Аң
...Қара түннен қабарып туған елес еді.
Алапат үлкен де емес, тым кіші деуге де келмес. Тыриған арық, терісі сүйегіне қынаша жабысқан. Түн түнегінен де өткен қап-қара еді. Қып-қызыл көзін Тәңірім жаратарда тозақтың бір түйір шоғымен қарып жіберген тәрізді. Көз емес еді ол. Ол мәңгі жазылмас жара еді! Тісі ше! Ақсиған сары тістері сақ-сақ етіп, көмейден лықсыған ашу-ыза толы арылды қайрап, жанып-жонып, сүңгіше кезеп шығарғандай. Оң езуінен салақұлаш тілі, тілден шұбырған жын-құсық та қоса ақтарылған. Әне-міне дегенше сақылдаған тістері тілін турап жіберіп, аяғының астында аунақшыған топырақ топанына араласып кетердей. Айғай-сүренге басқан қарулы топтан жанталаса қашқан ібіліс үш-төрт қырдан аса алмады. Соңынан ысқыра жеткен ып-ыстық оқ шүйдесінен дөп қадалып, басын жарып жіберген сәтте ақтық рет көкке атылып, бес-алты домалап барып, жантәсілім еткен. Қуғыншылар әп-сәтте жетті. Тозақ өртінен отқа оранып шыққан ібілістің тәнінде қылтанақ қалмай үйітілген екен. Аңшы етігімен төсінен бір теуіп, аунатып жібергенде шоқ қарып, пісіп қалған табандары сояу тырнақтарымен қоса түсе-түсе қалды. Адам алақанына жетеғабыл төрт табан енді жер баспайтыны анық еді. Сояу тырнақтар да қаһарлы иесінің әмірімен азығының алқымын орып түспес!
* * *
Ырғалған топты қамыстың үкісі желге ұшып, сабағы қатып-семген қысыр күз. Аптапты жаздың ақырғы демі жалын атқан кез ауыл іргесіндегі Сасықкөлдің де табаны тілініп, қақтанып қалатын. Бір тамшы су таппайсың. Көктемеде аққу ұшып, қаз-үйрек айдынына қанат жайған деп кім айтады. Тек қопасы қалың тұсында таңда түтін тәріздес дем шығаратын алақандай ғана батпақ қалар. Жазғытұрым алты ай жамылған тонының тігісі сөгіліп, тоңынан бу бұйраланып, жігі ыдыраған даланың барша суы жылғаланып құйылар еді Сасықкөлге. Қопа-қорысына үйрек-қаз ұя салады. Таңнан Күн әулие үйіне қайтқанша батпақты көлшік үсті қаз-қаңқыл, сұқсыр-сұңқылға толады. Әріден әупілдектің құмыққан үні, беріден шегірткенің шексіз шырылы түнге ұзатады мезгілді. Сол күндерді аңсап, кенезесі кепкен Сасықкөл тамыздың соңы, күйектің басында қылуетке түсіп кеткендей жер астына жасырынады. Құспен бірге көкке ұшып кетеді буланып. Қамысы қаудырап, қағы саудырап, жынысы тамыр-томар кемірген сұр тышқанға бұйырады. Аумағына ауыл қонғандай қамыстың табанынан дымқыл дым, жанарынан жасы кеткенмен ық жағына шықсаң демала алмай қаласың. Сасықкөлдің өзі жоқ болса да, иісі қалады, жарықтық. Білетіндер қалың құстың саңғырығы, көрші ауылдағы соқыр шалдың көктем сайын жоғалатын малының өлексесінің иісі деседі. Ауылдан қаңғып шығып кетіп, батпаққа батып қалған тайынша-торпақ та бар, мал жоғалса осы қамыстан іздеңдер деседі ел. Айтқыштар бірақ, аяқ баспайды бұл тұсқа. Әлдеқандай үрей айтысады ел. Біреулер таң бозында қамысқа енген топты шайтанды көрген-мыс. Ырсиған арық. Сүмірейіп, сүмпиіп қалған. Бойлары бес-алты жасар баладан сәл ғана озыңқы екен. Түн ауа бәйгетөбе жақтан алтыбақан теуіп қайтқан қыз-бозбала қамыс арасынан жоқтау айтқан әйелдің зарын естіген-міс. Бәрі бірдей естіген. Бойын желік билеген біреулер барып көрмек болған. Молданың немересі болмаса, барады екен де. Сол алып қалған. «Жын жайлаған қамысқа бармаған абзал» деген молдекеңнің тақиялы періштесі.
Сол Сасықкөл. Сасықкөлдің құпиясы бір-ақ күнде ашылды, керісінше, жылдар бойы елдің бай қиялынан тамызық алып келе жатқан қамысты қорыс-қопа бір-ақ күнде тып-типыл жойылды.
Тамыздың шырпы тастасаң лап ете түсер аптапты сәттерінің соңы күзге ұласқан, әлде, қыркүйек, әлде, қазанның шыбынсыз жаз күндерінің бірінде Шәкеңнің ауласына қос джип кеп тоқтады. Шәкеңнің қаладағы байшыкеш құдасы екен. Әкім атаулы, бай-бағлан бәрі жаппай аңшы боп кеткен, қаладағы сасық байлығынан жерігенсіп, дала кезіп кеткен кез. Бұлар да сол қатардан. Балық аулай шыққан, құс атпақ. Піл сауырлы қос джиптің жүксалғышы толған оқ-дәрі, ау-қармақ, арақ-шарап, азық-мүкәммал. Құданың мойнында дүрбі, басына қақырайған ши қалпақ. Күнқағары төрт қанат киіз үйдің шаңырағындай ковбой-қалпақ. Белге тізесін соқтырып екі-үш қанжар ілген, оң иығынан оқшантай құлатқан. Үшінші дүниежүзілік соғысқа аттанып бара жатқан сыңайда. Маң. Маңғаз. Шәкең қалбалақтай қарсы алды.
— Уа, құда, қош келдіңіз! Апырай, кешегінің батыры сіздей-ақ болған шығар. Пай-пай!
Құдасы да қарқ-қарқ етіп, Шәкеңді қапсыра құшты.
— Құс атамыз, болмаса, бөтелке атамыз. Тіпті, болмаса, құданың бір тоқтысын кәуап қып қайтамыз деп келеміз, Шәке!
— Ой, соның барлығын бірге көрген абзал шығар! Ал, төрлетіңіздер! Біз сусын ішкенше, бала да малға барып келер...
— Құдеке, ештеңеге әуре болмаңыз. Таңдайымыз кеуіп келе жатқан жоқ. Татып жүрген дәм ғой. Қайта Сіз бізге еріңіз. Азығымыз жолда деп шыққанбыз.
Шәкең құдасы кіреберістен қайтты. «Құда деген үйге бас сұқпаушы ма еді! Бірақ, бақайшағына дейін қаруланған пәленің үйге енгені де жаман ырым. Қазақ қылышын тастап кіруші еді ғой. Кірмесе, кірмей-ақ қойсын...» Әп-сәтте дайын болған Шәкеңді көліктің алдына жайғастырған аңшылар момақан ауылды шаңға қақалтып, түзге тартып отырды.
Құдасына «екі күн бойы табаным тартып жол жүретіндей, алақаным қышып әлдекімге амандасатындай болып жүр едім» деген Шәкеңнің таңы айырылған екі күн дала кезумен өтті. Ұшқан құс, жүгірген аң көзге іліксінші! Ақбөкені ауып, арқары іргедегі полигон уынан арам өлген түлей түз, тарғыл тауда неғылған аңшылық?! Ақыры, сілелері қатып, азықтары түгесіліп, соңғы бөтелке, бір білек колбасамен ауылға тақай кеп, Сасықкөлдің тұсына ат шалдырған. Оны-мұныны айтып, бірер сағат отырып, шөлмектегі уды тауысып, көлік жіберіп, ауылдан арақ алдырған топты аңшы масайрап отырғанда Жынды Жақай келген ентігіп. Үсті-басы шаң-шаң әруей кезінде аруақты көкпаршы, айдарлы балуан еді дегенге кім сенер?
— Көкелер, өлтірмесеңдер, ауызыма су тамызыңдаршы!
— Өй, не болды? Сен ішпеуші ең ғой?..
— Жоқ! Ішем! Дәл қазір! Бір ажалдан қалдым!
Жақай жылап жіберді. Шәкең әдемі отырысты қимағанымен, мына бәлелерден қалай құтылам деп отыр еді-ау.
— Ойбай, құйыңдар мынаған, — деді құдасы.
Балаша боздаған Жақай қырлы стақанды басына бір-ақ көтерді.
— Уф, — деді сосын, — Бір ажалдан қалдым! Қасқырға жем бола жаздадым!
Екі күн тірі аңның қиын көрмей, сай-саланы шөлмек шынысына толтырып келе жатқан аңшылар «Қайдаласып!» атып тұрды орындарынан.
— Өй, жындының сөзіне сеніп! Ей, қайдағы қасқыр?! Бұралқы иттен қорқып қашып келе жатқан шығарсың, малғұн неме!
Шәкең басу айтқанымен, құдалар тобы тік көтеріліп, Жақай ботадай боздап, ауыл іргесі азан-қазан боп кетті.
— Шын айтам, көке! Дәу қасқыр, мына қамыстың ішінде. Мен бұзау қарай шыққам. Осы қопаға кірген шығар деп, сиыр соқпақпен тау жағынан сәл ғана бас сұғып қарағам. Бұзауымды паршалап тастапты. Мені көріп тап берді. Бақырып, қаша жөнелгем. Ашыққа шығып үлгердім. Әйтпесе, өлген екем, сорлы басым!..
— Жүр, баста қасқырға!
— Жоқ, аға! Бармаймын!
— Айттым ғой, бұл жындының сөзіне сенуге болмайды...
Аңшылар тәжікелесіп бес-он минут тұрған соң, ақыры қамыс ішінде бұралқы ит болса да атпақ боп, мылтықтарын сарт-сұрт оқтап, атқа қонысты.
Сасықкөлдің тау жақ тұсында сиыр соқпақ бары рас-тын. Шәкең еріксіз сонда бастады құдасын. Қаланың байын сасық батпақты қорысқа апаратынына қорынғанымен, амал жоқ. Қопаға кірерде құдасы өзі алға түсті. Жиырма шақты қадам жасаған бетте алға түскен батыр қаққан қазықтай қалт тоқтаған. Қамыс-құрағы жапырылған алаңқайда Жақайдың бұзауы жайрап жатқан еді. Ала бұзаудың басы мен қауқиған қабырғасы, ақтарылған қарыны, төрт сирағы ғана қалған. Қанды топалаң бірер сағат бұрын ғана болған тәрізді.
— Мынау иттің «қолтаңбасы» емес. Қараңдар, сүйегін опырып жіберіпті! Үлкен төбет болмаса, мынадай тайыншашығар бұзауды қопаға сүйреп кіргізе алмайды...
— Иә, иә!
— Енді не істейміз?
— Ауыл іргесін жайлаған қасекеңді қалай көрмегенсіңдер, ей?!
— Оны кім ойлаған?! Ауыл итінің бәрін тері-терсек жинайтындар жайратып тастаған...
— Жаяу қамыс аралап жүргенде, айырылып қаламыз. Қасқырдан айла артылған ба? Кеттік, көлікке! Біз сәл алыстан қарап тұрамыз. Екі машинамен кіріңдер!
— Ойбай, көлікті құртасың ғой, құдеке!
— Вездеход қой жарықтықтар! Бұйым емес! Тартыңдар! Кеттік!
Қамыс сыртына жүгіре шыққан жүргізушілер айналасы екі сағат ішінде аумағы төрт-бес шақырым болатын қамыс қопа ішін үш-төрт мәрте тілгілеп шықты. Тоспада тұрғаны бар, осы тұстан қылаң береді-ау деп тұрғаны бар — аңшылар үп еткен желі жоқ күн астында қақталды әбден.
— Құдеке, құрысын! Қайтайық! Қасқыр әлдеқашан қашып кеткен шығар!
— Жоқ, қашпайды! Қайда барады қашқанда?! Тау алыста. Біз кіргенде шығатындай болған жоқ. Ауыл жаққа кете алмайды. Жерге сіңіп, көкке ұшып кетпесе, осы сасықтың ішінде жатыр.
Арада екі сағат өте қайыра жиылған аңшылар бас құданың шешімімен қопаға өрт қоймақ боп шешті.
— Күн желкем емес. Айнала тықыр, далаға өрт жайылмайды. Көрейік, жанкешті сабазды. Бір ауыл-әулеттің бұзау-торпағымен асырап отырасыңдар ма! Бір күні ойнап, саяқ кеткен балаға шабады. Тезек теріп шыққан кемпір-сампырды жарып тастаса, обалы кімге?!
Құда қаласа, жан қала ма! «Онсыз да сасып жатқан батпақты қорыс. Оның үстіне әлгіндей жаманаты бар. Құрғап-кеуіп тұрған қау қамыс лап етер де, өше қалар. Қасқыр көтеншегі күйер болған соң өзі-ақ жортақтар алдымызда» деген оймен Шәкең бастаған үш жігіт Сасықкөл қопасының үш тұсынан от қойсын.
Даласы да, қаласы да сан мәрте өртенген қазақтың. Күйген сайы да, күйік тауы да жетеді бір басына. Бірақ, мұндай өртті көрмеп еді ол ауыл! Әуелі отау үйдің ауласына қазылған ошақтың жалынындай сызылып жанған алау көзді ашып-жұмғанша жалмауыз жауға айналды. Сытырлай өршіп, сатырлай шапшып, қурап жатқан қамыс көкке қолын соза алаулады. Күллі ауыл қора-там төбесіне шығып, күн салып қарап тұр еді. Бесіктегі бала шошып оянып, есіктегі келін ісін ұмытқан. Лапылдай қанат қаға, лақылдай құсқан от тұтаса келе жеті қабат қала үйіндей биікке шапшыды. Жалын тілі бұлты жоқ аспанға, одан әрі еңкейген Күннің орнын баспаққа атылды әуеге. Өршелене кеткен жалынның жалына жармасқан қап-қара түтін көк тіреген алып қара діңгекке айналды. Аспанның беймәлім тұсынан әлдебір түнек есігі ашылып, жерді жұтып бара жатқан ақырзаман елесі орнап еді. Әжелер еріксіз кемсеңдеді, ақсақал бүгежектеп теріс айналды. Бала біткен шешесінің етегіне бас жасырған. Еңістен сәл қыраңға шыққан аңшылар, ауылдан алыстап, тау жақ бетке барып, оттың бет қарыған қызуына шыдай алмай, жүз-жүз елу метрге шегінісіп тұрды. Аспан жалаған жалын тілінің апшыған зәр-зәһәр ашуынан қорқып шегінбеске шара жоқ еді.
— Апырай, мұндай ыстық болар ма еді! Бұлай болады деп кім ойлаған?!
— Қасқыры құрығыр, қашып кеткен-ау! Әйтпесе, мына тозаққа жан баласы шыдар ма?!
— Қасқыры құрысын! Елге не бетімізді айтамыз!
— Е, немене! Осы қамысты тамағына қосып ішуші ме еді елің?! Сасып-борсып жатқан боқ-қала емес пе!
Күллі ауыл қарап тұр! Ой, Алла-ай! Атың шықпаса, жер өрте деген! Енді қайттім?! Тірідей көмдің ғой, құда-ай!
— Сен қоя тұр, құда! Ауыл-орманың, бау-шарбағың өртеніп бара жатқандай зарладың ғой!
Төс қағыстырған қос құда қыраң басында, көлік ішінде жүз шайысып отырғанда, шопыр бала айғай салды:
— Ойбай, қараңыздар! Шайтан! Шайтан!
— Шайтаны несі?!
— Оттың етегін қараңыздар! Әлдене секіріп жүр!
Бұлар көліктен секіре түскенімен, қызуы бет қаратпас өрт жаққа қарай алмай, қорғалақтап қалысты. Сәл мезеттен соң көк тіреген жалынның жалы жығылып, қаншама жыл құстың саңғырығы, мал жапасымен шымтезектей тұтасқан қамыс қопа қара түтін құсып жатқан еді. Жанарға қадалған нартқызыл от еңкейіп, қара түтін діңгек жерге жығылып, айналаға жайыла бастаған. Сол қап-қара түннің елесінің етегінен, түтінге тұншыққанымен әлі де тозақтық дүлей қызуы апшыған от шетінен әлдене сәт сайын секіріп-секіріп түсіп тұрды. Әлгінде жан-жақтан от қойғанда күңірене шулаған ауыл жаққа қаша алмай, тау жақтан анталап тұрған піл тұрыпты қос көліктен сескенген кәрі қасқыр — өткен қатал қыста жас арландар үйегінен айырып, сирағын сындырып кеткен, содан бері осы қорысты паналап, түн баласы әлсіз ұлып, Тәңіріне зарын төккен кәрі арлан - от ортасынан әзер сытылып, тұс-тұстан анталаған қалың жауына беттеп бата алмай, тозақ оты шыдатпас шаққа жеткенде, құйрығын шалып, жамбасын күйдіріп, сүйегін қарығанда ғана бір-екі секіріп қалып тұр еді.
— Ойпырай! Не деген ерлік, неткен ғаламат төзім еді мынау! Біз жүз метрден бетімізді басып, жасқанып тұрмыз, не деген жанкешті мақұлық еді!
— Ойбай-ай! Обал-ай! Тірідей өртеніп кетіпті-ау!
— Тәйт! Обалы несі! Көлікпен жақындаңдар жігіттер! Қашсын! Далаға қашып, күйігін басып алсын! Атып, қызығына қарық болайық. Ақыры терісі түкке жарамас, өті мен тырнағын алайық! Мініңдер атқа!
Құданың бұйрығын қалт жібермес екі жігіт пен аңшылар көлікке жандәрмен жайғасқанда, Шәкең қыраң басында жер шөкелеп қала берді...
Ал, қасқыр — қаладан келген байшыкеш қазақтың қас дұшпаны — екіаяқты жауларынан қаймықса да, от-тозақта тірідей өртеніп, терісі жидіп, қақталып, сүйегіне жабысқан бөрі ақтық рет арс етіп, секіріп түсіп, жанарынан, бауырынан қан шүмектеп таудан сәл қиыстай шаба жөнелген. Джипке мінген әулекі топ қасқырды бір-екі қыраңнан асырмай қуып жетіп, бірден өлтіре қоймай, арыған денесінде бір қылтанақ қалмай үйітіліп кеткен, сол кеспірімен далалық аңнан гөрі тозақтық ібіліске дөп келетін бейбақты әбден салықтырып барып, атып алған еді...
* * *
Қайран, Бөрі!
Кеше киеміз-тұғын! Бүгін бейшара міскін кейіпті жауымызға айналып кеткен. Жау да емес. Қарсы шауып, қайрат танытар күштен ада. Қашқын. Алланың қуғынға ұшыратқан шайтаны кейіпті, іңірде іргеден өрген көлеңкемен нәттес ібіліс дерлік. Сізге де, бізге де бар өкпе-қапасын қара түнде көкке жолдаған ұлыма күйімен білдірмек. Ұлыма зарды кім естісе де, қайран Бөрінің тағдыры үшін жауапты! Жауаптымыз — естігеніміз үшін, қол ұшын созып, қорғамағанымыз үшін. Ести тұрып, үріккеніміз үшін. Киемізді танымай, көкірегімізге үрей паналатқанымыз үшін! Ұлыма зар құлағыңнан еніп, сүйегіңе жеткенін білер хал де жоқ. Сүйекке шағылған соң, ертең-ақ қанға сіңеді. Одан әрі... Одан әрі әйтеуір бір бейуақта, күңіренген ғаламның күрсінісі шерлі деміңмен қатар өрілгенде өзің де Бөріге айналасың. Бөріге емес-ау, кәрлі ібіліс, шалдыққан шайтанға. Бақи өртінен қашпаққа амал жоқ сосын..!