Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Өркениеттің керуен-көші

1. Мақсат пен мүдде жолында

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?

Ақтамберді жырау

Төбемізде тәуелсіздік аталатын киелі ұғымның көк байрақ туы желбірегеніне екі жыл толуын бүкіл исі қазақ жұрты асқақ сезіммен атап өтті. Құдайға шүкір, көшке ерген тайлақтай, алдыңғы керуеннен қалсақ адасып, азулы бөрілердің аузына түсіп қалатындай көрінген кезіміз болғанымен, әзірге аштан өліп, көштен қалып жатқанымыз жоқ. «Аузы күйген үріп ішеді», осы тұста біздің Елбасымыз асығыстық емес, байыптылық пен парасаттылық танытты. Алыспен де, жақын мен де татулықты, достастықты, түсіністікті басты нысана етіп ұқсатады. Өйткені «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»...

Осы бір мақалдың өзіміз аса мән бермейтін астары тым тереңде екен. Шындығында өзіміздің философ халық екенімізді өзіміз естен шығарып, аузымызды қу шөппен сүртіп отыратынымыз бар ғой. Өмір сүрудің, ел болудың заң кодекстерін қазекең мақал-мәтелдерінде қалдырған. Қысқа, әрі нұсқа.

Республика Президенті өзінің ғылыми еңбегінің атын осы мақал негізіне сүйеніп, «Қазақстанның болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде» деп атайды. Ия, «бірліксіз тірлік болмайды». Бұны да сол атам қазақ өз ұрпағының жарғақ құлағына құйып кеткен.

Сонымен біз керуенімізді нақты бір мақсатты көздейтін бағытқа бұрдық. Ол нарықты экономикасы бар демократиялық және зайырлы мемлекет құру. Міне, біздің еліміздің стратегиялық бағыты. Міне, барар жер, басар тауымыз. Ал оның суы мол, шөбі шүйгін бе? Әлде... бәрібір енді сол Нұр-Аға айтқандай: «Құз жардың үстімен қыл көпірден өтіп келе жатқан сияқтымыз. Артқа қарай бұрылайын десең, құлайсың, жол жоқ, алға қарай қатты жүруге қорқынышты. Бірақ алға қарай өту керек»...

Олай болса, осы мақсатқа бүкіл ішкі және сыртқы саясатымызды жұмылдырғанымыз дұрыс. Осы тұста ойға Құдайке бабамыздың суға кеткен көші туралы халық аузындағы аңыз оралады. Ол інісі Келімберді мырзаның алты ұлының барымта-сырымтаға араласып тұратын біреуін қорғаймын деп жат жерлік қуғыншыларға жалған ант берген екен дейді.

Осы оқиғадан кейін көктем шыға Құдайке көшіп, әлі мұзы ерімеген бір дариядан өтпек болады. Өзі алдында келе жатып арғы бетке атының аяғы іліге бергенде арт жағынан улап-шулап жылаған дауыстар шығады. Жалт қараса мұз ойылып, бүткіл ауыл көлігімен, адамымен су түбіне кетіп барады екен. Міне, аңыздың өзінде сол кездің тәрбиелік мәні, үлкен діни идеологиясы жатыр. Дегенмен, әрдайым әділдік жолымен жүрген ізгі ниетті кемеңгер баба қайтадан қабырғалы елге айналады. Осы аңызды түсінген адамға ұрпақты адалдыққа, адамдыққа, имандылыққа тәрбиелейтін мән-мағына жатыр. Демек, идеологияның басты мақсаты адам тәрбиесі екен.

Елбасы осы тұста қазақ елінің көшін қиын сәттен аман алып шығып, қайткен күнде де өркениет көшіне іліктірудің қолынан келген барлық шарасын жасап бағуда. Ол үшін не істеу керек? Міне, бәріміздің көкейімізде тұрған алдағы мақсат-мүддеміз жөніндегі осы сұраққа Президентіміздің біз жоғарыда айтқан: «Қазақстанның болашағы — қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегі толық жауап береді.

Осы сәтте қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан Момышұлының мына сөзі еріксіз ойға оралды: «Бауыржандай әкем, оған серік шешем бола тұра мен тірі жетім болып өсіппін. Оны кейін аңғардым. Адам әке-шешесі жоқтықтан жетім болмайды екен. Адам халқының тілінен, әдеп-ғұрпынан, салт-дәстүрінен бейхабар болғанда ғана тұлдыр жетім болады екен».

Өтпелі кезеңнің қиындығы кім-кімге де түсінікті. Осы тұстағы биліктің нақты, қатаң, әрі бір қолда болғаны тиімді екенін өмір дәлелдеуде. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйелерінде реформалар жүруде. Өзіміздің ұлттық төл теңгеміздің дүниеге келуі де елдіктің, шын тәуелсіздіктің жарқын белгісі ретінде мерейімізді өсірді.

2. Бабалар аруағына тағзым

Ойыл да, Қиыл, Жем, Қайнар,
Көлденең өтіп ел жайлар.
Бетегесі белден шық,
Жегендерін желдентіп,
Жаз ортасы болғанда,
Күн зауалға толғанда,
Қонушы еді қарыштап,
Маңғыстаудың ойына
Сия алмай шыққан көп байлар.

Нұрым Шыршығұлұлы

Үстіміздегі ғасырдың бас кезінде қазақ жерін, оның ішінде Маңғыстау өңірін аралаған ағылшын ғалымы Джон Уорделл былай деп жазба қалдырыпты: «Қазақтар тумысынан батыл, еркіндікке құштар халық. Олар досқа адал, қонақжай, жатқа да сыйластығы мол адамдар. Ал жауына мейірімсіз, қатал. Олар өте әсершіл, жағдайдың ауысуына қарай көңіл-күйлері тез өзгереді. Бірақ ер көңілді. Қиын сәттің өзінде де әзілге сылтау таба біледі».

Жылнамашы Хайдари қазақ ханы қасқа жолды Қасымның мынадай сөзін хатқа түсірген: «Біз түз түлегіміз, бізде қат та, қымбат та, жауһар да жоқ, ең басты байлығымыз — мал... Біздің жерімізде гүлзар бау-бақша да, ғимараттар да аз ұшырасады. Біздің қызық-шыжығымыздың орны — жайлау, үйір-үйір жылқы, оларға біз аунап-қунап сүйсіну үшін барамыз».

Енді бүгінгі замандасымыз, кемеңгер жазушы, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты тыңдалық: «Төрт мүлік малды азық та қылдық, көлік те қылдық. Сөйтіп, даламыздың кеңдігі, тек үстіміздегі байлығының өзінің қажеттігімізден асып түсуі бізді ұзақ уақытқа дейін басқаша тірлікке алаңдата қоймады».

Міне, осы пікірлерден қазақ атты халықтың табиғаты, мінездемесі көрініс беріп тұр. Біз бұрын қандай едік? — деген сауалға осылар жауап.

Ия, біз, әсіресе, осы Маңғыстау қазақтары бұрын қандай болыппыз. Тым әріні айтпағанда, сонау XV ғасырда қазақ атауымен құралған алғашқы ұлттық мемлекеттің қалыптасуына, нығаюына, күшеюіне найзамыздың ұшымен, білегіміздің күшімен, ақылманды ісімізбен үлесімізді қоса алдық па? Әлде, далада далақтап босқа шаптық па?

— Хан ием, маған берсең,
— Ақбоз атты мінбей бер,
— Ақсауытты кимей бер,
Ақберенді шаппай бер,
Ару қыз — Ақ сұқсырды сүймей бер:
немесе
Әмірің қатты — Есім хан,
Жол тосып алып кетіпті
Қалмақтан алмақ сиынды.
Қанарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биіңді
Малын салып алдыңа,
Әр саладан құйылды.
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сыйынды, —

деген бұл арнау үзінділердің алғашқысы Жеменейұлы Жомарт мырзаның еңсегей бойлы Ер Есім ханға айтқан сөзі. Кіші жүздің, оның ішінде он екі ата Байұлының, оның ішінде Жомарт мырзаның қарамағындағы адай жасақтарының төтен ерлігінің арқасында келген жеңісте қалмақ қонтайшысының қолға түскен асыл бұйымдары мен айдай ару қызы —Ақсұқсырды (Ақсұлуды) ханнан қалап тұрғандағы көп алдында айтқаны. Ал екіншісі осы оқиға туралы Жиембет жыраудың Есім ханға көрсетіп тұрған зілі. Яғни әлгі асыл бұйым олжалар Кіші жүздің үлесіне тиесілі дегені.

— Маған дүние-бұйым, алтын-жауһар бай-мырза, батыр-билерімнен қымбат емес. Сұрағанының бәрі де өзіңе лайық екен, бердім қалауыңды, — депті хан.

Міне, бұл қазір біз көп айтып жүрген демократияның жарқын үлгісі емес пе? Осы шешім арқылы Есім хан да өзінің бекзадалығын танытса, екінші жағынан халқын одан сайын топтастыра білді.

Мән-мағынасы бұдан кем емес, тағы бір тарих қатпарында қалып қойған оқиға елес береді. «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» атанған жоңғар шапқыншылығынан қазақ елін азат ететін үш жүздің әскерінің бас сардары, соғыс әдісін жақсы білетіндігімен, ұтқыр ұйымдастырушылығымен, батырлығымен, алыс болашақты болжай білетіндігімен ерекшеленген, сөйтіп қазақ елінің өзгеше бетбұрыспен дамуына ықпал еткен, Кіші жүз ханы Әбілқайыр өзінің қайын жұрты болып табылатын Маңғыстау қазақтарына үнемі арқа сүйеген. Аңырақай қырғынында ерекше ерлік көрсеткендердің оқшау тобында адайлар жүрген. Сөйтіп, ханның мерейін бақталастары алдында үнемі үстем еткен.

Сол Әбілқайырды Барақ сұлтан қастандықпен өлтіргеннен кейін, оның ұлдары тарапынан қылмыскерді жазалау немесе құн тартқызу туралы әңгіме көтерілмей қалады. Қарақшылық әдіспен өлтірілген қара емес, ханның шариғат жолынан аттап елеусіз қалуы Әбілқайырдың қайын жұртының намысына тиеді. Қайткен күнде де Барақты ел алдында масқаралайтын іс істеу керек. Осы мақсатта Қонай батыр, Шотан батыр бастап, Арғынбай батыр мен Айбас батыр қостаған бір топ ер көңілді жігіттер Орта жүзге сапарға аттанады. Бұл кезде Барақ сұлтан Абылай ханның қолдауымен Орта жүзге хан болуға дайындалып жатса керек. Ер жігіттер таң алдында Барақ сұлтанның отауына кіріп барса, ол жас тоқалының қойнында рахат ұйқыға батып жатыр екен. Ұйқысынан тұрғызып алған батырлар сұлтанның желкесінен басып отырып Әбілқайырдың құны үшін деп сақалын күзеп, басындағы тәжін алып, үстінен аттап есіктен шығып жүре береді. Барақтың: «бұлай масқаралағанша өлтіріп-ақ кетіңдер», — деп жалбарынғанына қарамапты.

Барақ сұлтанның сақалын күзеп, өлімнен де күшті іс істеген батырлар жолай Бопай ханымның ауылына соғып, оған Барақтан тартып алынған тәжді тапсырып кетіпті. Сол жолы жорыққа аттанған батырларды жарамды атпен, тамақпен, киіммен қамтамасыз еткен Саназар бай екен. Мұның төркінінде қазақтың бірлігін ойлаған, ішкі алауыздыққа қатаң ескерту жасаған үлкен мақсат бар.

Міне, осыңдай қазақтың белді хандары еңсегей бойлы Ер Есімнің, атақты Әбілқайырлардың саясаттарына араласып, басынан дулығасын, белінен қылышын тастамай, белдеуге сәйгүлігін байлап қойып отырған Маңғыстау қазақтарының өмірінен-ақ сол кездегі қазақ мемлекетінің хал-ахуалын білуге болады. Мәселен, Есім хан тұсында қазақ біртұтас ел болатын, ерлер сырт жаумен соғысып олжа бөліссе, Әбілқайыр тұсында қазақтардың жүзге бөлініп бөлшектенгенін, енді сырт жауға емес, бір-біріне қару жұмсағанын көреміз. Демек, заман ағымынан маңғыстаулықтар да қалыс қала алмаған.

Иә, бұл өңірде дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген. Басты-басты тұлғаларды атап өтер болсақ, атақты байлары — Қожаназар, Саназар, Назар төрт түлік малды асылдандырудың далалық ғылыми жұмысын жасаған. Ел ырыздығын арттырудың сан-сапа жолын іздеген. Саназар өз қойының етін дәмінен білсе, Қожаназар бір өңнен ғана тұратын асыл тұқымды мал өсіруді ұнатқан.

Бұл өңірдің әні де, жыры да, күйі де өзіне жеткілікті еді. Атақты ақпа-төкпе ақындар — Абыл, Нұрым, Ақтан, Қалнияз, Қашаған, Аралбай, Жанұзақ, күйшілер — Абыл, Күлшар, Есбай, Есір, қайқы атанған әншілер — Әділ, Шолтаман, Тұрсын, Өскенбай, Мұрат, Жылкелді, Тастемір, Досат, Қойбас, Қайьш, Өтеген, т.б. өз өнерлерін биік сатыға көтерген.

Батырлары — Қосай, Жомарт, Тәңірберген, Қожамсүгір, Есек, Атағозы, Әбілғазы, Шақан, Шотан, Қонай, Лабақ, Төлеп, Өмір, Қармыс, Шабай, Балуанияз, Барақ, Асау, Құлбарақ, Жапаберді, Сүйінғара, Төремұрат, Өтен, Құлбек, Досан, Иса, Асар сұпы, Балта, Тұрмамбет т.б. елін жаудан қорғап жел өтінде жүрген.

Арулары — Ақсұқсыр (Ақсұлу), Шашу, Ақшолпан, Бекбике, Шөжеп сұлу, Қыздансұлу (Қызданай), Көкетай, Балдайқыз, Қаражан, Ақбөбек көркімен талайлардың жүрегіне шоқ тастай жүріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген абзал ана атанған.

Ал балуандары — Мыңкісі, Қаралда, Қаракісі, Өтетілеу, Қожамбет, Алтыбай, Марқабай, Қаражігіт, т.б. Хиуа, Қоңырат, Бұхар, Қызылжар жәрмеңкелерінде той, ас жиындарда қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, атақтарын асырған.

Бұндай абзал есімдерге Кеңес дәуірінде жарқырай көрінген Тобанияз Әлниязұлын, Жалау Мыңбайұлын, Нұрсұлтан, Сәду Оңалбайұлдарын, Сыдиық Жұбайұлын, Төлесін Әлиұлын, Ережеп Шуақбайұлын, т.б. қоссақ абыройымыз айшықтала түспек.

Демек, біздің бабаларымыз, далада далақтап босқа шаба бермепті. Бірде ұтса, бірде ұтылғанымен ұлттық қадір-қасиетін сақтап, ұрпақтарына жалғастыра біліпті. Тіпті Әбіш ағаша айтсақ, алшаң басқан ата қонысының «шөлі сенікі де, көлі басқаныкі, шаңы сенікі де, шалғыны басқаныкі, бетіндегі қылтанақ түк сенікі де астындағы алтын қойма қазынасы басқаныкі» заманда да ұрпақ бабаларының тектілігін көрсететін ерендігі мен берендігін, еріктілігі мен көріктілігін сақтай біліпті. Рухын жоғалтпапты.

Енді алшаң басқан ата-қонысымыздың үстіндегі байлық та, астындағы байлық та, шөлі де, көлі де, шалғыны да, шаңдығы да өзіміздікі.

Тәуелсіз Қазақ Елі жерінің көлемі жағынан дүниежүзінде 9-орында, ал халқының саны жөнінен 71-орында екен. Минералдық байлықтары жағынан аса бай елдердің санатында. Түсті, сирек, қымбат металлдар өндіруден 3-6 орындардамыз. Мұнай дессе кім-кімнің де көз алдына Маңғыстау елестейтіні түсінікті. Осы мұнай қорынан 12-орында тұрмыз.

Қазақстанның гүлденуі үшін ең басты нәрсе — бірлік пен ынтымақ. Ал олар бізде бар. Тағы да Әбіш ағаның ұлағатты сөздерінің бірі ауызға орала береді. «Қуана білмегенге құт дарымайды, бағалай білмегенге бақ тұрмайды, табына білмейтін қауымнан пайғамбар шықпайды, бағына білмейтін халыққа патша құтаймайды. Ел содан барып азады, жер содан барып тозады»...

Демек, бір-бірімізге құт қондыратын да, бастағы бақты тұрақтандыратын да, ішімізден пайғамбар шығаратын да, патшаны құтайтатын да өзіміз екен.

Талай ғасыр бойы маңдайы тасқа тиген қазақ халқының мықтап бір ойланатын жері — осы тұс. Бағалай білсек, біздің мемлекетімізде өз қанымыздан шыққан пайғамбар да, патша да бар. Тек соларды көре білелік, соңынан ере білелік.

Сөйтіп, тарихи сын кезеңнен аман өтудің өткелін бәріміз болып ізделік. Еркін болашаққа бағыт алған көшімізді түзеп, оның амандығын, бірлігін, тірлігін, сән-салтанатын қамтамасыз етейік. Жауынгер-жырау Ақтанберді армандаған — «күмбір-күмбір кісінетіп күреңді мінер күн» туды ағайын!

1994 жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама