Арманы асқақ Айкүміс
(Айкүміс Досанова басшы болу дегенді халық қызметшісі болу деп түсінеді. Ауылдастары да оны сол үшін жақсы көріп, құрметтейді).
Қанша адам болса — сонша мінез-құлық, болмыс бітім бар. Адамдардың тіршілік әлеміндегі салмағы да алуан түрлі. Ең қызығы, әркім өзіне лайық салмағының қаншалықты екенін сезіп тұрса да, оны ешкім де айналасына айғайлап айта бермейді екен. Айкүміс осы жайды көкірегіне түйген. Біреулер есіктегі басын төрге сүйрейтін желеп-жебеушісінің арқасында қомпиған билікке ие. Бірақ шын ниетімен сыйлай алмаса да, сол адамға жарбаңдап, жағымпазданатындар толып жатыр. Соның арқасында өзінің шаруасын бітіріп, "сен де жақсы, мен де жақсымын" күн кешеді. Екінші біреулер үшін атақ-дәреже дегенің — адалдық өзінің жаны сүйген ісімен ғұмыр бойы шұғылдана жүріп, адамдық борышын өтеу, ұрпақ алдындағы қарызынан құтылу. Бас пайдасы олар үшін есеп емес, оны ойламайды да. Қарап тұрсаңыз, адамдардың алдына қойған мақсат-мүддесі де олардың сана-сезіміне, түсінік талғамына бағынышты. Сайып келгенде, олардың өмірден алатын орнын анықтайтын да осы сана-сезім, түсінік талғам секілді. Ал оларды қалыптастыратын не? Міне, мәселенің ең үлкені де осы арада.
...Бірде ол өзі онжылдық мектеп бітірген Ақшұқыр селосындағы Ералиев атындағы орта мектептің ширек ғасырлық тойына барған. Сонда өзінің тұңғыш ұстазын кезіктірді. Ол бір кезде Айкүміс үшін тіршіліктің бүкіл сырын жүрегіне жинаған ғұлама болып көрінетін. Мүмкін әрбір оқушы үшін ұстаз бейнесі айырықша биік шығар. Бірақ ол бүгінгі өз биігінен қарап тұрып та сол ұстаз бейнесінің еш аласармағанын қуана түйсінген. "Өмірдің тірегі ғой мұндай адамдар! Бізді сомдап шығарған осындай сом алтын жандар ғой!" — деген ой жүрегіне сол жолы хаттай жазылып қалғаны хақ.
Әрине, қай баланың санасына да ең алдымен үй ішінің ықпалы болады ғой. Әкесі ұстаз әулетінен болғанымен, оны көп тәрбиелей алмаған. Үш жасында қайтыс болыпты. Әжесі Мәдина мен анасы Әлияның ортасында өскен Айкүмістің есінде мықтап қалған бір жай, олар мұны өнерге баулып өсіруге құштар еді. Мектеп жасына жетпей тұрып-ақ анасы оны көркемөнерпаздар үйірмесіне жетелеп апарған. Ол кісі қызының бойында ата-бабадан қалған бір өнер ұшқынының барын сезген болуы керек.
Адамның өмірдегі өз орнын табуы — басты нәрсе. Қазір бірқатар адамдар өзінің қолынан не келетінін емес, өзіне қай жер қолайлы боларын көбірек ойлайды. Бүгінгі заман тәрбиесінің осал тұсының бірі де осы-ay. Әйтеуір тірлік ету, әйтеуір елден қалмау, әйтеуір бас пайдаңды білу дегеннің жетегінде кететіндер көп. Халықтың қамы, елдің болашағы, ұлттың намысы мен мәртебесі жайлы ойланып, бас ауыртатындар да бар, бірақ өте аз. Олар неге аз? Осының бәрін ойлай-ойлай келгенде, осы ұлы Компартияның өзі де беделінен айырылып бара жатқандай көрінетін. Әлгі сұрақтың жауабы да сонда жатқан шығар бәлкім.
Бірде Айкүміс үйінің он шақты жандығын қырқып алайын деп, қара терге түсіп жатқан үстіне қызметкерлері келе қалғаны бар. Мұның қой қырқып жатқанын олар ерсі көргендей сыңай танытып:
— Мұныңыз не?! Біз тұрғанда әйел басыңызбен қой қырыққаныңыз тіпті ұят қой, — деп, өздерінше реніш білдірген болды. Ал Айкүміс бір бұл ғана емес, ер адам атқаруға тиісті кез келген жұмысқа ешкімнен көмек сұрамайтын. Бәлкім бұл қаршадай кезінен өз шаруасын өзі күйттеп үйренгендіктен болар. Күні бүгінге дейін үй болсын, қора-қопсы болсын, жолдасымен екеуі жұмыстан бос уақыттарында бәрін де өздері тындырып алуға тырысады. Қалалық кеңес атқару комитетінде жауапты хатшы болып қызмет атқаратын жолдасы Жанқожа да, ата-енесі оған ұшын беріп отырады. Әсіресе түн қатып, кештетіп жол жүріп келгенде де қабақ шытпай күтіп алатын енесі болғанға ол өте қуанышты. Отбасының берекесі де ең алдымен осындай бір ошақтың басындағы ақжаулықты жандардың бірауыздылығына байланысты екеніне әбден көзі жетті. Тіпті кейде әлденеге жаны күйіп, ренжіп келгенде де енесіне мұңын шағып, жылап алатыны бар. Ойлап қараса, кез келген адамның алдында дәл осындай босандық таныта алмайды екен. Өз ұясынан ұшып шығып, құтты жеріне қонған соң да ананың аялы алақанынан ажырамағанын сезініп, іштей қуанып жүреді. Алдынан жүгіріп шығатын ұлының қамы үшін ешбір алаңдамай, қызмет бабымен ел кезіп кете беретіні де енесінің арқасы. Сол үшін де Айкүміс оларға дән риза, осындай жандарға жолықтырған тағдырына шексіз алғысын білдірумен келеді.
Айкүміс Сәрсенғалиқызы Досанова — Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің хатшысы. Ол басшы болу дегенді халық қызметшісі болу деп түсінеді. Сол себепті де кішіпейіл, қабылдауына келген жерлестеріне, қандай шаруамен келсе де ренжімей, қолынан келгенінше оларға көмектесіп, қол ұшын беруге тырысады. Қалалық партия комитетінде қызмет атқару, хатшы болу ол үшін өзгелерден артық болу деген сөз емес, сол себепті де қызмет бабындағы байланыстарын, таныстарын, мүмкіндіктерін пайдаланып, шалқып жүріп демалу дегеннің не екенін білген емес. Ал халқы сол үшін де жақсы көріп, жан сырларын онымен қуана бөліседі, ой-пікірлерін ашып айтып, ақылдасады. Оның сөзін, жасаған өтінішін, берген тапсырмасын жерге тастамауға тырысады. Ең бастысы, олар Айкүміс араласқан істің оң шешім табарына қашан да сенімді.
...1986 жылдың басында өткен Мәдениет қызметкерлерінің кезекті бір кеңесінде Мұрын жыраудың Форт-Шевченко қаласындағы үйі сақталып қалуға тиіс деген пікір тұңғыш рет айтылды. Осы ойды алғаш рет көпшілік талқысына ұсынған да сол Айкүмістің өзі болатын. Сол әңгімеден кейін етек алған игі істер біріне бірі жалғаса келіп, ақыры түбекте Мұрын жыраудың дүбірлеген тойы өтті. Мұражайы ашылды. Әрине, адамдардың рухани баюына қызмет ететін мұндай жұмыстар бірер күнде жасала салмайтыны белгілі, айтылған сөз де сол бойда нәтиже бермейді. Оны кейде жылдап күтуге тура келеді. Ал бұл қалада әлі осы тектес 73 ескерткіш бар. Форт-мұражай-қала болады деген үміт те жоғалған жоқ.
Бір ескеретін нәрсе, мұражай деген тек қана өлі заттардың жиынтығы емес. Айкүмістің түсінуінше, мұражай да уақытпен бірге жаңарып, жаңғырып отыруға тиіс.
Жуырда мұражайға қолдан 18 мың сомның сәукелесі сатып алынды. Былай апарып қоя салсаң, ол да бір жай мұрағаттың бірі. Ал оның ғажайып көркемөнер туындысы екенін, тарихын, иесінің кім болғанын, мұндай өнер туындысын жасаған адамдардың кімдер екенін, қай заманда, қалай өмір сүргендігін білудің өзі бір тарих емес пе...
— Форт-Шевченко қаласында қазір Тарас Шевченко мұражайы этнография мұражайы, Мұрын жыраудың мұражай үйі бар. Алдағы уақытта қол өнері мұражайын ашу жоспарлануда. Бұл өңірде Маңғыстаудың күмбез тамдарын салумен аты шыққан Қара Жүсіп дейтін шеберлер әулеті болған. Ақкөйлек ұстаны білетіндер де көп. Олардың бәрі де өздерінің лайықты орындарын алуға тиіс. Мұражайда қызмет жасайтын мамандар жайын да ойластыруымыз керек, — дейді хатшы келіншек.
Неге екені белгісіз, мен Форт-Шевченконың үлкен болашағына сендім. Өйткені сол өңірдің төл перзенттері — ата-мекендерінен шығарда жаны бөлек Есбол Өмірбаев, оның ізін басып келе жатқан Айкүміс Досанова, Тілеумұрат Қожабеков сияқты абзал азаматтары соларды көріп өсіп келе жатқан өнегелі ұрпақ бар.
1990-жыл.
("Қазақстан әйелдері" журналы).