- 03 там. 2023 00:00
- 196
Баланы балабақшаға беру үшін қандай құжаттар қажет
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мақсатында жыл соңына дейін республика бойынша 81 мың жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Елімізде 11 317 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, балаларды қамту деңгейі - 89,1%.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымға қабылдау жыл бойы жүргізіледі.
Маусым айында Алматы, Астана қалаларында, Ұлытау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында жаңа топтарды жасақтау аяқталды.
Қалған өңірлерде бұл жұмыс қыркүйек айына дейін жалғасады.
Кезекке қою және жолдама беру электонды жүйе арқылы жүзеге асады.
Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін келесі құжаттар талап етіледі:
1. Қабылдауға арналған жолдама (берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жарамды);
2. Өтініш (Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларының 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша);
3. Қызмет алушының жеке басын куәландыратын құжат (ата-аналарының бірінің немесе заңды өкілінің) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат;
4. Баланың туу туралы куәлігі немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжаты;
5. № 065/е нысанды профилактикалық екпелердің картасы;
6. № 027/е нысанды анықтама;
7. психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін);
Айта кету керек, қазіргі таңда балабақшаға кезекке қою тәртібіне өзгерістер енгізілуде. Баланы мектепке дейінгі ұйымға кезекке қою және қабылдаудың бірыңғай базасы құрылуда.