Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Азаматтық әуендер айшығы

Ақындық туралы бұрын да талай айтылып жүрген бір ақиқат ұғым бар: өмірдің өз баласы боп, дүниеге адалдық пен азаматтықтың асыл жырын айта келгенмен, ақырына дейін ақын боп қалу кез-келген адамның арқалар жүгі емес. Неге десеңіз, ақын аптабы мен ақпаны, көктемі мен қарашасы аралас өмірді селкеусіз сезінетін жүрек иесі болса керек. Көктем оны шаттық бесігіне бөлейді, шілде аптабымен қызуын күшейтіп, адамдық махаббат ұлылығын сезіндіреді, қоңыр күз мөлдір мұң-сағыныш шекпеніне орайды, қытымыр қыс өмірлік күрес мәнін ұғындырады. Және осы төрт мезгіл ақын табиғатында жүйкені шымырлата, кеудені күмбірлете жиі алмасып отырады. Осы турасында Олжас Сүлейменовтің «Кто видел бога? Тот, кто видел Пушкина...» деуі де ақын деген сөздің мағынасын терең ұққаннан айтылған сөз болуы керек. Осы биік те ардақты есімді ар туындай таза ұстай білгендер мен таза ұстап жүргендер біздің қазақ поэзиясында да бар.

Оқушыларын, қаламдастары мен ұстаздарын қуантып жүрген ақын Фариза Оңғарсынова екенін мен еш күмәнсіз, батыл айтамын. Ә дегенде-ақ әдебиетке өзіндік үнімен келген Фариза жырлары бұл пікірді толық ақтап келеді. Фариза - поэзиядағы өз орнын белгілеп үлгерген ақын. Мұны біз оның "Шілде" атты жыр кітабынан айқын аңғардық. Ақынның сол жыр жинағы туралы туған әдебиетіміздің белді өкілі, ақын Әбділда Тәжібаев қуана жазған болатын. Содан бері жырсүйер жұртшылық Фаризадан жаңа бір серпінді, шұғыл шарықтауды күтіп, алаңдағандай еді.

Өткен жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Сенің махаббатың» атты жыр жинағы - ақынның жаңа бір өсу белесінің дәлелі. Бұл жинақ әйелдер әлемі туралы, теңіздей терең сырлы, асқардай алып бейнелі әйел - Адамның махаббаты туралы жырлардан тұрады. Әйел дегенді біз тіршіліктің бастауына, мәңгіліктің мәніне әділ теңеп жүрміз.

Бұл - жинақта Фаризаға тән өрнекті, ұтымды жырмен айшықталған күн мүсін. Махаббат - жұмыр жердегі ұлы күш - әйел-ананың, әйел-жардың, әйел-азаматтың, әйел-қаһарманның, әйел-достың, әйел-ақынның, тұтас алғанда әйел - Адамның мөлдір, өр құдіреттерге бас игізетін ұлы махаббаты жырланады. Ол махаббат - ананың бөбегінен бастап, бүкіл жердегі өмірге, әйел-жардың сүйгеніне, әйел-азаматтың Отанға, қоғамға, туған жерге, әйел-қаһарманның адамзат пен оның болашағына, әйел-достың адамға деген, әйел-адамның бүкіл тіршілікке деген биік сезімі.

Фариза - өз жырын жүрегімен сезгенін, адам табиғатынан байқағанын сыршылдықпен сидырып, адамның алуан сезімдері мен сәттерін, өмір құбылыстарын өз жүрегінің дүрсілімен бере білетін ақын. Құр айқаймен көлгірси алмайтын, тіршілікке деген өмірдің өзіндей махаббаты бар, өмірдің өлмес шындықтарын, сезімнің тұнық тұстарын әсірелемей айтатын, ыстық пен суықты, күн мен көлеңкені бірдей қабылдап, өмірді өртене сүйе білетін, әр өлеңінен өмірдің екі жағы, қуанышы мен сағынышы көрініп тұратын ақын. Оның біреулер мұңды деген жырларының өзінде бір өжет күш жатады. Ол мұң боркемік қайғы емес, жасампаздыққа, жеңіске, ерлік пен құштарлыққа бастайтын, өмірдің өзіне тән қайсар мұң, қайрат шақыратын мұң дер едім. Оның жырлары — көлеңкеге күйініп тұрып өмірді қысы-жазы, күз-көктемімен қоса, тұтас сүйе білетін, соны шынайы түсініп, шындық күйінде жырлай білетін ақын жүрегінің жырға құндақтаулы асқақ сезімі. Осы жинағында өзі:

...Бәрін де татып келемін –
осы екен бақыт дегенің!

- дегендей ақынның бақыты да осы арқылы ғана еншілеулі. Сол бір асқақ сезім бұл жинақта да бәсеңдемепті, қайта өркендей түскен. Жинаққа енген тұтас топтамалар бірігіп әйел образын анық айшықтаған, қазақ әйелінің сом тұлғасын жырдан мүсіндеген үлкен бір поэма – дастан құрайды екен. Кітапты түгел оқып шыққанда көз алдыңа жаны сергек, жүрегі сырға толы, сезімі мөлдір, асқақ бейнелі, азамат мінезді әйел образы елестейді. Сол әйел арқылы өмірдің қайнаған ортасында күресіп, жеңіп, құлшынып жүрген жасампаз адам бейнесін, замандас бейнесін көресің. Кітапқа тән ерекшелік - оның тұтастығы, шебер берілу формасы, өткір, көркем нақышты, ұшқыр тілі, ішкі үндестігі және шынайылығы. Қазіргі азамат-әйелдің образын ашу үшін Фариза қазақтың маңдайына басқан жұлдыздарындай ақын Сара, әнші Майра, күйші Дина, күміс көмей Бибігүл, композитор Ғазиза, өмірлері ерлік үлгісіндей Әлия мен Мәншүк сияқты өр, өнерлі қыздардың образын жасауды мақсат еткен. Сезімді селт еткізер сурет-сәттерді, жас ананың ұяңдықты сезіну мен аналық махаббатпен тебіренуін бейнелейтін циклда ішкі монолог-толғанысты өте шебер пайдаланыпты. Және бұл тәсіл автордың өзі көтерген идея мен тақырыпты игеруіне қызмет еткен. Ал осы жырлардың «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» деп аталатын үш бөлімді циклға асыл арқау болуы да. Сонымен бірге кітаптың өзегіндей, осы сырласудан ана мен ақынның жүрекжарды әңгімесін, ақын жүрегінің ыстық-суықтан туындаған шын сырын ұғынасың. Бір қызығы, бұл сырласуда ақын зорлық пікір, жасанды ойды анаға да, ақынға да таңып әуреленбейді. Лирикалық кейіпкердің бұл тебіреністері - жұрт жүрегі болып соғуды биік мақсат еткен ақынның ішкі толғанысын терең драматизммен ашып көрсететін сырласу. Ақын әйел - ақбауыр бұлттар арасында жүрген адам емес, кәдімгі өмір ортасында күйіп-жанып, қуанып-мұңайып жүрген өмір иесі. Осының дәлеліндей ол жасандылық танытпай, ағынан жарыла сөйлейді.

Ішкі сезім тартысынан басталған бұл цикл кітаптың соңында биік азаматтық, әлеуметтік тұғырға көтеріледі.

...Жер-үйімнің қалыпсыз демалысы
қағілездеу жанымды жүдетеді,

- дейді өмірге, адам болашағына, елге, жерге жанымен алаң азамат ақын.

Кітаптың лирикалық кейіпкері, дәлірек айтқанда қаһарманның сан сырлы жақтарымен көрінуі арқылы бүгінгі замандас әйелдің сом бейнесі, жасампаз тұлғасы жасалған. Тағы бір қырынан қарағанда қуантқан нәрсе - бұл тұтас шығармадан, осы бір өлеңмен жазылған әйелдер әлемі туралы эпикалық туындыдан қазақ әйелінің санасының өсуі, қалыптасуы, оның бақыты сатылап баяндалғаны. Жинақтың басында заманы ашынтқан Сара мен Майра жырларынан келмеске кеткен қоғамда өмір сүрген әйелдің шектеулі бақыты сезілсе, Бибігүлге, Ғазизаға арналған жырлардан бүгінгі белсенді қайраткер, бақытты әйелдің, заман қуанышын кеудесіне ұялатқан әйелдің шексіз бақытын, кесек бейнесін көреміз.

«Сенің махаббатың» - тек ақынның сезімтал жүрегінен шымырлап шыққан шындық сөзі ғана емес, бұл кітап қазіргі өмірдің өшпес шындығын ашып көрсете білген кесек шығарма. Әйел жанының жеке сезімінен бастап, оның әлеуметтік өмірі мен азаматтық сезіміне дейін үлкен аралықты асқақ әуен, сезгіш жүрекпен жырлаған бұл кітапта бүгінгі өміріміздің шындығы айшықтала ашылады.

Замандас әйел бақытын ғана емес, заман жарқындығын жүрекпен сезінген ақын тебіренісін де сезінеміз. Егер бақытты Бибігүл:

Шырқайын ән-жырың боп
өмірдің бұла таңын,
өзіңсіз тағдырым жоқ
о, менің ұлы Отаным!

— десе, ол біздің бәрімізге ортақ сезіміміз, тебіреніп тұрып айтар ақиқатымыз сияқты естілетіні де сондықтан. Ал Ғазиза Жұбановаға арналған, терең тебіренуден туған «Дыбыстар әлемі» атты циклда заманы өсірген биік тұлғалы азамат әйелдің сезінуі сияқты жырлардағы сырлы дыбыстар адамзат, туған Отан, жұмыр Жер-Ана тағдырына жанымен алаң адамның рухани шындығы дер едім.

«Сенің махаббатың» - автор сөзімен айтқанда:

...Биік тұрған бір күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол нәзіктік,
мәңгі шуақ, нұры - құт,
сарқылмайтын жылылық,
ол - тірліктің қуаты -
ӘЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ! –

деу арқылы әйел ұлылығын ғана емес, жарқын заман биікке самғатқан біздің отандасымыздың үлкен бейнесін жан-жақты ашқан поэзиямыздағы жаңа бір жаңалық көрінісі.

Бұл туралы қуанып, мақтанып айтуға әбден болады... Фариза бәріміз білетін шебер қабілетімен өз әуенін сәтті жалғастырып қана қоймай, жаңа бір қырынан – азамат -ақын қырынан тұлғалана түсіпті. Бұл туралы зерттеңкіреп, тереңірек, толығырақ айтуды сыншыларымыздың еншісіне қалдырған жөн.

Сөз соңында ақын қызымыздың жаңа биігіне қуана қол соққым келеді.

Сәуір, 1980 жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама