалар тұс, бүгінде көз майыңды ағызып, маңдай теріңді тамызып, ми ашыта, жан қинай, сансыз секундыңды сарп ете терлеп-тепшіп жазған жазбаларыңды екінің бірі мысқал да ойланбастан, еш шімірікпестен селт етпей көшіріп алып, өз аттарынан жариялай саларын көргенде ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзі еске түсері кәміл. Өз бойында жоқ қасиеттерге құмар кісінің көлгір келері де осыдан болса керек-ті.

Әркімнің өзі шығар биігі бар десек, Әбу Насыр әл-Фараби  – өзіндік шырқау биігіне шыға білген, бір өзі-ақ бір университет бола алған заңғар тұлға. Ғұлама тұлға тұғырының берік болуына баса мән береді. Мына әлемді адасудан жартылай құтқарар тек тәрбиелі тұлғалар екендігіне кәміл сенеді, сендіреді. Сәйкесінше, тәрбиелеуді адамның бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнер қуатын дарыту тұрғысында таразылайды. Ұлы педагог әл-Фараби: «Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіріледі, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан-дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді»,-деп жазады. Демек, тәрбие – толыққанды тұлға қалыптасуының басы. Бұл ретте әйгілі әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген тұжырымы әлем педагогтарының санасында. Бұл орайда ғұлама әл-Фарабиге сүйене айтар болсақ, тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. Жаман қылық – жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек. Ғалым: «Еңбек етудің өзі – өнер. Еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады»,-деп жазады. Қысқасы, педагог-ғалым әл-Фараби: «Тәрбиеші – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол – күллі ой мен қимыл іс-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған оттың көзі», — деп түйіндеген. Әбу Насыр әл-Фарабише, адамның тоқымашы не атбегі болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға бітпейді. Егер де адамның тәндік жаратылысы дамуының негізгі көрсеткіші дененің саулығы болса да, адам атаулы кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Десек те, адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туабітті мүмкіндігі мен қабілет-қарымы жетері даусыз. Тек дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталмақ. Асылы, ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік болса керек-ті. Ал еркіндік аясында қол жеткізер бақыт, қуаныш және ләззат сезімдері асқан сұлу, ең әсем және аса көркем дүниелерді қолмен ұстағандай айқын және кемел дүниелер ретінде танып-білу арқылы ғана пайда болып, толық болмысқа ие болмақ.  Дұрысы – ізгі де қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы тиіс. Кезекті қарапайым аксиома. Ұлы тұжырымдар қашан да қарапайым болып келмей ме? Бізде солай ма? Өкінішке орай, бізде көбінесе, керісінше. Мәселен, педагог мәртебесі турасында енді-енді қолға алудамыз. Қуанарлығы – бұл бағыттағы істе оңды қозғалыстың барлығы. Жалпы өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу қажет-ақ. Тек қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да, игілігін көріп, рақатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.

Абай әлемі – мәңгілік мұра, қымбат қазыналар қатарына жататындықтан, ғасырдан астам уақыт бойы сөз етіліп, әр алуан бағытта зерттеулер жүйесіне айналып келеді. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» — деп Абайды аса жоғары бағалады.

Абайдың алғашқы жинағы  1909 жылы  Санкт-Петербургте басылған. Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармалары түгел қамтылды.

Һәкім Абайдың алғашқы жинағын Кәкітай Ысқақұлы мен ұлы Тұрағыл баспаға дайындады. Ал 1933 жылы Абай шығармаларын Мұхтар Әуезов баспаға дайындаған. Мұхтар Әуезов Абай шығармашылығы туралы «Абайдың туысы мен өмірі» атты көлемді мақала мен сол томда ақын өлеңдеріне қосымша ретінде берілген түсінік кейін көлемді монографиялық зерттеуге ұласты. 1934 жылы Ілияс Жансүгіров, Ахмет Жұбанов секілді әдебиет және ғылым қайраткерлері Абай шығармалары жөнінде көлемді мақалалар жазды.

1933–57 жылдар аралығында ақын шығармаларын жариялауда, олардың ғылыми басылымын жасауда ғалымдар орасан зор еңбек етті. Әсіресе, 1957 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген, Әуезовтің басшылығымен және тікелей қатысуымен дайындалған Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы Абайтану ғылымындағы елеулі табыс болды. Әуезов ұзақ жылдар бойы ізденіп, сан алуан деректерді зерттеп, жүйеге түсіріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жазып шықты.

Сонымен қатар М.Әуезов айқындап берген абайтанудың сегіз түрі тақырыптық зерттеу аясында құнды еңбектер жарық көрді. Мәселен, Абай өмірбаянына қатысты Б.Байғалиевтің «Абай өмірі – мұрағат деректерінде» монографиясы, Абайдың Шығысқа қатысы жайлы М.Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» монографиясы, «Абай және Шығыс монографиясы», Қ.Салғариннің «Тереңге тартқан тамырлар» зерттеуі, С.Оразалиевтің «Абай  және Дауани», Ғ.Есимовтің «Хакім Абай», А.Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ж.Ысмағұловтың «Абайдың ақындық тағылымы», М.Бекбосыновтың «Абайдың библиографиялық көрсеткіштері» (1965, 1988, 1995), М.Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» т.б. зерттеушілердің зерттеулері жазылды.

Тәуелсіздің жылдарындағы Абай мұраларын зерттеп жүрген ғалымдар арасынан Тұрсын Жұртбай, Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапайларды ерекше атап өту керек. Абайды тану мәселесі ұлтымыздың рухани өміріндегі толастамайтын мәдени саясттың мүддесі және күре тамырлы бағыты болғандықтан да Тұрсын Жұртбайдың «Күйесің, жүрек… сүйесің» кітабының маңызы зор. Ғалым аталған кітабында: «Абай шындық үшін ешкімді де аямайтын өте қатал сыншы. Тәңірім ондай азаптың бетін аулақ қылсын сізден. Тек іздегеніңізді таппасаңыз, мұратыңызға жетпесеңіз, жалғаннан жалықсаңыз, мәңгіліктің де, бақилықтың да баянсыздығына көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенсе ғана іштегі шеріңіз еріп, ойыңызға өт құйылса ғана Абайдың «іші толған у мен дерт» жан дүниесін түсіну сапарына аттаныңыз. Ол Сіздің өзіңіздің таным сапарыңыз болады. Абай арқылы өзіңізді танысаңыз –  мұратқа жеткеніңіз”, — дейді.

Советова Меруерт, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты

Жанатаев Данат Жанатайұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама