- 30 қаң. 2020 00:00
- 251
Анаға тағзым
Дүниедегі ең асыл адам, ең жақын адам, ең қамқор да жанашыр адам - ана. Ана туралы қай ақын қалам тербемеген?! Ана туралы кім сыр шертпеген?!
Менің де анам бар. Мені жарық дүниеге әкеліп, маған өмір сыйлаған. Өмірімнің әр жауапты сәттерінде бірге болған менің жан анашым. Қолымнан ұстап ең алғаш рет мектеп табалдырығын аттатқан – анам. Мектептегі жетістіктеріме қуанған, сәтсіздіктеріме налыған, менен сенімін үзбеген – анам. Алтын ұя мектепті бітіргенімде кеудесіндегі жүрегі менімен бірге лүпілдеп, менімен бірге қобалжыған – анам.
Каладағы оқу орнына да ертіп барып, демеу болған , қаланы аралатып көрсеткен – анам. Студенттік өмірімде ауылдан сәлемдеме жіберіп, ала дорба сүйреткен- анам. Өзімді ешкімнен кем қылмаған, біреуден қарыз алып, ақша салған- анам.
Кейбір кездері анам мені құрбыларыммен кешкілік жібермейтін. Оған мен өкпелеп, жылаған кездерім де болды. Ана жүрегі қашанда қызын ойлайды екен ғой. Жаман сөзге ермесе екен, бізді ұятқа қалдырмаса екен. Анашым осының бәрін түсіндім. Сізге алғысым шексіз.
Міне, өз қолым өз аузыма жететін күнге де Алла тағала жеткізді. Тұрмысқа шықтым.Өзім де ана болдым. Бірақ анашым үшін әлі де кішкентай баламын. Әлі күнге дейін күніне бір рет даусымды естімесе анашымның көңілі көншімейді. Қиын сәтте анашым қашанда менің қасымнан табылып, ақылын қосады, көмегін аямайды.
Жан анам менің , маған өмір сыйлағаныңызға шексіз ризамын! Бақытты да , қызықты өткен балалық шағымның болғаны әкем екеуіңіздің арқасында. Анашым мен сізді бар жүрегіммен жақсы көремін.Жан әкем сізді де жақсы көрем. Алла тағала дендеріңізге саулық беріп, ұзақ өмірді нәсіп етсін. Қайда жүрсеңіз де аман сау жүріңдерші!
Анаңды Меккеге 3 рет арқалап апарсаң да анаңның алдындағы қарызыңнан құтылмайсың деген сөз бар. Бұл сөздің жаны бар. Бауырларым, анамыз бен әкемізді ренжітпейік. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырымызды мәнді де мағыналы өткізейік, ағайын. Бір- бірімізге кешірімді бола білейік!
Жаксыбаева Ботагоз Жаксыбаевна