Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 сағат бұрын)
Бала тәрбиесіндегі ата-әженің рөлі

Зерттеулердің нәтижесіне сүйенер болсақ, бала тәрбиесінде үш буын (generation — ұрпақ) бірге болған кездебала үшін өте пайдалы болады екен. Ал бұл үш буынға келсек, олар: бала, әке-шеше, ата-әже. Демек, бала, әке-шеше, ата-әжесімен бірге болған кезде оның дамуына ерекше әсер етеді екен.

Ата-әже — біздің байлығымыз, берекеміз. Қолда бар алтынның қадірін білуіміз керек. Кез келген бала ата мен әженің мейірім-махаббатын аңсайтыны бәрімізге мәлім. Себебі ата-әженің немересіне деген махаббаты ерекше. Мүмкін, жасы келіп, даналыққа қол жеткізгендіктен, балалардың періштеге тән пәктігін анығырақ байқап, олардың балалықпен істеген кез келген қылығына шыдамдылық таныта алатын шығар.

Ал кейбір ата-әжелеріміз өзінің ата-әже екенін ұмытып, әке-шешенің орнын басуға тырысады. Өздеріне «әке», «шеше» дегізіп, ал баланың өз әке-шешесін «аға», «жеңге» дегізіп жатады. Тіпті кейде өз атымен атататындар да кездеседі. Міне, бұл ата-әже махаббатының шектен шығуы.

Негізінен, баланың әке-шешесі және ата-әжесі болуы керек. Егер ата-әже әке-шешенің орнын басса, онда жоғарыда айтылған зерттеудегі үш буын тағы да толық болмай қалады. Сондықтан әркім өз рөлін дұрыс сомдап, жауапкершілікпен толық сезінсе, баланың тәрбиесіне де, тұлғалық дамуына да жақсы әсер етеді.

Әке-шешесінен ерте ажырап қалған бала әке-шешесіне бауыр баса алмайды. Бала мен әке-шеше арасында сезімтал байланыс орнамайды. Жалпақ тілмен айтар болсақ, бала өзінің ата-анасына және тұған бауырларына бөтен болып қалады. Уақыт өте келе өзінің ұясына оралған кезде сіңісіп кетуі өте қиын болмақ. Бала өз анасына құшағын ашып «анашым» деп барып құшақтай алмайды. Анасы да дәл сондай күй кешіп, өзінің басқа балаларына көрсеткен мейрім-махаббатын бұл баласына көрсете алмай қынжылады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама