- 09 там. 2018 00:00
- 240
Астанада мемлекеттік қызметкерлерге Egov порталын қолдануды үйретпек
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына анықтама үшін келетін мемлекеттік қызметкерлердің саны азаймай отыр. Бүгінде10-нан аса мемлекеттік қызметті электрондық форматта egov.kz-тен алуға болады. Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ХҚКО-дағы кезекті азайтуға қатысты ұсыныс білдірді.
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін мемлекеттік қызметкерлер мен ведомстволық бағынышты ұйымдар өкілдерін азайту мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен біріге отырып, оқыту кестесін құрдық. Қызметкерлерді оқыту жұмыстары ЭКСПО аумағындағы ХҚКО-да өтетін болады. Осылайша, ерікті тәртіпте үйрету жұмыстарын жүргізетін боламыз. Өзімнен бастап, оқуға барамыз», — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева.
«Егер де осыдан кейін мемлекеттік қызметшілер egov-пен алуға болатын қызметті ХҚКО арқылы тапсырыс берсе, онда бұл маманды жазаға тартамыз. Яғни, осындай тәсілдер арқылы нәтижеге жетеміз. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мекенжай анықтамасы үшін мемқызметшілердің кезекте тұрғаны дұрыс емес», — деді Ж. Жылқышиева.
Оның айтуынша, өткен жылы электронды форматта мемлекеттік қызметті пайдалану мақсатында оқыту жұмыстары мен іс-шаралар атқарылған. Бұл ХҚКО-да адам санын азайтып қана қоймай, қолданушылардың уақытын үнемдеуге оң әсер береді. Жоспарланған сабақтарға бір ай уақыт беріледі. Мемлекеттік қызметшілерден кейін, ведомстволық бағынышты ұйымдардың қызметкерлері де оқудан өтеді.
«Былтыр біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен электрондық нұсқада мемлекеттік қызмет көрсету бойынша шаралар өткіздік. Осыған байланысты, ведомстволық ұйымдарда оқыту жұмысы жүрді. Алайда жақында қаладағы төрт халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып келдім, бұрынғысынша сол жерде адамдар кезекте тұр. Ең қызығы, сол жерге мемлекеттік қызметшілер немесе ведомстволық бағынышты ұйым өкілдері барып, ХҚКО-ларда кезекте тұрады. Егер де бізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, ХҚКО-ларға барудың қажеті қанша? Бұл қызметтерді «egov» арқылы алудың мүмкіндігі бар ғой, яғни дәстүрлі анықтамаларды электрондық үкімет порталымен алуға болатынын білесіздер», – деп түйіндеді департамент басшысы.