Photo: Bia Limova (https://www.pexels.com/@bia-limova-1908542654) / Pexels
- 25 мам. 2026 11:30
- 28
"Ауырмаңыз, Нұрсұлтан аға!" – Instagram желісіндегі жазба жұртшылықты елеңдетті
Әлеуметтік желіде Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған жазба жұртшылықтың назарын аударды. Instagram қолданушысы Ләззат Асанова ел ағасына саулық тілеп, "Ауырмаңыз, Нұрсұлтан аға!" деген жазба жариялады.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елбасының еңбегіне тоқталып өтті
Автор өз жазбасында ел басқарудың қаншалықты ауыр жауапкершілік екенін атап өтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңдерде мемлекет тізгінін ұстаған тұлғалардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Оның пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев елдің қалыптасуына, экономиканы, сыртқы саясатты дамытуға және елорданы көркейтуге зор үлес қосқан.
Халқымыздың ізгі дәстүрі
"Халықтың алғысы мен ақ батасы – елге қызмет еткен азамат үшін ең үлкен марапат. Денсаулық – адамға берілген ең қымбат нығметтердің бірі. Сондықтан ел ағасына саулық пен ұзақ ғұмыр тілеу – халқымыздың ізгі дәстүрі", – деп жазды Ләззат Асанова.
Желі қолданушысы жазбасында ел ішінде бірлік пен тұрақтылық сақталып, көк байрақтың әрдайым биікте желбіреуін тіледі. Алайда, жазбаға жасанды интеллект арқылы жасалған, Назарбаевтың ауруханада жатқандай көрінетін суретін қосқаны көпшіліктің талқысына себеп болды. Бұл суреттің нақты жағдаймен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Денсаулығы туралы жалған ақпараттар
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығына қатысты түрлі ақпараттар әлеуметтік желіде тараған болатын. Астанадағы University Medical Center (UMC) медициналық орталығы Назарбаевқа жүрегіне операция жасалды деген қауесеттерге қатысты түсініктеме беріп, бұл мәліметтердің ескіргенін және өзектілігін жоғалтқанын хабарлаған еді. Орталық қоғамды тексерілмеген ақпараттарды таратпауға шақырды.
UMC-ның мәліметінше, Назарбаевқа жасалған соңғы операция туралы ресми ақпарат 2023 жылы жарияланған. Сол кезде белгілі кардиохирург Юрий Пя операцияны жүргізгені хабарланған болатын.