Photo: Bayar Bayar (https://www.pexels.com/@bayar-bayar-631990811) / Pexels
- 21 мам. 2026 18:31
- 20
Алматыдағы Hilton қонақүйіне қатысты дау қайта өршіп, заңсыздықтарға жол берілді деген күдік күшейді
Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйінің иелігіне қатысты дау жаңа сипат алды. Кәсіпкер Шолпан Қаранеева нысанның өзінен заңсыз тартып алынғанын айтып, құқығын қалпына келтіруге тырысуда. Оқиғаның астарында қонақүйді мемлекет меншігіне өткізу кезінде орын алуы мүмкін заңсыздықтар жатыр.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселенің мән-жайына сүйенсек, кәсіпкер бұған дейін DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйін банк несиесіне салып, Hilton франшизасын сатып алған болатын. Алайда пандемия кезінде қонақүй жұмысы тоқтап, қаржылық қиындықтар туындаған. Кейін банк лицензиясынан айырылып, қарыздарды өндіру процесіне коллекторлық агенттік араласқан.
Құны миллиардтаған нысан арзанға сатылған
Кейіннен құны 9 миллиард теңгеден асатын қонақүй әлдеқайда арзан бағаға сатылып кеткені айтылады. Басылым дерегінше, нысан кейін Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар компаниялардың бақылауына өткен. Коллекторлық агенттік қонақүй мүлкін өте төмен бағалап, оны Baidala V компаниясына өткізген. Бұл компания кейін нысанды Қайрат Сатыбалдының иелігіне рәсімдеген. Одан кейін қонақүй мемлекетке “қайтарылған активтердің” қатарына енген.
Заңсыздық пен рейдерлік айыптары
Алайда, кәсіпкер Шолпан Қаранеева мен оның адвокаттары бұл процестің бәрі заңсыз жүргізілгенін мәлімдеп отыр. Олар қонақүй рейдерлік жолмен тартып алынған деп санайды. Бұл бойынша қылмыстық іс те қозғалған, бірақ 11 ай тергелген іс күтпеген жерден тоқтатылған.
Қонақүй мүлкін бағалаған сарапшының небәрі бірнеше күн ішінде 400 беттік есеп дайындағаны және нысанның тозу деңгейі нақты құжатсыз, “көзбен шамалап” анықталғаны дау тудыруда.
Hilton брендінің тағдыры
Даудың тағы бір қыры – Hilton брендіне қатысты. Кәсіпкер адвокаттарының айтуынша, халықаралық Hilton атауын пайдалану құқығы әлі де заңды франшиза иесінде қалуы тиіс. Қонақүй мемлекетке брендпен бірге берілгендей көрсетілгенімен, мұндай құқықты ешкім заңды түрде өткізе алмаған.
Exclusive.kz бұл оқиғаны “Ескі Қазақстанның” әдістері әлі де жойылмағанының белгісі ретінде бағалап отыр. Бизнеске қысым көрсету, мүлікті күмәнді жолмен қайта бөлу және қылмыстық істердің аяқсыз қалуы қоғамда көптеген сұрақтар туғызуда.