Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Астана туралы шығарма

Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жүрегіне сыйған тұтас әлемді өз елі мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына қондырып, орнықтыра білген өзіндік бір әлемі!  Абыройы асқан Астана! Әлемді сүй­сіндіріп таңғалдырған Астана! Дүниеге даңқы жайылған Астана! Қазақ елінің бағын жандырған Астана! Сол қазақ елінің бүгінгі елордасы – Ас­тана қаласы жайлы сыр толғар көңіл түк­пірінде жатқан осы бір үш ауыз сөздің дәл осы бір сәтте жүректен үн қатарын қайтер­сіз! Тарихтың аса бір қысқа мерзімінде бой көтеріп, әлемнің әрідегі замандарында, яғни ғасырлардан асып түсер кезеңдерден бері астана болып келе жатқан талай да талай бір әйгілі де әйдік қалалардан өзінің сәні мен салтанатын да, сәулеті мен дәулетін де асырып, адамзаттың бүгінгі өркениеті алдындағы өзінің тарихи миссиясын да адал атқарып, адам баласының жақсылықтар мен татулық, бірлік пен ынтымақтастық және бауырмалдық үмітінің шырағын жағып келе жатқан Астана даңқы әлемге қазақ елінің даңқы болып жайылғандығын да айтқан ләзім.

Дүние жаралғалы әлемде бірде-бір мем­лекеттің астанасы қатарымен төрт мәр­те әлем діндері лидерлерінің басын қо­сып көрмегені ақиқат. Міне, сол басқосулар 2003 жылдан бері біздің Астанамызда өтіп келеді. Ұлы тарихтың осы бір ұлы жүгін лайықты көтере білген Астананың бүгінгі күні айдай әлем алдындағы жүзі жарқын, мерейі үстем, абыройы асқақ екендігі тағы да бар. Астана қаласымен аспандаған дүние алдындағы абыройымыз және де осы бір жарқын да үстем мерейіміз үшін біз ең әуелі бір ғана адамға – Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтар едік.  – Дүние қайыра бір бөліске түсіп, бо­дандықтың бұғауынан басымызды енді шығарып ала бастаған тұста, ес жиналып, етек жабылмай жатқан шақта астананы ауыстырмақ түгілі мінген атыңнан ауып түсіп қалмауды ғана ойлар қилы да қиын кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Алматыдағы астананы Арқадағы Ақмола­ға көшіру жөніндегі ойына әуелде бүкіл ел шошына қарады. Сенбеді, сенгілері келмеді. Ал енді Сарыарқа төсіндегі тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі астанасы – Астана қаласына ел тәуелсіздігінің өткен кезеңдердегі орын­тағына шығып қарайық та, көз салайық. Айтарға сөзің жоқ ! Таңдай қағып сүйсінесің де, тағы да сол Елбасының өз қолымен өз елінің жаңа елордасын салған, салып та жатқан тағы бір көзсіз ерлігін мойындап, соған бас иер едіңіз!, –деген бұдан бұрын да бір айтқан пікірімізді қайталай оты­­рып, тағы да осы ақиқатқа жүгінгенді жөн са­надық. – Біз Алатаудың бауырындағы Алма­ты­ға сыя алмай емес, Алматыны қыя алмай кетіп барамыз, – деген Елбасының осы бір ауыз жүрекжарды сөзі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп бара жатқан ердің жүрек лүпілі мен жауапкершілігіндей сезілері бар. «Менің талай жылым Алматымен бай­ланысты. Осында алғашқы немерелерім дүниеге келді. Бұл қала менің өзіме де, от­ба­сыма да жанымдай жақын» деп тұрған Елбасының («Еуразия жүрегінде», 19-бет) перзенттік адал көңілі сол адалдықпен тә­уелсіз елдің де жаңадан қалыптаса бастаған тағдырын да кеңінен пішуге мәжбүрледі. Желмаямен желіп жүріп, жер ұйығын іздеген Асанқайғы бабасындай тәуелсіз елі үшін ендігі жер ұйығын іздеген Нұрсұл­тан Назарбаев Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бү­гінгі айдынды да айбынды Ақордалы Ас­тананы дүние әкелгендігі біздің, яғни қазақ елінің мәңгілік ел бола алатындығын дә­лелдеп, осыған ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген ұлылығы еді. Енді келіп, ХХІ ғасырдағы қазақ елін және ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді бүгінгі Аста­насыз көз алдыңызға елестетіп бір байқа­ңызшы! 

Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп со­ғып тұрған жүрегі емес пе?!  Бұл Астана халқымыздың барлық ұлы мұ­раттарының Бәйтерек болып тереңге тарт­қан тамыры, жайқалған жапырағы емес пе?!  Бұл Астана дөңгеленген дүниенің қазақ иеленіп отырған қасиетті бір жеріне орна­тылған әлемнің төрт бұрышынан да көзге түсіп, көрінер, алтын тұғырлы ең заңғар да, ең биік, ең абзал да, ең бір азбайтын да тоз­байтын мәңгілігінің мәңгілігі жолында мың өліп, мың тірілген қазақ үшін соғылған ұлы Ескерткіш!  Сол ұлы да қасиетті, киелі Ескерткішті қазақ халқы үшін тұрғызып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өз халқының ал­дындағы перзенттік те президенттік пары­зына әмәнда адал болып келе жатқанды­ғын және де өз халқы үшін небір көзсіз ерлікке бара алатын, батыл да батыр, дара да дана қасиетін айғақтап тұр. Бұл Астана Елбасына өзінің жеке басының абыройы мен беделін асырып, асқақтату үшін қажеттілігі шамалы екендігін де ескерейік. Назарбаевтың бір басының атағы мен абыройы, даңқы мен беделі әлемге әйгілі, ақылы мен парасаты, сараб­дал саясаткерлігі, адамзаттың адал да шы­найы жанашыры ретінде биік адами қасиеті, кісілік келбеті дүниеге танылғалы, мойын­далғалы қашан!  Астана өзінің бүгінгі әлемдік өрке­ниет­тің сәулетімен де, шалқыған дәулетімен де, ынтымағы, бірлігі жарасқан әулетімен де, мәңгілік тіршіліктің аспанына ұмтыл­ған заңғар биігімен де, нұрлы дүниеге нұр шаш­қан самала алау жарығымен де, көрген жанды сүйсіндіріп, жаныңа шуақ құяр жы­луымен де, келген жанның барлығын жаңа бір үміттермен жетелей жөнелер көшесімен де, сая болар жасыл бағымен де ең әуелі қазақ баласы – біз үшін, біздің болаша­ғы­мыздың, біздің тәуелсіздігіміздің мәңгі­лігі үшін қажет екендігін ұғынатын кез келді!  Астана бір әлем болса, сол әлемді та­нып ала білу үшін әуелі қазақы сезімтал жү­­рек пен қазақы жүйрік сенім, түйсік керек! Елбасы тарих беріп отырған мүмкіндік­тің, яғни тәуелсіздіктің арқасында қазақ даласына сол әлем орнап қалса екен деген бір ғана ізгі мұратты көздегені бар. Әлем­нің бір-бір бөлшегін даламызға әкеліп орна­тып бере алған Елбасы бүгінгі Астананы салу арқылы барша қазақ жұртын егемендік жолында ерлік жасауға талпындырса, қа­зақ жұртына айдай әлемді сүйсіндірте білген тағы бір кемеңгерлігі мен ерлігі болғанды­ғын айтқан ләзім! Әне, Ақорда! Көк күмбезінің ұшар ба­сында көк байрағы желбіреп Ақорда тұр! Көне тарихтың көмбесінде қалған, талай шапқыншылықтың шаңы мен топырағы­ның астында көміліп, жермен жексен бол­ған талайғы бір ордалардың орнына тігілген арманды Ақорда ғой бұл! Алтын қыран да қауырсын қос қанатымен жер әлемді кө­теріп, ұшып келіп Ақордаға қонып тұр әне! Бұл қазақтың Ақордасының ұшар басын­дағы алтын қыран сол жер әлемнің үмітін арқалап, ел мен халқымыздың басына қонған бағы ғой! Үркітіп ала көрмейік, көз жазып қалып жүрмейік сол Қыраннан! Мәңгілігін бер осы бір үміт пен тілектің!  Әне, «Қазақ елі» монументі! Ата-бабала­рымыздың ақталған үміті мен орындалған санғасырлық арманды мақсатындай асқақтап, бүгінгі барлық қазақстандық­тардың ақ ниетіндей аспанға бой созып шаншылған шынарындай ақ тұғырдың ұшар басында бар кеңістікке жайған қуат­ты қанатымен дүниеге әріден көз салып отырған даланың алып Самұрық құсы Елба­сы­ның «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар.

Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» деген осы бірауыз сөзін әлемге паш етіп тұр! Әне, қазақ елі мен халқының көне та­рихының бедерлі белгілерімен өрнектел­­ген «Мәңгілік ел» қақпасы! Сол мәңгілік елдік­ті ақыл-парасатымен де, айбынды ерлігі­мен де, кемелді шешен сөзімен де ұстап тұра алған халқымыздың қасиетті би-ше­шендері мен ерлері де, «Тайқазаны» сынды киелі жәдігерлері де,тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сынды бүгінгінің кемеңгерімен де көрік­теніп, көмкерілген сол киелі қақпаны өзімнің Қағба тасымдай сезіндім де, өз не­мерелерім сегіз жасар Айана, тілдері енді шыға бастаған Ернұрым мен Даниалыммен бірге жеті рет айнала жүрдім. Туған жерле­рінің қасиетті топырағын енді басып, өз қадамдарын енді жасаған ұрпақтарым үшін де осы ел, қазақ елі мәңгілік болса екен, сол мәңгілік елдің осы мәңгілік қақпасы арқы­лы мына қазақ еліне әрдайым тек қана ізгі көңілді достары ғана кіріп жүрсе екен деп тілеп тұрдым! Әмин, солай болсыншы әманда! Әне, еркіндік пен елдіктің мәңгілігінің символына айналған «Бәйтерек!» Бұл «Бәйтерек» барша қазақ жұртын биіктерге шақырып тұрар қуатымен де, өзінің асқақ­тығымен де, арманды болашағымен де қымбат тұғыр! Елдігіңді, сол елдігіңнің кеңдігі мен теңдігін, арманды болаша­ғың­ның бүгіннен де ертеңгі кемелділігін білгің келсе, қасиетті «Бәйтеректің» биігіне шы­ғып тұр әрдайым! Әне, былайғы жұрт «Пирамида» атап кеткен Бейбітшілік пен келісім сарайы! Қазақ жерінде тағдырлары табыстыр­ған барлық ұлттар мен ұлыстардың келіс­кен ынтымағының, күшейген бірлігінің, бүгінгі барлық қазақстандықтардың нығай­ған достығы мен абыройының биігіндей, бар ниеттері мен көңілдерінің жарастығы, бә­рі-бәрі келіп бір арман мен мүдденің һәм мақсаты үшін түйіскен берік те биік сали­қалы рухының айнасындай болып жарқыл­дап тұр! Әне, «Хан Шатыры!» Сәулелі күннің ақ нұрына малынып, мына кең де байтақ ұлы даланы небір жаугершілік шапқыншы­лықтан қорғап қалған батырлардың қасиет­ті хас тұлпарының алтын тұяғындай бо­лып, мына дүние атаулының да, қазақ жұрты­ның да мәңгілігіне нүкте қойып тұрған қалпы­мен көңіл қуанышына айналды! Әне, қазақтың қасиетті даласының кеңдігі мен теңдігі үшін сан ғасырлар бойы қорамсасына қол салып келген небір батырларымыздың жау шебіне шірене тартқан жебесіндей, болмаса талай бір дұшпанының кеудесіне қадалған найза­сының ұшындай болып немесе адамзат жаратылысынан бері жердің тартылыс күшін жойып, қазақ даласынан мәңгілік кеңістікке ұмтылған зымыранның белгі­сіндей орнай қалған «Минтранскомның» ғимараты да бүгінгі ойы да, ниеті мен мақ­саты да бөлек қазақ елі мен Астананың өз биігі!  Әне, төрткүл дүниенің төрт бұрышына сақтықпен құлағын түріп тына да тұра қалған қарт қытайдың өзіндей болып Сығанақ көшесіндегі «Бейжің сарайы» да қазақ жеріндегі өзіндік ол да бір әлем! Астана! Өзіңнің құшағыңа тұрғылықты бір перзентің болып кіргелі, яғни Көкше­таудан қоныс аударып, астаналық болған күннен бастап, мен өзіңнің әр көшеңнің, сәні мен салтанаты жарасқан әр сарайың­ның, әр үйлерің мен ғимараттарыңның сырын өзімше танып, түсінгім келіп жүр. Сөйтемін де, ой толғаймын. Әне, сайын дала сахарасында бие байлап, қазақтың асыл дәмі қымызын сапырған халқымыз­дың қастерлеп ұстаған ысталған сабасын­дай дөңгелене біткен ана бір үйлерді әлде­бір «жеті бөшкеге» теңегенше, соларды Алтын саба десек жарасады.  Еркіндіктің айдынында жүзіп бара жат­қан анау бір алып кемені көрдіңіз бе? Сол ғимаратты «Матрац» дегендері несі екен?! Бұл – «Біз – алыс сапарға бел буып, кеме­мізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітте емес, ерлік пен елдік мұратын кеме­міздің тұғырына ту етіп байлаған елміз» деп Елбасы айтқан тәуекелге бел буып, өз қа­йығын тәуелсіздік атты мұхитқа салып, үмітті де кемел келешекті бетке алып ай­дынға шыққан бүгінгі Қазақстанның өзі емес пе?!

Дүние мұхитындағы бүгінгі Қазақ­станның алып та сәнді кемесі ғой бұл!  Астананың әр көпірін қазақ елінің бұлыңғыр өткенінен бүгінгі тәуелсіздік пен сенімді болашаққа өткен өткелдерінің бір нышаны деп танысам, алтын күмбезді мешіттерін даласының нұры, әр баласының иманға толған жүрегі деп сезініп келемін. Күні кеше Астанада өткен «Жаңа әлем­дегі Еуразиялық мәдениет» халықаралық форумы қазақ елінің елордасын әуелден «Достастықтың мәдени астанасы» деп таныған әлемнің көрнекті қайраткерлері мен зиялыларының үмітін тағы бір ақта­ғандай болды. Ел мен жер аралығына ше­кара сызықтары түскенімен, адамдардың көңілдері мен ниеттерінің, жүректері мен ой мүдделерінің аралығында ешқан­дай сызық жоқ екендігінің тағы бір куәсі бол­дық. Талай бір өнер мен мәдениеттің майталман өкілдерінің бір-бірімен жа­ды­раған жарқын көңілдері мен сағынышқа да, әлдебір ізгілікке де толы құшақтары­ның қауышқандығын көрдік.  Адамзат осы бір таза да сағынышты және де адал көңілдерімен табысып, қауы­шып тұрулары арқылы ғана бүгінгі дүниені де, оның тіршілігін де, өздері мен өз мәдениеттері һәм өркениеттерін де сақтап қала алатындығы жайлы Нұрсұлтан На­зарбаевтың айтып келе жатқан ой мен пікір сөзінің әуелі өз Астанамызда жүзеге асы­рыла бастауы да қазақ елі елордасының әлемдік деңгейге көтерілгендігінің бір айғағы деп бағалануы керек. Иә, біздің Астана – әлемнің үмітті астанасы!

Жабал Ерғалиев, жазушы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама