Баланы босаңсуға жіберетін де және оны қайтаратын да кімдер?
Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылы
Панфилов атындағы орта мектеп кмм
Тарих және география пәндерінің мұғалімі
Қабылбекова Анаркул Абдрахмановна
Баланы босаңсуға жіберетін де және оны қайтаратын да кімдер?
Бала – адамның бауыр еті. Сондықтан халықтық ортада ата – ананың, бүкіл елдің бақытын балаға, саналы ұрпаққа теңеген. Қазақ халқында баланың дүниеге келуі мен өсуіне байланысты тәлім тәрбие берудің жүйелі «мектебі» қалыптасқан. Бойына бала біткен келіншек өзінің теріс мінездері болса өзін іштей тәрбиелеп, тек жақсылық жасап, жақсы ойлап жүруге тырысқан. Осы тұрғыда құрсағындағы баласы бар ана немен шұғылданса бала соған бейім келеді. Сонымен дана халқымыз ұлтымыздың болашағы үшін әрбір кішкентай дүниеге үлкен мән беріп, зор жауапкершілікпен қараған. Бір хикаяда: Нәрестелі болған екі жас көнекөз қарияға баланы тәрбиелеу үшін ақыл сұрағалы келген екен. Сонда қария: «Балаларың өмірге келгелі қанша күн болды, - деп сұрайды. Екеуі баласын қырқынан шығарып келіп отырғанын айтады. Қария басын шайқап: «Тәрбие беру үшін 9 ай, 49 күнге кешігіп қалған екенсіңдер» - деген екен. Балаға байланысты қазақ халқы көп дәстүр өткізген: «құрсақ шашу», «жарысқазан», «шілдехана», «қырқынан шығару», «құйрық ботқа», «тұсау кесу», «сүндеттеу», «атқа мінгізу» т.б.
Халықтық ортада «Баланы жеті жасқа дейін патшаңдай күт, он төрт жасқа дейін құлша жұмса, он бестен асқан соң досыңдай сырлас» деген қағида бар. Бала жеті жасқа келгенше емін еркін өсіп, ойын ашық айтатын алғыр болып өседі, жетіге толып белі қата бастаған баланы әр іске араластырып, еңбекке үйретсе, ол іскер және еңбекқор болады. Он төрттен асқан баламен еркін сөйлессең, оның ертеңгі үлкен өміріне жол сілтеп, мазалап жүрген мәселені шешуге мүмкіндік тудырасың. Ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, елді қорғайтын жауынгер, ұлттың намысын жоғары қоятын ер азамат болуға тәрбиелейді.
Негізінен саналықта, даналықта адам бойына отбасының тәлімі, ата-ананың көрсеткен үлгісі арқылы дариды. Ал баласы тәрбиелі, үлгілі болса ата-ананың абыройы асқақ. Осыған орай қазақы ортада «Балаң жақсы болса мақтанып жүресің, балаң жаман болса жасқанып жүресің» деген сөз орамы қалыптасқан. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаған. Өйткені бала – отбасының негізгі дінгегі, дәнекері. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Жас кезінен бала жауапкершілікке тәрбиеленсе, мектептегі міндеттерін оңды орындайды.
Қазіргі кезеңде қазақ халқының өмірінде бұрын – соңды болмаған оқуға, еңбекке, қоғамдық өмірге ықыласы жоқ балалар саны күннен күнге артуда, олар дөрекі, әдепсіз, барлық жағымсыз әдептерге еліктеуге бейім келеді. Бұл мәселені тудыратын себептердің бірі – отбасы тәрбиесіндегі ата – аналардың жауапкершілік сезімінің жоқтығы. Себептердің екіншісі – отбасындағы маскүнемдік, ұрыс – керіс, ата – аналардың ажырасуы. Бала тәрбиесінде ата – аналардың мінез құлқы шешуші рөл атқарады. «Сіз өз балаларыңыздың тәрбиесін бастамастан бұрын өзіңіздің мінез – құлқыңызды тексеріңіз. Сіздің жеке мінез – құлқыңыз шешуші нәрсе. Ата – аналардың өздеріне талап қоюы, өзінің әрбір қадамын қадағалап отыруы – тәрбиенің ең бірінші және ең басты әдісі» - деген болатын А.Макаренко. Үшінші себеп - ұл балаға үнемі жеткіліксіз көңіл аударатындықтан, кейбір отбасы баланың ішкі дүниесін, тілектерін, ойларын, қайғысын жете біле білмейді. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы атамыз бала тәрбие жөнінде былай депті: «Мен үш нәрседен қорқамын. Біріншісі, өзіңнің сәбиіңе бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ертегі айтып бере алмаған әжеден, үшіншісі ,екі қазақтың бір – бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан. Бала тәрбиесіне отбасы жауапты. Себебі мектеп қабырғасына әр түрлі тәрбие алған балалар келеді. Жауапкершілігі мол, тәртіпке үйренген, бала сабақтарда ұстаздың тапсырмаларын бұлжытпай орындайды, үй тапсырмасын тұңғылықты жасап келеді. Оқушылардың ата – анасы, ол мектептен келгенде қандай баға алғанын, не нәрсені үйренгенін сұраса, алған бағасына риза ма білгісі келсе, бала өзінің бағасына сыни тұрғыдан қарап, өзі жіберген олқылықтарын мойындап, жіберген қателіктерді жойып отырса, ал ата – ана оны кінәламай, жәрдемдессе, шамаларына қарай сонда оқудың нәтижесі оңды болар. Ал ата – ана баласының не оқып, не істегенінен бейхабар болса, ол өз баласына көмек көрсете алмайды» .
Оқу мен тәрбие егіз. Мұғалім оқығысы келмейтін баланы да оқыта білуге тиісті. Сабақтан сабаққа дайындалмай келген, сабақ барысында мұғалім берген тапсырманы орындамаған бала, осында жайды әдетке айналдырады. Сондықтан сабақтан сабаққа, оқу жылынан жылға осындай оқушылар сабақтарда тәртіпті бұзып, ерігіп, сыныптастарының мазасын алып, мұғалімге сабақты қажетті деңгейде беруге кедергі жасайды, немесе қызығушылығы оқуға жоқ болғандықтан әр – түрлі сылтауларды ойлап тауып, сабақтарға қатыспайды.
Осындай мәселелер туындамау үшін бастауыш сыныпта оқушылар сабақтан сабаққа үнемі қатысып, тапсырмаларды орындап орта буынға оң дағдылармен келуге тиісті, әр оқушы мұғалімнің назарынан тыс қалмауға тиісті. Ал орта буынға әрбір нашар тәртіптегі, үлгерімдегі оқушыларға сабақ сайын тапсырмаларды беріп, олардан жауаптарын алып, сабақ сайын еңбектенуге дағдыландыру керек. Сонда ғана бұл мәселе шешіле басталады.
Оқушыға қойылған талаптар бір ауыздан болуы керек. Ата – ананың талабы , мұғалімдердің талабына сәйкес болуға тиісті, қарама –қайшылықтар тәрбиеде болмаса нәтиже оңды болатынына сенімдімін.
Тәрбие мектептенде, жанұяданда ұлттық салт – дәстүрге, қазақ халқының педагогикасына негізделуге тиісті деп ойлаймын. «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз , мен сіздердің болашақтарыңызды айтып беремін» деген шығыстың ғұламасы Әл-Фараби. Адамның құдіреті санасында, сондықтан да әрбір адам саналы өмір сүрсе және барын ақылға салып, ойлап істесе, оның алдына қойған мақсатына да, байлыққа да, бақытқа да қол жеткізуіне болады.
Егеменді ел болып, еліміздің көсегесін көгертетін, қазақ ғылымын дамытып, дүниежүзілік аренаға көтере білетін терең білімді жігіттер мен қыздарды тәрбиелей білу күн тәртібіндегі бірінші мәселе.
Баланың жігерін жасытатын үкімді баға беру. («Сен дұрыс сөйлей алмайсын» деген сияқты кесімді ұғымдардың әсері жаман). Осыдан кейін баланың тауы шағылып, талабы қайтып қалатыны анық. Сондықтан мектеп алдыңғы және бастауыш сыныптағы балаларды үнемі көтермелей жетелеп тәрбиелеудің мәні зор.
Бастауыш сыныпқа келген бала нашар оқыса, тәртібі жаман болса да істеген әрекеттеріне теріс те зілді баға берумен қоса, оның жеке басының намысына тиетін сөздерді айтпай, оның жан дүниесін жараламау керек. Сондықтан да баланың іс әрекетін дұрыс бағаламау, төмендетіп бағалау арқылы оның қалыптасу қабілетін тұтылдыру мен қоса, ұстамдылығы мен парасатына да қаяу түсіреді. Мұндай әрекеттер баланың өміршең талпыныстарын бірден тоқтатып, тіпті тіршілігінен де жиреніп кетуі мүмкін. Ол алдыңғы армандарын және сенімдерін де жоғалта бастайды.
Үшіншіден бір ыңғайсыз сәт, басқа бір баламен салыстыра бағалаудағы жіберілетін әділетсіздік. Мұндай әрекеттер арқылы баланың қызғанушылық, өзілшілдікті қалай сіңіріп алғандарын байқамай қалады.
Сонымен бала түсініскен ортада тәрбиеленсе оның төзімді де жігерлі психикасы қалыптасады. Ол өзінің әр қадамына баға беріп, жауапкершілігі артады. Отбасында, мектепте, өз достарының арасында алған тәрбиенің арқасында ол кез – келген жағдайға бейімделіп, білімін өз қажеттілігіне, игілігіне пайдаланып, шығармашыл, өз өзіне сенімді тұлға бола алады, жасқаншақтықтан айырыла алады.
ХХІ ғасырдың баласының психикасы өзгеше, олар тоталитарлық жүйеден нарықтық жүйеге өту процесстер кезінде дүниеге келгендердің ұрпағы. Сондықтан олардың психологиясы да өзгеше, кеңес өкіметі кезінде өскендердікі сияқты емес. Сондықтан:
- Баланы міндетті түрде тәрбиелеу керек. Ал, жаңа көзқараспен тәрбиелеу үшін, үлкендер жағы жастардың психологиясын түсіну керек.
- Егер үлкендер жағы өзін – өзі баланың ыңғайына қарай өзгерте алмаса, ары қарай баланы тәрбиелеу қиындата түседі.
- Ешқандай күш көрсету тәлімін жүргізуге болмайды. Бұл баланың келешегін сындыру мен құрту деген сөз.
- Үлкендердің қатаңдығы мен қатыгездігі арқылы баланы жөндеймін деуі, ол надандық.
- Тек қана мейірім мен сүйіспеншілік, төзімділік нәтиже береді.
- Баланың саналы түсінігіне сенім көрсете отырып, өзара қарым – қатынастың жетістігі дәлелді де мазмұнды болғаны дұрыс. Жеткен жетістіктер әділетті бағаланғаны мен тым асыра мадақтаудың да орнын алмауын қадағалау керек. Артық айтқан мақтау сөз, ешқашан жақсылық әпермейді.
Баяндаманың тақырыбы бойынша: «Баланы кім босаңсуға жібереді және оны қайтаратын кім» деген сауалнаманы әр буында оқитын оқушылардан және мұғалімдерден алдым. Олардың жауаптары төмендегідей: орта буындағы оқушылар өздерін кінәлайды, жоғары буындағылар өздерін, ата – аналарын жене ұстазды кінәлайды. Олардың пікірі: «Ата – аналар мен ұстаздар бастауыш сыныптарда біздің ойын баласы екенімізді көп ескермеді, бізбен күн сайын қара терге түсіп тыңғылықты үй тапсырмаларын орындауға жәрдемдеспеді, сондықтан біз ойнап кетіп, жауапкершілікке тәрбиеленбегенбіз»- дейді. Осы олқылықтарды бірлесіп жою керекпіз деген пікірде. Ұстаздар ата – аналарды кінәлауда, ал ата – аналар ұстаздарды. Олардың пікірі бойынша ұстаздар әр оқушының жүрегіне жол таба білуіне тиісті.