- 22 там. 2018 00:00
- 269
Баланы мектепке орналастыруда тұрақты тіркеу керек пе?
Баланы мектепке орналастыру үшін тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұрақты тіркеу керек пе? Бұл сұраққа ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді.
«Баланы мектепке қабылдау туралы айтарым - бұл жерде тек заңға сүйене отырып шешім қабылдау керек. Бізде Білім туралы заң, Үкіметтің 128-қаулысы бойынша «баланы қабылдаудың типтік қағидаттары» бар. Міне, осы типтік ережелерде ата-аналардың сіз айтқан құжатты (тұрақты тіркеу анытамасы - авт) өткізуі тиіс екені туралы жазылмаған. Тұрақты тіркеу демек, талап етілмейді. Сондықтан, біз Астанада мұндай талаптардың дұрыс емес екенін айттық. Балалар мен ата-аналар өз талап-тілегі бойынша кез келген білім беру ұйымына бере алады. Екіншіден, Астанада мектептерде орын тапшылығы мәселесі бар екенін білесіздер. Сондықтан, осы мәселені есепке алу керек», - деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кетерлігі, бұдан бұрын Үкімет отырысында баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мемлекеттік мектептердің барлығында 280 мың мұғалім барын атап өткен еді.
«Қажеттілік - бес мың. Педагог мамандығы бойынша дайындалған кадрлар жеткілікті. Қалған аз уақыттың ішінде мектептер мен білім бөлімдері бос орындарға мұғалімдерді қабылдауы керек», - дейді Ерлан Сағадиев.