- 24 қыр. 2018 00:00
- 311
Алло, Мәутік!
Аудандық тұтынушылар одағының қызметкері Кербике жеңгей келсаптай білектерін екі жаққа созып, ұзақ есінеді. Телефонның құлағын ғыр-ғыр еткізіп бұрады да, трубканы құлағына тосты:
— Әй, сары қыз, біздің пәтерді жалғап жіберші!.. Алтайка, папаң үйде ме?.. телефонға шақыршы, қалқам... Алло, Мәутік, мен үйге бүгін кешігіп барамын. Облыстан ревизор келмекші екен, соған әзірлену керек... сен былай істе: баланы ал да, отын жар. Сосын қазанға от жақ. Қазыға жас етті араластырып молырақ салғайсың. Шырпы ошақтың басында. Абайла, тұзы өткір боп кетпесін... Естіп тұрсың ба?.. Иә, дұрыс, солай істе!.. Алло, алло!.. Ұмытып барады екем... Сиырды қазыққа байлап, тағараға кебек сала салшы, жеп тұрсын. Бұзауына сақ бол, еміп қоймасын. Сырғашка қайда?.. Ойнап жүр дейсің бе?..Айналайын, әкем-ау, сақ болшы, әйтеуір. Мәшине-пәшине басып кетпесін!.. Сосын, Ермекжанның жаялығын далаға жая салшы, бай болғыр...
Кербике «уф» деп ауыр дем алып, трубканы тұғырына сарт еткізіп тастай салды. Ақ шайнектен пиялаға қою күрең шайды құйды да, сораптап іше бастады. Шып-шып терлеген кең маңдайын жібек орамалмен жиі-жиі сүртіп қояды. Аппақ бұғағы бүлкілдеп, оқтын-оқтын ықылық атады.
Кербике жеңгей трубкаға қайта қол салды.
— Алло!.. Райфо, райфо!.. Ә-ә, Шәрипаш, халің жақсы ма?.. Кербике ғой... Иә, біздің әлгі Мәутік жалақысын алды ма?.. Дұрыс, дұрыс! Премия берген жоқсыңдар ғой... Қанша қанша?.. Елу сом дейсің бе, ей!.. Түу, мо-ло-дед!.. Жақ-сы!.. Әй, әлгі кәупек баспен кездесіп тұрасың ба?.. Е-е-е жөн, жөн. Бұл пәни дүниеден шалқып бір өтсейші, жазған-ау!..
Кербикеиің бұғағы дірілдеп, көзі жайнап кетті. Жалма-жан үйіне телефон соқты.
— Алло, Мәутік!.. Жалақыңды алдың ба, жаным? Өте жақсы! Ал, премия ше? Та-ма-ш-а! Жарайсың, шалым!.. Мәутишка, ақшаңды ысырап етпей, менің қызыл сумкама салып қой. Көкмойын дейсің бе? Бір шөлмек алуыңа болады. Жо-ж-о-жоқ, көп көкіме! Бір шөлмек қана... Әй, Мәутікжан, қазаның қайнады ма? Қайнаса, бетінен көбігін кілкіп қана ал да, сорпасын шөмішпен сапырып-сапырып жібер. Ошақтың шоғын алдына ысыра салшы, қазан баяу қайнасын. Тұзы тәуір ме?.. Жарайсың, шалым!.. Алло, Мәутишка!.. Мен барғанша қамыр илеп, дайындап қой! Елгезер асханада ілулі тұр... Иә, солай істе, дұрыс!..
Стол үстіндегі ашылып-шашылған бума-бума қағаздарды жиыстырып жатып, Кербике жеңгей тағы бір мекемеге телефон соқты.
— Алло, раймаг?.. Бұ кім екен? Марзифа ма?.. Халің жақсы ма, шырағым?.. Мен саған мынаны ескертейін деген едім; бүгін сендердің дүкендеріңе он екі дана жемпір түседі. Иә, иә!.. Бағасы отыз сомнан... Таптырмайтын дүние!.. Соның біреуін маған сақтап қойшы, жаным. Құдақаласа, ертең барып алармын... Келістік қой, қош сау бол, төрем!.. «Жаман» ініме сәлем айта сал...
Кербике жеңгей рақаттана тағы бір есінеді. Қол сағатына қарап еді, бестен асып барады екен. Кенет телефон шылдырлады. Ол құлағын тосты.
— Алло!.. Иә, тыңдап тұрмын... Қай колхоздан?.. Шырағым-ау, қызмет уақыты бітті ғой. Азаматтық правомызды пайдалана аламыз ба, жоқ па?.. Еңбек тәртібін отырғандарың жөн бе осы?.. Ертең хабарлас, қарағым... Қош сау бол!..
Кабинет есігі жартылай ашылды. Бір жас қыздың қылтиған басы көрінді.
— Апай, жалақыңызды алыңыз.
— Құп болады жаным, қазір...
Кербике кердеңдей басып кабинеттен шықты.