Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Арналы бұлақ - асыл сөз
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылы,
№24 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Жүнусова Гүлзат

Тақырыбы: «Арналы бұлақ - асыл сөз»
Мақсаты: Оқушыларымызға ата - бабамыздан қалған өсиет сөздер арқылы адамгершілікке, тапқырлыққа, салмақты ой айтуға үйрету. Ойлау, сөйлеу қабілеттерін шыңдау; туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, бойына ұлттық мәдени құндылықтарды сіңіру.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, мақал - мәтел.
Барысы:
Мұғалім: «Сәлем сөздің – анасы», Сәлеметсіздер ме ұстаздар, оқушылар, бүгін біз 5 б сыныбында «Арналы бұлақ - асыл сөз» деген тақырыпта сайыс өткізгелі отырмыз. Бұл сайыстың мақсаты: Әр ұлттың өзінің бірге жасап келе жатқан рухани асыл мұрасы: әдет - ғұрпы, салт - дәстүрі бар. Тәрбие сағаттары арқылы және жалпы күнделікті өмірде балалардың бойына ата - бабаларымыздан ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып жеткен мұрасын насихаттау.

1 - жүргізуші.
Бүгінгі тәрбие сағаты ерекше, Бірден сөз бастауға жүрексініп тұрмын.
2 - жүргізуші.
«Сөз атасы – сәлем» демей ме алдымен амандасайық.
1 - жүргізуші.
Армысыздар осындағы көпшілік,
Сәлем бердік бәріңізге бас иіп.
2 - жүргізуші.
Қош келіпсіздер, құрметті қонақтар!

1 - Жүргізуші
Бүгін алдарыңызда тұрып бабаларымыздың маржан тастай тізілген, шешендік сөздерін, алтынға балаған өсиеттерін биіктерге шыңдатайықшы.
2 - жүргізуші.
Иә, дұрыс айтасың «Аталар сөзі – ақылдың көзі» демей ме? Қара қылды қақ жарған бабаларымыздың ұрпақтары емеспіз бе?
1 - жүргізуші.
Олай болса қонақтар,
Өресі биік жарандар.
Ақыл сөзді ашайық,
Тәрбие сағатын маржан сөзбен ашайық.
2 - жүргізуші.
Өзіңдікі елің де,
Өзіңдікі жерің де,
Өзіңді өзің еткен бақ, -
Тәуелсіздік төрінде!
Өзіңдікі туың да,
От пен ауа, суың да.
Жаса Қазақстаным,
Белді бекем буын да - деп, ақын Иран - Ғайып айтқандай, иә, біз егеменбіз, тәуелсізбіз, азатпыз. Ал осы бір қасиетті сөздердің мағынасын болашақтың кілтін ұстар бүгінгі жас ұрпақ қалай түсінер екен?

1 - жүргізуші.
Егеменді ел болу дегеніміз – қоғам өміріндегі тарихи сілкініс, оның ең басты мақсаты – қоғамдық, ұлттық сананы сауықтыру, егемендікпен, тәуелсіздікпен бірге қайта оралған ата - салтымызды, әдет - ғұрып, дәстүрімізді баянды ету деген сөз.
2 - жүргізуші.
Дәстүр, әдет - ғұрып пен салт – сана қоғамдағы әлеуметтік қатынастар түрлерін, қоғамның мәдени деңгейін көтерумен қатар, тәрбие талаптарының негізін құрайды.
1 - жүргізуші.
Жер жүзінде екі мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар тіршілік етеді десек, солардың әрқайсысының өзіне тән әдет - ғұрыптары, салт - дәстүрі бар.
2 - жүргізуші.
Дәстүр жақындастырады да, араластырады да, біріктіреді де.
1 - жүргізуші.
Дәстүр жинақталған ақпарлар арқылы ата - бабадан қалған рухани мұрасы.
2 - жүргізуші.
Қазақ халқының әдет - ғұрпына, салт - санасына бағытталған «Арналы бұлақ – асыл сөз» атты оқушылар сайысына қатысушыларды ортаға шақырайық. Сайысымызға қатысушы топтармен таныс болыңыздар:
1. «Тұлпар» тобы.
2. «Қыран» тобы.
Әділқазылар алқасының мүшелері:

Сайысымыздың шарттарымен таныс болыңыздар.
1. Таныстыру
2.“Бәйге”
3.“Ата салтың – халықтың қалпың”
4.«Халықтың киелі сандары»
5.“Мақал - сөздің мәйегі ”
6. «Зерделінің - ойы озық»
7. Қазақта тұңғыш....

1 - жүргізуші.
Сайысымыздың 1 - кезеңі «Таныстыру» Бірінші болып қай топ бастайтынын сұрақ қою арқылы шешейік.
2 - жүргізуші
Тәттіде не тәтті?
Қатты да не қатты?
Жұмсақта не жұмсақ?
Осы сұрақтардың жауабын тап және бұл кімнің даналығы?
Бірінші болып «» тобы бастайды.

2 - кезең
1 - жүргізуші.
Ата - бабам ардақты,
Жамандыққа бармапты.
Ардақ тұтып үлкенді,
Ата жолын жалғапты.
2 - жүргізуші.
Кең даланың ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай біздің де,
Бар дәстүр мен салтымыз

1 жүргізуші.
Келесі кезеңіміз «Бәйге» деп аталады Бұл кезеңде топтарымыз салт - дәстүр, әдет - ғүрып бойынша қойылған сұрақтарға жауап береді. Сұраққа бірінші болып белгі берген топ жауап береді.
Олай болса сайысымызды бастаймыз.
1. Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, не деп ырымдайды? (Малы пышаққа түседі)
2. Жеті жарғы заңы бойынша көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге қандай жаза қолданған? (өлім жазасы)
3. Киіз үйдің 12 қанатты үйін қалай атайды? Ақ Орда
4. Баланың (ұл, қыз) кішкентай кезінде шашын өсірмей, екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны қалай атайды? (Тұлым).
5. Қазақ ырымында балаға ми жегізбейді. Ол нені білдіреді?(Себебі мидай былжыр, бос белбеу, ынжық болып, өседі дейді.)
6. Жеті жарғы бойынша жазықсыз кісі өлтіргендерге қандай жаза қолданған. (Өлім жазасын бұйырған).
7. Киіз үйдің құрылысында кереге мен шаңырақ ортасын қосатын бөлігі? (уық)
8. Ұзатылған қыз өзінің тетелес сіңлісіне басына тартатын орамал береді. Бұл – ендігі кезек сенікі дегенді білдіреді. Бұл дәстүр қалай аталады? (Шарғы)
9. Қазақта тіл ұшын жесе сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған. Ал, таңдай жесе... (Шешен болады)
10. Тұрмысқа аттанғалы отырған қыздың туған туысқандарымен қоштасу өлеңі? (сыңсу)
11. Жүн сабарда, сабап болған соң тамақ беру дәстүрі? (Тулақ шашу)
12. Құмырсқалар күндіз илеуіне асығып жатса, нені білдіреді? (Ауа райы бұзылады.)
13. Ұста пышаққа жарымас, етікші неге жарымас? (Етікке жарымас)
14. Дос басқа қарайды, ал дұшпан ше? (аяққа)
15. Қылыштан өткір не бар? (тіл)
16. Ең киелі құс? (аққу)
17. Сәукеле желегін кім қай уақытта киген? (қалыңдық киген)
18. Қазақ шопандарының шахматы? (тоғызқұмалақ)
19. Жаңа дүниеге келген сәбидің киетін алғашқы киімі?(иткөйлек)
20. Мұсылманның қасиетті кітабы? (құран)
«Ата салтың - халықтық қалпың» 3 - кезең
1 - жүргізуші
Тілім барда, қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар, ата жолы, салтым бар.
Кең даладай, жиналмаған шалғайы,
Аңқау, ашық мінезім бар аңқылдақ

2 - жүргізуші.
Сайысымыздың келесі кезеңі «Ата салтың - халықтық қалпың» деп аталады. Бұл кезеңде топтарымыз сандықшаларды таңдап, ондағы салт - дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап береді. Топпен жұмыс. Ойынды ұпайы көп топ бастайды. Егер жауап бере алмаған жағдайда келесі топ жауап беруіне болады.
1.«Енші» және «Жасау» салттары туралы түсініктеме бер.
2.«Шүлен тарату» салты туралы түсінік бер. (Бұл кедей – кепшіктерге берілетін жәрдем мен қамқорлық түрі. Шүленді күзді күні мал басы көбейіп, қоңайып, жайлаудан түсер кезде таратады.)
3. «Бата»және «Теріс батаның» айырмашылығын түсіндіріп бер. (Бата - ақ тілеудің белгісі. Батаны аузы дуалы, жасы үлкен, сөзге шешен, сыйлы адамдар береді. Теріс бата – қарғыстың қатты, жазаның ең ауыр түрі. Мұндай батаны сенімі ақталмаған, өзіне тілі, қолы тиген баласына әкесі қолын теріс жайып берген батасы).
4. Қазақтың қандай салт - дәстүр жырларын білесің? Біреуін түсіндіріп бер. (сыңсу, жар - жар, беташар, қоштасу, тойбастар)
5. «Тымаққа салу» деген дәстүрін түсіндіріп бер. (Шала туған баланы тымаққа салып өсірген, себебі сәбиді қолға ұстауға, бесікке салуға болмайды).
4 - кезең
1 - жүргізуші.
Ата – салтым ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.
2 - жүргізуші

Сайысымыздың 4 - кезеңі «Халықтың киелі сандары»
Киелі сандарға байланысты сенімдер мен нанымдар сөз болады. Екі топ жарыса жауап береді.
Үш санына байланысты қандай ұғымдар бар?
1. Үш жүз. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз.
2. Үш жұрт. Өз жұртың, Нағашы жұрт, қайын жұрт.
3. Үш қуат. Ақыл қуат, жүрек қуат, сенім қуат.
4. Үш арсыз. Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.
5. Үш дауасыз. Мінез, кәрілік, Ажал.
6. Үш би. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.
7. Үш қадірсіз. Жастық шақ қадірсіз. Денсаулық қадірсіз. Жақсы жар қадірсіз.

1 - жүргізуші.
Ендігі кезекті 7 санына берейік. Қазақ халқы 7 санын қасиетті деп бағалап, соған байланысты нанымдар мен сенімдер зерделеген. Жеті санына байланысты ұғымдар туралы не білеміз?
1. Жеті қазына
1. Ер жігіт. 2. Сұлу әйел. 3. Ақыл, білім. 4. Жүйрік ат. 5. Қыран бүркіт. 6. Берен мылтық. 7. Жүйрік тазы.
2. Жеті күн.
1. Бүгін. 2. Ертең. 3. Бүрсікүні. 4. Арғы күні. 5 Ауыр күн. 6. Соңғы күн 7. Азына.
3. Жеті ата.
Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.
4. Жеті жұтты ата.
Мал қырылу. Құрғақшылық. Өрт. Оба. Соғыс. Топан су. Зілзала.
5. Жеті жоқ.
Жерде өлшеуіш жоқ. Аспанда тіреуіш жоқ. Таста тамыр жоқ. Тасбақада талақ жоқ. Аллада бауыр жоқ. Аққуда сүт жоқ. Жылқыда өт жоқ.
5 кезең

2 - жүргізуші
Енді сайысымызды мақал - мәтел айту түрімен жалғастырамыз. Бұл бөлім «Мақал - сөздің мәйегі» деп аталады. Шарт бойынша сұраққа мақалдап жауап бересіздер.
1ші «» тобы жауап береді.
1 Білмеген не ішеді? (Білмеген у ішеді)
2. Жас келсе неге? (жас келсе іске)
3. Білгенің қанша, білмегенің қанша? ( Білгенің тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз)
4. Түкірік көл бола ма? (Көп түкірсе көл болар)
5. Жылынды інінен қалай шығарамыз? (Жылы – жылы сөйлесең, зымиян жылан да інінен шығар)
6. Қой мен қасқыр ойлана ма? (Қойдың ойлайтыны адалдық, қасқырдың ойлайтыны арамдық)
7. Адамның қай мүшесі батыр, қай мүшесі қорқақ? (Көз қорқақ, қол батыр)
8. Көрдім, көрмедім деген неше сөз? (Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір - ақ сөз)
9. Жегеннің тісіне, жемегеннің түсіндегі не? (Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді)
10. Жүндеуге жуас жануар? ) Жуас түйе жүндеуге жақсы.

1 - жүргізуші
2. «» топқа кезек берейік.
1. Бір қарын май шіри ма? (Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді)
2 Жолы болар жігіттің алдынан шығатын кім? (Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан)
3. Қандай жағыдайда айнаға өкпелемеу керек? (Аузың қисық болса, айнаға өкпелеме)
4. Тауықтың түсіне кіретін не? (Тауықтың түсіне тары кіреді)
5. Семіздікті көтеретін жануар? (Семіздікті қой ғана көтереді)
6. Айран ішкендер құтылғанда, кім тұтылады? (Айран ішкен құтылар, қазан жалаған тұтылар)
7. Мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылған жануар? (Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп құлағынан айрылыпты)
8. Ысқырығы жер жарып жүрген адамның айдаған малы? (Айдағаны бес ешкі ысқырығы жер жарар)
9. Қар жана ма? (Қалауын тапсаң, қар жанар)
10. Отқа түсіп күймеуге бола ма? (Отан үшін отқа түс күймейсің)
6 - кезең

1 - жүргізуші
Халқымыз «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз»- деп киіз үй жайында, «Ас адамның арқауы»- деп тағам жайында және «Адам көркі шүберек» - деп киімдер жайында аталы сөздер қалдырып кеткен.
2 - жүргізуші
Бұл аталы сөздер арқылы осы дүниелерде халқымыздың мәдениетінің, бірнеше өнерінің басын құрайтын ғажап туындылары жатқанын білеміз.
Олай болса сайысымыздың 6 - кезеңі «Зерделінің – ойы озық»Халқымыздың мәдениетіне байланысты ұяшықтардағы сұрақтарға жауап береміз.

Ұлттық киімдер.
10ұпай. Ерлердің бас киімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін осы киіміне қарап та тани берген. Ол - биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, желке, жотаны жауып тұратын артқы етектен тұратын бас киім. (Тымақ)
20ұпай. Қазақтың ежелгі әрі кәделі киімі. Ол - арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, немесе барқыт сияқты әдемі әрі мықты матадан қапталып, іші астарланған жылы киім. Жағасы, жеңі әсем ұлттық ою - өрнектермен безендірілген.
(Шапан)
30ұпай. Ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, әрі әсем бас киім. Ол - 2 - 3 қарыстай биік, дөңгелек, төбе жағына қарай жіңішкере береді. Жоғары жағына үкі тағады. Артқы жағына ұзындығы жерге жететіндей ұзын ақ желек тағады.
(Сәукеле)

Ұлттық тағамдар:
10 ұпай. Сүт тағамдарының ішіндегі қымыздан кейінгі бағалы сусын. Ол түйе сүтінен жасалады. Ол – ашытылып, тері, ағаш, ыдыстарға құйылып сақталады, пісіріледі. Майлы, жұмсақ, әрі қоюлау болады. (Шұбат)
20 ұпай. Сүттен ұйытылады. Дәмі өте ащы болмайды. Қою әрі дәмді болады. Халық оны дірілдір деп те атайды. (Қатық)
30 ұпай. Малдың төлдегеннен кейінгі алғашқы сүті. Бала да, төл де осы сүтті тойып ішу керек. Оған тоймаған төл де, бала да әлсіз болып өседі. (Уыз)
Қарашаңырақ
10 ұпай. Киіз үйдің қасиетті, киелі мүлкі. Қазақтың көптеген жақсы сөзі осыған байланысты айтылады. (Шаңырақ)
20 ұпай. Киіз үйдің бір бөлігі, Оны жүннен орап, кілем, текемет түсіндей оюлармен безендіріп тоқиды. Керегемен туырлықтың ортасына келеді. Мұның әсемдікке, әрі жылылыққа әсері мол. Одан сырттағы құрт - құмырсқа, кесіртке, жылан, т. б жәндіктер кіре алмайды. (Ши)
30 ұпай. Киіз үйде есік екеу болады. Ішкісі ағаштан жасалады. Оны «сықырлауық» дейді. Екіншісі киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Мұны ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықтап жиналып қойылады. Мұны не дейміз.
(Киіз есік)

7. Қазақта тұңғыш....
1. Ең тұңғыш би (Майқы)
2. Ең тұңғыш шешен (Жиренше)
3. Ең тұңғыш дана ана (Қарашаш)
4. Ең тұңғыш кіші жүздің ханы (Әбілхайыр)
5. Ең тұңғыш ғалым, саяхатшы (Шоқан Уәлиханов)
6. Ең тұңғыш ағартушы ұстаз, оқулық авторы (Ыбырай Алтынсарин)
7. Ең тұңғыш қазақ әліппесін (төте жазу) жасаған (Ахмет Байтұрсынов)
8. Ең тұңғыш эпопея жазған (Мұхтар Әуезов)
9. Ең тұңғыш космонавт (Тоқтар Әубәкіров)
10. Ең тұңғыш биші (Шара Құлжанова)
11. Ең тұңғыш президент (Н. Ә. Назарбаев)
12. Ең тұңғыш Олимпиада чемпионы атағын алған палуан (Жақсылық Үшкемпіров)
13. Ең тұңғыш дүние жүзі чемпион атағын алған палуан(Қажымұқан Мұңайтпасов)

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама