Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 52 минут бұрын)
“Алматының түндері-ай“ әні айналасындағы дау: Кімдікі?

Қазақстандықтардың көпшілігіне таныс “Алматының түндері-ай“ әні даудың ортасында қалды. Әннің шыққанына 12 жыл өткен соң, әнші Әлішер Қайратовтың жұбайы бұл туындының құқығы өзінің күйеуіне тиесілі екенін айтып, Қайрат Нұртастың бұл әннен жылдар бойы жалғыз пайда көріп келе жатқанын мәлімдеді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Даудың басы қалай басталды?

Әлішер Қайратовтың жұбайы Сандина Threads желісіндегі парақшасында бұл туралы жазба жариялады. Ол 2013 жылы әннің құқығын күйеуі сатып алғанын айтады.

«Қайрат Нұртас орындайтын “Алматының түндері-ай“ әнінің авторы менің күйеуім Әлішер Қайратов екенін білдіңіздер ме? Олар бұрын бірге орындаған. Құқығы бойынша, Қайрат бұл әнді басқа әншілермен бірге орындамауы керек – тек өзі немесе автормен бірге орындауы тиіс. Мен бұл туралы 12 жылдан кейін жазуды жөн көрдім», - деп жазды Сандина.

Сандинаның айтуынша, әннің құқығы 13 жыл бұрын Әлішерге берілген. Олардың қолындағы құжаттарға сәйкес, ән 2013 жылы 18 қаңтарда жасалып, құқығы толықтай берілген. Бұл келісімдер бұған дейін жеке және жұмыс бабындағы себептерге байланысты жария етілмеген.

Әннің шығу тарихы

Сандинаның сөзінше, Әлішер мен Қайрат Нұртас мектеп кезінен таныс. Бір тойда кездескенде, олар бірнеше әнді бірлесіп жазуға келіскен. Әлішерге сол кезде 16 жаста болған, ҰБТ-ға дайындалып жүрген. Әлішердің әжесінің мерейтойына Қайрат Нұртас шақырылған. Сол жерде Қайрат ән шырқапты. Кейін екеуі ән жазуға келісіп, композитор Самат Рыспанбеттен музыкасын сатып алған. Кейін әнінің мәтіні үшін Құрманғазы Бахтиярқызына Шымкентке барып, ақша төлеген.

Әлішердің тарапы ән мен оның насихатталуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алған. Олардың айтуынша, бұл ән үшін 4-5 мың доллар көлемінде гонорар төленген. Әннің мәтіні мен музыкалық материалына, сондай-ақ цифрлық платформалардағы насихатына да Әлішердің отбасы қаржы бөлген.

Кейін “Алматының түндері-ай“ әні жазылып, одан кейін “Қайда-қайда“ және “Қалай жетем“ атты екі бірлескен туынды жарық көрген.

Құқықтық талаптар

Сандинаның айтуынша, отбасына әнді жарнамада және стриминг платформаларында пайдаланғаны үшін ешқандай төлем жасалмаған. Олардың сөзінше, әнді коммерциялық мақсатта пайдалану, соның ішінде жарнамада қолдану немесе үшінші тұлғалармен бірге орындау үшін құқық иеленушімен келісім талап етіледі. Әзірге мұндай келісім берілмеген.

Қазіргі таңда Әлішердің отбасы мәселенің заңды жағын зерттеп жатыр. Олар өздерінің авторлық құқықтарын қорғап, Нұртас командасының әрекеттеріне құқықтық баға беруді көздеп отыр.

Қайрат Нұртастың ұстанымы

Қайрат Нұртастың өкілдерімен байланысқанымызда, олар бұл мәселе бойынша ешқандай шағым немесе ресми өтініш алмағандарын хабарлады. Олар авторлық құқыққа қатысты кез келген мәселеге құрметпен қарайтындарын және конструктивті диалогқа ашық екендерін білдірді.

Ән туралы не белгілі?

YouTube Music деректері бойынша, әннің композиторы – Самат Рыспанбет, мәтін авторы – Құрманғазы Бахтиярқызы. Құқық иесі ретінде Kairat Nurtas Production көрсетілген. Әннің Қайрат Нұртастың жеке орындауындағы, Әлішер Қайратовпен дуэт нұсқасы және Нюшамен бірге орындаған нұсқасы бар. Нюшамен бірге орындалған нұсқасы YouTube-те 30 миллионға жуық қаралым жинап, стриминг платформаларында 3 миллионнан астам тыңдалымға ие болды.

Еске сала кетейік, әннің мәтін авторы Құрманғазы Бахтиярқызы 2024 жылдың қазан айында 49 жасында қайтыс болды. Ол өзінің шығармашылық жолында 200-ден астам хит ән жазған.

Жаңалықтар

Жарнама