- 15 қаң. 2020 00:00
- 221
Алаштың әйелі Ақшолпан туралы
Ендігі бір ауыз сөз, анамыз Ақшолпанның көрегендігі жайын да.
Алаштың әйелі Ақшолпан анамыз перзентті кешігіп көреді. Сол кешігіп көрген баласын көтерерде, анамыз әртүрлі нәрселерге жерік болады. Әдепкі баласын — Ақарысты көтергенде, құс пен қойдың етіне жерік болады. Осы баласын туғанда, анамыз ауыл адамдарын шақырып алып, тамақ беріп отырғанда: «Бұл баламды көтерерде құс пен қой етіне жерік болдым. Мұның тұқымы — майда, ұсақ және қой мінезді жуас
болар», — депті.
Екінші баласы Жанарысты көтерерде түйенің өркеші мен қомына, жылқының қазысы мен қартасына жерік болады. Бұл баласын туған соң шілдеханаға келген адамдарға: «Мұны көтерерде жылқының қазысы мен қартасына, түйенің өркеші мен қомына жерік болдым. Мұның тұқымында қазақтың хандық дәрежесі мен сән-салтанаты қалар, ханның тағы осы баламның ұрпағында тұрар!» — депті.
Үшінші баласын көтерерде, анамыз өзінің ерінің ерлігіне құмартады. Бұл баласы — Бекарысты туған соң шілдеханаға келген адамдарына анамыз: «Мұны көтерерде ерімнің ерлігіне құмартып едім, бұл баламның ұрпағы кілең ірі, сой болып туып, бек қазақтың қорғаны болар!» — депті.