Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Әкемнің ескертулері

Әкесін сүйіп, қастер тұтатындар көп шығар. Мен өзімді солардың алдыңғы қатарына қосамын. Ауыл адамдары арасында "Ұзын керей" атанған ол кісі, дүниетанымы өте кең, жасында аңшылық құрған, көрген-білгенін қағазға түсіруге құмар адам еді, өлең жазатын.

1971-жылы жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған соң, жаңа үйленген біз, шақыртумен, күйеуімнің отаны Маңғыстауға келдім. Қайынсіңілім тұрмысқа шығып кеткен соң, ауылдағы үйде бір өзі қалған, жасы келген, енемді қолымызға көшіріп алғанбыз. Тоқсаннан асқан үлкен кісіге күтім қатты керек екені түсінікті, өздігінен жүріп-тұра алмайды, суға түсіремін, балаша киіндіріп шешіндіремін. Кейде өздігінен тұрып кетуге әрекеттенеді. Немесе өзі жүріп кетпекші болады. Бірақ бұл оған тым қиынға түсетін. Сондай сәттерде жанынан табылуға тырысқан маған: "Алладан қайтсын, қарағым" — деп, ризашылығын білдіріп жататын.

Бірнеше жылдан соң, жағдайы тіпті ауырлай түсті. Дені сау, тамағы түзу, тек қана, кәрілік жеңе бастағаны білінген: Әйткенмен, ойымызда бөтен ештеңе жоқ.

Бір күні шырт ұйқыдан шошып ояндым. Түс көріппін: жайдары жаздың күні сияқты. Үлкен үй тұр. Үйдің алдында бір бүйірді бойлай бұлақ аққан, оны жағалай тал егілген. Бұлақтың басында мен енемді суға түсіріппін де, оны жаныма отырғызып қойып, өзім кірін жуа бастаған сияқтымын.

Сол екі ортада әлдеқайдан, атқа мінген әкем келеді де, атынан түсіп келіп маған:

— Балам, айналаңда ой-шұқыр көп, мына кісі соның біріне түсіп кетіп жүрмесін. — Байқа! — дейді.

— Жалт қарасам, енем әлгі отырғызып қойған жерімде көрінбейді....

Содан шошып оянған екенмін. Тұра салып, үлкен кісіге жетіп бардым, далаға шыққысы келіп, орнынан тұра алмай жатыр екен.

Сол күннен бастап түнде әлденеше рет оянып, қарап қою әдетке айналған. Бір күні тағы да селк етіп оянып, жанына барып едім, су сұрады. Ас үйден қайнаған су әкеліп, енеме беріп едім, оқсатып бірер жұтқан соң, шашалып қалды. "Болдым", дегендей ымдаған соң, суды апарып тастап, қайта келсем, демалысы өзгеріп жатыр екен. Әлдене айтқысы келетін сияқты, бірақ күйі келмеді. Қорқып кетіп, күйеуімді ояттым. Түнгі сағат үштің кезі. Ол да, қорықты ма, төменгі қабатта тұратын үлкен ағайды ертіп келді. Сол күні таң ата енем жүріп кеткен...

Әлі күнге дейін әкемнің аруағына құрметпен еске алып, оның мені өкініштен, көп өсек сөзден құтқарып қалғанына риза болып, аруағына сыйынып жүремін.

Жаның мәңгі жәннәта болсын, әкешім!

Біз Маңғыстауға келген соң 2-3 жылдан кейін облыспен бірге оның газеті ашылды да, мен сол газеттің редакциясына қызметке ауыстым.

"Қырық рудан құралған" дегендей, қызметкерлердің әрбіреуі әр жақтан жиналды. Сол жылдар өмірден ең бір көп сабақ алған кездер екен. Ең қызығы, әлгі адамдардың әрбіреуі жаңа ашылып жатқан редакция төрінен жүгіріп барып,тезірек орын алып қалғысы келгендей бір күйде еді. Өмірде әркімнің өзіне ғана лайықты ғана орны бар екенін, оның қайда екенін өмірдің өзі ғана шешіп, пішетінін ол кезде ешкім ойламағандай.

Компартия сөзіне сүттей ұйыған заман еді. Мен көп ұзамай партия қатарына өтіп, бастауыш партия ұйымының жетекшісі етіп сайлаған. Әлгінде айтылғандай, әркімді қабілетіне, жаңа ортада қалыптасқан беделіне қарай жіктей бастаған кезде өз орнына риза еместер де пайда болып, "қырық рулы" ортада жік те біліне бастады. Ұнамсыз іс-әрекеттер бой көрсетті. Іріткі түскен жерде жұмыстан да береке қашпай ма. Партия ұйымының жетекшісі ретінде, менің де бейтарап қала алмайтыным да түсінікті.

Сол кездегі редакторымыз, марқұм, бір ақкөңіл адам болды, ол Жәмек Оспанов еді. Соны пайдаланған жікшіл топ, ол кісіге түрлі талаптар қойды. Әділеттің туын ұстаған редакторды, дегендеріне көндіре алмаған топ, енді оның өзінің соңына түсіп, үстінен қоймай арыз жаза бастады. Сөздерінің салмағын арттыра түсу үшін, бастауыш партия ұйымының хатшысы мені де қатарларына алуға ниеттеніп, енді менің де қыр соңымнан қалмады. Әсіресе араларындағы С деген келіншек азғырып, жұмыстан кейін үйіме дейін, талай рет еріп келетін. "Мен ешқандай арызға қолымды қоя алмаймын. Өйткені, пікірлеріңнің бәріне келіспеймін. Жаза беріңдер, сұраған уақытта өз пікірімді айта жатармын", — дегеннен таймадым.

Қадалған жерінен қан алатын әлгі әйел, енді дұшпаныма айналды. Қайдағы жоқты айтып, бастығыма жамандады, өсек таратты. Менің айтқандарыма көнбейтініне көздері әбден жеткен соң, редакциядағы ахуал тіпті шектен шығып, ушыға түсті.

Жұмысқа келіп-кету азапқа айналып, маза беруді қойған соң, мен бір әрекетке баруға бел байладым. Әлгі әйелдің қызметкерлер арасына от салушы екенін әшкерелейтін жайлардың бәрін жіпке тізіп, редакцияға, облыстық партия комитетіне жазып бермек болдым. Бір күні түнімен отырып не жазатынымды екшеп едім, екі беттен асып кетті. Енді тек соларды тарқатып беру керек...

Оны ертеңнің үлесіне қалдырып, жатып қалғанмын... Түсіме әкем кірді:

...Бір қабатты ауылдағы үйдің алдында стол тұрған сияқты. Мамам шәй жасап жүр. Стол басында отырмын. Бір кезде маған қарсы орындықта әкем Нұрсапа пайда болды да, мамама:

— Ауан (мамамды айтады), сен бара тұршы. Менің мына балама айтатын сөзім бар, — деді салмақпен.

Мамам кеткен соң столдың астына қарата өзімді әлде бір күштің тартып бара жатқанын сездім де, лезде әкем екеуміз қап-қараңғы ұзын коридорға түстік те кеттік. Әкем мені қолымнан тас қып ұстап, бір тап-тар қап-қараңғы бөлмеге алып кірді де:

— Мен қазір осында тұрамын! Егер мынауыңды дереу тоқтатпасаң, сен де осында тұратын боласың! — деді.

Шошып, жылап жалынып:

— Кешір, әке! Кешірші! Енді ешқашан да ондай істемеймін! — деп, зар еңіреп жүрмін.

— Жақсы, онда! — деді де, қоя берді.

Сол бойда, жоғары қарата зу етіп, жердің бетіне шығыппын. Жердің беті жайнап тұр екен. Алматы қаласында "ТЮЗ" кинотеатрының маңында секілдімін. Алуан түрлі әсем гүлдер, көкпен көк ағаштар...

...Ояна сала түнімен жазған "тезистерімді" күл-талқан етіп жыртып, шелекке тастадым. Сонда барып, ойыма әкемнің сан қайтара айтқан бір сөздері есіме түскен: "Есінде болсын, өзіңе қандай қиянат жасаса да, ешкімге ешуақытта қарсы әрекет жасаушы болма! Оның жазасын Құдайдың өзі береді. Қиянатқа қарсы қиянат бізге жақпайды", — дейтін...

"Неге" деп, сұрамаппын. Ол кезде баламын ғой, айтпауы да мүмкін. Бірақ оның сөзінің дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді. Не болғанын айтып, мақтанғандай болмайын. Мүмкін ол да дұрыс болмас.

Әкетайым, о дүниеде де сен мені көзіңнің қарашығындай қорғап, әлі күнге дейін жағдайымды көріп кетіп жүретініңді білемін. Әр уақытта алаңсыз ұйықтайтыным да, ештеңеден қорықпайтыным да, нағашы әжем Қазыкей екеулеріңнің, қанша алыс жүрсем де желеп-жебеп жүретіндеріңе сенгендіктен шығар деп ойлаймын. Мен үшін сендер мәңгілік тірісіңдер, мәңгілік менің жүрегімдесіңдер...

Редакция қызметкерлері арасында іріткі туып, дұшпандарым көбейген сол күндердің бірінде және бір түс көрдім.

Біз онда Ақтау қаласының 5 шағын ауданындағы 9-үйде тұратынбыз. Түсімде сол үйдің балконында әлдебір шаруамен жүрген секілдімін, ас қамы болу керек. Бір кезде, дәл қарсы үйдің терезесінен, қарсы топтың бір бас кейіпкерін көріп қаламын. Қолында мылтық, мені атқысы келетіндей, көздеп тұр. Бір қызығы, мен одан қорықпаймын, алдында қалай жүрсем, солай жүре береді екенмін деймін. Анау қоймай, үсті-үстіне ата береді. Сол екі арада менің өзге де бір туыстар шыға бастады. Мен оларға:

— Байқаңдар, анау адам мені атамын деп әуреленіп жүргенде, оғы сендерге тиіп кетпесін, — деп қоямын.

Ақыры қанша атса да, бір де бір оқты тигізе алмады.

Міне, түс адамды қалайша тәрбиелей алады. Осыдан кейін өз жолымның дұрыстығына бұрынғыдан да көзім жете түскен...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама