- 02 ақп. 2022 00:00
- 735
Асық ойыны
Асық ойыны — сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының ұлттық ойыны. Асық ойыны мергендік пен жылдамдықты қажет етеді. Бастысы асық ойынында белгілі бір жас мөлшері жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін ойнай алады.
Асық атаулары иіргенде түскен қалпына қарай: алшы, тәйке, бүк, шік деп бөлінеді.
Асықтың түрлеріне кезек берсек. Ең үлкені әрі ойын барысында ең маңызды асық Сақа деп аталады. Қорғасын құйылған сақаға Көктабан делінеді.
Төрт түліктің де өз асығы мен атаулары бар. Мысалы: Жылқы асығы — Қидасап, түйе асығы — Бунасын, сиыр асығы — Томпай, қой асығы — Қойлақ.
Сондай-ақ, жас малдың асығына — Шүкейт, ешкі асығына — Ешкімер, киіктің асығы — Кигат, арқардың асығы — Қоңқар, қасқыр асығы — Бунақ деп аталады.
Асық арқылы түрлі ойындар ойнауға болады. Халық арасында Алшы, Омпа, Ханталапай, Тас қала, Құмар, Көтеріспен, Хан секілді түрлері кең таралған.
Алшы және Ханталапай ойындарына тоқталып өтсек. Алшы ойыны сақаларды иірумен басталады. Кімнің сақасы алшы түссе бірінші, тәйке болса екінші, бүк түссе үшінші, шік түссе төртінші болады. Осылайша тізулі тұрған асықтарды ата бастайды. Кімнің сақасы көп асықты атып алса — сол жеңімпаз атанады.
Ханталапай — нағыз жылдамдыққа баулитын ойын. Ойыншылар асықтарын жүргізушіге жинап береді және жарты шеңбер құрып отырады. Өз кезегінде жүргізуші асықтарды «Ханталапай» деп ортаға тастайды. Неғұрлым жылдам әрі көп асық еншілеген ойыншы жеңімпаз атанады.