Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 35 минут бұрын)
АҚШ пен Қазақстан вольфрам кен орнынан миллиардтаған доллар табыс табады

Қарағанды облысындағы "Солтүстік Қатпар" кен орнын бірлесіп игеру жобасы бойынша АҚШ пен Қазақстан миллиардтаған доллар табыс табуы мүмкін. "Тау-Кен Самұрық" компаниясының еншілес "Солтүстік Қатпар" кәсіпорны 10 ақпанда өткен қоғамдық тыңдауда тау-кен жұмыстарының жобасын ұсынды. Бұл жоба бойынша 2030-2048 жылдар аралығында вольфрам триоксиді, молибден, мыс және висмут сатылымынан түсетін жалпы табыс 1 триллион теңгеден асады. Бұл қазіргі бағаммен 2 миллиард долларға жуық.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кен орнын АҚШ-пен бірге игеру

2025 жылдың қараша айында американдық Cove Capital компаниясы мен қазақстандық "Тау-Кен Самұрық" Қарағанды облысындағы ірі, әлі игерілмеген "Солтүстік Қатпар" және "Жоғарғы Қайрақ ты" вольфрам кен орындарын бірлесіп игеретіні белгілі болды. Бұл туралы Вашингтонда өткен C5+1 саммитінде келісім жасалған еді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, тараптар бірлескен кәсіпорын құруға келіскен. Онда Cove Capital 70%, ал "Тау-Кен Самұрық" 30% үлеске ие болады. Жобаға жалпы инвестиция көлемі 1,1 миллиард долларға бағаланып отыр. Оның 900 миллион долларын АҚШ Экспорттық-импорттық банкі беруге дайын екенін білдірген.

Кен орнынан қанша табыс табу жоспарлануда?

Компания ақпараты бойынша, кен орнында өндіру жұмыстары 2030 жылы басталады. Сол жылы 300 мың тонна вольфрам қосылған кен өндіру жоспарланған. 2031 жылы 1 миллион тонна, 2032 жылы 2 миллион тонна кен алынады. Ал 2033 жылдан 2047 жылға дейін жыл сайын 3 миллион тоннадан, 2048 жылы 1,5 миллион тонна кен өндіру көзделген.

2030-2048 жылдар аралығында вольфрам триоксидін өндіру 2030 жылғы 830 тоннадан басталып, 2047 жылы шамамен 8 мың тоннаға дейін артады. 2048 жылы бұл көрсеткіш 3,99 мың тонна болады. Жалпы өндірілетін вольфрам триоксидінің көлемі 107,1 мың тоннадан асады.

Сонымен қатар, мыс өндіру 2030 жылғы бастапқы 789,2 тоннадан 2047 жылы ең жоғары 6 125,8 тоннаға жетеді. Барлығы 69 592,3 тонна мыс өндіріледі. Осы кезеңде 17 630,9 тонна молибден және 9 742 тонна висмут өндіру де жоспарланған.

Кен орнындағы жұмыстар басталған кезде вольфрам тоннасы 21 750 доллар, молибден – 18 191 доллар, мыс – 7 976 доллар, висмут – 1 476 доллар тұрды. Осы бағалармен есептегенде, компания 2030 жылы 8,5 млрд теңге, 2031 жылы 21,1 млрд теңге, 2032 жылы 34,9 млрд теңге табыс күтеді. Ең жоғары табыс 2047 жылы 77,3 млрд теңгеге жетеді. Жобаның жалпы табысы 1,014 триллион теңгеге, яғни 2 миллиард долларға жуық болады деп болжануда.

Шикізатты өңдеу де жоспарда бар

2025 жылдың желтоқсан айының соңында Индустрия және құрылыс вице-министрі Иран Шархан "Курсив" басылымына берген сұхбатында Cove Capital мен "Тау-Кен Самұрық" компанияларының вольфрам өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құруға дайындықты жалғастырып жатқанын айтты.

Шарханның айтуынша, тараптар барлық процестерді келісуі тиіс. Бұл үшін халықаралық стандарттар бойынша бар қорларды растау жұмыстары жүргізіледі. Бірлескен кәсіпорын құрудың және кен орындарын игерудің нақты мерзімдері әзірге белгісіз.

Вице-министр сондай-ақ, Индустрия министрлігі өндірілген металды шикі күйінде шетелге әкетуге қарсы екенін атап өтті. Ол кем дегенде Қазақстанда тиісті өңдеуден өтуі керек. Атап айтқанда, жобаларда вольфрам шикізатын алғашқы өңдеуден өткізіп, аммоний паравольфраматын өндіру қарастырылуда. Бұл өнім арнайы вольфрам бұйымдарын, соның ішінде ұнтақтар мен тозуға төзімді бөлшектерді шығаруда қолданылады.

Қазақстан билігі мұндай талаптарды қою арқылы компанияларды жергілікті жерде өңдеу деңгейін арттыруға ынталандырады. Бұл республиканың өңделген өнімдерге жоғары баға белгілеу арқылы экспорт көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ ел ішінде қосымша жұмыс орындары мен салықтарды құрайтын өңдеу қуаттарын құруға мүмкіндік береді.

Вольфрам АҚШ үшін аса маңызды минералдар тізіміне кіреді. АҚШ 2015 жылдан бері вольфрам өндірмейді, ал әлемдегі ең ірі өндіруші Қытай болып табылады. Осыған байланысты, қазақстандық жоба американ өнеркәсібі мен мемлекеттік қажеттіліктер үшін металл жеткізілімін нығайтуға бағытталған. Қазақстанда кеніштер салу екі жыл ішінде басталады деп жоспарлануда, ал өнеркәсіптік өндіріс пен концентратты өңдеу шамамен 3,5 жылдан кейін іске қосылады.

"ШалқияЦинк ЛТД", "Солтүстік Қатпар" және "Малахит" тау-кен компаниялары бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жасаған алдағы жылдарға арналған жекешелендіру объектілерінің тізіміне енгізілді.

"Солтүстік Қатпар" компаниясы Қарағанды облысындағы вольфрам-молибден кен орны "Жоғарғы Қайрақ ты" (жер қойнауын пайдалану келісімшарты 2047 жылдың 31 желтоқсанына дейін) және вольфрам кен орны "Солтүстік Қатпар" (келісімшарт 2027 жылдың 2 қарашасына дейін) кен орындарын игеруге дайындалуда. 2024 жылы компанияның ешқандай табысы болмаған, 91,9 млн теңге шығынға ұшыраған, ал 2023 жылы 83,7 млн теңге шығынға батқан.

Жаңалықтар

Жарнама