madeniportal.kz
- 16 нау. 2026 09:30
- 24
Атыраудағы қанды қылмыс: Күйеубалаға көмектескендер бар ма?
Атырау облысы Жангелдин ауылында орын алған отбасылық трагедияға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Тергеушілер марқұмдардың банктік карталары мен жеке құжаттарының қолданылуын, сондай-ақ отбасыға тиесілі малдың сатылу фактісін мұқият тексеруде. Бұл деректер қылмыстық істің мән-жайын анықтауға және оны саралауға елеулі ықпал етуі мүмкін.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қосымша айыптаулар мен жаңа эпизодтар
Тергеу аясында қылмыстық іске қосымша айыптау баптары мен жаңа эпизодтардың қосылу мүмкіндігі қарастырылуда. Индонезиядан ұсталған күдіктілерді экстрадициялау кезінде марқұмдардың жеке құжаттары мен банктік карталары да құқық қорғау органдарына тапсырылған. Бес жеке куәлік, соның ішінде Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз Мұқанғалиев, Мейрамгүл Қарабалина және күдікті Сұлтан Сәрсемалиевтің өз құжаттары табылды.
Банктік карталар мен зейнетақы
Сондай-ақ, бірнеше банктік карта, оның ішінде төрт Kaspi Gold картасы мен зейнетақы төлемдері түсіп отырған төрт карта анықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ата-анасы еңбек өтіліне байланысты зейнетақы, ал балалары мүгедектігі бойынша жәрдемақы алып келген.
Мал сату фактісі
Тергеушілер мал сатуға қатысты эпизодты да тексеріп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жоғалғаннан кейін оның WhatsApp нөмірінен мал сату туралы хабарлама келген. Көршілердің бірі малды шамамен бір миллион теңгеге сатып, ақшаны Kaspi Gold картасына аударған. Егер банк карталарын заңсыз пайдалану фактілері расталса, бұл қосымша айыптау баптарының қосылуына әкеп соғуы мүмкін.
Күдіктінің жұбайына қатысты шешім
10 наурызда күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін 10 сәуірге дейін психикалық денсаулық орталығына орналастырылды. Мамандар оның психикалық жағдайын анықтап, тергеуге қорытынды беруі тиіс. Мұқанғалиеваның балалары қазіргі уақытта облыстағы балалар мекемелерінде тәрбиеленуде. Ерлі-зайыптылардың ресми түрде ажырасқанымен, бірге тұрып келгені анықталды.
-
Investigators are uncovering new details in the Atyrau family tragedy, examining financial transactions and livestock sales as the case deepens.