Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Арам түлкі жайында

Ертедегі заманда бір түлкі, бір құлан, бір сауысқан үшеуі дос болып, жолдас болады. Бір-біріне  жамандық ойламасқа ант айтып, шарттасады. Сөйтіп жүргенде, бір күні құлан тұзаққа түсіп, шарқ ұрып, босана алмай, өлемін-ау деп қорқып, түлкі мен сауысқан достарына қарап «айла, лаждарың бар ма?» – деп, жалтақ-жалтақ қарап жылаған соң, түлкі тұзақты қимақ үшін құланның қасына таман келеді. «Осы құланның өлсе етін жейін, тұзақшы сойса, ішек-қарындарын тастайды ғой. Мұның достығынан маған еті тәтті ғой» деп, қайтадан арамдық ойлап, бір бұтаға барып, құланның өлгенін байқап, бұғып жата берді.

Сауысқан мұны көріп құланға келіп, былайша ақыл айтты: – Құлан досым, менің тұзақ жібін қиятын қуатым жоқ, өзің білесің, – дейді. – Мұны түлкі тісімен шайнаса, қияр еді, ол сенің достығыңнан етіңді тәтті көріп, анау жерде жатыр.

Енді бір ақыл айтайын: «Осы тұзақты салған адам келгенде, шынымен өлгендей болып, қимылдамай, сіресіп жатып қал. Тұзақшы сені бауыздауда тұзақты мойныңнан ағытады. Сонда тұра қашсаң, қолымен ұстай алмай қалады. Құтылып кетесің», – дейді. Құлан мұны ақыл көріп, айтқанындай сіресіп жатты. Тұзақшы келіп көрді де арам өліп жатыр екен деп, пышағын қолына алып тұзақты ағытқанда, құлан жұлқынып тұра қашты. Тұзақшы апыр-топыр ойбай салып, мойнындағы мылтығын жұлып алды да құланның кеткен жағына қарай мылтығын басып қалғанда, құлан түлкі жатқан жақпен қашқан еді, құлан ұзап кетіп, мылтықтың оғы бұтаның түбінде бұғып жатқан түлкіге тиіп, өкпесінен оқ өтіп, түлкінің жаны шығып, құйрығы көтеріліп бұлаң етіпті. Тұзақшыға түлкі олжа болып кетіпті. «Кім ойласа досқа қас, басына тиер тас» деген мақал сонан қалған.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама