Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ақан сері Қорамсаұлы «Құлагер» өлеңі мен әні
Сабақтың тақырыбы: 10 класс. А. Қорамсаұлы «Құлагер» өлеңі мен әні.
Сабақтың мақсаты: 1. Б: Ақан серінің қайғыдан туған мәңгі жасайтын, халық жүрегіне ұялаған, қанды қол жендетке таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты, өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагер» өлеңі мен әнінің шығып таралуын оқушыларға дәлелдеп, түсіндіру, таныстыру.
2. Д: Лирикалық ән – «Құлагердің» психологиялық сырын (қауіп, қорқыныш, қайғы, күйініш сезімдерін) ашу барысында оқушылардың сезімін ояту. Сөздік қорын молайту, дамыту, көркемдік құнды ерекшеліктерін ашу, ат сипатын салыстыру арқылы әдеби - теориялық білімдерін дамыту.
3. Т: Ақан өмірі - өнер адамының рухани тазалығының үлгісі өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұратындығының белгісі екендігін түсіндіре отырып, оқушыларды Ақандай өр, қайсар талант иесі болуға тәрбиелеу. Өнерді құрметтей білуге үйрету.
Ақанды өлеңімен де, әнімен де, ерлік өмірімен де жас ұрпаққа үлгі ету.
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих, орыс тілі.
Сабақ көрнекілігі: Ақан сері портреті, І. Жансүгіров портреті, карточкалар, тест, «Бәйге» ойыны, домбыра, аттың суреті (слайдтар арқылы интерактивті тақтадан көрсетіледі), І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы (суретті кітап).
Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың әдіс - тәсілдері: сұрақ - жауап, саралап оқыту, шығармашылыққа баулу, баяндау, көрсету, мәнерлеп жатқа оқу, сөздікпен жұмыс, салыстыру, ән, ойын, өздік жұмыс, жаңа техникалық құралдарды пайдалану.

Сабақ барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Үй тапсырмасын саралау әдісімен сұраймын.
1 - топ. Үлестірме кесте (4 оқушы)
2 - топ. Тест сұрақтары (10 оқушы)
(оқығанды ойға түсіру, қайталау, пысықтау).
3. Ақан әндерінен бір ән айтқызамын.
4. Алдын ала үйге берілген шығарманы 1 оқушы оқиды.

ІІІ. Жаңа сабақ.
1. Кіріспе әңгіме. «Құлагер» өлеңі мен әнінің шығу тарихы. І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасымен байланыстыра баяндаймын. Ас туралы түсінік беріп өтемін.. Ақан мен Батыраштың бетпе-бет кездесуі көрініс арқылы көрсетіледі.(2 оқушы от шарпыған өткір диалогтар арқылы шарпысады). І. Жансүгіровтің «Құлагер»поэмасындағы суретті кітаптан асқа келе жатқан Ақанды, Батыраштың Құлагерді қапыда өлтіргенін көрсетіп отырдым.(баяндау барысында).
Өлген атының басында отырып, Ақан суырып салып өлең мен ән шығарған, ол ән «Құлагер» екенін айттым.
2. «Құлагер» (әнін) өлеңін жатқа мәнерлеп оқыдым. (15 шумақ. Бір сәт үнсіздіктен кейін).
3. Оқушыларға. Өлеңді тыңдап отырып, не көрдіңдер? Нені елестеттіңдер? Қандай құбылысты байқадыңдар? деген сұрақтар қойдым.
4. Оқушылар өз байқаған құбылыстарды айту керек. Мысалы: Ақынның қорқынышын, қауіптенуін Құлагердің ерекшелігін, ерен жүйріктігін, Ақанның Құлагермен бірге өлгісі келгенін, адамға да айырбастамайтынын, қайғыға амалсыз төзуін, болашаққа үмітпен қарауын, Құлагердің өлерін түс көру арқылы сезуі, Ақанның өкініші, Құлагердің жүйріктігімен иесіне пайда келтіруі, Құлагердің бүкіл ел абыройын көтергендігін, Құлагердің өлімі Атығай, Қарауыл елдерінің қайғысы екендігін Ақанның Құлагерді өлтірген жауызға өлім тілеуін т. б.
5. Оқулықпен жұмыс. Тапсырма: Осы байқаған құбылыстарыңды өлең мәтінінен тауып оқып беріңдер.(Оқушылар мәтіннен тауып оқиды)

6. Құлагердің жүйріктігін сипаттайтын бейнелі сөздерді, тіркестерді өлеңнен кім тауып оқиды?(сұраққа 4 оқушы жауап береді)
«Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің»,
«Бота тірсек, қыл сағақ, сандал керім»,
«Жібектей күлтеленген құйрық жалын»,
«Ор болып қалушы еді шапқан жерің».

7. Лирикалық “Құлагер” өлеңінің көркемдік құнды ерекшелігі ақынның өз басындағы психологиялық өзгерістерді шынайы суреттеуінде, бұнда ат портретін де толық көзге елестете білген. Ақанның күйінішінің ең шарықтау шегіне жеткізіп:
«Өлді деп, Құлагерді естігенде,
Жұлдым да сақалымды ойбайладым»- деп суреттейді, өлеңнің әрбір сөзі Құлагердің жоқтауындай естіледі.

8. «Құлагер» әнін тыңдатамын.

9. І. Жансүгіров поэмасында Құлагердің сипатын ат сыншысы Күреңбай сыншының көзімен береді. Қазір компьютерден Құлагерді бейнелеген сипаттаған екі шумақ өлеңін тыңдайды, оқып одан эпитеттерді табады. (оқушылар).

10. Табиғат төсінде еркін тіршілік ететін жануарлар мүшесіне ұқсатып аттың сынын тамаша суреттеген тағы қай ақынды білесіңдер?(Абай - оқушылар жауабы)
Абайдың «Аттың сыны» өлеңін бір оқушы жатқа оқиды.(бейнелі сөздерді табады).
- Ұлы ақын Абай біздің жерлесіміз екенін білесіңдер, балалар, Абай еліне барып, Абай мұражайын да көріп келгеніміз естеріңде болар.
Абай жүріске берік, ұзақ жолда иесін далада тастамайтын мықты атты бейнелесе, Ілияс аузымен құс тістеген өрен жүйрікті суреттейді.
Екі өлеңді салыстыру жұмысы жүргізілді.

11. Ойын «Бәйге» (ойын тәртібі шеңбер бойындағы 1 шумақ өлеңді кім тез тауып оқиды, ол кімнің шығармасынан?)
Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,
Кісі ме еді ақындықтан құр алақан.
Ортасын олқы көрген бұл да дара,
Имеген иттерге бас сері дарқан.
Сұрақ - Балалар, Лермонтов, Пушкин деген кімдер?(Оқушылар жауап береді. Орыс әдебиетінен шығармаларын оқығанын айтады.)
Ілияс поэмасында Лермонтов пен Пушкин тегін айтылмаған, олардың Ақанмен рухани бауырластығы, трагедиялық тағдырластығы көрсетіледі.

12. Еліміздің тәуелсіздігін жыл сайын атап өткенде әр түрлі мәдени іс - шаралар өткізіледі. Мысалы: Ат жарысы т. б. Ат спорты деген салауатты өмір салтын қалыптастырудың жарқын көрінісі. Қазір де атқа құмар, ат баптап бәйгеге қосатын ағаларымыз аз емес соның бірі - Мамырсу ауылының тұрғыны Әбілқасым Өзбеков ағаларың. Ол кісі - өзі қажы.( сюжет көрсетіледі).
13. Мақал - мәтелдер (жылқы жануары туралы балалар білетін мақал - мәтелдерін айтады).

14. Жаңа сабақты бекіту.
Ақанның өмір жолы қызықты әрі ерекше. Өмірінің соңғы кезінде жалғыздықпен мұңдасты.
Оның бұл қылығы өзінің қатыгез заманына мойынсұнбай өткен тәкаппар ақынның бейнесін танытады. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне алданбай, бойын тік ұстап кетті. Сондықтан да Ілияс:
«Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған», - деп кейіпкеріне деген ілтипатын жасырмай, ашық айтқан.

Ақан өмірі - өнер адамының, жалпы адамның рухани тазалығының үлгісі, өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұрғанының белгісі. Қанды қол жеткенде таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагердей» ән шығарып, халқына таратқан Ақан - өз кезіндегі әнші - ақындар тобының аса көрнекті өкілі. Әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін өлеңіне арқау еткен Ақан өнерімен де, ерлік өмірімен де кейінгі ұрпаққа, туған халқына үлгі болды.
Ақан сері туралы өзімнің 4 шумақ өлеңімді оқып сабақты аяқтадым.
Қорытынды.
1. Оқушылар біліміне баға қойдым.
2. Үйге тапсырма: «Құлагер» өлеңін жаттау, талдау. «Ат – ер қанаты»шығарма жазу.
3. «Сырымбет»(өлеңі) әні үнтаспадан баяу естілді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама