Әңгіме
...Ресторан есігінің алдында тұрған шағын темір столдың басына үстінде ақшыл костюмі бар, американнан аумаған, ашаң әрі сақал-мұртын қырынған бір адам келіп отырған еді, отыра салып өзі баяу ғана әндетіп қоя берді:
— Га-агсон-н...
Төңірек түп-түгел аппақ акация гүліне бөленіп, айналада күн сәулесі, аумаған алтынша, жалт-жұлт етіп, аспан мен жер көктемнің маужыраған шаттығына малынған. Көшенің ортасында тұяқтары тықылдап, құлақтары салпаңдаған қодықтар бұлтылдай шауып, алпауыт аттар аяғын баяу алып басып, жұрт асықпай аяңдап келе жатыр, — осының өзінен күллі тіршілік иесінің күн көзінде, гүлдердің балдай тәтті иісі аңқыған ауада қайтсе көбірек болғысы келетінін ап-айқын сезесің.
Асыр салған, көктем жаршысы — балалардың киген киімі күн нұрымен құлпыра қалған; қызылды-жасыл киініп, теңселе басқан әйелдер, — бұлардың өздері, түнге ділгір жұлдыздай, жаймашуақ күндері сонша зәру жандар бір.
Ақшыл костюмді адамның түрі бір ғажап болатын: батпаққа белшесінен батқан өзін біреу бүгін ғана тазартып, тазартқанда өңін айналдырып, бойындағы бар жарқын сипаттарын мәңгі-бақи өшіріп жібергендей еді. Өзі, бейне бір үйдің қабырғалары және қара жол мен ағашты алаңның аумақты тақтасында жылжыған жан иесіне теңбілдене түскен күн сәулесін санағандай, айналаға нұры тайған көздерін қадап отырған болатын. Болбыраған еріндерін бүрілген гүлше шүршитіп, әрі ғажап әрі бір зарлы әнді ақырын ғана анықтап ысқырған өзі тырнақтары күңгірт жылтыраған салалы аппақ саусақтарымен күңгірлеген стол жиегін тықылдатып, екінші қолындағы сары перчаткасымен тізесін сабалап, әннің ырғағына келтіріп қояды. Бет-әлпеті ақылды әрі айтқанынан қайтпайтын адамға мезгегенмен, бір өкінетін жері, сол бет-әлпетін әлденендей ауыр, түрпідей бірдеме ысқылап өшіріп кеткен.
Ізетпен иілген гарсон оның алдына бір шынаяқ кофе, шағын шиша жасыл ликер мен тәтті печенье әкеп қойған кезде, стол басына кең кеуделі, ақық көзді, бет пен мойын, қолдарын түтін шалған, әлдебір алып машинаның бөлшегіндей, тұла бойы тұтасып, мығым біткен бір адам келіп отырған еді.
Үсті-басы мырсындай адамның екі көзі өзіне түскен сәтте ол орнынан сәл көтеріліп, қалпағына қолын тигізіп қойды да:
— Қайырлы күн, инженер мырза, — деді қою мұртының арасынан.
— Ау, тағы да өзіңізбісіз, Трама!
— Я, дәл өзіммін, инженер мырза.
— Оқиғаны күткен жөн бе, ә?
— Шаруаңыз қалай жүріп жатыр?
— Меніңше, достым, бір ғана сұраумен әңгімелесуге болмайды-ау деймін... — деп еді инженер, қаймақтай еріндерінде сәл мысқыл ұшқыны ойнап.
Қасындағы әңгімелескен адамы қалпағын құлағына таман ысырып, қауқылдап, қатты күле отырып:
— О, несін айтасыз! Бірақ, сөздің расы, білуге қатты ынтықпын... — деді.
Көмір тиелген кішкене арбаға жегілген қыршаңқы ала есек тоқтай қалып, мойнын созып, азалы үнмен ақыра қоя беpiп еді, бірақ бүгінгі дауысы, сірә, өзіне ұнамаған болу керек, шыңғырған айқайын ұялғандай кілт үзіп, салпаңдаған құлағын бір қағып қалды да, басын төмен салып, тұяғы тықылдап, ілгері қарай типыңдай жөнелді.
— Сіздің машинаңызды мен өзім, ақылыма ақыл қосатын бір жаңа кітапқа ынтызар болғандай, ширыға күтіп жүрмін...
— Теңеуіңізге онша түсіне алмадым... — деді оған инженер, кофеден бір ұрттап қойып.
— Адамның рухын көтеретін абзал кітап сықылды, оның дене қуатын машина да азат етеді деп, шынымен-ақ, өзіңіз ойламаушы ма едіңіз?
— Ә! — деді инженер, басын жоғары сілкіп қойып, — Солай!
Сөйтіп ол босаған шынаяғын столға қойып жатып:
— Сіз, әрине, үгіт жұмысын бастайсыз ғой? — деді.
— Бастап та қойдым...
— Тағы да — ереуіл, тәртіпсіздік болып жатыр ғой, я?
Анау біп-биязі ғана жымиып, иығын қысып қойды.
— Егер онсыз болатын болса...
Сопы әйелден аумаған, қара көйлекті, қатал пішінді келген бір кемпір инженерге күлтелі фиалка гүлін үн-түнсіз ғана ұсынып еді, ол гүлдің екеуін алды да, біреуін әңгімелесіп отырған адамына ұсынып:
— Ақылды-ақ адамсыз, Трама, сөйте тұрып, идеалист болғаныңыз, шынында, өкінішті де... — деді.
— Гүліңіз бен әзіліңізге мың да бір рахмет. Өкінішті дедіңіз бе?
— Я! Асылында, сіз ақын адамсыз, іскер инженер болып шығу үшін сізге оқу керек...
Трама аппақ тістерін ақситып, сылқ-сылқ күліп қойды да:
— О, оныңыз рас! Инженердің — ақын екендігіне сізбен бірге жұмыс істей жүріп көзім жеткен болатын... — деді.
— Сіз — сыпайы адамсыз...
— Осы инженер мырзаның өзі неліктен социалист болмай жүр екен деп мен де ойлаған едім. Социалистің де ақын болуы керек қой...
Біреуі — көзінің нұры тайып, жадау тартқан, күйгелек, ашаң болғанда, енді біреуі — кеше ғана құйылып, әлі қырнала қоймаған шойындай келіп, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмай отырған екеуі бірінің бетіне бірі біп-биязі ғана қарап, күліп жіберісті.
— Жоқ, Трама, мен одан да өзімнің бір мастерскойым мен қарауымда, мына отырған өзіңіз сықылды, отыз жігіттің болғанын артық көрер едім. О, онда біз оны-мұны істеген болар едік...
Гүлдерді ілгекке қыстырып жатып, столды саусақтарымен ептеп қана тықылдатып, бір күрсініп қойды ол.
— Құрып кеткір, — деді Трама шыжалақтап шаңқ ете түсіп, — адамның өмір сүріп, жұмыс істеуіне қандай ғана мардымсыз нәрселер қырсық болады десеңізші...
— Адамзат тарихын мардымсыз нәрсе деп отырған сіз боламысыз, ұста Трама? — деп еді инженер, сызыла жымиып; жұмысшы қалпағын басынан жұлып алып, бір сілтеп:
— Е, менің ата-бабамның тарихы немене деймісіз? — деді қызбаланып, іле-шала сөйлеп.
— Сіздің ата-бабаларыңыздың? — деп қайыра сұраған инженер алдыңғы сөзді бұрынғыдан да бетер жымия айтты.
— Я, менің! Бұл — әдепсіздік! Мейлі әдепсіздік-ақ бола берсін! Бірақ енді, Джиордано Бруно, Вико мен Мадзинидің менің ата-бабам болмайтын себебі не осы — әлде мен олардың дүниесінде өмір сүрмей ме екем, әлде мен солардың ұлы ақылдарының айналама сеуіп кеткен жемістерінен пайдаланбай ма екем?
— Ә, мына мағынада екен ғой!
— Дүниеден сапар шеккендердің сол дүниеге бергені — маған бергені!
— Әрине, — деді инженер, қабағын байыппен түйіп.
— Және өзіме — өзімізге дейін істелген нәрселердің күллісі де кен, сол кенді біз қорытып, құрыш қып шығаруға тиіспіз, — рас емес пе осыным?
— Неге рас болмасын? Бұл — айдан анық!
— Өйткені, мына жұмысшы, біз сықылды, ғалым — сіздер де өткендердің ақылы атқарған жұмыстың есебінен күн көріп жүрсіздер ғой.
— Мен дауласпаймын, — деді инженер, басын иіп; оның қасында, ойыннан жарылған доп сықылды,- үстіне сұрғылт шоқпыт жамылған бір қаршадай бала тұрған еді; қара-қожалақ қолына крокус гүлінің күлтесін алған өзі:
— Мырза, гүлімді алыңызшы... — деп, қылқылдап тіпті қояр емес.
— Алып қойып едім...
— Гүлдің ешуақытта да артықтығы болмайды...
— Жарайсың, балақайым! — деді Трама. — Жарайсың, маған да екеуін әкел...
Сөйтіп, баладан гүл алған соң ол қалпағын көтеріңкіреп қойды да:
— Көңіліңіз қалай ма? — деді оны инженерге ұсынып.
— Мың мәртебе рақмет.
— Күн керемет-ақ, рас емес пе?
— Оны тіпті елу жастағы мен де сезініп отырмын...
Ол ойлы пішінмен жан-жағына көзін сығырайта қарады да, содан соң бір күрсініп қойды.
— Меніңше, сіз көктем күнінің көңілді қоздырған желігін аққұла қатты сезінуге тиіссіз, өз байқауымша, оны тек жастығыңыздан ғана емес, күллі дүниенің менен гөрі сізге басқаша көрінуінен ғой деп ойлаймын, солай емес пе?
— Білмеймін, — деді анау мырс етіп, — бірақ өмір дегеніңіз тамаша-ақ!
— Өзінің үміт-уәделерімен бе? — деп еді инженер шүбәлі пішінмен, бұл сұрау қытығына тиіп кеткендей боп көрінген қасындағы адамы қалпағын кие салып:
— Өмір өзінің көңіліме ұнаған нәрселерімен көрікті! Құрып кеткір, қымбатты инженерім, мен өзім сөзді тек дыбыс пен әріп деп қана танымаймын, — кітап оқыған кезде мен өзім суреттерді көзбен көріп, көркем нәрселерге қызығып, соның күллісін де өз қолыммен жасағандай боп отырамын! — деді жалма-жан.
Біреуі, қарқылдай алатынына бейне бір мақтанғандай, басын шалқайтып, кең көкірегін көтере қауқылдап, қатты күлгенде, енді біреуі, жаңа ғана алтын жеп, жасылдау тістерін тазартуды құдды бір ұмытып кеткендей, алтын тістерін ақситып, үнсіз, сылқылдай отырып, екеуі де күліп жіберді.
— Сіз өзіңіз жігіттің бір жайсаңысыз, Трама, сізді көргенде әрдайым сүйсініп қаламын, — деді инженер, сөйтіп, көзін қысып, қосып қойды: — Егер тек өзіңіз бүлік шығармасаңыз...
— О, менің бүлік шығармайтын күнім жоқ...
Сөйтіп, өңін байыппен суытып, тұңғиық қара көздерін сығырайтып:
— Меніңше, біз әнеукүні өзімізді-өзіміз өте әдепті ұстадық-ау деп ойлаймын? — деді ол.
Иығын қысып қойып инженер орнынан түрегелді.
— О, несін айтасыз! Я! Бұл оқиға — білесіз бе өзіңіз? — кәсіпорнына отыз жеті мың лирге түсті...
— Оны жалақыға қосқан ақылдырақ болатын еді...
— һм! Сіз — дұрыс ойламайды екенсіз. Ақылдылық деймісіз? Әр аңның өз ақылы бар.
Ол өзінің ұсынған ашаң, сарғыш қолын жұмысшы қысқан кезде:
— Сөйтсе де мен өзім қайталап айтамын, сізге оқу керек, оқи беру керек... — деді.
— Мен минут сайын оқып жүрмін...
— Сізден игі қиялды инженер шығар еді.
— Е, қиял дегеніңіз қазірде де өміріме қырсығын тигізіп жүрген жоқ...
— Хош болыңыз, қиқар...
Сидиған, ұзын сирағын баяу алып басып, перчаткасын оң қолының нәзік саусақтарына құнттай тартқан инженер себелеп тұрған күн сәулесін жарып, акацияның саясымен жайына жөнелген кезде, тәлтиген көмірдей қара гарсон жаңа ғана осы әңгімені естіген ресторан есігі алдынан жылысып, әмианынан ақтарып мыс ақша алып жатқан жұмысшыға:
— Атақтымыз қатты қартайып барады... — деген еді.
— Ол әлі де ешкімге есесін жібермейді! — деді жұмысшы ден қоя сөйлеп. — Тұла бойы толған қайрат оның...
— Ендігі жолы қай жерде сөйлемекшісіз?
— Сол әлгі, еңбек биржасында . Менің сөзімді естіп пе едіңіз өзіңіз?
— Үш рет естіген едім, жолдас...
Бірінің қолын бірі қатты-қатты қысқан екеуі күлімдей айрылысып, біреуі жаңағы инженер көзден ғайып болған жаққа қарама-қарсы беталды да, енді біреуі ойлы пішінмен ыңылдай жүріп, столдан ыдыстарды жинауға кірісті.
Алдарына аппақ алшалғыш шалынып, жол ортасында шеру тартқан бір топ мектеп оқушысы: қыз бен балалардың күлкісі мен самбырлаған дауыстары ұшқынша шашырап, алда келе жатқан екі бала қағаздан ширатып алған кернейлерін дүрілдете тартқанда, бұлардың үсті-бастарына акация аппақ гүлін ақырын ғана сауылдата құйып тұрған еді. Балаларға әрдайым, әсіресе көктемде ерекше қызыға қарайтын басың, соңдарынан тіпті:
— Ей, халайық! Сендердің болашақтарың жасай берсін! — деп, шат-шадыман боп, қатты дауыстап айқайлағың да кеп кетеді.