- 04 мам. 2021 00:00
- 232
«Ақ босаға» газеті
«Ақ босаға» — қазақ отбасыларына арналған басылым. Алғашқы нөмірі 1991 жылы 7 ақпанда Алматы қаласында жарық көрген. Газеттің журналистері «Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді» деген ұстаным арқылы оқырманға талай қызықты материал ұсынған. Газеттің редакторлық тізгіні сонау ашылған жылдан осы күнге дейін Шолпан Ұғыбайқызының қолында. «Ақ босаға» газеті шынайы да тартымды мақалаларымен оқырмандардың ықыласына ие болған. Газетте «Шер тарқатсам деп едім», «Сыр сұхбат», «Шат шаңырақ» айдарлары бар. Газет беттерінде үнемі отбасылық ұлттық құндылықтар туралы мақалалар жарық көріп тұрған. Сонымен қатар, қасиетті Құранның сүрелері мен аяттары жайлы да жазылғаны оқырмандардың шын ықыласына ие болған. Газет өте қызықты және пайдалы мағлұматтарға толы. Адамның көпшілік ортада өзін ұстау мәдениеті мен сөйлеу этикасы туралы да кеңестер жазылады. Қыз-келіншектерге арналған ас үй мәзірі, тәтті-дәмді тағамдардың мәзірін де газет беттерінен оқи аламыз. Дәрігерлердің денсаулыққа байланысты медициналық кеңестері де «Ақ босаға» газетінде қамтылған. Сонымен қоса, оқырмандар өз басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөліскен. Қысқа әңгімелер жиынтығын да газет беттерінен оқи аламыз. Негізінен газет қазақ қыздары мен келіндері үшін бұл сырлас серік, ақылшы дос бола алады. «Ақ босаға» беттерінен көкейде жүрген көптеген сұрақтарға жауап табуға болады. Биыл 30 жыл толған басылымға шығармашылық табыстар тілейміз.