Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бастауыш сыныпта оқушылардың жазба жұмыс дәптерлерін жүргізу тәжірибемнен
Бастауыш сыныпта оқушылардың жазба жұмыс дәптерлерін жүргізу тәжірибемнен

Бастауыш сыныпта оқушылардың жазба жұмыс дәптерлерін жүргізу тәжірибемнен
Бүгінгі таңда мектепте қазақ тілін меңгерудің маңыздылығы жайлы түсіндіріп жатудың қажеті жоқ, өйткені тілдерді меңгеру – қазіргі заманның талабы. Бастауыш сыныпта қазақ тілі сабағында алған білімдерін жазбаша, сауатты, көркем көрсете білуде жазба жұмысының алатын орны ерекше. Олар сабақ құрылымының 3 түрлі мақсатына сай грамматикалық сауаттылығын тексеріп қана қоймай, есте сақтауын, көркем жазуын, ұқыптылығы мен өздеріне деген сенімін нығайтады.

Осы орайда өзімнің бастауыш сыныпта қазақ тілі сабағында сынып дәптерлерін жүргізудегі іс - тәжірибемді ортаға салмақпын. Қазақ тілі пәні бойынша оқушыларға 4 дәптер арнаймын, оның 2 жұмыс дәптері, 1 диктант, 1 мазмұндама және шығарма дәптері. Дәптерлердің сыртын 1 сыныпта өзім, ал 2 сыныптың 2 жартыжылдығынан бастап үлгі бойынша оқушылар өздері толтырады.

Сауат ашу сабағында 1, 2 сыныпта кіші жол дәптерлеріне, ал 3 сыныптың 2 жартыжылдығынан және 4 сыныпта үлкен жол дәптерге жазады, бірақ 3 сыныптың 1 тоқсанынан бастап көркем жазуға үлкен жол дәптерге арнап жазуға жаттықтырамын..
1, 2 және 3 сыныптың 1 жартыжылдығына дейін ай аты жазбаша, күн реті араб цифрымен жол ортасынан жазамын да, 3 сыныптың 2 жартыжылдығынан және 4 сыныпта ай аты мен күн реті жазбаша жазылады Мысалы:
Қазанның 9 - ы
Қазанның тоғызы
Сыныпта жұмыс дәптеріне сынып жұмысы деп жазып тапсырмалар орындалады да, сол күнгі үй жұмысы сынып жұмысының жалғасы деп есептелгендіктен де, күн реті жазылмайды. Биылғы оқу жылында 1 сыныпқа дәріс беріп келемін, сауат ашу сабағының 1 - 2 тоқсанда жаттығу жұмыстарын жазған кезде 3 - ж, 21 - ж деп белгілеп. 1 сыныптың 3 тоқсанынан бастап жаттығу сөзі толық жазуға жаттықтырамын. Мысалы: 15 - жаттығу
Кейбір жаттығуларда тапсырмаға сәйкес сөздерді бағандарға бөліп жазғанда бірінші сөзді бас әріптен үтірсіз жазып, қалған сөздерді кіші әріптермен жазамын.. Мысалы:
Бала бақа барыс
Сынып жұмысын немесе үй жұмысын орындағанда сұқ саусағын дәптердің шетіне қоя отыра, мәтінді азат жолдан бастап жазады. Азат жол деген сөз жаңа бір ойды білдіреді. Мысалы бір мәтіннің ішінде бірнеше азат жолдан басталып жазылуы мүмкін. Тапсырмаларды талдау жасап орындағанда қара қарындашпен сызған жөн және сынып жұмысы мен үй жұмысынан соң бір жол қалдырып, сол жолға жұмыстарды бағалап отырамын. Қазақ тілі сабағы үстінде көркем жазуға әр сабақ сайын 5 - 7 минут бөлемін. Алдымен тақтада түсіндіре отырып, көркем жазу үлгілерін көрсетемін.
Көркем жазу оқушының партаға отырған күнінен басталады. Әдемі жазу - бұл мәдениеттің белгісі, әрі сол жазуды оқитын адамға да жақсы көзқарас қалыптастырады.. Көркем жазудың мақсаты - дұрыс, анық және тез жазуды қалыптастыру.
Әдемі жазу да өнер. Таза, анық, әдемі жазу оқуға жеңіл, ондай жазумен берілген ойды түсіну де оңай. Әріп таңбаларын әдемі, көркем етіп салуға жаттықтыру мақсатында жүргізілетін жұмыстардың оқушы бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына ықпалы бар.
Жазу процесінде алдымен оқушы дұрыс отыру керек, қаламсапты дұрыс ұстауы, дәптерді партаға орналастыру, осының бәрі баланың көзіне, жазуына жұмыс қабілетіне үлкен әсерін тигізеді.
Мұғалім жазу үлгісін өзі тақтаға қайта – қайта жазып көрсетуі тиіс.
1Әуеде жазу. Ұстаз әріпті әуеде жазып көрсетеді, мұнда оқушы қолдың қозғалысынан әріптің дұрыс формасын ұғады.
2 Көшірмесін түсіру әдісі. Жазылған әріптің үстінен басу, мұнда кейбір әріптерді жазуға қиналған бала жаттығады. Өз тәжірибемде әріп элементтерін дұрыс қосуға бағытталған осы тәсілді үнемі жүргізіп отырамын.
Мысалы м, л, и, ш, о, з әріптерін сөз ішінде байланыстыра жазуда көптеген оқушылар қиналады. сол кездерде жазу дәптерлеріне қара қарындашпен үлгісін салып, оқушылар әбден дағдыланғанша үстінен бастырып жазуға жаттықтырып отырамын.
3 Дайын үлгіден көшіру әдісі.
Бұл еліктеу. Оқушы өз жазғанын ұстаздың жазғанымен салыстырады.
Әдемі жазуды қалыптастыруына мұғалім ғана емес, оқушының жеке ерекшеліктері де әсерін тигізеді.
1Оқушының әдемі жазуға деген ынтасы жақсы болуы мүмкін.
2. Оқушының жай жазуы. Мысалы: тез жазып үлгеремін деп жазу каллиграфиясын кейбір оқушылар бұзады.
3. Нашар жазуға түрлі аурулар себеп болады: невроз, көз ауруы, ревматизм т. б. Бұндай аурулары бар оқушыларға мұғалім жеңілдік жасап отыруы тиіс.
Сабақ кезінде көркем жазу жұмыстарының көлемі:
1 - 2 сыныпта - 1 - 2 жолға
3 сыныпта – 3 жолға
4 сыныпта - 3 - 4 жолдан жаздырамын.
Бірінші сыныпта көркем жазуға әдейі 1 сағат белгіленген, әрине бұл 1 сынып оқушылары үшін сауатты, таза, көркем жазуға үлкен көмегі бар. Сынып, үй жұмыстарын тексерген кезде дұрыс жазылмаған әріптерді түзетіп немесе дәптер шетіндегі қызыл сызықта арнайы көрсетіп отырамын.. Бұндай әріптер мен әріптер байланысуын түзету жұмыстары оқушылардың көркем, әрі әдемі жазуларына үлкен көмегін тигізеді. Бұл әдістерді 4 - жыл бойы үздіксіз жүргізіп отырамын.
Жазба жұмыстарын тексерген кезде - 1, 2 сыныптарда қатенің астын сызып, түзетіп қызыл сиямен жүргіземін де, қате жазылған сөздің бөлігін, сөйлемді жіңішке түзу сызықпен сызып тастаймын, ал 3 - 4 сыныптарда дәптер шетіне (/)- емлелік қате, (V) – тыныс белгілерінен жіберілген қателерді белгілеп отырамын.
Бұл мен үшін өте қолайлы, себебі оқушылардың жіберген кемшіліктерін талдап, бағалауға тиімді, әрі өз уақытымды үнемді пайдаланамын.
Тапсырманы бағалаған кезде бағаны тапсырманың оң жағына қойып, астына мадақтау сөздерін жазамын. Әрине, дәптерге ескерту сөздерін көп жазбауға тырысамын, себебі жиі жазылған ескертулер оқушыға да, ата - анасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
Сондай - ақ, ана тілі сабағында жаңа тақырыпты өткен кезде мағынасы түсініксіз сөздер кездескен уақытта аптасына 1 - 2 рет сөздік жұмыстарын арнайы дәптерге жүргізіп отырамын.
Сөздік жұмыстарының көлемі:
1 - сынып – 3 - 5 сөз
2 - сынып - 8 - 10сөз
3 - сынып – 10 - 12 сөз
4 - сынып – 12 - 15 сөз
Жазба жұмыс дәптерлері күнбе-күн тексеріп; жіберген қателеріне талдау жасап отырамын. Үйге берілетін тапсырмасының көлемі сынып жұмысының 1/3 бөлігінен аспауы керек. Сынып жұмыстарын бағалаған кезде бағалау мөлшерінен ауытқып кететін кездерім болады, себебі оқушының жазу сауаттылығы мен көркем жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында 4-ке бағалайтын тұстарға 5 деген, 3-ке бағаланатын тұстарға 4 деген баға қоямын. Ескерту: бұл тек қана сынып және үй жұмыс дәптерлерін тексерген кезде ғана, ал диктант, мазмұндама, шығарма жұмыстары бағалау критерийіне сай бағалаймын. Оқушылардың жазба жұмыс дәптерлерін тексерген кезде мынадай бағалау үлгілерін басшылыққа алып отырамын.
Баға жіберілген қателер мөлшері
1 сыныпта жазба жұмыстары (ІІ ж. жылдығында бағаланады.),.
«5»- Қатесіз орындалған жұмысқа, жазуы көркем, таза, анық, нормаға сай. Түзету (оқушы өзі түзеткен жағдайда) 2 - ден артық емес;
«4»- 2 қате, 2 түзету бар жұмыс үшін немесе 2 тыныс белгі қатесі;
Жазу көлбеулігі сақталмаған, әріптер ара қашықтығы аздап бұзылған.
«3» - 2 - 3 емле қатесі, 2 - 3 тыныс белгі қатесі бар. (4 емле, 2 тыныс белгі немесе 5 емле, 1 тыныс белгісі) көлбеулік сақталмаған, кейбір әріптер дұрыс таңбаланбаған, әріптер биіктігі әртүрлі.
«2»- Сын жұмысы жоғарыдағы талаптардан төмен жағдайда. Қате саны 6 - 7.
Ескерту: бақылау сын жұмыстары кезінде мұғалім бір орында тұрып оқу, жаздыру қажет. Әрі - бері жүріп, оқушылардың зейінін шашыратуға болмайды. Сөздерді артық қайталай беру де оқушының сауатты жазуына кері әсер етеді. Барлық жұмысты әдістемесін дұрыс сақтай отырып жазғызған тиімді.
Қазақ тілі сабағында сынып дәптерлерін жүргізуде нәтижелі жұмыс түрлерін жүйелі түрде жүргізе отырып, біраз нәтижелі жетістіктерге жеттім.
Атап айтқанда,
1. Оқушылардың көркем жазу дағдылары жақсарды.
2. Сынып, жазба жұмыстары кезінде сауатты жазуға төселді.
3. Дәптерлерін таза ұстауға, ұқыптылыққа дағдыланды.
4. Грамматикалық есте сақтау қабілеті жоғарлады.
Қорытындылай келе, қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологиялардың даму қарқынының барлық жазу үрдісі компьютермен қамтылған уақытта жазу емлесі біз үшін, болашақ жастарымыз үшін ешқашан қалыс қалмау қажет. Жаңа, озық әдістерді пайдалана отырып, біз өз қалыптасқан көркем жазу сауаттылығын дамыта беруіміз керек!
Құрметті ұстаздар! Оқушыларымыз сауатсыз болмасын десек, жазу дағдысын, көркем үлгі деңгейін көтерейік! Оқушының жазу мәнерінің әдемі болып қалыптасуына бастауыш сынып мұғалімдері жауапты екенімізді естен шығармайық. Қажымай, талмай, уақытпен санаспай еңбектенудің арқасында үлкен биіктерден көрінетініміз сөзсіз.

Толық нұсқасын жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама