Азат елдің ата заңы
(Конституцияның бір жылдығына орай)
1. Сөз басы
Қазақ елінің қазіргі бастан кешіп жатқан өмірі аса күрделі оқиғаларға толы. Тәуелсіздікке ие болған аз жылдың ішінде өтпелі кезеңнен қалай сүрінбей аман өтудің жолдары тынымсыз ізделуде. Қуанарлық жай – ізденіс өз нәтижесін беріп келеді. Қазір Қазақстан дүниежүзінің басты-басты ең жоғары дамыған өркениетті елдерінің назарын өзіне аударып отыр.
2. Халық таныған тұлға немесе ассамблеяның аса маңызды шешімі
Қазақстан Халықтары Ассамблеясының бірінші сессиясының бастамасы мен елімізде 1995 жылдың сәуір айында елеулі тарихи оқиға болды. Ол Тәуелсіз Қазақ Елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2000 жылғы желтоқсанның 1-не дейін ұзарту еді. Нұрсұлтан ағамыз әлем халықтары арасында биік беделге ие болып, дәйекті реформатор, болашақты болжағыш саясаткер ретінде танылды. Оның тынымсыз еңбегі, қажымас қайраты арқасында республикада саяси тұрақтылық сақталуда. «Дәуірлер тоғысуындағы аса қиын кезеңде республика халқын тығырықтан алып шығуға қабілетті бірден-бір адам – осы кісі» – деген бірауызды ортақ пікірге келген республика халқы оның президенттігін ұзартып берді. Бұл Қазақ Елінің көпұлтты халықтарының өз Елбасына деген зор сенімінің дәлелі болатын.
Қайда да қошемет мол сүйікті Ұлға,
Әлемді көсемдікпен ұйыттың да.
Таныттың қазақ деген халық барын,
Ғасырда дара туған биік тұлға.
Қоғамдағы талдайсыз әр ізді Сіз,
Ел алдында ұғынып Парызды Сіз.
Қазақ ұлтын топаннан сақтап қалу,
Жолың болар Нұх Пайғамбар тәріздісіз.
Аз көрген жоқ атам азап,
Енді-енді өмірім болар ғажап.
Жасай берсін, Нұрсұлтан Назарбаев,
Ұрпақ берер есімі – Ата-Қазақ, –
деген шын жүректен шыққан өлең жолдары қазақ халқының оған деген шынайы көңілін дәл бейнелейді деп білеміз.
3. Өркениетті даму теориясын қалыптастыру жолында
Президентіміздің 1992 жылы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты, ал 1993 жылы «Қоғамның идеялық бірігуі – Қазақстан дамуының кепілі» атты қазақ елінің болашақ бағдарламалары жөніндегі ғылыми еңбектері жарық көрді. Міне, осы еңбектердегі негізгі бағыттар республикамыздың жаңа Конституциясында жарқын көрініс тапты. Біз бұдан Елбасының еліміздің өркениетті дамуының теориясын ерте бастан ой елегінен өткізіп, сараптағанын көреміз. Ол еңбектердегі басты бағыттар мыналар болатын:
1. Реформаларды ойдағыдай жүзеге асырудың сөзсіз саяси шарты ретінде тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету;
2. Меншіктің мемлекеттік және мемлекеттік емес нысандарын қамтитын әлеуметтік нарықтық экономиканы қалыптастыру;
3. Адамның экономикалық еркіндігінің принципін жүзеге асыруға қажетті шарттармен база жасау;
4. Өзінің барлық азаматтарының жеткілікті әл-ауқат дәрежесін қамтамасыз ететін қоғам құру;
5. Қазақстанның этикалық ерекшелігі мен ұлттық мәдени сан алуандығын сақтау;
6. Демократиялық өзгерістерді тереңдету, саясатта алуан пікірлікті қамтамасыз ету;
7. Адамның еркіндігі мен құқығын сақтау, дүниежүзілік экономикада бекем шептерге ие болу негізінде Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтағы лайықты беделін қалыптастыру;
8. Қазақстанның мемлекеттік құрылымын президенттік сипаттағы демократиялық республикаға айналдыру.
Міне, біздің республикамыздың осы бағытта жоспарлы түрде ілгерілеп келе жатқанын байқау аса қиын емес.
4 Ата Заңдағы айшықты баптар немесе ассамблеяның тағы бір аса маңызды шешімі халықтан қолдау тапты
Ал, 1995 жылдың 30 маусымында болған Қазақстан халықтарының екінші ассамблеясы тағы бір аса маңызды мәселені – Азат Елдің Ата Заңының, яғни Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылап мақұлдап, оны бүкілхалықтық талқылауға қайтадан ұсынған-ды.
Конституцияның жаңа жобасы халықтық талқылаудан өтіп, ұсыныс-пікірлермен толықтырылып, 30 тамыздағы референдумда бірауыздан қабылданды, яғни референдумға Қазақстан халқының 90,51 проценті қатысып, оның 89,01 проценті жақтап дауыс берді.
Ия, өмір сүргісі келетін әрбір мемлекет өткенін саралай отырып, жіберілген кемшіліктерден қорытынды шығара отырып, күнделікті өмірде тыныстайтын Ата Заңын халықпен пікірлесе қабылдап алады да, оны бұлжытпай орындайды.
Халық қабылдаған жаңа Конституцияда Қазақстанның өмір сүруі мен дамуының бес негізгі принципі тұжырымдалған деп білеміз.
Олар мыналар болып табылады:
1. Мемлекетте оның барлық азаматтарының құқық теңдігі негізіндегі ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылық.
2. Республиканың бүкіл халқының игілігі үшін экономикалық даму.
3. Елдің тұтастығы мен оның көпұлтты халқының бірлігі.
4. Мемлекеттің бірінші кезекте Қазақстан азаматтары туралы жан-жақты қамқорлығына негізделген қазақстандық патриотизм.
5. Мемлекеттік маңызды мәселелердің бәрін референдумда немесе парламентте дауыс беру жолымен бейбіт әрі демократиялық жолмен шешу.
Өзінің қай ұлтқа жататынына қарамастан: әрбір қазақстандық азамат Қазақстан – өзінің жан-тәнімен біте қайнасқан туған мемлекеті екенін, жер шарының қай түкпірінде жүрсе де ол әрқашан өзіне көмекке келуге, оның құқықтары мен бостандығын қорғауға дайын екенін сезінуге тиіс.
Конституцияның I бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген сөйлемнен басталса, ал II бапта «Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет», – деп нақты тұжырымдалған.
Президенттік Республикада Президентті халық сайлайды. Ал Президент Премьер-министрді және оның ұсынысымен үкіметтің мүшелерін тағайындайды. Оларды қызметінен Президент ала алады немесе үкіметке парламенттік сенім көрсетілмеген жағдайда осылай істейді.
Нарықтық экономика жағдайында жер сату және сатып алу объектісі болуға тиіс. Сондықтан VI бапта: «Жер және оның қойнауы, су көздері өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде шарттар мен шектерде, жекеменшік те болуы мүмкін», – делінген. Яғни бау-бақша, үй жанындағы учаске, сондай-ақ кәсіпорынның технологиялық жұмысы үшін қажетті жерге ғана жекеменшік енгізілетін болады. Азаматтыққа келер болсақ, Конституция тек Қазақстан азаматтығын ғана бекітеді.
Тіл жөнінде. Республика халқының осал тұсы осы болатын. Кезінде мерзімдік баспасөздер осы тақырыпты әбден ақиық жауыр қылған еді. VII бапта: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», – деп нақты тұжырымдалған. Одан әрі мемлекеттік ұйымдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары орыс тілін ресми түрде қазақ тілімен тең қолданады», – делінген.
— Өзіне тән мәдениеті бар әлемдегі 1113 халық пен ұлттың арасында саны жағынан 80-ші орын алатын, миллиондаған өкілі бар өмір сүріп отырған халық тапа тал түсте сөзінің тарихи Отанында ана тілінен айырылып, басқа бір ұлысқа сіңіп кетуіне ешкім де бұдан былай төзбес еді, – деген-ді Президент Ассамблеяда жасаған баяндамасында ағынан жарылып. – Ал бұрынғы Кеңес Одағының бүкіл аумағында осындай, шын мәніндегі арсыздық әрекет белсенді түрде жүргізіліп келді және ол барлық халықтарға қатысты болды.
Конституцияда адам және азаматтық құқықтар мен бостандықтар бірінші кезекке қойылған. Онда төмендегідей қосымша конституциялық құқықтар енгізілген:
— жеке бастың бостандығы, құқығы және оған ешкімнің қол сұға алмауы;
— жеке бастың және отбасының құпиясы;
— жеке салымдар мен жинақтарының, жазған хаттарының телефон арқылы жолдаған және басқа хабарламаларының құпиялылығы;
— өзінің қай ұлтқа, қай дінге, қай партияға жататынын көрсетуді немесе көрсетпеуді таңдап алу құқығы;
— өз ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас тілін, тәрбиесін, оқуын және шығармашылығын әркім таңдау құқығы.
Сонымен қатар адамдарға қойылатын белгілі бір конституциялық шектеулер де бар. Олар – азаматтарға мақсаты мен іс-әрекеттері Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге әлеуметтік, нәсілдік, діни, тектік-топтық және рулық араздықты олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көрсетілмеген әскерилендірілген құрамдар құруға тыйым салынады.
Ата Заңда Парламент туралы ережелер түпкілікті өзгерістерге ұшырап, Парламент мүлдем жаңа сипатқа ие болады. Парламентіміз тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Министрлер Кабинетінің мәртебесі де жаңартылған. Бұрын Министрлер Кабинетінің мүшелері бірде Президентке, бірде Парламентке ұдайы жалтақтап, екі әміршінің қызметшісі болған екі ұдайылық жойылды. Яғни Үкіметтің негізгі функциялары нақты тұжырымдалған, Премьер-министрді Парламенттің келісімімен тағайындайды. Бұл болашақта Парламент сайлауында жеңіп шыққан партияның пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Парламент үкіметтің қызметіне бақылау жасау мүмкіндігіне және үкіметтің бүкіл құрамына немесе оның кез келген мүшесіне сенімсіздік білдіру құқығына ие.
Конституцияда сот билігі жүйесін қалыптастыру түбірімен өзгерді.
4. Бағзы мен бүгін және болашақ
немесе азат ел азаматының көңіл тасқыны
Қазақ елі сонау Жәнібек және Керей сұлтандардың басқаруымен Әбілқайыр хан ұлысынан XV ғасырда бөлініп шыққаннан бастап, өз алдына мемлекет құрудың талай қиын-қыстау соқпақтарынан өтті. Осы 500 жылдан астам мерзім ішінде ел басқарудың, хандықтың ішкі-сыртқы тәртібін реттеудің, қылмысқа жаза қолданудың бірнеше заңдық нұсқаларын өмірге әкелді. Олар – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті Жарғысы» деген атаумен тарихымыздың төрінен өз орнын ойып алды. Бұл заңдық нұсқалар кезінде Қазақ Елінің іргесін нығайтуға қызмет етті. Қазір біз өмір сүріп отырған дәуір мүлдем басқа. Бізге өркениетті елдердің керуен көшінің алғы сапына ілігетін жаңа талапқа сай жаңа заң керек болды.
Ол заң енді бізде – Тәуелсіз Қазақ Елінде бар. Оған міне, бір жыл толып отыр. Бүкілхалықтық референдумнан кейін халық Конституцияның тең авторлық құқығын алды. Сөйтіп, халқымыз өмір заңын өздері қабылдады. Мүмкін болашақта бұл заң бұрынғы ата дәстүрге сай алғашқы шығарушының есімімен қосыла аталып, «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп аталатын болар. Тек солай болсын, ләйім. Өйткені бізге нұрлы болашақ керек. 250 жыл бойы өзгенің қол астында болуымыз біздің халық ретінде бойымыздағы көптеген асыл қасиеттерімізді көмескілендіріп жібергені шындық. 250 жыл деген бейнелеп айтсақ, ұрпақтың дамуының жеті атасына кетеді екен, тіпті одан да асады. Демек, бұрын тәңір біздің халықты кейбір күнәлары үшін «Жеті атаңа дейін өзгеге құл бол» деп қарғаса, енді ол қарғыстан құтылдық. Бостандықтың, Еркіндіктің, Егемендіктің басты мәні осында. Енді біздің өсіп-өркендеуіміздің нұрлы жолы тұр алда. Жаңа Конституция бізге сол үшін керек.
Тарих қоғамды ілгері дамытудағы жеке тұлғалардың рөлін жоққа шығармайды, қата айшықтандыра түседі. Міне, қазақ елінің өркендеуін алға сүйрейтін сондай Тұлғаның бізден де туғаны үлкен Бақыт. Олай болса, оған деген халықтың шынайы сезімі суымақ емес.
Енді біз өзінің Ата Заңы бар, жұмыр жер таныған, өз халқы бас иіп қадір тұтатын өз Президенті бар, президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекетпіз.
Олай болса, өз елім, өлең төсегімде жүрекжарды сөзімді қаймықпай еркін айтуға толық хақым бар. Өйткені Ата Заң адам және азаматтық құқықты қорғауды бірінші кезекке қойған ғой.
1996 жыл