Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 36 минут бұрын)
Астана тұрғындары NAK компаниясын аурухана жанындағы құрылысты тоқтатуға шақырды

Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханасының жанында NAK компаниясының бизнес-класс тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. Тұрғындардың айтуынша, жаңа үй ауруханаға апаратын жолды бөгеп, оған жетуді қиындатуы мүмкін.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Астанадағы №2 ауруханасының жанында салынып жатқан BAYAAN тұрғын үй кешеніне қатысты пікірталас жиілеп кетті. Астаналықтардың айтуынша, қалада жер жетпей қалғандай, ауруханалардың қасына тығыздап үй салуға болмайды. Олар бұл әрекеттің кептеліс тудырып, жедел жәрдем көліктерінің өтуіне кедергі келтіретінін айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Тұрғындардың алаңдаушылығы

Әлеуметтік желідегі пікірлерде тұрғындар былай деп жазды:

«Астанада жер таусылып қалды ма? Әкімдік, неге ауруханалардың жанына тығыздап құрылыс салуға рұқсат бересіздер? Кейін кептеліс басталса, жедел жәрдем де кіре алмай қалады ғой! Бұл қандай салғырттық?»

Ауруханада жұмыс істейтін бір маман: «Бұл мен жұмыс істейтін аурухана. Қарсыдағы тұрғын үй кешендерінің өзі үлкен кептеліс тудырып, жағдайды қиындатты. Енді жол мен аурухананың арасына ұзын үй салу – бұл мүлдем сұмдық. Біз, пациенттеріміз, жедел жәрдем, көліктер мен кіріс-шығыстар бәріміз көлеңкеде қаламыз. Осы бір былықты елестете де алмаймын», – деп ашуын білдірді.

Компанияның жауабы

Тұрғындар әкімдіктің аурухана жанында тұрғын үй кешенінің құрылысына қалай рұқсат бергенін түсінбей отыр. Ал компания өкілдері барлығы заңды түрде жүргізіліп жатқанын, қажетті құжаттардың бар екенін және жобаның жергілікті билікпен келісілгенін айтады.

Жоба туралы

BAYAAN тұрғын үй кешенінің құрылысы 2026 жылдың басында басталған. Оны 2027 жылдың ортасына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Жоба бойынша бес блоктан тұратын, жеке тұрақжайы бар тоғыз қабатты үй салынады. Бұл бизнес-класс кешенін Астананың жеке құрылыс салушысы NAK Investments компаниясы салып жатыр.

NAK компаниясы Астанада Asylym, Asylym Park, Arai Towers, Tomiris Towers, AYLET, Hazar, Syganak, Aq-Tay, Hanshaiym, Mangilik El және Triumph Exclusive сияқты тұрғын үй кешендерін салып үлгерген.

Қазіргі жағдай

Қазіргі уақытта болашақ тұрғын үй кешенінің орнында тек қазылған шұңқыр ғана бар, бірақ құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс алаңында жұмысшылар көп, жүк көліктері үнемі келіп-кетіп тұрады. Барлығы бір кіреберісті пайдаланғандықтан, аурухана маңында кептеліс туындап, көліктердің өтуі қиындап отыр. Тіпті қазірдің өзінде аурухананың автотұрағы толы, ал медициналық мекемеге келгендерге өту және тұрақ табу қиындап барады.

№2 қалалық ауруханасы бірнеше ірі корпустан тұрады. Жаңа тұрғын үй кешені дәл осы аурухананың қасына салынады деп жоспарланған. Бұл жерге күн сайын жедел көмекпен ауыр науқастар әкелінеді. Құрылыс алаңының жанында гүл дүкені де бар, оны жоюы мүмкін.

Қазіргі жағдай бойынша, құрылыс жедел жәрдем жұмысына тікелей кедергі келтірмейді, өйткені медицина қызметкерлерінің шлагбаум арқылы өтетін бөлек кіреберісі бар. Дегенмен, аурухана маңындағы көліктер саны көп, олар өтуге кедергі келтіріп үлгерді. Тұрғын үй кешені аяқталғаннан кейін жағдай одан да күрделенуі ықтимал. Айналма жол бар болғанымен, төтенше жағдайларда әр секунд маңызды, ал айналма жол ыңғайлы емес.

Әкімдіктің жауабы

Астана қаласы әкімдігі құрылыс айналасындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, тұрғындардың алаңдаушылығын бөліспейтінін мәлімдеді. Билік өкілдерінің айтуынша, жоба заңды негізде жүзеге асырылуда және мердігерде барлық қажетті рұқсат құжаттары бар.

«Жоба жаңа емес, оған 2024 жылы Бас жоспарға енгізілген. Жобаның өзі мемлекеттік сараптамадан өткен, ал учаске «Байқадам 2022» ЖШС-на тиесілі. Құжаттар бойынша мұнда бастапқыда тұрғын үй кешені, автотұрақ және коммерциялық нысандар салу жоспарланған болатын», – деп хабарлады Астана қаласының сәулет, қала құрылысын жоспарлау және жер қатынастары басқармасы.

Жаңалықтар

Жарнама